РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕГЕМЕНДІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ

Уақыты: 2026-11-04 Көрлімі: 22 Сипаттама

25 қазан – Республика күні – еліміздің мемлекеттілік тарихындағы маңызды белес, ұлттық...

25 қазан – Республика күні – еліміздің мемлекеттілік тарихындағы маңызды белес, ұлттық егемендігімізді, бірлігімізді және азаматтық тұтастығымызды айқындайтын қастерлі мереке. 1990 жылғы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздікке бастар тарихи жолындағы маңызды қадам болды. Бұл күн халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, елдік мұратын және жарқын болашаққа деген сенімін бейнелейді.

Осы айтулы мерекеге орай Алматы технологиялық университетінде ұжымдық бірлікті нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Университет көлеміндегі мерекелік жиындарда білім мен ғылым саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалау мен кәсіби жетістіктерін атап өтуге де ерекше көңіл бөлінуде. Мерекелік іс-шара аясында бірқатар оқытушылар ректордың алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – оқытушылардың білім беру ісіне, университеттің дамуына және жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі. Ұстаз еңбегін бағалау – білім мен ғылымды дамыту жолындағы жауапты қызметтің маңызын айқындап, ұжым мүшелерін жаңа жетістіктерге ынталандыратын игі дәстүр.

Республика күніне орай АТУ-дың Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер (ӘГП) кафедрасының ұжымы да мерекенің тарихи және тәрбиелік маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізуде. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – білім алушылардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, отансүйгіштік сезімін нығайту және азаматтық жауапкершілігін дамыту. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы студенттерге еліміздің егемендікке жету жолындағы тарихи кезеңдерді таныстыруға, мемлекеттік тәуелсіздіктің қадірін түсіндіруге және Қазақстанның бүгінгі дамуындағы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің маңызын ұғындыруға басымдық береді. Мұндай бастамалар жастардың туған ел тарихына қызығушылығын арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. ӘГП кафедрасында оқытылатын әлеуметтік-гуманитарлық пәндер білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, тарихи мұраны тануына, қоғамдық құндылықтарды түсінуіне және азаматтық көзқарасының қалыптасуына негіз болады. Білім беру үдерісінде тарих, философия және басқа да гуманитарлық бағыттар бойынша берілетін білім студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытып, ұлттық сана мен рухани құндылықтардың маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Университеттегі осындай мерекелік және тәрбиелік бастамалар білім мен тәрбие сабақтастығын нығайтып, жастардың бойында отаншылдық, жауапкершілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық қасиеттерін қалыптастыруға қызмет етеді. Өйткені елдің болашағы – сапалы білім алған, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, қоғам алдындағы міндетін түсінетін және Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуға дайын жас ұрпақтың қолында.

Республика күні – тек тарихи датаны атап өту ғана емес, сонымен бірге еліміздің жетістіктерін бағалап, тәуелсіздіктің мәнін терең түсінуге және ортақ мақсаттар жолында бірігуге үндейтін мереке. Бұл күн әрбір азаматқа туған елінің тарихын құрметтеуді, қоғамдық келісімді сақтауды және Отан игілігі үшін адал еңбек етуді еске салады.

Алматы технологиялық университетінің ұжымы мен Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының атынан баршаңызды ұлттық мерекемізбен құттықтаймыз! Егемен еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болғай!

 

АТУ университеті ӘГП кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Қадыр Қойшыбекұлы Рысбеков

ӘПГ кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты   Самал Сағнайқызы

 


Пікір жазу
  • Тоқаевтың мұраты
    ЕГЕМЕНДІК – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫ

    Ұқсас тақырыптар