Қытай Халық Республикасының Шекарадан шығу және кіруді басқару туралы ережесі

Уақыты: 2026-08-14 Көрлімі: 163 Сипаттама

2026 жылғы 29 маусымда Мемлекеттік Кеңестің 90-шы отырысында қабылданды, 2026 жылғы 15 қыркүйе...

IMG_1381.png

2026 жылғы 29 маусымда Мемлекеттік Кеңестің 90-шы отырысында қабылданды, 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді.


2026 жылғы 31 шілдеде жарияланды.


---


1-бап. Осы Ереже шекарадан шығу және кіру басқаруды реттеу, шекарадан шығушы және кіруші адамдардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздікті және даму мүдделерін қорғау мақсатында «Қытай Халық Республикасының Шекарадан шығу және кіру басқару туралы заңы» және өзге де заңдарға сәйкес әзірленді.


2-бап. Мемлекет Қытай азаматтарының шетелге шығу кезіндегі қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін құрады және жетілдіреді.


Мемлекеттік Кеңестің сыртқы істер, мәдениет және туризм саласындағы уәкілетті органдары, сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер тиісті елдер мен аймақтардағы соғыс немесе қарулы қақтығыс, қоғамдық тәртіп, табиғи апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар эпидемиялары сияқты қауіпсіздік жағдайына қарай шетелдік қауіпсіздік ескертулері мен туристік бағыттар бойынша қауіпсіздік тәуекелдері туралы ақпаратты уақтылы жариялап отырады.


Қытай азаматтары шетелдік қауіпсіздік ескертулері мен туристік бағыттар бойынша қауіпсіздік тәуекелдері туралы ақпаратты назарға алып, жоғары тәуекелді елдерге немесе аймақтарға бармауға және онда тұрмауға тиіс.


Көші-қон басқармасы Қытай азаматтарының шекарадан шығу және кіру құжаттарына өтінімдерін қабылдау және шекаралық бақылауды жүзеге асыру кезінде Мемлекеттік Кеңестің тиісті органдарының хабарламасына сәйкес жоғары тәуекелді елдерге немесе аймақтарға барғысы келетін Қытай азаматтарына сақ болу, абай болу, қауіпсіздік шараларын күшейту туралы ескертуі тиіс. Егер бару жоспарланған ел немесе аймақтың тәуекел деңгейі ең жоғары немесе онда адам өміріне қауіп төндіретін қылмыстар жиі орын алса, қажет жағдайда оларды барудан бас тартуға кеңес беруі керек.


3-бап. Шекарадан шығу, кіру, тұру және тұрақтау туралы өтініштердің негізі шынайы және заңды болуға тиіс.


Көші-қон басқармасы және виза беру органдары шекарадан шығушы немесе кіруші адамның жеке басын, өтініш негізін растау кезінде тиісті сұрақтар қоюға, одан тиісті құжаттарды, материалдарды, электронды деректерді және басқа да ақпаратты ұсынуды талап етуге құқылы, ал шекарадан шығушы немесе кіруші адам бұл талаптарды орындауға міндетті.


Шекарадан шығушы немесе кіруші адамға шақыру хаттарын немесе басқа да құжаттарды беретін ұйымдар немесе жеке тұлғалар шақыру мазмұнының және расталатын мәліметтердің шынайылығына жауап береді және көші-қон басқармасы мен виза беру органдарының тиісті ақпаратты тексеруіне жәрдемдесуге міндетті.


Егер шекарадан шығушы немесе кіруші адам жалған материалдар ұсынса немесе жалған мәлімдеме жасаса, көші-қон басқармасы немесе виза беру органы шекарадан шығу немесе кіру құжатын беруден бас тартуға немесе оны шекарадан шығаруға немесе кіргізуге болмайды деп шешуге құқылы.


4-бап. Егер Қытай азаматы шекарадан шығу немесе кіру құжаттарын алуда алдау арқылы немесе заңсыз шекарадан шыққаны немесе кіргені үшін әкімшілік қамаққа алынса, көші-қон басқармасы құқық бұзушылық сипатына және құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттілігіне қарай жазаны орындау аяқталған күннен бастап 6 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге оны шекарадан шығаруға болмайды деп шеше алады.


Егер Қытай азаматы шетелде қылмыстық әрекеттер жасап, мемлекеттің қауіпсіздігі мен мүдделеріне зиян келтірсе, Мемлекеттік Кеңестің тиісті органы немесе шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер растағаннан кейін оның Қытайдағы тұрғылықты жері бойынша провинциялық халық үкіметі оны Қытайға қайтып оралған күннен бастап 6 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге шекарадан шығаруға болмайды деп шеше алады.


Егер Қытай азаматы экспортты бақылау, технологияларды трансферттеуді басқару және өзге де ережелерді бұзып, мемлекеттің өнеркәсіптік және технологиялық қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін болса, Мемлекеттік Кеңестің сауда және басқа да тиісті органдары оны шекарадан шығаруға болмайды деп шеше алады.


5-бап. Егер шетелдік азамат Қытай визасын алу үшін шетелде өтініш бергенде немесе шекарада кіруге өтініш бергенде жалған материалдар ұсынса немесе жалған мәлімдеме жасаса, көші-қон басқармасы немесе виза беру органы оны 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге Қытайға кіргізуге болмайды деп шеше алады.


Егер шетелдік азамат мемлекеттік шекараны күзету тәртібіне қарсы қылмыстық жауапкершілікке тартылса немесе шекарадан шығу-кіру құжаттарын алуда алдау немесе заңсыз шекарадан шығу-кіру үшін әкімшілік жазаға тартылса, көші-қон басқармасы құқық бұзушылық сипатына және құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттілігіне қарай жазаны орындау аяқталған күннен бастап 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге оны Қытайға кіргізуге болмайды деп шеше алады. Егер заңда өзгеше ережелер көзделсе, сол ережелер қолданылады.


Егер шетелдік азамат кері әрекет ету тізбесіне, сенімсіз субъектілер тізіміне, зиянды субъектілер тізіміне енгізілген болса немесе оған қатысты кері әрекет ету және шектеу шаралары қолданылса, тиісінше виза беруден бас тарту немесе кіргізбеу шараларын қолдану қажет болса, бұл шараларды көші-қон басқармасы мен виза беру органдары өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.


6-бап. Шекарадан шығаруға болмайды деген шешім шығарған орган бұл туралы уақтылы көші-қон басқармасына хабарлауға және шешім қабылданған адамға оның шекарадан шығарылмауының себептері, негіздері және шағымдану тәртібі туралы жазбаша түрде мәлімдеуге міндетті; егер бұл мемлекеттік қауіпсіздікке немесе қылмыстық істі тергеуге кедергі келтіруі мүмкін болса, онда адамға хабарламауға болады.


Көші-қон басқармасы шекарадан шығаруға болмайды деген шешімді орындаған кезде шешім шығарған органның хабарламасына сәйкес адамға тиісті мәліметтерді хабарлайды.


7-бап. Мемлекет шекарадан шығушы және кіруші адамдардың тапсырмасы бойынша шекарадан шығу-кіру саясатына кеңес беру, құжаттарды ресімдеуге көмектесу, рәсімдерді жүргізу сияқты делдалдық қызметтермен айналысатын ұйымдар мен тұлғаларға есепке алу (тіркеу) жүйесін енгізеді.


Шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдар құрылған күннен бастап 15 күн ішінде тұрған жеріндегі көші-қон басқармасына тіркелуге міндетті. Шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін жеке тұлғаларды өздері жұмыс істейтін ұйым тіркеуге міндетті. Осы Ереже күшіне енгенге дейін шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерімен айналысқан ұйымдар мен тұлғалар Ереже күшіне енген күннен бастап 90 күн ішінде тіркелуге міндетті.


Шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдар мен тұлғаларды тіркеудің нақты тәртібін Мемлекеттік көші-қон басқармасы Қытайдың мемлекеттік нарықтық бақылау және басқа да тиісті органдарымен бірлесіп әзірлейді.


8-бап. Шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдар мынадай талаптарға сай болуға тиіс:


(1) заңды түрде құрылған болуы;


(2) ұйымның басшысы немесе өкілі қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жазаға тартылмаған болуы;


(3) шекарадан шығу-кіру саласындағы заңдар мен ережелер бойынша білікті мамандары және делдалдық қызметке сәйкес қаржылық және материалдық-техникалық базасы болуы;


(4) шекарадан шығушы немесе кіруші адамдарға тікелей қызмет көрсететін қызметкерлер мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық қауіпсіздікке немесе мемлекеттік шекараны күзету тәртібіне қарсы қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жазаға тартылмаған болуы;


(5) персоналды басқару, оқыту, материалдарды сақтау, деректер қауіпсіздігі, сәйкестікті басқару сияқты салаларды қамтитын тиісті басқару жүйесі болуы.


Шетелге шығу бойынша делдалдық қызмет көрсететін ұйымдардың шетелдегі тиісті сервистік ұйымдармен ынтымақтастық қатынасы немесе күші бар ынтымақтастық ниет хаттары болуға тиіс.


Шетелдік кәсіпорындар мен ұйымдар Қытай аумағында шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсетуге құқылы емес.


9-бап. Көші-қон басқармасы тиісті деңгейдегі сыртқы істер, білім беру, әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сауда, мәдениет және туризм, нарықтық бақылау және басқа да тиісті органдармен бірлесіп бақылау жүйесін құруы және жетілдіруі, әрқайсысы өз құзыреті шегінде шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдардың талаптарға сәйкестігін және олардың қызметін бақылауды күшейтуі, заңға сәйкес құқық бұзушылықтар мен теріс жазбалар туралы ақпаратты жариялап отыруы тиіс.


Тиісті органдар мен олардың қызметкерлері өз міндеттерін орындау барысында қолы жеткен мемлекеттік құпияларды, қызметтік құпияларды, коммерциялық құпияларды, жеке өмір құпиясын және жеке деректерді заңға сәйкес қорғауға міндетті.


10-бап. Шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдарға мынадай әрекеттерге жол берілмейді:


(1) жалған ақпарат тарату немесе асыра сілтеу, адастырушы жарнама арқылы клиенттер тарту;


(2) жалған материалдар ұсыну немесе ұсынуға көмектесу, басқа адамдарға виза, тұру-тұрақтау құжаттары, паспорт және басқа да шекарадан шығу-кіру құжаттарын немесе рәсімдерін заңсыз алуға көмектесу;


(3) делдалдық қызмет барысында қолы жеткен коммерциялық құпияларды, жеке өмір құпиясын немесе жеке деректерді жария ету, сату немесе заңсыз беру;


(4) тіркеу шегінен тыс шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсету;


(5) басқа адамдардың трансшекаралық заңсыз әрекеттерін ұйымдастыру немесе оларға көмектесу;


(6) мемлекеттік қауіпсіздікке, мүдделерге зиян келтіретін немесе шекарадан шығу-кіру басқару тәртібін бұзатын өзге де әрекеттер.


Мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер және басқа да арнайы топтар шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйымдарға шетел азаматтығын, шетелде тұрақты тұру құқығын, шетелде тұру құжаттарын немесе басқа да шекарадан шығу-кіру құжаттары мен рәсімдерін заңсыз алуды тапсырса, делдалдық ұйым мұны орындауға құқылы емес және бұл туралы тиісті бақылау органдарына дереу хабарлауға міндетті.


11-бап. Жалған материалдар ұсыну, жалған мәлімдеме жасау арқылы виза, тұру-тұрақтау құжаттары, паспорт және басқа да шекарадан шығу-кіру құжаттарын алуға алдау әрекеттері жасалса, көші-қон басқармасы «Қытай Халық Республикасының Шекарадан шығу және кіру басқару туралы заңы» және «Қытай Халық Республикасының Паспорт туралы заңы» бойынша жаза қолданады.


Егер жеке тұлға басқа адамның шекарадан шығу-кіру, тұру-тұрақтау туралы өтініші үшін жалған шақыру хатын немесе басқа да материалдарды ұсынса, көші-қон басқармасы оған 5000-нан 10000 юанға дейін айыппұл салады; егер заңсыз табыс алған болса, ол тәркіленеді. Егер бұл әрекетті ұйым жасаса, оған 10000-нан 50000 юанға дейін айыппұл салынады; заңсыз табыс тәркіленеді; тікелей жауапты басшылар мен басқа да жауапты тұлғаларға 5000-нан 10000 юанға дейін айыппұл салынады. Егер заңда өзгеше ережелер көзделсе, сол ережелер қолданылады.


12-бап. Егер шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйым осы Ереженің 7- және 8-баптарын бұзса, көші-қон басқармасы оған белгіленген мерзімде бұзушылықты жоюды талап етеді; егер орындамаса, 5000-нан 10000 юанға дейін айыппұл салынады және тиісті органдарға оның қызметін тоқтату немесе жабу туралы ұсыныс жіберіледі; егер жағдай ауыр болса, 10000-нан 50000 юанға дейін айыппұл салынады және тиісті органдарға оның лицензиясын немесе тіркеу куәлігін алып тастау туралы ұсыныс жіберіледі.


Егер жеке тұлға осы Ережені бұзып, шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсетсе, көші-қон басқармасы оған заңсыз әрекетті тоқтатуды талап етеді; заңсыз табыс тәркіленеді; егер жағдай ауыр болса, оған қосымша 5000 юанға дейін айыппұл салынуы мүмкін.


13-бап. Егер шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін көрсететін ұйым осы Ереженің 10-бабын бұзып, шекарадан шығу-кіру басқару тәртібін бұзса, көші-қон басқармасы оған белгіленген мерзімде бұзушылықты жоюды талап етеді; заңсыз табыс тәркіленеді; егер заңсыз табыс 20000 юаннан асса, оған қосымша заңсыз табыстың 1 еселенгенінен 5 еселенгеніне дейін айыппұл салынады; егер заңсыз табыс болмаса немесе 20000 юаннан аз болса, оған 20000-нан 50000 юанға дейін айыппұл салынады; егер ол бұзушылықты жоймаса немесе жағдай ауыр болса, тиісті органдарға оның қызметін тоқтату, жабу, лицензиясын немесе тіркеу куәлігін алып тастау туралы ұсыныс жіберіледі; тікелей жауапты басшылар мен басқа да жауапты тұлғаларға 10000-нан 50000 юанға дейін айыппұл салынады. Егер заңда өзгеше ережелер көзделсе, сол ережелер қолданылады.


14-бап. Осы Ереже бойынша 5000 юаннан астам айыппұл салу немесе заңсыз табысты тәркілеу туралы әкімшілік жазаны аудандық деңгейдегі жергілікті халық үкіметінің қоғамдық қауіпсіздік органдарының шетелдіктерді тіркеу бөлімшелері шығарса, бұл жазаны сол халық үкіметі бекітеді.


15-бап. Мемлекеттік Кеңестің тиісті органдары шекарадан шығушы және кіруші адамдардың құқықтарын қорғау, Қытай азаматтарының шетелге шығу кезіндегі қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алу, шекарадан шығу-кіру делдалдық қызметтерін басқару салаларында өзара ынтымақтастықты күшейтуге тиіс.


16-бап. Көші-қон басқармасы шекарадан шығу-кіру тәртібін бұзу туралы шағымдарды қабылдаудың арналарын ашық ұстауға және заңға сәйкес шағымдарды уақтылы қарауға міндетті. Егер шағым өз құзыретіне жатпаса, оны тиісті органға заңды түрде жіберуге міндетті.


17-бап. Осы Ережені бұзу қылмыс құраса, заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


18-бап. Осы Ережедегі «көші-қон басқармасы» деген ұғым Мемлекеттік көші-қон басқармасын, шекаралық бақылау органдарын және аудандық деңгейдегі жергілікті халық үкіметінің қоғамдық қауіпсіздік органдарының шетелдіктерді тіркеу бөлімшелерін білдіреді.


Осы Ережедегі «виза беру органдары» деген ұғым шетелдегі виза беру органдарын және шекарадағы виза беру пункттерін білдіреді.


19-бап. Осы Ереже 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді.



Жебеу ақпараттық парталы түп нұсқадан аударып ұсынды 

Пікір жазу
  • Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады
    Президент Пәкістанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын жолдады

    Ұқсас тақырыптар