Neue Zürcher Zeitung басылымы Ресей мен Германия арасындағы соңғы уақыттағы шиеленіс туралы жазып, екі ел арасындағы саяси шиеленіс әскери қақтығысқа ұласса не болмақ деген ой аясында сараптама жасады.
Соңғы бірнеше айда Германияның әскери порттары, электр және жел станциялары, казармалары мен әскери полигондарында белгісіз дрондар барлау жүргізуде. Дрондар аталған нысандарға жақындап, видео және фотоға түсіріп, ақпарат жинауда. Германияның Барлау қызметі аталған дрондарды кім және қандай мақсатта ұшыратынын әлі анықтаған жоқ. Бұл іс бойынша ақпараттар құпияландырылды. Алайда болжам бойынша бұл дрондар Ресейдің арнайы қызметіне тиесілі болуы мүмкін.
Әскери сарапшылар Украина аумағындағы соғысқа байланысты Берлин мен Мәскеудің арасындағы шиеленіс те арта түсетінін болжауда. Берлин Киевке «Таурус» зымырандарын беру шешімін қабылдаса, Ресей Германиямен әскери қақтығыс бастауы ықтимал дейді кей сарапшы. Алайда бұл сценарийді көпшілік «мүмкін емес» деп те атауда. Себебі Германия әлемдегі ең қуатты әскери блоктың мүшесі саналады.
Дей-тұра, «әскери қақтығыс басталса Германия қалай әрекет етуі мүмкін» деген де тақырып қызу талқылануда. НАТО сарапшылары Ресейдің алдағы жылдары Балтық елдері, Польша, Германия және Финляндиямен әскери қақтығысқа түсу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Ресей НАТО елдерінің кез келгенімен қақтығысқа түссе, ең алдымен Германия аумағын нысанаға алмақ дейді мамандар. Себебі Германия Еуропадағы НАТО-ның басты хабы саналады. Шығыс Еуропа елдеріне батыс және оңтүстік Еуропадан әскери жүк тасымалдау тораптары да Германия арқылы өтеді. НАТО үшін Германия стратегиялық маңызға ие ел. Сол үшін де Германия Ресеймен ықтимал қақтығыстағы бірінші нысана болуы мүмкін.
Сарапшылар Германия үшін ең маңызды мәселе өз қалаларын зымыран шабуылынан қорғау екенін айтуда. Германияда халық саны 100 мыңнан асатын 80-нен астам үлкен қала бар. Оның ішінде АҚШ-тың әскери базасы орналасқан Рамштайн, Гамбург, Бремерхафен, Куксхафен, Вильгельмсхафен, Киль, Росток қалашықтары мен порттарын айтуға болады.
НАТО сарапшылары Ресей шабуылды жаппай зымыран соққысын жасау арқылы бастауы мүмкін дейді. Германияның барлық аумағы ресейлік зымырандар жететін аймақта орналасқан. Германия жоғары технологияға қол жеткізсе де, барлық қаласын әуе қорғаныс жүйесімен қамтамасыз ете алмады. Әскери сарапшылар Ресей Германияға соққы жасау шешімін қабылдаса, бірнеше бағыттан зымыран ұшыра алатынын айтты. Беларусь аумағынан, Балтық және Қара теңізден, Атлант мұхитындағы сүңгуір қайықтардан және Калининград (Кёнигсберг) жерінен. «Бір мезетте бірнеше бағыттан жасалған соққы Германия үшін аса қауіпті болмақ» дейді мамандар.
Германия Ресейдің ықтимал шабуылына «Таурус» зымырандарымен жауап қатуы мүмкін. Алайда бұл зымырандардың ұшу қашықтығы небәрі 500 шақырымды құрайды және бұл жеткіліксіз. Шабуылда F-35 ұшақтарына Joint Strike Missile зымырандарын салып, соққы жасауы да мүмкін дейді эксперттер.
Қазіргі сәтте Германия билігі Ресеймен ықтимал қақтығыстың сценарийін қаперге алып, Германияның әуе қорғаныс жүйесін күшейтуде. Patriot әуе қорғаныс кешендерінің санын арттыруда. Германияда аталған кешеннің 9 данасы бар. Үш данасын Германия Украинаға берген еді. Берлин қосымша 8 Patriot кешеніне тапсырыс берді және тапсырыс 2030 жылға дейін толық орындалып, Берлинге берілуі тиіс. 2025 жылғы сараптама бойынша Германияның көптеген қаласы зымыран шабуылынан сақтандырылмаған.
Украина елі Киев, Одесса, Харьков қалаларына әуе қорғаныс жүйелерін қойып, ресейлік шабуылдың әсерін біршама азайтты. Германия билігі Украина мысалында Берлин, Мюнхен, Рамштайн және басқа қалаларды әуе қорғаныс жүйесімен толық қамтамасыз етпек. Сарапшылар Ресейдің НАТО еліне шабуыл жасай алмайтынын айтуда. Бұл НАТО жарғысының бірден іске қосылып, қуатты түрде Ресейге қарсы әрекетке ұласар еді дейді. Алайда Германия билігі қауіпті «шынайы» деп атауда.
Mezgil.kz сайтынан