Мәжіліс «оралман» атауын өзгертетін заң жобасын мақұлдады

Уақыты: 2020-03-11 Көрлімі: 1029 Сипаттама

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық...

a480efdba8e0914d9e02edfcaee95974.jpg

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы өткен жылдан бері талқыланып,  9 кодекске және 21 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасын таныстырған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман бұл заң аясында қандастарымыздың азаматтық алу тәртібі жеңілдейтінін атап өтті. 

«Жағымсыздау атауға айналған «оралман» сөзінің орнына, алдағы уақытта «қандас» атауы қолданылатын болады. Қандастарымызға елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігін беру қарастырылып отыр. Бұған дейін олар екі рет құжат жинап тапсыруға мәжбүр еді. Сондай-ақ елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқықбұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бұл түзетуде қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді», - деді депутат.

"Оралман" атауын ауыстыру туралы бұған дейін біраз талқыланды. Ел арасында бірнеше ұсыныстар болды. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та былтыдан бері сұхбаттарында оралман атауын өзгерту туралы пікір білдірген. Твиттердегі парақшасында да қандас деген атауды қолдайтынын жазған. 

«Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады», - деп жазған Мемлекет басшысы.


Пікір жазу
  • ОТАНДАСТАРДЫ ҚОЛДАУДАҒЫ ГЕРМАНИЯ ҮЛГІСІ
    «Қазақ картасын» елшіліктер қолдаса...