Қала мен Ауыл халқы: Әлемде 75/25 деген жазылмаған формула бар

Уақыты: 2025-04-15 Көрлімі: 115 Сипаттама

Әлемде 75/25 деген жазылмаған формула бар. Яғни мемлекеттегі халықтың 75 пайызы қалада, 25 п...

Әлемде 75/25 деген жазылмаған формула бар. Яғни мемлекеттегі халықтың 75 пайызы қалада, 25 пайызы ауылда тұрады деген формула. Бұл көбіне Еуропа елдерінде қолданылады. Ал Қазақстанда қалай? 


Бүгін ҚСЗИ ауыл мен қала халқының қатынасына қатысты зерттеудің нәтижелерін жариялады. Мысалы тәуелсіздікті қалпына келтірген соң, ауылдан қалаға 4 млнға жуық адам көшіп келген. Бұл ішкі көшіп-қонудағы еркіндік, жұмыс іздеу, нарықтық экономиканың енуі, ауылдық аймақтағы кәсіпорындардың құлдырауы және басқамен тікелей байланысты болған. Қазір, яғни 2025 жылдың басында Қазақстандағы қала тұрғындарының саны 12 773 115 адамды, ауыл халқы 7 510 284 адамды құрайды екен. 


Ауылды жерде халықтың қалаға көшуіне бірнеше себеп бар. Біріншісі, инфрақұрылым. Яғни жастарға заманауи демалыс орындары жетіспейді. Екіншісі, жоғары жылдамдықты интернет. Үшіншісі, жұмыс мәселесі. Төртіншісі, заманауи технологияның қол жетімсіздігі. Бұның бәрі ауылдағы жастарды қалаға бағыттайды. Дегенмен қалаға халықтың жүйесіз ағылуы да қаланың өзінде біршама мәселені арттырады. Ол пәтер мәселесі, жұмыс мәселесі пайда болады. Әсіресе ірі мегаполистерде солай. 


Ауылдағы жастардың жаппай қалаға көшуі еңбек күшінің азаюына да әкеледі. Ол тікелей ауыл шаруашылығына әсер етеді. Әлбетте, адамзаттың ауылдан қалаға көшуі жалғасады. Бұл тек бізге ғана емес, әлемдегі барлық елге тән құбылыс десек те болады. Жапонияда осы мәселе өткір тұр. Италияда да осындай процесстер бар. Бірақ біз үшін ауылдың қаңырап қалмауы да маңызды. Кеңестік кезеңде қазақтар қалада аз болды және сәйкесінше қазақ мектептері де қалаларда өте аз болды. Мысалы Алматыда бірлі-жарым ғана қазақ мектебі болды. Енді Алматыда қазақ мектебі де, қазақтар да басымдыққа ие. Бұл ауылдан қалаға көшкен халықтың бір жемісі. Ол жақсы әрине. 


Енді ауылда халықтың болуы да маңызды. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту және жұмыс мәселесін шешу керек. Әлбетте, әлі де кей ауылдар жабылады. Тек қариялар мен 10-15 үй ғана қалған ауылдарды сақтап қалу қиын деп ойлаймын. Бірақ шекара маңындағы ауылдарды және сол ауданда экономикалық драйвер болатын ауылдарды сақтап қалу маңызды. Мысалы ҚСЗИ сауалнама жүргізіп, 1200 адамнан сұрақ алыпты. Арасында  «Жақын аралықта көшуге ниеттісіз бе?» деп сұрапты. 86 пайызы «Жоқ» деп жауап қатқан. Демек, көшетін көпшіліктің басым бөлігі көшіп болды деген сөз. Оның үстіне урбанизация қарқыны да сәл бәсеңдеді дейді мамандар. Сарапшылар 2030 жылы қалалықтар үлесі ел халқының шамамен үштен екісін (64,2%) құраса, ауылдықтардың үлесі үштен біріне (35,8%) тең болады деген болжамды жасауда. Бұл әлгі біз жоғарыда айтқан 75/25 формуласына қарағанда әлдеқайда жақсы-ақ. Урбанизация бола береді. Ол заңдылық. Болашақта су тапшылығы сынды мәселелер де урбанизацияны күшейтуі мүмкін. Жалпы БҰҰ сондай болжам жасауда. Осының бәрін ескеріп, қазірден бастап қай ауылдар сақталады, ал қай ауылдарға инвестиция көбірек құю керек деген есептеулер мен нақты шешімдер болуы тиіс деп ойлаймын. 


https://t.me/paranoiakz телеграм арнасынан



Пікір жазу
  • «Кәсіп иесі – 2025» халықаралық форумы аясында қандас кәсіпкерлермен кездесу өтті
    Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

    Ұқсас тақырыптар