Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевпен сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиевпен кездесу өткізді.
Онда жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдары талқыланды. Қазіргі уақытта ұйым аясында өзара іс-қимылдың жаңа форматтары құрылып, әлеуметтік саясат, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіп, ғылым, технология және инновация сияқты басқа да салалар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға және өзара жеткізілімдер ауқымын кеңейтуге назар аударылды. 2024 жылы Қазақстанның ТМҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы $11,4 млрд-ты құрады. Сонымен қатар қолда бар әлеует ағымдағы көрсеткіштерден едәуір кең екені атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сауда қатынастарын одан әрі дамытуға бағытталған жеке құжат әзірлеуге бастамашы болды.
➤ Кездесу барысында гуманитарлық бастамалар да талқыланды. Ақтау түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды, осы жылдың маусым айынан бастап Алматы ТМҰ-ның жастар астанасы болады. Түркі мәдениеті мен тарихи мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға толық ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізді.
@KZgovernment телеграм арнасынан