Мемлекетіміз бен тіліміздің алдынағы жауапкершілікті сезінейік

Уақыты: 2018-12-15 Көрлімі: 2205 Сипаттама

«Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» дегендей, біз көршіден әдет жұқтыру тұрмақ, бодандық...

5413685.jpg

 «Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» дегендей, біз көршіден әдет жұқтыру тұрмақ, бодандықтың қамытын киіп, әдетін емес болмысын бойымызға еріксіз сіңірген халықтың бірі едік. Отарлаушы елдің тілінде сөйлеп, қаламыз бен даламызды солардың көсемдерінің атымен атадық. Міне Ауыз толтырып айтатындай азаттығымызға да ширек ғасырдан асты. Осы уақыт аралығында  Азат елдің ұрпағы ретінде етек-жеңімізді жинап, тіліміз бен ділімізге оралып, барымызды қайтарып жатырмыз, деседе әлі де болса шегелеп кеткен шегесін суырмай, күрмеусіз жібін шеше алмай, Кеңестік шекпенді киіп келе жатқан тұстарымыз да жоқ емес.

Тіліміз бен тілімізге оралдық дегенмен, әлі де болса өз жауапкершілігін сезіне алмай жүрген жандар да аз емес, анасының тілінде сөйлеген қазақ немересіне, өзге тілде жауап берер әжелерді де көріп  күлерімізді де, жыларымызды да білмейміз. Бір жағынан оған жылап қайтеміз, бастысы ертеңімізге үмітті ұрпақ ана тілінің қадірін сезіп өсіп келе жатқанына үміт артамыз.

Кеңес үкіметі кезінде бүкіл елді- мекендер мен қалардың, көшелердің атын өздерінің «ұлы көсемдеріне» беріп тастаған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, өз тұлғаларымызға ауыстырдық. Заң жүзінде ауысытруын ауыстырғанымызбен, үйреген әдет қалмайды деп әлі де болса ескі аттарын сүйреп жүрген жайымыз бар. Өзге жерлерді айтпаған күнің өзіне 1993 жылы Алма-атадан Алматы болып өзгерген қазақтың Алматысын әлі де болса, «Алма-Ата» деп жүргендер кезігеді. Алматының іргесідегі ауылдардың қазақшасын айтар болсақ, сол жердің тұрғындарының өздері біле бермейтіндері бар. Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау, Белбұлақ деген ауылдарға барғыңыз келсе; Калинин, Мичурын деп ескі аттарын айтпасаңыз таба алмай қалуыңыз мүмкін.

Біз билікті сынауға әуеспіз, «әлі де болса ескі ауруынан айырла алмай жүр»,- деп. Бірақ, өзіміз биліктің жасап бергенін де пайдалана алмай келе жатқандаймыз. Ресми деректерге сүйенсек, Тәуелсіздік алғаннан бері Алматыда 200-дей көшенің атауы өзгеріпті. 200 көшенің жиырмасының атын өз атымен атасақ та, 180 көшені әлі ескі атымен атап жүрміз десем артық айтқандық болмайтын шығар.  Желтоқсанды Мира деп, Қабанбай мен Наурызбай батырларымыздан  Калинин мен Дзержинскийдің бағы басып болып, Үш биімізден Октябрь, Комсомол, Совет ұғымдарының қадірі артып тұрса, Райымбек атауына батырдың ескерткіші мен кесенесі де ес қатар емес. Алматыдағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы болып өзгергелі де жылдан асты. Бірақ әлі Елбасымыздан көрі Фурмановтың атына тіліміз тез келетін сияқты.

Міне бұның бәрі өз жауапкершілігімізге селқос  қарағанымыздан болса керек. Үйренген әдет қалмайды деп, ескі шекпенімізді шешуге мән бермегендігімізден. Тіліміздің қадірі мен қасиетін өзіміз өз биігіне шығара алмай келе жатқанымыз, ұлттың алдындағы жауапкершіліктерімізді толық сезіне алмауымыздан болса керек.

Бүгінгі күні кез-келген банктер болсын, басқа салада болсын тұтынушы ретінде қазақ тілінде қызмет етуін талап етер болсаңыз, сізге мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Оның бәрі тек өзіміздің талап етуіміз арқылы жүзеге асады. Осы арада тағы бір айта кетерлік жайыт, сіз белгілі мекемеге барғанда алдыңыздан мемлекеттік тілді білмейтін маман шықса, өзінің орына қызмет көрсетуге өзінің орына қазақ тілін түсінетін маманды шақырады.  Сол арқылы қазақ тілін білмейтін маман өз жұмысын мемлекеттік тілді білетін маманға жасатады. Сонда да ол  кәсіп орыннан өзі істемеген жұмысына еңбекақы алады, сонымен бірге жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Ендеше, кез келген кәсіп иесі өз жұмыс өнімділігін арттырам десе, қызметкерінен қазақ тілін білуді талап етуі керек. Өйткені, елімізде қазақ тіліне сұраныс күн санап артуда. Қандай да бір жұмыста қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін азаматтардың саны көбеймесе, азаймайды. Осыны әрбір жұмыс беруші тарап жақсы түсінетін кезі келді. Бұның өзі жұмыс берушінің бірінші мемлекеттік тілге, екінші өз жұмысына деген жауапкершілігі болып табылады.

Қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы «Қазақ болайық» деген кітабында «әр қазақ баласының тәні ғана қазақ болып қалмай, жаны да, рухы да таза қазақ болса, әр қазақ азат қазақ болсады»,- деген ұранды ту еткен еді. Менің де айтарым сол, әр қазақ азат қазақ болып, ұлтымыз бен мемлекетіміздің, тіліміздің  алдындағы жауапкершілігін сезініп, ескі шекпенін шешер кезі келді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • «Қазақтың жаны» деген қазақ тілін ғылымның тіліне айналдыру керек
    Мәулен Әшімбаев; Бұл демократиялық даму жолындағы кезекті жетістігіміз