Ақорданың хабарлауынша, 16-17 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай басшысы Си Цзиньпин келеді.
“Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланады. 17 маусымда Астанада аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді” деп жазылған хабарламада.
Си Цзиньпин Қазақстанға осымен алтыншы рет келмек. Соңғы рет былтыр шілдеде мемлекеттік сапармен келіп, Тоқаевты "қымбатты досым" деп атап, Пекин мен Астана арасындағы қарым-қатынасты "Алтын отыз жылдық" деп бағалаған.
Қытай – Қазақстан тауарының ең ірі импорттаушысы. Былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 43,8 миллиард долларға жеткен. Қазақстан Қытайға көбіне шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, ол жақтан киімнен бастап, электроникаға дейін мыңдаған тауар түрін алады.
Былтырғы мақаласында Си Цзиньпин Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын айтқан.
Азаттық радигсы сайтынан