Жақында Қазақстанның орталық аумағынан сирек жер элементтерінің үлкен қорының табылуы елді осы стратегиялық ресурстар бойынша әлемдегі көшбасшылар үштігіне қосуы мүмкін. Бұл туралы «The Hill» басылымы жазады.
«The Hill» басылымы: «Бұл оқиға тек жаһандық экономика үшін ғана емес, бүкіл Түркі әлемі үшін бетбұрыс болды», - деп жазады.
Басылымның жазуынша: Осының аясында Әзірбайжан мен Қазақстан аймақтағы негізгі ойыншылар ретінде өз ұстанымдарын нығайтып келеді.
Қытай мен Еуропа арасындағы «Орта дәліздің» ең маңызды бөлігін бақылайтын Әзірбайжан Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы түркі елдерін біріктіруде барған сайын белсенді рөл атқаруда.
Бірегей минералды-энергетикалық ресурстарға ие Қазақстан индустриялық көшбасшылығын нығайтып келеді.
«Жоғары технологиялық өндіріске қажет сирек жер элементтері Түркі әлемін жаһандық державалардың, соның ішінде Қытай монополиясына балама іздейтін АҚШ-тың магнитіне айналдырды. Дегенмен, қызығушылықтың артуына қарамастан, Вашингтон аймақтағы экономикалық және дипломатиялық ықпалда әлі де Қытай, Ресей және ЕО-дан артта қалып отыр», - делінген мақалада.
Мақалада: «Түркі халықтары — Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Қырғызстан — американдықтардың көпшілігіне таныс емес. Дегенмен АҚШ шенеуніктері аймақтың энергиямен, стратегиялық пайдалы қазбалармен, сирек жер элементтерімен және балама жеткізу жолдарымен өлшенетін құндылығын бұрыннан мойындады», - деп жазады.
Аталған мақалада Вашингтонның осы күнге дейін Түркі блогына кіретін елдермен одақтастығы сылбыр болғанын жазады. «Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин билікке кіріскеннен бері Орталық Азияға сәйкесінше 14 және 83 рет сапар шексе, АҚШ президенті Түркиядан басқа ешбір түркі еліне бармаған», - деп жазылған мақалада.
Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ соңғы жылдары түркі әлемінде табысты қадамдар жасады. Аймақта дәстүрлі түрде үстемдік етіп келген Мәскеу Қазақстанмен газ және мұнай экспорты және жоспарланған электр стансасының ядролық технологиясы бойынша серіктес бола отырып, Өзбекстанның газ өнеркәсібін өз бақылауына алды.
2023 жылы Қытай Өзбекстан, Қазақстан және Әзірбайжанмен стратегиялық серіктестікке қол қою кезінде Орталық Азиямен сауда айналымын өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға арттырды. Ал Еуроодақ таяуда Өзбекстанда Орталық Азия елдерімен үлкен саммит өткізіп, аймаққа 12 миллиард доллар инвестиция салатынын жариялады.
Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Әзірбайжан бірге әлемдік газ қорының 6,5 пайызына ие. Түркіменстан газдан әлемде алтыншы орында, ал Қазақстан мен Әзірбайжан негізгі мұнай өндірушілер болып табылады. Соңғы бірнеше ай ішінде Астана мұнай өндіруде ОПЕК+ өндіру жоспарынан асып түсті.
Қазақстаннан басқа Өзбекстанның да қомақты қорлары бар және пайдалы қазбаларды өндіруді дамытуға жақында 2,6 миллиард доллар инвестициялады.
Қазақстан да, Өзбекстан да алтын, уран, мыс, вольфрам, кремний, литий және титан сияқты әскери, экономикалық және технологиялық мақсаттағы стратегиялық пайдалы қазбалардың үлкен қорларына ие.
«The Hill» басылымы: «Орталық Азияның үлкен қоры ббар. Ал Вашингтон аймақтағы Пекиннің үстемдігін бұзып, негізгі инвестор болуға ұмтылуы керек. Өңдеу саласына инвестиция салу маңызды. Өйткені бұл елдерде литий, уран, никель және кобальт сияқты маңызды стратегиялық пайдалы қазбаларды өңдеу мүмкіндігі жоқ және оны Қытайда немесе Ресейде жасайды. Бұл үшін Конгресс Түркі әлемімен тұрақты сауда-саттық қатынастарын қамтамасыз ету туралы ойлануы керек», - деп жазады.
Шамамен 175 миллион халқы бар және жалпы ішкі жалпы өнімі 1,9 триллион долларды құрайтын Түркі блогы маңызды геоэкономикалық полюске айналуда. Дәл Қазақстан мен Әзірбайжан бірге өзінің күн тәртібін барынша қалыптастырып, прагматикалық, зайырлы және технологиялық даму жолын алға жылжытуда.
Mezgil.kz сайтынан