Ғылым күні дүниеге келген ғалым

Уақыты: 2025-04-13 Көрлімі: 113 Сипаттама

Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлының пешенесіне әу бастан ғалы...


IMG_6736.png

Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлының пешенесіне әу бастан ғалым болу жазылса керек. Ол кісі 12 сәуір, яғни Ғылым күні дүниеге келіпті. Болашақ ғалым ағамыз 1954 жылы ҚХР-дың Іле Қазақ автономия облысы «Қабанбай шоқысының» бөктеріне орналасқан, табиғаты өте көркем Мұқыр деген ауылда дүниеге келіпті. Арғы ата-бабаларында ел бастаған көсем де, сөз ұстаған шешен де, мыңғырған мал айдаған бай да, қажылыққа барған, ілім ұстаған діндар кісілер де болған ағамыздың тектілік қанында болса керек.

Әдетте біз қытайтанушы ретінде кітаптан оқитын, кинодан көретін «Үлкен секіріс», «Мәдени революция» деген сияқты Қытайда болған түрлі тарихи оқиғалардың бәрін көзімен көрген Нәбижан ағамыз, өзінің білімдегі жолын  1973 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсен атындағы мемлекеттік университеттің Тарих факультетіне қабылданудан бастаған. Бітірген соң ҚХР Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институты және Ұлттарды зерттеу институты сияқты ғылыми мекемелерде түрлі қызмет атқарған. 1985 - 1987 жылдары Пекин унверситетінің Тарих факультетінде аспирантурасында  оқыды. Кеше ғана бүкіл саласы тоқырауға ұшыраған Қытайдың қайта түлеп, үлкен өзгерістерге аяқ басқан реформаларын көріп, шамасы келгенше ат салысуға тырысты.

Советтің құрсауында болған Қазақстан өз алдына тәуелсіз, егемен ел болды деген хабар шыққаннан, тарихи отанға оралу әрекетін бастап кетті.

 Бұл арманы 1993 жылы сәуірде жүзеге асты. ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданып, 1997 жылға дейін академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың жетекшілігінде ғылыми жұмыстар жазды. Кандидаттық, докторлық ғылыми атағын қорғады. Осылайша ағамыз Қытайда Нығмен Мыңжан сияқты атақты ғалымдардың тәрбиесін көрсе, елге оралған соң кеңестік жүйенің де фундаменталды мектебінен өтті.

 Тарих және этнология институтында ғылыммен айналысқан Нәбижан Мұхаметханұлы екі мыңыншы жылдардан бастап ғылымды ұстаздықпен ұштастырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, халықаралық қатынастар, шығыстану факультеттерінде шәкірт тәрбиеледі, кафедра басқарды.

2012 жылы өзінің күш салуымен университет жанынан құрылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры қызметін қолға алып, бүгінгі күнге дейін сол жерде отандық ғылымды дамытуға еңбек етіп келеді.

Профессор Мұқаметханұлының зерттеу еңбектерінің аясы өте кең. Ескі қытай жазбалары негізінде қазақ халқының және қазақ мемлекеттілігінің генезисін зерттеді, Қытайдың орда хаттамалары арқылы Цин империясы мен Қазақ хандығы арасындағы қарым-қатынастарды жаңаша сипаттап, тың тұжырымдар жасады, отандық «абылайхантану» ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты, жаңа заманда қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісін терең зерттеп, халқымыздағы ұлтық сана-сезім мен патриоттық рухын айшықтап көрсетті, қазірі таңдағы Қазастан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін зерттеп, отандық қытайтану ғылымын қалыптастыру үшін құлшына еңбек етті. Осы бағыттарда халықаралық мінбелерде тұшымды баяндамалар жасап, ғылыми еңбектер жазды.

Жарты ғасырға жуық ғылыммен шұғылданып келе жатқан Нәбижан ағамыз 440-тан астам ғылыми еңбектер жариялады, оның 15 ғылыми монографиялар мен оқу құралдары. Ол кісінің жетекшілігімен ғылыми дәрежесін қорғаған 4 ғылым кандидаты мен 5 PhD доктор, білім мен ғылым саласында танымал мамандарға айналды.

Ғылым күні туылған, бүкіл өмірін «инемен құдық қазғандай» қиын жолға, ғылым жолына арнаған Нәбижан Мұхаметханұлына шын көңілден мықты денсаулық, қажымас қайрат,  отбасына амандық, баянды бақыт, шаттық пен береке тілейміз!

Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Керімбаев Ержан



farabi.kz сайтынан

Пікір жазу
  • Еуроодақ басшылары Қытайға барады - БАҚ
    Мұнай бағасы құлауда: Ресейлік Urals 20 долларға арзандады!

    Ұқсас тақырыптар