25 қазан – Республика күні – Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы маңызды белес, ұлттық егемендігімізді, ел бірлігі мен азаматтық тұтастығымызды дәріптейтін қастерлі мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы еліміздің тәуелсіздікке бастар тарихи жолындағы маңызды қадам болды. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуын және тәуелсіз болашаққа деген сенімін айқындайтын тарихи дата.
Осы айтулы мереке аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (www.farabi.university ) білім алушылардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған тәрбиелік іс-шараларға ерекше мән беріледі. Университет – тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана мен азаматтық ұстанымды қалыптастыратын, жас ұрпақтың рухани және зияткерлік дамуына ықпал ететін маңызды білім беру ортасы. Әл Фараби университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру кафедрасының ұжымы да Республика күніне орай танымдық-тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, білім алушылардың тарихи танымын кеңейтуге және Қазақстанға деген құрметін нығайтуға үлес қосуда. Мұндай бастамалардың басты мақсаты – жастарға еліміздің егемендік жолындағы тарихи кезеңдерін таныстыру, мемлекеттік тәуелсіздіктің маңызын түсіндіру және олардың бойында елжандылық пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру жүйесінде білім алушылардың тілдік даярлығымен қатар, олардың жаңа қоғамдық ортаға бейімделуіне, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тануына, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне ерекше назар аударылады. Осы тұрғыдан алғанда, Республика күніне арналған тәрбиелік жұмыстардың маңызы зор. Олар білім алушыларға еліміздің тарихи жолын түсінуге, мәдени мұрасын бағалауға және Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі ретінде өз жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді.
Кафедра қызметінің маңызды бағыттарының бірі – білім алушылардың дүниетанымын кеңейту, олардың бойында өзара құрмет, ынтымақтастық, толеранттылық және қоғамдық жауапкершілік қасиеттерін дамыту. Тарихи-танымдық әңгімелер, тақырыптық кездесулер мен тәрбиелік іс-шаралар арқылы жастардың туған елге деген қызығушылығы артып, ұлттық мәдениет пен рухани мұраға деген құрметі нығая түседі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім мен тәрбиенің сабақтастығына негізделген мұндай жұмыстар жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына ықпал етеді. Университет қабырғасында білім алып жүрген жастардың тарихи санасын дамыту, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға баулу – ортақ мақсаттардың бірі.
Республика күні – өткенімізді ұлықтап, бүгінгі жетістіктерімізді бағалап, келешекке сеніммен қарауға үндейтін мереке. Егемендік пен тәуелсіздіктің қадірін түсіну, ұлттық бірлікті сақтау және қоғам игілігі үшін еңбек ету – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ал білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі – осы құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, елінің тарихын құрметтейтін, білімді әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеу.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Айша Бегалиева Карипжановна




