Қазақстан үшін бюджеттік кризистің ауылы жақындап қалды

Уақыты: 2024-09-07 Көрлімі: 128 Сипаттама

2024 жылдың басынан бері еліміз шоғырланған бюджет шығыстарының кемінде 25 пайызын қа...


IMG_4342.jpeg


      2024 жылдың басынан бері еліміз шоғырланған бюджет шығыстарының кемінде 25 пайызын қарызды қайтаруға жұмсап келеді. Бұрын әлеуметтік төлемдер бюджеті деп саналсақ, енді біз кредит қайтару бюджетіне айналдық. Бұл қамыттан құтылып кету өте қиын шаруа болып тұр.

Мысалы сіз ай сайын 400 мың теңге тауып, оның 100 мың теңгесін кредит қайтаруға жұмсап отырсаңыз, жағдайыңыз жақсы деп айтуға келе ме? Әрине жоқ. Бірақ келесі жылдан бастап, сіз 400 мың теңге табыстың 150 мың теңгесін кредитке бере бастайсыз. Жағдайыңыз одан да нашарлайды. Қазақстан дәл қазір тура осы жағдайда отыр.

Көтеріңкі көңіл күймен күнделікті тіршілікте жүрген жұртшылық шымылдықтың ар жағындағы көп процестерден хабарсыз. Мүмкін ол жақсы да шығар. Ал нақты цифрларды көріп отырған сарапшылар Қазақстанға бір үлкен қауіптің жақындап келе жатқанын сезіп отыр. 2018 жылдан бастап біз өз тапқанымыздан көбірек жеуге әбден үйреніп алдық. Рекордтық бюджеттік дефицит, Ұлттық Қордан алынған сомалар рекорды жыл сайын жаңаруда. Және оның шегі көрінбейді. 

    Бұл бізді түптің түбінде Грецияда болғандай ауыр бюджеттік кризиске ұрындыруы мүмкін. Ондай кризис келсе,  ешқандай зейнетақы, жалақы, шәкіртақы не мүлде төленбейді, не қатты қысқаратын болады. Гиперинфляция басталып, теңге толық құнсызданады. Бұл халықтың көшеге шығуына алып келетіні сөзсіз.

Біз неге көп құртамыз?

2023 жылы мемлекеттік бюджеттің шығысы 28 триллион теңге болды. Ол 2022 жылмен салыстырғанда 24 пайызға өсті. Шығынның бір жылда 24 пайызға өсуі масқара жағдай. Ол қалайша орын алды? Осы 28 триллион теңгенің 40 пайызы білім беру мен әлеуметтік көмекке жұмсалады. Яғни бюджет толық социалды болды. Бір жылдың ішінде бюджеттің барлық салалары бойынша шығындар: білім беру, әлеуметтік көмек, коммуналды шаруашылық, денсаулық сақтау, қарыз қайтару, тб бәрі өсті. Бұл бір инерциямен келе жатқан дүние. Мемлекет шығынның өсуін тоқтата алмайды. Себебі, үкімет мемлекеттік шығындардың өсуі есебінен экономиканы да өсіріп отыр. Бірақ үкіметтің үлкен проблемасы – шығынның өсу қарқынының кірістің өсу қарқынынан жоғары болуында. 

Мысалы, 2023 жылы бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 пайызға өсті. Ал шығыс 24,3 пайызға өскен. Сонда арада 1,2% жағымсыз айырмашылық бар. Идеалды тұрғыда, кіріс 23,1 пайызға өскен жағдайда шығыстың өсуі 20 пайыздан аспауы керек еді. Сонда біз дефицитті ақырындап қысқарта берер едік. Бірақ, өкінішке орай.

Көрпе және көсілу

Биыл Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай орын алды. Тұңғыш рет Президент жолдауында бюджет проблемасы туралы ашық айтылды. Жағдайдың жолдауға дейін жеткені, бұл проблеманың ауыр болып тұрғанын аңғартады. «Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу» - деді, Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бірақ бір қызығы үкіметке қандай премьер келсе де, қандай ұлттық экономика министрі болса да, бәрін бір система жұтып қоятын сияқты. Кім келсе де, бюджет дефициті қысқарудың орнына ұлғайып барады және Ұлттық қордан алынатын трансферттер де, қарыз алу көлемі де көбейіп келеді. 

2020 жылы - пандемия кезінде экономиканы тұралатпау үшін Ұлттық қордан 4,7 триллион теңге алынған болатын. Сол кезде ұлттық қорды ең көп құртқан премьер Асқар Мамин болып саналған. Бірақ, 2023 жылы Әлихан Смайылов үкімет басқарғанда Ұлттық қордан 5,3 триллион теңге трансферт тартылды. Оған қоса жарты триллион теңгеге Ұлттық қор есебінен Қазмұнайгаз акциялары сатып алынды. Сонда бір жылда Ұлттық қордың 5,8 триллион теңгесі жаратылып кетті.

Биыл да үкімет контрциклді саясатқа ауысқысы келмей отырғанын көреміз. Соңғы 5 жылда тек қана проциклды, яғни аз табыс тапсақ та көбірек құрту, Ұлттық қорды көбірек пайдалану саясатын жалғастырып келеміз. Келесі жылы да осы картина қайталанса, ал ол қайталанады, біз 2030 жылы Ұлттық қор активтерін 100 миллиард долларға жеткіземіз деген ертегіні ұмытуымыз керек. Тіпті 50 миллиард доллар деңгейінде ұстап қалсақ қуанатын жағдайға жетеміз.

2024 жылы біз Ұлттық қордан 3,6 триллион теңге трансферт алуымыз керек еді. Жыл басынан бері 9 ай толмай тұрып, Үкімет осы ақшаның барлығын Ұлттық қордан алып алды. Ал биыл салық жоспары мүлде орындалмай жатыр. Демек Үкіметтің Ұлттық қорға қосымша қол салу ықтималдығы өте жоғары.  

2024 жылғы салық катастрофасы. Енді не болады?

2023 жылы салық аса жиналмай, бюджеттің кіріс бөлігі толмай қиналғанда, Қаржы министрлігі аванс түрінде салық ала бастады. Яғни, кәсіпорындарды «2024 жылы төлеуге жоспарлап отырған салықтарынды қазір төлей беріңдер» деп қысты. Енді биыл мүлде салық жиналмауда. Көбісі биылғы салығын былтыр төлеп тастаған. Сондықтан биылғы алғашқы жартыжылдықта КПН бойынша жоспар 87 пайызға ғана, ал НДС бойынша жоспар тек 72 пайызға орындалды. Ал ортақ салық жоспарын қарайтын болсақ, жоспардың тек 38 пайызы орындалған. Қалған тесікті немен жабамыз?

Шығынды қысқарту қиын шығар. Бірақ өсірмеу мүмкін бе?

2024 жылы бізге ірі еурооблигация бойынша орасан зор қарызды төлеу керек болады. Биыл содан қатты қиналамыз. Біз ішкі нарықта облигациялар арқылы қарызды көп ала беріп, бюджеттің ширегін енді қарыз төлеуге жұмсайтын жағдайға жеттік. Бір кредитін жабу үшін екінші кредит алған адамның қарызы көбейе бастайтын сценарийін дәл қазір еліміз өз басынан кешіп отыр.

Қазақ өз тарихында көп жылаған халық. Енді бюджеттік дисциплинаны тым босаңсытып алғаннын қырсығынан тағы да еңіреп жылайын деп тұр. Бұл кеселді біз өзімізге өзіміз алып келдік. Қазір емдемесек, ертең тым кеш болады.




Авторды қолдап жүріңіздер. Сіздерге жүрек ♥️ және ссылка

https://lmv.kz/c/ia9AOfsg



Айбар Олжай ФБ парақшасынан алынды


Пікір жазу
  • Салық кодексі һәм кәсіпкер мүддесі
    Кері қайту

    Ұқсас тақырыптар