Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы

Уақыты: 2023-02-27 Көрлімі: 1438 Сипаттама

Қостанай өңірінің өзен-көлдері, елді мекендерінің ескі атауларын, көне бейіт-қорымдары...

Снимок.JPG

Қостанай өңірінің өзен-көлдері, елді мекендерінің ескі атауларын, көне бейіт-қорымдарын патша заманында жасалынған карталар, құжаттар негізінде зерделеп жүрген зерттеу жұмыстарының барысында Ресей архивінің мұрағатынан бұрын-соңды зерттеушілердің көзіне түспеген, назарына ілінбеген тарихи жәдігерге жолықтық. Ол – Қостанай қаласының тұңғыш бас планы (жоспары). Бұл жолда Орынбор архивінің сонарынан басталған ізкесу Санкт-Петербург қаласындағы «інге» кезіктірді. «Із кесу» демекші, орыс тіліне шеттен кірген «план» деген сөздің қазақша баламасына «жоспар» деген сөзді қолданып жүрміз. Ал «план «сөзінің түп-төркіні көне латын тіліндегі «планум», «планта» дегеннен шығады. Оның латын тіліндегі көне мағынасының бірі «аяқ ізі» деген ұғымдарды білдіреді екен. Демек, «план сызу» деген сөз қазақтың «із кесу, із салу» деген ұғымымен пара-пар. Орыс тіліндегі план сөзінің «чертеж», «топографическая карта местности», «план действие» деп кете беретін синонимдік мағыналары аталмыш ұғымның өзге тілдегі түрленуі деп пайымдауға болады. Біздің қолымыздағы жәдігер топографиялық картаның мазмұнына жақын. Сондықтан оны «Қостанай қаласының топографиялық картасы» деп атауға толық негіз бар. Бұл карта - патша дәуіріндегі қазақ даласында пайда болған қалалардың тарихына қатысты деректік сипаты мол таптырмас жәдігердің бірі.

Карта Торғай облысы әскери генерал губернаторының 1895 жылдың 25 сәуіріндегі №3767 және 1896 жылдың 30-сәуіріндегі №2883 пәрменімен жасалады (сурет 1).

1 сурет. Картадағы жазба мәліметтер

Тарихи деректер бойынша, аталмыш жылдары Торғай облысының әскери генерал-губернаторының қызметін генерал-майор Я.Ф.Барабаш деген кісі атқарады. Губернатордың пәрменін орындаған - Орман ісі мекемесінің (лесное ведомоство) аға топографы Белоглазов. Көлемі, шамамен, А1 форматындағы екі үлкен бөліктен тұрады. Жасалған нақты мерзімі белгісіз, шамамен 1896-1902 жылдар аралығы деп болжаймыз. Себебі 1902 жылы Торғай генерал-губернаторы Юстиция министрлігінің Межевая канцелариясына Қостанай қаласының жайлымдық және егін шаруашылығы қатысты жерлерді өлшеу үшін жерөлшеуші (землемер) маманды сұратқан өтініші сақталған. Жер өлшеу ісі карта сызбасы дайын болғаннан кейін жүретін әрекет деп санаймыз. Карта қаланы батыстан солтүстікке қарай сұлатып, яғни Тобыл өзенінің арнасы бойынша сызып салған. Себебі оның мақсаты өзеннің сол жақ жағалауына орналасқан қаланың шекарасын белгілеу болған. Қаланың оңтүстік-шығыс беттен табиғи шекарасы – Тобыл өзені. Белоглазов сызған карта 1907 жылдың 30 қарашасында Ішкі істер министрлігі Жерге орналастыру және жер ісі бас басқармасының Сызба бөлімінің тексерісінен өтіп, кейбір ескертулер жазылған. Ол картада қызыл бояумен белгіленген. Бұған қол қойған қызметкер – топограф К.Павловский. Демек, карта 1907 жылға дейінгі аралықта толық сызылып, дайын болған.

Картаның алғы сөзіндегі «специальное межевание со снятием внутреннней ситуации» деген жолға қарай отырып, мұны дайындаудағы басты мақсат қаланың аумағын айқындап, шекарасын бекіту болғандығын байқаймыз. Тарихтан белгілі, қала мен жергілікті Арақарағай болысының, Қостанай жылқы зауыты орналасқан Затобол поселкасы тұрғындары арасында жер үшін дау-дамайлар жиі орын алып тұрды. Сол себептен болар, картаны бекітуге қала тұрғындарымен қатар Арақарағай болысының және Қостанай жылқы зауытының өкілдері де шақырылады. Атап айтқанда, Қостанай қаласының депутаттары мещанин (қалалық тұрғын деген мағына береді - авт.) Гаврило Козлов пен Иван Сариков, Қостанай уезі Арақарағай болысының депутаттары Тұрғымбай Томабаев (сауатсыз болғандықтан таңбасын соғады) пен Осман (Оспан) Алтынсарин, Қостанай жылқы зауытынан депутаттар Никандр Сталбов пен аға ветеринар С. Каробовтар картаның дұрыстығын растап, қол қояды. Бұл іске куәгер ретінде Петр Алферьев, Никодим Петин және Павел Черногоров сынды бөгде, тәуелсіз кісілер шақырылып, олар сауатсыз болғандықтан қолды аталмыш кісілердің атынан мещанин Федор Таньев қол қояды (сурет 2).

2 сурет. Карта кескіндемесінің дұрыстығына келісім беріп, қол қойған кісілер туралы ақпарат.

Аталмыш ақпараттан қазақ жұрты бірден шырамытатын кісі – Оспан Алтынсарин. Ол - атақты ағартушы Ыбырай Алтынсаринның бір анадан туған бауыры. Ә.Балғымбаевтың бұл күнге дейін әлі толық жарияланбаған естелігінде Оспан туралы мынадай дерек бар: «Алтынсары қайтқаннан кейін оның әйелін қазақтың салты бойынша ағайыны Қошан (мұрагерлікпен) алып, одан Оспан туады. Оспан - Ыбыраймен бір анадан туатын Алтынсарының екінші баласы». Демек, Балғожа әулеті Оспанның туған әкесі Қошан болса да, оны мезгілсіз қаза болған Алтынсарының баласы деп есептеген. Сондықтан оның тегіне «Алтынсарин» деген тек таңба белгіленген.

Картада қала көшелерінің орналасуы, әкімшілік және діни мінажат ғимараттары, зауыт, өндіріс орындары, бейіт-қорымдар, сай-сала, көлдер белгіленген. Қаланың орталық бөлігінде екі шіркеу ғимараты, ал өзен жағалауындағы биік қабақта әскери казарма мен түрме орналасқаны байқалады. Тарихшылардың жазуы бойынша, қалаға қоныс аударушылардың алғашқы легінің жеркепе соғып орналасқан жері Тобыл өзенінің биік жағалауы, қазіргі орталық көшенің (Әл-Фараби) өзенге тірелетін аймағы еді. Осы көшеден Тобыл өзенінің үстіне салынған көпір бар. Одан Затобол поселкасына және Торғайға кететін жолдар шығады. Жәрмеңке өтетін орын да, жеміс ағаштарының бағы да өзеннің арғы бетінде. Қала түрмесі, әскери казарма да сол аймаққа жақын орналасқан (біздің қосымша соққан белгілеріміз қызыл жұлдызша, крест, айшық және жебе сызықпен берілген). Оның қазіргі орны бұрынғы Қостанай аяқ киім фабрикасының маңы.

Қаланың нақ оралығындағы алаңда орналасқан шіркеу ғимаратының белгісі – 1898 жылы салынған әулие Никольский соборы кеңес үкіметінің 30–жылдарындағы ойраны кезінде талқандалған. Оның орны, өлкетанушылардың айтуынша, қалалық орталық саябақ ішіндегі кинотеатр маңы. Екінші шіркеу ғимаратының белгісі қаланың солтүстік қанаты жағында. Ол бүгінгі таңдағы Назарбаев көшесіндегі жұмыс жасап тұрған шіркеу немесе ертеректе қазіргі Орталық базардың маңында болып, кейңн бұзылып кеткен-мыс шіркеу ғимараты (сурет 3).

3 сурет. Қаланың орталық бөлігінің кескіндемесі.

Картада ағайынды Яушевтер мұрындық болып салынған мұсылмандар мешітінің орналасқан орны белгіленбеген. Себебі карта дайындалған кезеңде мұсылман мешітінің ғиамараты әлі салынбаған еді. Оны салуға рұқсат алу мүмкіншілігі патшаның 1905 жылғы 17 қазанда жариялаған манифестінен кейін ғана пайда болады (Қараңыз: Мұрағат қоржыны: дерек пен пайым // https://abai.kz/post/117977 ).

Картадан өндіріс ошақтарының дені көпшілігі оңтүстік қанаттағы Әбіл-сай (картада «Абемь-сай» деп берілген - авт.) мен солтүстік қанаттағы Ордабай-сайдың арғы бетіне орналасқанын байқаймыз. Қаланың алғашқы табиғи шекарасы, о баста, Торғай облысының генреал-губернаторы А.П.Константиновичтің белгілеуі бойынша, аталмыш екі сайдың арасы деп айқындалған болатын. Кейін қала біртіндеп кеңейіп, одан асып кетеді. Сай сыртына алдымен сауда орындары көшіріледі, кейін ол жақта  өндіріс орындары ашылады.

Әбіл-сайдан кейінгі бетке Татар слабодкасы, мұсылмандар бейіті, сауда үйшіктері, кірпіш зауыты, оқ-дәрі және көпес Стахаевтың керосин сақтау қоймасы орналасқан (сурет 4). Татар слабодкасының Әбіл-сайдың арғы бетіне орналасуының тарихи негіздері бар. 1905 жылғы «17 қазан» манифестіне дейін қалада тек православие дінін тұтынушылар және патшаның ерекше жарлығымен рұқсат етілген көпестер, мемлекет қызметкерлері ғана тұрақты тұруға құқығы бар болатын. Татар жұртының бірыңғай қала сыртына орналасуының және сол маңда қазақ жұрты қоныс тепкен көшенің «Казахская улица» деп аталуының сыры осында жатыр.

4 сурет. Қаланың Әбіл-сайдан кейінгі бөлігінің кескіндемесі.

Солтүстіктегі Ордабай-сайдың қала бетіне атақты шверцариялық көпес Лорецтің сыра зауыты орналасып, арғы бетіне қасапхана, Ивер әйелдер монастыры, тері өңдеу зауыты орналасады. Қостанайдан Үй өзенінің Тобылға құяр сағасындағы Усть-Уй станциясына баратын (қазіргі Введенка трассасы) жолы да осы жерді жағалап өтеді (сурет 5).

5 сурет. Қаланың Ордабай-сайдан кейінгі бөлігінің кескіндемесі.

Осы арада астын сызып айта кететін бір мәселе бар. Қаланың солтүстігіндегі Ордабай-сай атауы қала тұрғындарының жадынан ұмытылып кеткен. Карта сол  ұмытылған топонимиканы жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жалпы, Қостанай қаласының алғашқы орнын геодезист инженерлер әуелден «Ордабай» (Урочище Урдабай) деген жерден белгілейді. Бірақ бұл жер Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А.П.Константиновичке ұнамай, ол Ордабайдан өзен ағысының төменгі жағындағы 7 верст жердегі қазіргі қала орнын таңдайды. Қала алғашқыда қысқа уақыт «Ордабай» (Урдабай) деп те аталады. Мұны Ы.Алтынсаринның жазбаларынан көре аламыз. Айталық, оның 1880 жылдың 14 ақпанында В.В.Катаринскийге жолдаған хатында Торғайдан Троицкіге немесе жаңа қала Ордабайға қоныс аударғысы келетінін жазады. Сонымен қатар ол 1881 жылдың 5 сәуірінде Н. Ильминскийге Торғай облысындағы төрт орталық мектептің бірі Ордабайда (әңгіме төркіні Троицкіден жаңа уезд орталығы Қостанайға көшіріліп әкелінетін мектеп жайында болған) болуы тиіс деп көрсетеді.

Көп ұзамай қаланың аты әуелі Николаевск, одан соң Новониколаевск деп атап, 1895 жылдан бастап «Қостанай» деп өзгереді. Ал Николаевск атауы «әуелгі Ордабайға» ауыстырылып, ол жерде поселок пайда болады. Картада Николаевск поселкасы мен Қостанай қаласын өзен бойымен жағалап жалғастыратын жол көрсетілген (сурет 6).

6 сурет. Қостанай мен Николаевск поселкасы арасындағы Тобылды жағалап жүретін жол

Патша тақтан түскен кезде оның атын иемденген атау да өзгеріледі. Ол елді мекен кеңес дәуірінен бізге «Красный партизан», одан соң «Амангелді» деген атаумен жетті. Тобыл өзенінің ағысымен қарағанда қаланың жоғары жағында, яғни батыста орналасқан Ордабай мекені мен өзеннің төменгі ағасында, яғни қаланың солтүстігінде орналасқан Ордабай-сай бір кісінің есімі ме, әлде екеуі екі кісі ме, ол жағы белгісіз. Біздіңше, қаланың тарихында орны бар «Ордабай-сайды» есте сақтау үшін, оны сол сайдың маңайынан идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларының біріне (мысалы, Рабочий көше) берген тарихи тұрғыдан дұрыс болар еді. Бұған қалалық ономастикалық комиссияның жұмыстық тәжірибесі бар. Көп жылдар сіресіп тұрған «Казахская» көшесін атақты Әбіл-сайға өзгерткені белгілі. Сол тәжірибені «Ордабай-сайға» қолдануға болады. Ал қаланың аумағына еніп кеткен «Амангелдіні» Ордабай шағын ауданы деп атаса, дұрыс болар еді. «Бір оқпен екі қоян атып алу» деген осы болады.

Картада Троицк қаласы мен Қостанайды жалғастырған ескі және жаңа пошта жолы, қала маңындағы көлдер және олардың табиғи жағдайы (сулы немесе құрғақ) аталып, ескі қорғандар орны белгіленген. Біз картадан екі ескі қорғанның орны белгіленгенін байқадық. Қала маңындағы көлдер атауларының қазақшасы қызықты. Мысалы, Майқұмыр көл, Қарақасқа көл, Астау көл (Черненков) деген атаулар бар. «Астау көлдің» орналасу пошымы ұзынша кәдімгі астауға ұқсайды. Бұл мысалдар қазақ жұрты жер-су атауларына оның географиялық ерекшеліктерін ескеріп, тұрмысқа тұтыну, мал, егін шарушылығына пайдалану қолайлығына қатысты атау қоятынын тағы бір анық аңғартады (сурет 7).

7 сурет. Қала маңындағы қазақша аталатын көлдер.

Із сызбада Тобыл өзенінің қала тұсындағы арнасы сурет түрінде керемет бейнеленген. Онда өзеннің қойын-қолтығы, бұрылыс-бұраңы, жағалау бойының кескіндемесі, өзен арнасы мен биік жар қабақтың арақашықтағы белгіленген. Мұны қазіргі Тобыл өзенінің арнасымен салыстырғанда, көптеген өзгерістер болғанын анық аңғаруға болады. Мысалы, бүгінгі таңдағы Гашек көшесінің бойындағы жағалаудағы «КЖБИ шұңқыры» деп аталатын тұйық қолтық кезінде өзен арнасымен жалғасып жатқан бастауы кең, соңы сопақша үйрек мойын боп кеткен бүйір қарын екендігі байқалады (сурет 8).

8 сурет. КЖБИ шұңқыры  және оның маңайы.

Топограф Белоглазовтың өнер туындысынан кем емес еңбегі түрлі бюрократтық саралаудан өтіп, жер өлшеуші Гааз деген есімді маман кісінің 72 беттен тұратын сипаттамасымен бірге 1912 жылы Басқарушы Сенаттың (Правительствующий Сенат) қарауына жетеді. Онда Сенаттың жер өлшеу және картографиямен айналысатын «Межевая канцеляриясы» құжатты арнайы қарап, оған 16 түрлі ескерту жасап, картаны бекітуге жібермей, кері қайтарады. Кері қайтарудың барлық себептерін тізіп көрсетпей-ақ, алғашқы үш себебін ғана атап кеткіміз келеді:

1. Құжат Жер ісі мен мемлекеттік мүлік бас басқармасы мен Ішкі істер министрлігі арасында Қостанай қаласына тиісті жайлымдық және егіндік жердің (выгонные земли) жалпы көлемі туралы келісім жоқ;

2. Саяжай (қандай саяжай екендігін анықтау мүмкін болмады-авт.) Қостанай әйелдері Ивер қауымдастығының жеріне орналасқандықтан жер өлшеуші маман Гааз дін істері мекемесінің өкілінің келісімен алуы керек еді;

3. Қала территориясына орналасқан Қостанай ауыл-шаруашылығы мектебінің жері Орынбор оқу округіне тиісті болғандықтан, сол мекеменің өкілі келісім беруі қажет, ал мұнда тек мектеп меңгерушісінің келісімі ғана бар...

Осылайша, аталмыш құжат Басқарушы Сенаттың есігінен кейін қайтады. Оның бұдан кейінгі тағдыры белгісіз. Көп ұзамай І дүниежүзілік соғыс басталып, Ресей империясының күйі кетіп, құйын соғып, шаңырағы шайқала бастайды. Оның ақыры алып империяның ыдырауына ұласады. Құжаттың соңғы тағдыры сол ұйытқыған құйынның ішіне жұтылып кетсе керек...

Сөз соңында айтарымыз: аталмыш жәдігерді көнеден жеткен тарихи мұра ретінде біздер оны Қостанай облыстық өлкетану музейіне экспонат ретінде табыстадық. 2023 жылдың 1 наурыз күні сағат 15.00-де музей залында картаны қала жұртшылығына салтанатты түрде таныстыру рәсімі өтеді. Қаланың тарихы бей-жай қалдырмайтын тұрғындарды аталмыш  тарихи жәдігерді көріп, тамашалауға шақырамыз. Мархаббат!

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • «Қазақ тарихынан» қалай жазылды?
    Кері қайту

    Ұқсас тақырыптар