Мұнай бағасы құлауда: Ресейлік Urals 20 долларға арзандады!

Уақыты: 2025-04-14 Көрлімі: 77 Сипаттама

АҚШ билігінің саяси шешімдері, тарифтік соғыстар мен мұнай өндіруші мемлекеттердің әр...



IMG_6788.jpeg

АҚШ билігінің саяси шешімдері, тарифтік соғыстар мен мұнай өндіруші мемлекеттердің әрекеттері әлемдік нарықта мұнай бағасына соққы жасауда. Бір апта бұрын Brent сұрыпты мұнай маркасы барреліне 65,6 доллардан сатылса, осы аптаның соңында ол көрсеткіш 64,2 долларды құрады. Трамп әкімшілігі әлем елдеріне жаппай тариф енгізген сәтте аталмыш сұрыпты мұнай бағасы 59 долларға дейін құлдырады. Трамп тарифтерді енгізуді 90 күнге тоқтатқан сәтте, мұнай бағасы 7 долларға көтерілді.

Brent маркалы мұнай жыл басында 82 доллардан саудаланды. Трамптың шешімдерінен кейін төрт айдың ішінде 15 долларға жуық құнын жоғалтты. Сарапшылар мұнай бағасының құлдырауы Ресейдің бюджетіне үлкен соққы жасайтынын айтуда. 

 

Ресейдің негізгі мұнайы Urals маркасы саналады. Argus сараптамасының мәліметінше Ресейдің мұнайы араға екі жыл уақыт салып, 50 доллардан төмен бағаға түсті. 9-сәуірде Приморск портында Urals мұнайы 47,54 доллардан саудаланса, Новороссийск портында 48,39 доллардан сатылды. Қаңтар айында Urals сұрыпты мұнайы барреліне 70 доллардан сатылды. Үш айдың ішінде ресейлік мұнай 20 долларға немесе 33%-ға арзандады. Трамп тарифтік соғысты 90 күнге тоқтатқаннан кейін, Urals сұрыпты мұнайының бағасы 56,2 долларға өсті. Алайда бұл Ресей үшін жеткіліксіз. Себебі Мәскеу бюджетті жоспарлаған сәтте мұнайдың бағасы 69,7 доллар болады деп есептеген еді. 

 

ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін арттыру шешімі мен Трамптың экономикалық саясаты әлемде мұнай бағасын құлдыратуда. «Ресей экономикалық дағдарысты сезіне түсуде» дейді Германиядағы Халықаралық қауіпсіздік мәселесін зерттеу институтының сарапшысы Янис Клюге. 

 

Сарапшылар Ресейдің федеральды бюджетіндегі әр төртінші рубль мұнаймен тікелей байланысты екенін айтуда. Ресей 2025 жылы 13 трлн рубльді әскер мен қару алуға жұмсамақ. Егер мұнай бағасы тұрақтанбаса, Ресей бюджетін қайта толық қарауға мәжбүр болмақ. 

 

Bloomberg Economics-тың сарапшысы Александр Исаковтың (Ресей бойынша сарапшы) пікірінше мұнай бағасының құлдырауы Ресейдің әлеуметтік жағдайына үлкен соққы жасаса да, Мәскеу әскери салаға бөлетін қаржыны азайтпайды. «Кремль өзге салаға бөлінетін қаржыны азайтуы мүмкін, алайда әскери салаға қаржыны азайтпайды. Соңғы тиынды соғысқа салады», - дейді Александр Исаков. 


Mezgil.kz сайтынан



Пікір жазу
  • Ғылым күні дүниеге келген ғалым
    Си Цзиньпин Қытай мен көрші елдер арасындағы ортақ тағдыр қоғамдастығын құруды ұсынды

    Ұқсас тақырыптар