Қазақстан-Ресей: шекарада дау туғызған қада мен қоршау. Жұрт наразылығына не себеп?

Уақыты: 2021-04-19 Көрлімі: 2926 Сипаттама

Қазақстан-Ресей: шекарада дау туғызған қада мен қоршау. Жұрт наразылығына не себеп?
...

Құрманғазы ауданы Атырау облысының батысында орналасқан аудан. Ауданның аумағы 20,8 мың км жерді алып жатыр. Ауданда шамамен 58 мыңдай адам тұрады. Олардың басым көпшілігі  Каспий теңізінің жағалауында орналасқан.  Көптоғай – осы ауданның әкімшілік-аумақтық бөлінісі ретінде орналасқан ауыл. Халқының саны 1,5 мың адам.  Осы аталған ауыл Ресеймен шектесіп жатыр.

Қиғаш өзенінің бойына орналасқан екі елді бөліп тұратын шекаралық белгіге байланысты бүгінде дау туып, көптоғайлықтар наразылық танытуда. Қазақстан мен Ресейді бөліп тұрған 1995-1996 жылдары қойылған шекаралық белгіні Қазақстан шекарашылары Қазақстан жағына қарай ығыстырған. Жергілікті тұрғындар осыған наразы болып, дау тууына себепші болған. Яғни бұрынғы шекаралық белгі бұрын Қиғаш өзенінің арғы жағалауында болса, 14 сәуірден бастап белгісіз себептермен шекаралық белгі өзеннің Қазақстан жағына қарай  ығыстырылып, қадалар қағыла бастаған. Ал бұл жерде Көптоғай ауылының тұрғындары сонау совет заманынан бастап, малын жайып, егін салғандарын айтады.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің мәліметі бойынша әңгіме 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісіміне» байланысты туындаған. «Демаркация бір жылда бітпейтін ұзақ мерзімді процесс, қазіргі таңда ол жұмыстар аяқталған жоқ. Өткен жылы Қазақстан Мен Ресейден құралған жұмыс тобы 1995-1996 жылы уақытша тұрғызылған шекаралық қоршаудың Ресей федерациясына тиесілі территорияда орналасқанын анықтаған», -деді арнайы өкіл.

Қада қағылып, қоршауға алынған жердің ұзындығы шамамен 1500 метр, тереңдігі 10-70 метр аралығында. 2005 жылғы 18 қаңтардағы екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қоршау өз орнында орнатылуы үшін, оны Қазақстан жағына қарай ығыстыру қажет болған. Қазақстандық шекарашылар күні бүгінге дейін осы мәселемен айналысып келген. Алайда таңертең тұра сала осындай түсініксіз жұмыстарды көрген ауыл тұрғындары жағдайды басқаша қабылдағаны көрініп тұр. Ол түсінікті де, өйткені халық бұл келісімнен хабарсыз, ешқандай түсінік жұмыстары жүргізілмеген.

Соңғы  мәліметтерге сүйенсек, 19 сәуірден бастап Көптоғай ауылындағы учаскеде қоршауды ығыстыру жұмыстары жағдай реттелгенге дейін уақытша тоқтатылған.  Сонымен қатар осы ауылға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков бастаған комиссия бармақшы.

Ескендір Әкежан

 

www.menbir.kz сайтынан алынды

Пікір жазу
  • СҚО-ның Қызылжар ауданында оңтүстіктен көшіп келгендерге 39 үй салынды
    Сарасөз. Ербол Алшынбай