Дубек ҚАЗЫКЕН: Халықтың 70 пайызы екпе салдырса аурудың таралуын тоқтатуға мүмкіндік бар

Уақыты: 2021-02-01 Көрлімі: 99 Сипаттама

Дубек ҚАЗЫКЕН – АҚШ тың Мичиган Университеті Медицина мектебі Жасуша және даму кафедра...

in-lab.jpg

Дубек ҚАЗЫКЕН – АҚШ тың Мичиган Университеті Медицина мектебі Жасуша және даму кафедрасының қызметкері. АҚШ-тың Pfizer-Biontech  компаниясы шығарған Covid-19 вирусына қарсы екпені салдырған азамат. Біз Дубек мырзамен хабарласып екпенің әсері мен құрылымы, жұмыс істеу механизмі туралы сұрадық.

– Covid-19 вирусына қарсы екпе салдыруға қашан бекіндіңіз, кері әсері болады деп қорықпадыңыз ба?

–  Жалпы о бастан екпе салдырмаймын деген ойым болған жоқ. Covid-19 ға байланысты пандемия жарияланған соң көптеген елдер жаппай вакцинаны зерттеп оны жасауға кірісті. Оның жаппай егілетіні де белгілі болды. Вакцина осы вирустан тез құтылудың бірден-бір жолы екенін түсініп, вакцинаның шығуын күтіп жүрдік. 2020 жылдың соңында АҚШ та Pfizer-Biontech және Moderna компаниялары зерттеп жасаған екі түрлі вакцинаны егуге рұқсат етілді. Кезегіміздің келгенін күтіп жүріп кезегіміз келгенде салдырдық. Қорқыныш болған жоқ, өйткені олар бірнеше сатыдан тұратын сынақтан өткен, сол себепті одан қорқудың, оған сенбеудің реті жоқ деп ойлаймын.

– Америкада екпе салдырудың тәртібі қандай екен, алдымен антиденеге анализ өткіздіңіздер ме?

– Алдымен интернет арқылы сауалнамаға жауап бердік. Онда вакцина алуға келісесіз бе, Covid-19 бен ауырдыңыз ба деген секілді қарапайым сұрақтар болды. Оларға жауап бергеннен кейін екпе алудың уақытын белгілеп, тіркелдік. Барғанда тағы да сovid-19-бен ауырдыңыз ба, ауырған адаммен қарым-қатынаста болдыңыз ба және өткен 90 күн ішінде осы вирусқа қарсы моноклональды антиденелер емін қабылдадыңыз ба деген сұрақтар қойды. Моноклональды ем қабылдамағанымды айтқан соң, бірден вакцина егуге рұқсат берді. Салмас бұрын вакцинаны түсіндіріп, туындауы мүмкін деген кері әсерлерін айтады, содан кейін вакцина алды деген карта береді. Оған қоса АҚШ-тың жұқпалы аурулар орталығының веб-сайтының қосымшасын телефонға жүктеп алуға кеңес береді. Өйткені ол вакцина туралы жалпы ақпаратты жүктеп талдау жасау үшін керек. Арнайы сovid-19-дың антиденесіне анализ тапсырдыңыз ба, деп сұрамайды.

Менің алғаным Pfizer-Biontech вакцинасы. Ол адамға екі рет егіледі. Біріншісін қаңтардың 8 күні алдым, екіншісін араға 21 күн салып қаңтардың 29 күні аламын. Алғаш алған күні басқа вакциналар сияқты аздап ауырсыну болады екен. Білегіңіз 24 сағаттай ауырып сосын қалпына келеді. Екінші рет  алғандардың айтуына қарағанда бұдан гөрі қаттырақ ауыратын көрінеді. Қазір күтіп жүрмін, бұйырса жұма күні аламын.

– Моноклональды антидене емі деген қандай ем?

– Антидене дегеніміз – иммунитеттің негізі. Моноклональды антидене емі дегеніміз – осы иммундық ақуыздың вирусты жоюына негізделген емдеу тәсілі. Covid-19-ға қарсы антиденені ауырған адамдарға егеді. Сосын ол антидене ауырған адамдардың ағзасындағы вирусты жояды. Бұл кішкене қымбатырақ емдеу тәсілі. Дамыған елдерде оған қолжеткізуге болады (Бұрынғы АҚШ президенті Трамп Covid-19 бен ауырғанда осы емді қабылдаған болатын). Бірақ ол үшін алдымен ауырған адамның жағдайын әбден сараптайды. Оған осы ем қажет болып, оны алмаса жағдайы тым ауырлап кетсе ғана тағайындайды. Моноклональды ем қабылдадыңыз ба деп сұрайтын себебі моноклональды антидене дегеніміз вирустың ақуызына қарсы яғни вакцинаға қолданып отырған ақуызға қарсы. Егер өткен 90 күн ішінде моноклональды антидене емін қабылдаған болсаңыз антидене вакцинаның күшін жойып жібереді. Сондықтан ол сұрақты міндетті түрде қояды.

– Ол жақтағы халықтың вакцина туралы танымы, көзқарасы қандай? Біздегідей қорқыныш, сенімсіздік бар ма?

– АҚШ халқының барлық басқа елдер сияқты вакцинаға деген көзқарасы әртүрлі. Менің байқауымша6 басым көпшілігі вакцинаға қарсы емес, мен танитын адамдар арасында вакцина алмаймын дегендер әзірге дейін болған жоқ. Бірақ әлеуметтік желілерде немесе таныстарымның әңгімелерінен кей адамдардың вакцинаға қарсы екенін естіп-білдім. Олардың кейбірі әртүрлі вакцинаға қарсы арнайы үгіт-насихат жүргізетін ұйымдар таратқан жалған ақпараттарға сенеді, кейбірі конспирология теорияларына сенеді немесе діни-наным сеніміне байланысты вакцина алғысы келмейтіндер. Десе де, екпе алуға қарсы емес адам көп. Көптеген таныстарым екпе кезегін асыға күтіп жүр. Қазір АҚШ-тағы ең басты мәселе вакцинаға қарсы адамдар емес, вакцина өндірісі мен вакцина егу жылдамдығының сұранысты қанағаттандыра алмауы болып отыр. Халықтың кемінде 70 пайызы екпе салдырса онда аурудың таралуын тоқтатуға мүмкіндік бар. Енді сол екпе алған адамдардың саны 70 пайызға тезірек толса екен деп үміттенемін. Мүмкіндігі бар азаматтардың вакцина алуы өзін қорғаумен бірге әр азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі. Өйткені, арамызда вакцина алуға денсаулығы жар бермейтін, мысалы иммундық ауруы бар немесе емделуіне байланысты иммунодепрессант дәрілерді ішуге мәжбүр адамдар бар. Олар вакцина ала алмайтындығы себепті Covid-19 дан айналасындағы вакцина алған адамдардың иммунитеті арқылы қорғанады.

– Ол жақта да біздегідей алғаш медицина қызметкерлерінен, құқық қорғау қызметкерлерінен сосын мұғалімдерден бастады ма?

– Иә, мұндада ең бірінші науқастармен тікелей қарым-қатынас жасайтын медицина қызметкерлеріне екпе салды. Одан соң медициналық мекемеде жұмыс істейтін басқа да қызметкерлерге, сосын мұғалімдерге, одан соң әлеуметтік саладағылар, көлік саласындағы адамдарға екті. Мен медицина мектебінде жұмыс істейтіндіктен кезегім ертерек келді. Бізбен қатар 65 жастан асқан кез келген тұрғынды егуге рұхсат берді. Сонымен қазір біздің университетте кешегі мәлімет бойынша 35 мыңдай адам екпе салдырды. Оның ішінде студенттер де бар.

Мұнда тұрғындарға вакцинаны тегін салып жатыр. Тек сауалнамаға жауап беріп, кезекке тұрып, уақыты келгенде белгіленген орыннан екпе салдырасыз.

– Қазақстанда Ұлттық биотехнология институтында жұмыс істепсіз. Америкаға кетуіңізге не себеп?

– 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Ұлттық биотехнология орталығындағы профессор Қанатбек Мұқантаевтың иммуннобиотехнология және иммуннохимия зертханасында 2015 жылдың сәуір айына дейін жұмыс істедім. Арасында 2006 – 2008 жылдар аралығында Еуразия Ұлттық университетінде Профессор Зерекбай Әліқұловтың жетекшілігінде магистратура мен 2009 – 2014 жылдар аралығында академик Рахметқажы Берсімбай және Техастағы МД Андерсон қатерлі ісік орталығының профессоры Дос Сарбасовтың жетекшілігінде докторантурада оқыдым. Докторантурадан кейін постдокторлық тренингтен өту қалыпты үдеріс, сол себепті кәсіби біліктілігімді арттыру үшін АҚШ-тағы Мичиган университетінің Медицина мектебі, жасуша және даму кафедрасында профессор Фингардың зертханасында жұмыс істеп жатырмын.

БҰЛ ӨЗДІГІНЕН ЖОЙЫЛЫП КЕТЕТІН ВИРУСҚА ҰҚСАМАЙДЫ

– Жалпы вакцина салдырмай-ақ осы аурудан құтылу мүмкін деп ойлай,сыз ба?

– Бұл вирус табиғатта бұрыннан бар болуы мүмкін, бірақ адамға жұғып, жаппай таралуы бірінші рет. Сондықтан ол туралы көп нәрсе белгісіз. Вирустық құрылымы, оның жұғымдалу механизмі, таралуы енді зерттеліп жатыр. Сол себепті бірдеңе деп кесіп айту қиын. Бірақ осы кезге дейінгі жағдайына қарасақ, бұл өздігінен жойылып кететін вирусқа ұқсамайды. Өйткені көптеген елде бір рет ауырған адамдар екінші рет те ауырып жатқандығы туралы мәліметтер бар. Соған қарағанда бір рет жұққаннан кейін табиғи иммунитет қалыптасса да, ол ұзаққа жарамайтын тәрізді. Егер табиғи иммунитет ұзаққа жарамаса бұл вирус қайталай береді деген сөз. Бұл тұрғыда өлім-жітім көп болуы мүмкін. Ал оны болдырмаудың ең тиімді жолы аз уақыт ішінде жаппай вакцинаны егу арқылы топтық иммунитет қалыптастыру. Топтық иммунитет дегеніміз жалпы халықтың кемінде 70 пайызы осы егу арқылы иммунитет қалыптастарса вирустың таралуы өздігінен тоқтайды. Бұл қазіргі ең дұрыс жол деп есептеледі.

Covid-19 ең алғаш Ұлыбританияда тарала бастаған кезде біз топтық иммунитет қалыптастыру арқылы күресеміз деген стратегия қолданбақшы болған, әлсіз топтарды, қарттарды ғана оңашалап, дені сау адамдар арасында вирустың таралуына тосқауыл болмаймыз, сонда топтық иммунитет қалыптасады деп ойлады. Бірақ бір-екі апта өткеннен кейін-ақ бұл ойдан бас тартып, көп елде қолданылған оңашалау, жаппай тесттен өткізу стратегиясына көшті. Негізі сол дұрыс болған себебі, бұл вирусқа қарсы топтық иммунитет табиғи жолмен қалыптасу мүмкіндігі аз сияқты.

– Пандемия кезінде сіз тұрып жатқан Анн-Арбор қаласында ахуал қандай болды?

– Мичиган штатында бірінші толқын өте қатты болдыМичиган медицина жүйесіне қаралған (Мичиган университеті Медицина мектебінің жүйесі) адамдардың өзінен күніне 200-ге жуық адамның ауырғаны анықталған күндер болды. Сосын ол азайып, күз кезінде 3-4 адамға дейін түскен болатын. Қараша айында қайтадан біртіндеп көбейіп, қаңтардың соңында 70 адамға жеткен болатын. Енді біртіндеп азайып келеді, кеше 50 адам тіркелді. Әлі де біраз уақыт созылады деп айтып жатыр. Тезірек тоқтаса екен.

– Биотехнолог ретінде АҚШ вакцинасы мен Ресей вакцинасының айырмашылығын неде екенін айта аласыз ба?

–Бұл екі елдің вакциналары туралы білетінімді айтып берейін. Қазірге дейін АҚШ-та екі компанияның вакцинасына рұхсат етілді. Олар Pfizer/Biontech және Moderna компанияларының коронавирусқа қарсы вакцинасы. Үшіншісі әйгілі Johnson & Johnson компаниясының вакцинасы әзірге рұқсат күтіп отыр. Рұқсат етілген жеке компанияның екпелері жаңа технологиямен дайындалған вакциналар. Біздіңше РНҚ (RNA vaccine) вакцинасы. Бұл 1990 жылдардан бастап зерттеле бастаған технология. РНҚ вакцинасының ерекшелігі ол бұрынғы дәстүрлі екпелер сияқты өлтірілген вирустың өзін немесе вирустың белгілі бір ақуызын екпейді. Қысқаша түсіндіре кетейін. Вирус немесе бактерия адам ағзасына түскенде, адамның иммундық жүйесі оларды ең алдымен сыртқы бетіндегі ақуыздарынан танып, оларды жояды, сонымен бірге оларға қарсы иммунитет қалыптастырады. Ал вирус өте жылдам көбейсе, қалыптасып үлгермеген иммунитет оған қарсы тұра алмайды да, вирус ағзаны зақымдайды. Осыған негізделе отырып, вирустың сыртқы ақуызын ғана синтездеп алып, оны ағзаға енгізу арқылы иммунитет қалыптастыру қазіргі вакцинаның негізі. Ал енді Covid-19 вирусына келсек, оның вакцинаға қолдануға ең оңтайлы ақуызы сыртқы бетінде орналасқан спайк ақуызы (spike – тікенек деген мағынада). Ал спайк ақуызды ағзаға қалай енгіземіз? Организмдердегі барлық басқа ақуыздар секілді, спайк ақуыздың синтезі де үш сатыдан тұрады: оның генетикалық материялы – ДНҚ-дан транскрипция арқылы РНҚ, РНҚ-дан транслияция арқылы ақуыз синтезделеді. Демек спайк ақуызды ағзаға енгізудің үш түрлі жолы бар: Бірінші, ДНҚ-ны енгізіп, РНҚ мен ақуызды өз денемізде синтездеу. Бұл ДНҚ вакцинасы деп аталады. АҚШ-тың Johnson & Johnson компаниясы мен Британдық Oxford-AstraZeneca вакцинасы ДНҚ вакцинасы болып табылады. Екінші, РНҚ-ны енгізіп, ақуызды өз денемізде синтездеу. Бұл РНҚ вакцинасы деп аталады. АҚШ-тың Pfizer-Biontech және Модерна вакциналары РНҚ вакцинасы болып табылады. Үшінші, рекомбинантты спайк ақуыз. Бұл спайк ақуызды арнайы жағдайда дене сыртында синтездеп алғаннан кейін, оны залалсыз вирустың көмегімен ағзаға егу арқылы иммунитет қалыптастыруға болады. Бұл салыстырмалы түрде ескірек әдіс, Ресей ғалымдары дайындаған Спутник V вакцинасы осыған негізделген.

Сонымен, жоғарыда аталған ДНҚ вакцинасы немесе РНҚ вакцинасы спайк ақуызды өз жасушамызда синтездейтін болса, ал рекомбинантты спайк ақуыз вакцинасы спайк акуызын сырттан береді. Сосын бұл спайк ақуызы антиген тасымалдаушы жасушаға беріліп, антиген тасымалдаушы жасуша оны иммундық Б немесе иммундық Т жасушасына жеткізеді. Осы жеткізілген спайк ақуызына сәйкес келетін антиденесі бар Б және Т жасушасы көбейеді де біздің денемізде антидене синтезделіп шығады. Осы антиденелер кейіннен ағзаға енген Covid-19 вирусының спайк ақуызына байланысып жойып отырады. Мұның жалпы жұмыс істеу жолы осындай.

РНҚ вакцинасы ағзаға липидтік нано-денелердің ішіне салып енгізіледі. Оның басты екі тиімділігі бар, біріншісі – оны жасау жылдам әрі оңай және егер вирус мутацияға ұшыраса вакцинаны өзгертіп мутацияға ұшыраған вирусқа бейімдеу өте оңай. Екіншісі – вакциналарға қосылатын иммунитетті күшейтетін қосымша «адювант» деп аталатын зат қосылмайды. Себебі РНҚ өзі сол иммунитетті қозғау қызметін атқара алады. РНҚ вакцинасының тағы бір ерекшелігі – ағзаға енгеннен кейін біздің ағзамыз спайк ақуызын бірнеше күн синтездеп тұрады. Сосын біртіндеп РНҚ жойылып, ақуыздың синтезделуі тоқтап бізде иммунитет қалыптасады. Pfizer-Biontech вакцинасының бір олқы тұсы өте төмен температурада ғана сақталады яғни 0-ден төмен 80 градуста ғана тасымалдауға және сақтауға тура келеді. Ал Модерна компаниясының вакцинасы   0-ден төмен 40 градуста сақталып, тасымалданады. Екеуі де бөлме температурасына келтірілгеннен кейін бірер күн ғана жарамды болады да, одан кейін жарамсыз болып қалады және екеуі де екі рет егіледі. Pfizer-Biontech-те аралық күн 21, Модерна-да 28 күн. Енді рұқсат күтіп отырған Джонсон & Джонсон компаниясының екпесі бір рет қана салынады деп айтылып жатыр.

Ал Ресейдің Спутник V вакцинасы туралы көп оқыған жоқпын. Естуімше, ол дәстүрлі технологиямен дайындалған екен. Бірақ ол жаман деген сөз емес.    Сапасыз екпе болса ол сынақтан өтпес еді, сынақтан өткен соң ғана рұқсат етіліп отыр ғой. Ол вакцинаның механизмі –  Covid-19 вирусының сыртындағы спайк ақуызын синтездеп алып соның өзін ағзада көбеймейтін  (генетикалық материалы алынып тасталған) зарарсыз аденовирус деп аталатын вируспен бірге ағзаға енгізеді. Сосын ағзада оған қарсы иммунитет қалыптасады. мұндағы аденовирус иммунитетті қозғау рөлін атқарады.

Қазір иммунология саласында жұмыс істемейтін болғандықтан кейінгі соны мәліметтерден хабарым жоқ шығар. Өзім білетін вакцина жайында бар мәліметім осы.

– Танымдық сұхбатыңызға рахмет!


Дереккөз: "Мінбер" 


Пікір жазу
  • Мәулен Әшімбаев: Әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек
    Мәжіліс депутаттары күнделікті жағдайда қандай іспен айналысады?

    Ұқсас тақырыптар