Кеше Лондонда АҚШ, Украина, Ұлыбритания, Франция, Германияның лауазымды тұлғаларының қатысуымен тағдыршешті талқылардың бірі өтуі тиіс еді. Онда АҚШ президенті Трамп ұсынған Ресей-Украина соғысын тоқтатудың «ең соңғы» ұсынысы талқыланбақ еді.
Бірақ кейбірЕуропа басшылары Трамптың әйдік мақтаған «бейбітшілік жобасын»: «Ресей пайдасына шешілетін ұсыныс» деп санайтындарын айтып, аталған алқа-қотан жиынға өз өкілдерін жіберуден бас тартқан. Украина президенті Зеленский де, ЕО басшылары да: «Қырымды – Ресей жері деп мойындамаймыз», - деген.
Осыдан соң, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да: «Қарбалас шаруаларымыз шығып қалды», - деген жалаң сылтаумен, Лондонға сапарын үзген. Ал АҚШ атынан жиынға арнайыөкіл Кит Келлог барып қатысқан. Ал әуелде жоғары шенді тұлғалардың қатысуымен өтуі тиіс кездесу елшілердің қатысуымен жабық есік жағдайында өткен.
АҚШ-тың ұсынысы һәм оған Киевтің жауабы қандай болғанын кеше егжей-тегжейлі жаздық. Мақала сілтемесі: «Трамптың соңғы ұсынысы: Санкцияны аламыз, Ресейге Қырымды береміз, соғысты тоқтатамыз!».
Осыдан соң, Вашингтон мен Киев, Трамп пен Зеленский арасында сөзайтыс басталып кетті.
Әуелі, президент Трамп арнайы жазба жариялап, президент Зеленскийді айыптай сөйледі. Сөз ауаны: «Мықты болсаң кезінде Қырымды неге беріп қойдың? Қой дегенде қоймасаң, үш жылдан кейін терроторияңның бәрінен айырыласың», - дегенге келеді.
ТРАМП ЗЕЛЕНСКИЙГЕ НЕ ДЕДІ?
Трамп тағы жазба жариялады. Зеленскийді айыптап, былай деді: «Украина президенті Владимир Зеленский The Wall Street Journal-ға «Украина Қырымның оккупациясын заңды деп санамайды. Бұл жерде талқылайтын ештеңе жоқ» деп мақтаныпты. Бұл Ресеймен бейбіт келіссөз жүргізуді қиындататын мәлімдеме.
Қырым ұзақ жыл бұрын, президент Барак Хусейн Обама тұсында Ресейге өтті және қазір талқылайтын тақырып емес. Ешкім де президент Зеленскийден Қырымды Ресей территориясы деп мойындауды талап етіп отырған жоқ. Егер ол Қырымды қаласа, онда неге олар 11 жыл бұрын күреспестен, бір оқ атпастан оны Ресейге бере салды?
Зеленскийдің мәлімдемесі сияқты жағдайды ушықтыратын мәлімдемелер соғысты реттеуге қиындық келтіруде. Оның мақтанатын түгі жоқ! Қазіргі таңда Украинаның жағдайы өте ауыр. Ол (Зеленский) бейбітшілікке қол жеткізе алады немесе елінен толық айырылғанша тағы үш жыл соғыса алады.
Менің Ресейге еш қатысым жоқ. Бірақ мен әр апта сайын еш себепсіз көз жұмып жатқан 5 мыңға жуық украиндық және ресейлік сарбаздардың өмірін құтқарып қалуға қатысым бар.
Зеленскийдің бүгінгі мәлімдемесі соғысты ұзартудан басқан ештеңе де бермейді. Ал оны ешкім қаламайды! Біз келісімге өте жақынбыз, алайда қолында «бірде бір көзірі жоқ адам» бұл әрекетті жасауы тиіс. Мен Украина мен Ресейге осы бір жаппай соғыстан шығуға көмектесу мүмкіндігін асыға күтудемін. Мен президент болсам бұл соғыс болмас еді!» - дейді Трамп.
ЗЕЛЕНСКИЙ ТРАМПҚА НЕ ДЕДІ?
Президент Зеленскийдің жауабы көп күттірмеді. Ол Трамқа былай деп жауап берді: «Бүгін эмоциялар қыз-қыз қайнап жатыр. Жақсысы – бес ел бас қосып, бейбітшілікті жақындатуға тырысуда. Бір-бірінің ұстанымына құрметпен қарап, өз позицияларын жеткізді. Мұндағы әр тарап жай ғана қатысушы емес, бейбітшілікке үлес қосушы! Ортақ жұмыс бейбітшілікке бастайды деп сенеміз. Біз әріптестерімізге алғыс айтамыз. Украина өз Конституциясына сай әрекет етеді! Әріптестеріміз мұны құрметтейді деп сенеміз, - деді.
Әрі қарай Трамптың бірінші президенттігі кезінде оның Мемлекеттік хатшысы болған Майк Помпеоның жариялаған «Қырым декларациясын» бөлісіп, Қырымға қатысты АҚШ-тың ұстанымы қандай болғанын Трамптың есіне салды.
Онда былай деп жазылған: «1940 жылы АҚШ Латвия, Литва мен Эстонияның КСРО құрамына қосылуын мойындамайтын Уэллес Декларациясын қабылдағандай, бүгін де АҚШ Қырымның Ресейге қосылуын мойындамайды! Қырым Ресей тарапы халықаралық тәртіпті өрескел бұзып, заңсыз тартып алған аумақ».
ТРАМП: ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ТІЛІН ТАБУ ҚИЫН БОЛЫП ТҰР...
Бұдан соң, БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан АҚШ президенті Трамп Зеленский мен Путинге қатысты тағы былай деді: «Мен Зеленскиймен келісу оңай деп ойлап едім, әзірге қиын болып тұр. Меніңше, Ресей келісімге дайын. Біздің Ресеймен келісіміміз дайын. Енді Зеленскиймен келісімге келу керек.
Тыңдаңыздар, мен тек қана соғыстың тоқтағанын қалаймын. Маған бәрібір! Егер қос тарап та, разы болса, келісімге қол қойса - бұл жақсы! Мен Путин мен Зеленскийдің қайсыбірін ерекше көрмеймін. Мен келісімге қол жеткізуді ғана қалаймын. Сол арқылы адамдардың өмірін сақтап қалуды ғана қалаймын», -дейді.
БАҚ: ЕО ҚЫРЫМДЫ РЕСЕЙДІКІ ДЕП МОЙЫНДАУҒА ҚАРСЫ!
Ал «Financial Times» басылымы: «ЕО үшін Қырымды Ресейдікі деп мойындау – қызыл сызық», - деп жазады.
Басылым Еуропалық Одақ елдері басып алынған Қырымды Ресей деп тануға келіспейтінін және мұндай ұсыныстар АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарында болса, Украинаның НАТО-ға кіруіне тыйым салуды қолдамайтынын атап өтті.
Еуропалық шенеуніктер Ресейге жасалып жатқан жеңілдіктер оны басқа аймақтарда одан әрі агрессияға итермелеп, соғыстан кейінгі еуропалық қауіпсіздік тәртібіне қауіп төндіреді деп есептейді.
Еуропалық шенеуніктердің пікірінше, Трамп әкімшілігіне Қырымды Ресейдікі деп танудың еуропалық астаналар үшін мүмкін емес екенін қазірдің өзінде түсіндірген. Еуропаның позициясы – Қырымның мәртебесі НАТО үшін үлкен дипломатиялық дағдарыс тудыруы мүмкін!
FT-дің жазуынша, ұсынылып отырған келісім мен АҚШ-тың келіссөздерден бас тартып, Киевті айыптап, Мәскеумен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру ықтималдығы НАТО басшылары арасында қайшылықтар тудыруы мүмкін.
Кейбір еуропалық шенеуніктер сонымен қатар Трамп әкімшілігінің біржақты келісім жобасымен келіспеушілік Лондонмен, Берлинмен және басқа астаналармен екіжақты қарым-қатынастарға қауіп төндіреді, трансатлантикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді және маусым айының аяғында өтетін НАТО саммитін бұзуы мүмкін деп қорқады.
Mezgil.kz сайтынан