Трамптың тарифтік саясаты әлем экономикасына үлкен соққы жасауы мүмкін дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде бірқатар елдер оның салқынын сезініп үлгеріпті. Трамп тарифтерді енгізуді 90 күнге тоқтатты, алайда бұл түбегейлі шешім емес. 90 күннен кейін тарифтер қайтып оралуы мүмкін. Трамп әкімшілігі «90 күнде 90 елмен келісім жасаймыз» деп мәлімдеді. Дегенмен шын тұрғыдан алып қарағанда бұл қиын сияқты.
Тарифтік тартыс бізге де кері әсер ететіні анық. Трамп бізге 27 пайыз тариф енгізді. Алайда бұл тариф біз сататын тауардың 96 пайызына жүрмейді екен. Себебі біз АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттық өнімдер сатамыз, ал Вашингтон өзі үшін маңызды тауарларға тарифтерді енгізбейтінін айтқан. Қалған 4 пайыз тауарға тариф жүреді. Экономистер солай дейді. Демек бізге тарифтердің тікелей әсеріне қарағанда, әлемдегі сауда соғысы көбірек әсер етеді дейді мамандар.
«Қазақстан үшін бұл бір жағынан мүмкіндік, бір жағынан қауіп» дейді сарапшылар. Мысалы ЕО мен Қытай тарифтік соғыста бірлесе әрекет етуі мүмкін. ЕО мен Қытай өзара аз тариф орнатып, сауда-саттықты арттыруы ықтимал. Ондай сәтте құрлық арқылы тауар тасымалдаудың көп бөлігі біздің аймақпен өтуі тиіс. Бұл логистиканың дамуына, Транскаспий бағытына серпін береді.
Ал екінші жағынан 90 күннен кейін тарифтік тартыстар қайтып келсе, әлемдік экономикада қайта аумалы-төкпелі кезең басталады. Бұл энергетика көздерінің бағаларына да әсер етуі мүмкін. Әлбетте, бұл біз үшін жағымсыз сценарий болар еді. Қазақстан ондай сәтте «Ұлттық қордан» қаржы ала бастауы ықтимал. Бұл бір жағынан экономикалық қауіпсіздік үшін жасалған әрекет. Осы арқылы мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін тоқтатпайды. Бұл туралы президент Шымкентке барған сапарында да айтты.
Трамп осылайша үш айда әлемді астан-кестен етуде. Тарифтік тартыста АҚШ-та, Қытай да тартынбайтын сыңай танытуда. USAID-тың жұмысын о баста 90 күнге тоқтатқан Трамп ақыры оның бағдарламаларының 90 пайызын тоқтатты. Енді 90 күнге тоқтаған тарифтік тартыс, 90 күннен кейін жалғаса ма? Сіз не ойлайсыз?
https://t.me/paranoiakz телеграм арнасынан