Сайлаудан кейінгі бір жыл

Уақыты: 2020-06-09 Көрлімі: 705 Сипаттама

Бүгін Қазақстаннның екінші президентінің сайланғанына тура бір жыл болды. Ел егеменді...

86fb7c7f02d3ab4f546b2fee46f5234d-e1563766148135.jpeg

Бүгін Қазақстаннның екінші президентінің сайланғанына тура бір жыл болды. Ел егемендігін алғаннан бері 28 жыл мемлекет тізгінін ұстаған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін тоқтатып, жаңа президенттің сайлануы осы уақыт кеңістігі тұрғысынан қарар болсақ өлара кезең деуге болады. Өткен жылы 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтатынын жариялаған кезде бір бөлім депутаттар көздеріне жас алып, қимастықтарын білдірген еді. Қаншалық қимаса да бұл уақыт талабы. Президенттік сайлауда «Сабақтастықты» ұран еткен Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланып Қазақстан тарихының екінші беті ашылды.

Өлара кезең саяси тұрғыда байсалды, бейбіт түрде өткенмен жаңа сайланған президенттың алдыннан оңай сындар кездеспеді. Өткен жылы Түркістан обылысы Арыс қаласында жарылыс болса, биыл Мақтаарал ауданы су астында қалды. Қордайда қақтығыс орын алды. Әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының құбылуы, өлара кезеңнен өз орнын алмақшы болған ішкі-сыртқы күштер мен билік басындағы түрлі топтардың қайшылығынан туған жымысқа әрекеттер алдынан шығып отырды. Халықтың әлеуметтік мәселелерін алға сүрйген бір жылдан бергі түрлі қарсылық шаралары тағы бар. Бұның бәрі президентті шиырата түсуге себеп болары анық.

Сондай-ақ, осы уақыттағы президенттің бірнеше ел есінде қалған бастамаларын да атауға болады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, көп балалалы аналардың несиелерін жабуы, Ұлттық сенім кеңесін құруы және сондағы көтерген бастамалары, жастар кадрлық резервін жасақтауы қатарлы әрекеттері мен дағдарысқа қарсы шаралары өз бағасын алып жатты. Бұл бастамалар ел ішінде ғана емес, шетелдік сарапшылардың да оң бағасын алды.

Еуропарламенттің депутаты, Еуропарламенттегі «ЕО-Қазақстан» Достық тобының төрағасы Рышард Чарнецкий Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдық саяси жұмысына баға беріп, жоғарыдағы бастамаларын атап өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлаған болатын.

«Еуропада Қасым-Жомарт Тоқаевтың, шын мәнінде, теңсіздікті азайтып, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлетін, әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беретін әлеуметтік мемлекет құрып жатыр деген пікір қалыптасқан. Еуропалық одақ мұқият қадағалаған Қазақстан Президентінің маңызды бастамаларының бірі - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Онда ішкі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер талқыланды. Президент Тоқаевқа бұл лауазымда үлкен сынақтармен бетпе-бет келуге тура келді. Солардың бірі - бүкіл әлемнің мазасын қашырған коронавирус пандемиясы. Бірақ шебер басшылықтың арқасында бұл індеттің жайылып кетуіне жол берілмеді. Президенттің өзі қазақстандықтарға әлеуметтік желілер мен бейне хабарламалар арқылы жолдауларында коронавируспен және басқа да өзекті мәселелермен күрестің барысы туралы - аймақ үшін бұрын-соңды болмаған ашықтық туралы айтты», - деп бағалады Еуропалық парламент депутаты.

Короновирус кезіндегі президенттің әрекетін Европарламент өкілі де оң бағалады. Пандемия кезінде Президент жарлығы бойынша жұмысына айырылған 4.2 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден 2 ай әлеуметтік көмек берілді. Сондақ-ақ дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарламаның орындалу барысы туралы бүгінгі үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев та айтып өтті.

«Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша 4 маусымға дейін кәсіпкерлер 494,4 млрд теңге сомасына 2 041 өтінім берді. Оларға 197,6 млрд теңгеге 1 467 қарыз берілді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 5 маусымдағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 305,1 млрд теңгеге 526 өтінім қабылданды. 210,4 млрд теңге сомасына 422 қарыз берілді», - деді Ерболат Досаев.

Прзеидент Қасым-Жомарт Тоқаев Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастаманы алға қойды. Президент тапсырмасы бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметін тексеруге 2023 жылға дейін мораторий жариялады.  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ биыл ЖОО оқытушыларының жалақысын да 2 есеге дейін өсіруді тапсырды. Президент бастамасы бойынша парламентте бірнеше заңға өзгерістер енгізілді.

Осы арылықта елде бірнеше кадырлық ауыс-түйістер болды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен бірнеше облыстардың әкімдері ауысты. Министрлер ауысып, 30 пен 50-дің арасындағы жас министрлер саны көбейді. Бұл кадрлық өзгерістердің соңы ҚР Сенатына төраға болып, елуге енді келетін Мәулен Әшімбаевтың келуі сабақтастықтың жаңа бір кезеңіне өткенін білдірсе керек және бұны президенттің  «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына берік болу ұстанымының басы деп бағлауымызға да болады.   Осы сияқты президент алдағы бағдарын «Егемен Қазақстан» гезетіне берген 5 мамырдағы сұхбатында айтқан болатын.

 «Біз Елбасының салиқалы саяса­тының, халқымыздың ырыс-ынты­ма­ғының арқасында тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Осы жылдар ішінде тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Егемен елі­міздің іргесін бекемдеу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Өтпелі кезеңдегі бар­лық қиындықты еңсеріп, орнықты даму жолына түстік. Ендігі мақсат – осындай табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыра беру.  Әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссо «Мықты мемлекет қана өз азамат­тарының еркіндігін қамтамасыз ете алады» деген екен. Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мық­ты мемлекетке айналдыруымыз керек. Бұл ретте «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет. Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек»,- деген президент.

Бұл сайлаудан кейінгі бір жыл ішіндегі президент басталмаларының бір парасы. Қауіп-қатар алда деп президент айтқандай пандемия кезінде елдегі экономикалық жүйенің де кемшіл тұстары анық білінді. Шағын-орта бизнесті қолдаудың қажеттілігі, ішкі өндірісті артту, ауыл-шаруашылығын дамыту, цифрландыруды жетілдіру қажеттілігі байқалды. Экономикалық теңсіздікке байланысты халықтың күн көрісінің төмендігі, баспана мәселесі, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру қатарлы қат-қабат мәселерді шешу алда тұр. Бұл қиындықтарды еңсерумен бірге алдағы саяси үрдістер де енді қыза түседі. 28 жыл бойы екінші президент кім болады деген сұрақ өзекті болса, ендігі кезеңде үшінші президент болып, кім қашан келеді деген сұрақ төңірегінде түрлі тартыстар да басталады. Бұл жыл өткен сайын, тіпті күн санап күн қыза түсер. Қазіргі президентке де бір жылда толық баға бере алмаспыз. Әлі Ата заң бойынша 4 жыл бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел есінде өзін мәңгілік қалдырып кетуге кемінде 4 жыл мүмкіндігі бар. Бұл мақалада сайлаудан кейінгі президенттің бір жылына шолу жасасақ, алдағы уақытта жалпы мемлекеттің, азаматтық қоғамның да бір жылына шолу жасалар. Қоғамдағы түрлі өзекті мәселелрді президент пен үкімет алдына қоя жатармыз.

Т. ҚҰРМЕТҰЛЫ

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Төлен Әбдік: Ақиқаттан биік ақсақал жоқ
    Сенат депутаттарын халық сайлай ма?