Жыл бойы несиені өтесеңіз де банктегі қарызыңыз неге азаймайды?

Уақыты: 2022-04-06 Көрлімі: 1067 Сипаттама

Көптеген азаматтарымыз несие алып, уағында қайтара алмай банктерге қарызға белшесінен батуда. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын одан ары төмендетіп, кедейлік қамытын кигізді. Биылғы қаңтар оқиғасына себепкердің бірі банктердің несиелік жүйесі деуімізге әбд...

LfFtQ4Rd.jpg

Нақты статистика бойынша Қазақстандағы жеке тұлғалардың банктердегі қарызы 10,8 трлн теңгені құрайды. Оның 348,3 млрд теңгесі кредиттік карта болса, 1.1 трлн теңге көлік несиесі, 3,39 трлн ипотека, 5,3 трлн теңгесі тұтынушылық несие. Алмақтың да салмағы бар дегендей, алған қарызды қайтару барысы үлкен мәселеге айналуда.  Көптеген азаматтарымыз несие алып, уағында қайтара алмай банктерге қарызға белшесінен батуда. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын одан ары төмендетіп, кедейлік қамытын кигізді. Биылғы қаңтар оқиғасына себепкердің бірі банктердің несиелік жүйесі деуімізге әбден негіз бар. Бұған дейінгі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалардың сәтсіз болуы да мәселенің себебін емес салдарын шешуге бағытталғаннан болса керек. Сондықтан ендігі кезекте халықты кедейлікке әкелген факторларға зерттеу жасап, шешімін іздеген жөн. Ендеше еліміздегі банктердің несиелік саясатын реттеу кезек күттірмес мәселе.

 Қазақ қоғамында банк алдында борыштарын өтей алмаған қарыз алушылардың мәселесі көп қозғалды. Тіпті 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен әлументтік аз қамтылған отбасылардың несиесі кешірілген. Одан кейін Жанболат Мамай бастаған қоғам белсенділері тағы да Үкіметтен халықтың банктердегі қарызын жауып беруді сұраған болатын. Алайда қоғам белсендісінің бұл ұсынысына қарсы пікір білдірушілер де аз болмады. Қарсы тараптың уәжі несиені кешіруі емес, несиелік жүйені оңтайландыру. Бактердің несиенің жылдық сыйақыларын түсіру туралы ұсыныстар болды. Әрине, бір бөлім жұрттың несиесін жауып беру арқылы елдегі экономикалық жағдайды да, әлеуметтік мәселелерді де шеше алмаймыз. Президент Тоқаевтың 2019 жылғы бір бөлім халықтың несиесін жауып беруі де, кейінгі белсенділердің үндеуі де несие мәселесін шешудің жолы емес. Бізге халықтың несиесін кешіргеннен көрі банктердің несиелік жүйесін реттеген абзал.

Қаңтар оқиғасынан кейін банк алдындағы несиесін өтеуге мүмкіндігі жоқ тұлғалар үшін «Жеке тұлғаның бакроттылығы туралы» заң жобасы дайындалып жатқаны айтыла бастады. Ресей мен Украина арасында соғыс басталғанға дейін бұл заң жобасы қоғамда біраз талқыға түскен болатын. Ал қазір соғыс кезінде несие ғана емес алдағы экономикалық жағдай, теңгенің құнсыздану, Батыстың Ресейге салған экономикалық санкциясының әсері көп талқылана бастады. Жеке тұлғаның ғана емес, банктердің банкрот болу-болмауы туралы да айтылуда. Қазірше банктер тұтыншулық несие мен ипотека беруді тоқтатса да бәрібір банктердің несиелік жүйесіне қалайда ораламыз. Банк пен несие алушы арасындағы мәселелер туындай бермек. Әсіресе қазіргі экономикалық тұрақсыздық кезеңінде жеке тұлғаның банкрот болу мүмкіндігі де жоғары. Сонымен бірге, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13.5 пайызға дейін көтерген кездегі несиені алу мен оны қайтару жолы да оңай болмасы анық.

«Жеке тұлғаның бакроттылығы туралы» заң жобасы бойынша қарызын өтеуге мүмкіндігі болмаған азаматтарға жағдайы түзелгенге дейін борышты өтемеуге мүмкіндік береді. Бірақ, бұл бір жола борыштан құтылау деген сөз емес. Бұл пікірді белгілі экономист Мақсат Халық та айтып отыр.

«Заң жобасымен танысып шықтым. «Жеке тұлғаның бакроттылығы туралы» заң қабылданатын болса қарыздың бәрін бірден кешіріп тастайды деген сөз емес. Ол жерде 5 жыл бойы азаматтарды қарызын төлеуден босатады. Егер 5 жылдың ішінде материалдық жағдайы түзеліп, қарызды төлеуге жағдайы жетіп жатса несиені төлей береді. Берілген 5 жыл ішінде материалдық жағдайы түзелмесе ғана қарызы толығымен кешірелді. Азаматтар өздерін бакрот деп жариялаудың екі түрлі жолы бар екен. Бірі сотқа дейінгі кезең, екіншісі сот процесі арқылы шешу. Кімде 5 жылдан астам қайтармаған қарыз болса онда ол сотсыз-ақ банкрот деп танылады және кімде 300 мың теңгеге дейін қарызы болып оны қайтаруға еш мүлкі болмаса немесе 5 миллионға дейін тұтынушылық несиесі болып, соңғы 6 ай бойы қайтара алмаса өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндігі болады, ал 5 миллион теңгеден артық қарыз болса оны сот арқылы ғана шешеді екен. Қандай жағдай болмасын ол азаматтардың қарызды өтей алатындай мүлкі бар ма, жоқ па бәрі қаралады. Бір ұсыныс ретінде жалғыз баспанасы болса қалу керек деген айтылып жатыр. Одан басқа мүліктері болса сатып қарызды өтеу көзделеді»-, деді экономист.

Осы сәтте қандайда бір мүмкіндікті өз пайдасына айналдырып, оңай олжа табуды көздейтіндер де шығуы мүмкін. Банк алдындағы қарызын өтемеу үшін азаматтар қарыздарын өтемей өздерін бакрот ретінде жариялайтын немесе дүние мүліктерін жасырып, өздерін қарызды өтей алмайтындай етіп көрсету үшін заңсыздық пен жемқорлық орын алмай ма деген күмән да пайда болды. Бұл сұрақты да экономистке қойып көрдік.

«Кейбір азаматтар қарызын өтемеу үшін басқа жол іздеуі, мүліктерін бауырларына, достарына тіркеп тастауы мүмкін. Ондай мүлкі қанша болды, кімге беріп қойды деген фактілердің барлығы тексеріледі. Бұндай жағдайлар анықталған азаматтарға айыппұл салынады. Сондай-ақ өзін бакрот деп таныған азматтарға біраз шекетулер қойылады. Банкрот деп танылған азаматтар 5 жыл бойы қайтадан несие аламайды, маңызды бір себеп болмаса шетелге шыға алмайды»,- деді Мақсат Халық.

Бұл заң әзірге қабылданған жоқ. Қабылданса да қарызын қайтаруға еш мүмкіндігі жоқ бір бөлім борышкерге бағытталады. Енді бір бөлім адамдар экономист айтқан шектеулерге қарамай оңай жол іздеп, жемқорылық пен заң бұзуға баруы да мүмкін. Ал жеке тұлғалар банкрот болған күннің өзінде олардың қарызы өзге несие алушылардың «есебінен өтеледі». Олай дейтініміз біздің қазіргі несие саясаты, несиенің сыйақы мөлшерлемесі, жылдық тиімді сыйақы көрсеткіші өте жоғары, тіпті қарызды өтеу графигі де азаматтарымыздың неисесін өтей алмай қарыздан қарызға белшесінен батуға себеп болатындай түрде жасалады. Сонымен бірге несиені сақтандыру, несенге өтінш беру және құжаттарды қарау ақысы, несие келсім-шарттарын өзгеру сияқты қосымша төлеммен қарыз көлемін одан ары үлкейтіп жібереді.

Қазіргі кезде тұтынушылық несиенің жылдық сыйақысы 20-30 пайыз арасында болса, жылдық тимді мөлшелерме 30-56 пайызға дейін барады. Соның салдарынан алған тұтынушылық және көлік несиесін бірнеше есе артық төлеммен қайтаруыңызға тура келеді. Шамадан тыс артық төлем сыйақы мөлшерлемесі, жылдық тиімділік мөлшерлемесі және несиені өтеу әдісіне байланысты. Егер жылдық тиімділік мөлшерлеме түсетін болса, несие алушыларға біршама жеңіл болып, төлейтін артық төлемінің көлемі азаятын еді. Бірақ экономист Мақсат Халықтың айтуынша қазіргі жағдайда несиенің сыйақы мөлшелерлемесі мен жылдық тиімділік мөлшерлемесінің түсуі қиын. 

«Пайыздық мөлшерлемені түсіру өте өзекті. Ол процес дәл қазір жүзеге аспайтын сияқты. Өйткені Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшелемесі жоғарлап келеді. Жыл басына дейін 10.25 пайызға жетсе, қазір 13.5 пайызға дейін көтерілді. Демек 2- деңгейлі банктер одан төмен пайызбен несие бермейді. Оны халыққа 2-3 еселеп береді. Ұлттық банктің инфляцияны таргеттеу саясаты  бойынша 2025 жылға қарай 3-4 пайыздық инфляцияға қол жеткізу көзделген(Ресей мен Украина арасындағы соғысқа дейінгі болжам бойынша). Солай болып жатса базалық пайыздық мөлшерлеме 5 пайызға дейін түседі деген үміт бар. Сол  кезде ипотекалық несиелер 6-7 пайызға, тұтыншылық және басқа да несиелердің пайызы түседі деп ойлаймын. Тек осылай ғана пайызды түсіру жүзеге асады. Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтай алмаса банктер де ұзақ жылға беретін несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесін төмендете алмайды. Ал жылдық тиімділк мөлшелемесінің жоғарғы көлемі қазір 56 пайыз. Бұл өте жоғары, оны 30 пайызға дейін түсіру керек деп есептеймін»,- дейді экономист.

Қазіргі жағдайда экономист айтқандай несиенің пайыздық мөлшерлемесі айталықтай түсбесе де, жылдық тиімділік мүлшерлемені 30 пайызға дейін түсіру және несиені өтеуге ыңғайлы график қою арқылы да банкке төленетін артық төлемді азайтуға болады. Өйткені қазір көптеген банк алдымен қарыздың өсімін төлетіп, артынан негізгі бөлігін төлетеді. Несиені өтеуге аннуитеттік және сараланған(тең бөліп төлеу/дифференированный) әдістер қолданылады. Тең бөліп төлеудің өзінде ай сайынғы төлеген қаржыңыз негізі қарыз бен өсімді жабу үшін  50/50 болса, аннуитеттік төлемде 70, 80 пайыз өсімді өтеуге қолданылылып, 20-30 пайызы ғана негізгі қарызды жабуға жұмсалады. Соның салдарынан көптеген борышкерлер бірнеше жыл бойы банкке алған қарыздың өсімін ғана төлеп жүреді. 5-6 ай немесе 1-2 жылдан кейін алған қарызды жауып тастағысы келсе, негізі қарызы еш өзгермеген болып шығады.  Бұндай жағлайларды басынан өткізген азаматтар аз емес. Оның дәлелін келесі суреттерден көруге болады.  

 

                                              1-.JPG

2-.JPG

3-.JPG

4-.JPG

5-.JPG

Бұл бір көлік алу үшін алған алынған несиесінің өтеу кестесі. Көлік алуға жетпеген 681 мың теңгені банктен 5 жылға алады. Банк өтінішті қабылдау, құжаттарды қарау және сақтандыру үшін 96908 теңге үстіне қосып, 777 908 теңгеге келсім-шарт жасайды. Несие алушы кесте бойынша айна 24 687 теңгеден 6 ай төлеген соң 7- айында барлық қарызды жауып тастаса банк қарызды жабу үшін тағы 20 мың теңге төңірегінде комиссия алады. Ал осы уақытта негізгі қарыздың 740331 теңгесі қалған. 6 ай ішінде тек 37 мың теңге ғана негізгі қарызға төленсе, өсім үшін 108600 шамасында банкке төлеген. Сонда 6 ай ішінде қарыз алушы банкке 108600(сыйақы)+20000 (несиені алдын ала жабуға алған комиссия) + 96908(несиені алған кездегі комиссилар) -37600(жабылған қарыз) = 188000 теңге артық төлем төлейді. Ал 5 жыл толық өтейтін болса 701490+96908 = 798398 теңге төлейтін еді. Бұл жерде 6 айда алдын ала жауып тастаған 5 жыл бойы қарызды өтеуден де тиімсіз болып тұр. Аннуитеттік төлем бойынша алғашқы жылдары ай сайынғы төлемінің 25 пайызы ғана негізгі қарызыңызды жабады. Ал несиені өтеу бойынша сараланған әдісті таңдайтын болсаңыз бастапқы айдағы төленетін сумманың 50 пайызы негізгі қарызды өтеуге жұмсалады да сол тұрақты сақталады. 2- деңгейлі банктер арқылы 7-20-25 бағдарламасы арқылы үй алып, банктен 10500000 теңге несие алсаңыз, екі түрлі төлем түрінің арасында 15 жылда миллион теңгеден артық айырмашылық болады. Сараланған төлемді таңдағанның өзінде 5 миллионнан артық артық төлем төлейсіз.

6.JPG

7.JPG

8.JPG

9.JPG

10.JPG

11.JPG

Тіпті Отбасы банк арқылы 50/50 бағдарламасы бойынша үй алмақ болсаңыз, 3 жылдан артық жинаған депозиттың ОП-сы 16-ға жетпесе, оған дейін өзіңіз банкке құйған депозит үшін де, алған несиеңіз үшін де 7.5 пайыз мөлшерінде сыйақы(өсім) төлейсіз және ай сайынғы құйған ақшаңыздың 20-25 пайызы ғана негізгі қарызға жұмсалады. Ияғни, осы аралық мезгілде тек банк үшін ғана қаржы құясыз. Ал банк менеджерлері көбінде сізге тек аннуитеттік әдісті таңдау жолын ғана қалдырады.

Отбасы 1.JPG

Отбасы 2.JPG

Сондықтан қазіргі кезде банктердің  неисені қайтару әдістерін, несиені өтеу кестесін қоюды нақты тәртіпке түсіру уақыт күттірмес мәселе. Қай әдісте болмасын ай сайынғы төлемнің 70-80 пайызы негізгі қарызды өтеуге жұмсайтындай етіп бекіту керек. Бұл туралы да экономистың кеңесін алдық.

«Белгілі шектерді орнату қаржылық қадағалау агентігінің құзырында. Мұндай шектеу орнатса жақсы болар еді. Өйткені көп азаматтар бірінші кезекте тек пайыздарын төлеп жүреді. Одан кейін барып негізгі қарызды төлейді және қаржы менеджерлері де қаржылық этиканы сақтаса. Қай әдісті таңдау керегі туралы айту аржы менеджерлерінің міндеті. Көп қаржы менджерлері аннуитеттік әдіс пен тең бөліп төлеудің қайсысын таңдау туралы клиенттеріне айтпай, автоматты түрде аннуитеттік төлемді белгілей салады. Сондықтан осы мәселелер жан-жақты қаралса дұрыс болады»,- деді Мақсат Халық мырза.

Қазіргі экономикалық қиын кезеңде халықтың кедейленуіне әкелген несие мәселесін жылдық пайыздық мөлшерлемені түсірмесе де, құзырлы орындар араласып төлем жүйесін ретегені абзал. 30-40 пайызбен алып жатқан тұтынушылық несие ғана емес 5-7 пайызбен беріліп жатқан ипотекалық несиелер де төлеу әдісінің дұрыс жолға қойылмауынан неше еселеніп қайтарылып, немесе борышкердің қарызды қайтара алмай банкрот болуына себеп болып жатыр. Сондықтан борышкердің банкрот болуының алдын алу үшін де несиені қайтарудың қай әдісін таңдаса да ай сайынғы төлемнің 70-80 пайызы негізгі қарызды жабуы керек. Бұлай болмағанда болашақта банкрот болатын жеке тұлғалардың саны күн санап артады.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТҚАН


Пікір жазу
  • Жаңа Қазақстанның құндылықтары айқындала түсті
    «Жаңа Қазақстан» қандай мақсаттарды көздейді?