Трамптың "Бейбітшілік кеңесі" қандай қызмет атқармақ?

Уақыты: 2026-01-21 Көрлімі: 5 Сипаттама

АҚШ басшысы Дональд Трамп Газадағы қақтығысты тоқтатып, Газаны қалпына келтіру үшін «Б...


АҚШ басшысы Дональд Трамп Газадағы қақтығысты тоқтатып, Газаны қалпына келтіру үшін «Бейбітшілік кеңесін» құруда. Кей сарапшылар аталған ұйым БҰҰ-ға балама болуы мүмкін деп санайды. Сонымен, «Бейбітшілік кеңесі» дегеніміз қандай құрылым? Оған кімдер мүше болмақ? Қызмет ету принципі қандай?

IMG_9703.jpeg

АҚШ басшысы Трамп қаңтардың орта шегінде әлем елдерінің көшбасшыларына «Бейбітшілік кеңесіне» мүше болуға шақырту жіберді. Қазіргі уақытта 56 мемлекеттің басшысына шақырту жіберілген. Шақырту геосаяси бәсекелестігі бар, тіпті тікелей соғыс жағдайындағы мемлекет басшыларына да жіберілген. Мысалы Ресей мен Украина президенттері де осы кеңеске шақыртылған. Ресейдің Украинаға соғысын ашық жақтаған Лукашенко да осы кеңеске шақырту алды. 

 

Зеленский бұл кеңеске шақырту алғанын растады. Алайда әзірге ұйымға қосылатынын немесе шақыртудан бас тартатынын ашық айтпады. Ол: «Біз шақыртуды алдық. Дипломаттар бұл іс бойынша жұмыс істеуде», - дейді. Дегенмен Зеленский Ресеймен қандай да бір құрылымда бірге әрекет еткісі келмейтінін де ашық айтуда. 

 

Орталық Азиядан Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бұл ұйымға шақырту алды. Екі елдің басшысы да шақыртуды қабылдаған. 

 

Әзірге «Бейбітшілік кеңесінің» функцияны нақты белгісіз. Жарғысы мен бас қосу рәсімі де айқындалмаған. CBS News арнасына пікір білдірген АҚШ-тың шенеуніктері, бұл кеңеске мүше болуда нақты талаптардың жоқтығын айтуда. Кеңеске үш жыл мүше болуға болады. Ал мерзімсіз мүше болу үшін 1 млрд доллар жарна құю қарастырылған. Алайда бұл механизм де әзірге нақты емес. Бұл қаржы Газаны қалпына келтіру үшін қолданылады деп күтілуде. 

 

Трамп «Бейбітшілік кеңесі» тек қана Газаның мәселесін емес, жалпы халықаралық аренадағы күрделі мәселелерді реттейді деп сенеді. Reuters басылымының жазуынша, Трамп бұл құрылымның мәңгілік төрағасы болуы ықтимал. Тіпті АҚШ президенті қызметінен кеткен сәтте де ол «Бейбітшілік кеңесіне» басшылық етпек. 

 

Таяу Шығыс бойынша сарапшы Халед Элгиндидің пікірінше, бұл құрылым БҰҰ-ның баламасына айналуы ықтимал. Трамп әкімшілігі соңғы уақытта БҰҰ-ның түрлі құрылымдарына жарна төлеуді тоқтатты, ал кей бағдарламаларға қатысуды азайтуда. 

 

Ақ үй «Бейбітшілік кеңесінде» екі комитеттің болатынын айтты. Біреуі инвестиция мен дипломатия мәселелерімен айналысса, екіншісі Газаны қалпына келтіру мәселелерімен айналысады.  

 

«Құрылтайшы-атқарушы комитетке» жеті адам кіреді деп күтілуде. Төрағасы Трамп болмақ. Сонымен бірге Марко Рубио, Стив Уиткофф, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер, Ұлыбританияның бұрынғы премьері Тони Блэр де осы комитет құрамынан табылады. Комитет мүшелерінің әрбірі өзіне жүктелген міндетті атқармақ. 

 

«Бейбітшілік кеңесі» Газаны қалпына келтіру мәселесін көтерсе де, қос комитетте де палестиндіктер жоқ. Ал Израильдің бір өкілі бар және ол Газа істерін атқару комитетінде болмақ. Израиль билігі «Бейбітшілік кеңесінің» құрамын сынға алды. Себебі бұл кеңестің құрамында Израильдің саясатын қатаң айыптайтын Түркия, Катар сынды елдер де бар. Ал Израильдегі кей министрлер Газадағы қақтығысты қайта бастап, ХАМАС-ты түбегейлі жою керектігін айтуда. 


Mezgil.kz сайтынан 



Пікір жазу
  • Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі
    Кері қайту

    Ұқсас тақырыптар