Депутаттар қандастар үшін квотаны көбейтуді сұрады

Уақыты: 2021-01-27 Көрлімі: 605 Сипаттама

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар қандастарғ...

210127141919268a3745921i.jpg

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейтуді сұрады. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

«Биыл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздіктің халқымызға берген басты игіліктерінің бірі – алыс және жақын шетелдерден қазақтардың Отанға оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толмақшы. Еліміз өз еркіндігіне қол жеткізердің алдында, 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын. Миграциялық саясаттың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында «1991 жылдан бері елге келген этникалық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты» деп көрсетілген. Алайда, кейінгі жылдарда, нақты айтқанда 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде», - деді С. Абдрахманов Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілгенін еске салды. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін.

«Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қатты қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибесі дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл-күйді күшейту, басқа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым. Туған жер ұғымының кеңдігін, «туған жер» мен «Отан» ұғымдары ортақ екендігін жүректерге жеткізу жағы кемшін», - деді С. Абдрахманов,

Осы орайда депутаттық сауалға байланысты Үкіметтің елдегі миграциялық және демографиялық процестерді тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту, бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету, жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды солтүстіктегі өңірлерге қоныстандыру сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды сұрады.

Ал депутат Ғазиз Құлахметов  қандастардың құжаттарын ретке келтіру мәселесін көтерді. 

«Биыл егемендігімізге 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдары 1 млн 70 мың 300 этникалық қазақ атажұртына оралды. Оның сыртында бүкіл дүниежүзілік қауымдастығы құрылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен шетелден атамекенге қайтқан азаматтардың мәртебесі артып, қаны бір бауырларымызды «қандастар» дейтін болдық. Осы күні ол қандастарымыз экономиканың әр саласында жемісті қызмет етіп жатқаны да рас», - деді депутат Ғазиз Құлахметов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол тағдырдың тәлкегімен небір шытырман оқиғаларға тап болып жатқан қандастарымыздың әлі де көп екенін айтты.

«Жеке құжаттарында ұлты жазылмаған қандастарымыздың алды 9 жыл, соңы 2 жыл аралығында азаматтық ала алмауының нақты себебін түсіндіруге не кедергі. Олардың бәрі балаларын мектепке беруге, дәрігерлерге қаратып, бала-бақшаға тіркелу кезінде көп қиындықтардың барын ашынып айтып отыр. Елге оралғысы келетін және оралған азаматтар отбасыларынан ажырап, екі-үш мемлекет территориясында өмір сүруге мәжбүр екені де ащы шындық. Мұндай отбасылар республиканың әр аймағында бар десек, қателеспеспіз. Ал, олардың Қазақстанда дүниеге келіп, балаларының құжаттарын рәсімдемегенін ескеретін болсақ, тіркеуде жоқ бүлдіршіндердің нақты есебін кім айтып бере алады?», - деді Ғазиз Құлахметов.

«Осы жағдайды ескере отырып, ҚР Ішкі істер, Сыртқы істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесе отырып, ведомствоаралық комиссияда туу туралы куәлігі жоқ, ресми тіркеуде жоқ азаматтардың нақты санын анықтап, сауалда көрсетілген азаматтардың құжаттандыру мәселесін қарастыруды және ресми тиісті барлық шаралар қолданып, қандастарымыздың өзге де проблемаларына терең бойлап, жан-жақты жағдай жасауыңызды сұраймыз!», - деді ол.


Пікір жазу
  • Қазақ қызы АҚШ мемлекеттік департаментінде басшылық қызметке тағайындалды
    Ата жұртқа, ат байлаған академик

    Ұқсас тақырыптар