Сайрагүл Сауытбайдың ел мен Елбасыға алғысы

Уақыты: 2018-08-14 Көрлімі: 1434 Сипаттама

Abai.kz: Жуырда редакциямыздың электронды поштасына Қазақстандағы пана іздеуші тұлға ста...

IMG_4275.JPG

Abai.kz: Жуырда редакциямыздың электронды поштасына Қазақстандағы пана іздеуші тұлға статусын алған этникалық қазақ келіншегі Сайрагүл Сауытбайдың үшбу хаты келіп түсті.

Сайрагүл – этникалық қазақ. Қытайдағы саяси сүргіннен отабасы, бала-шағасына қосылу мақсатында Қазақстанға қашып келген.

Кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі өкілдері тарапынан тұтқындалып, үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 392 бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғалған. Алматы облысына қарасты Панфилов аудандық сотында ісі қаралып, аталған айып бойынша шартты түрде 6 ай мерзіміне бостандығынан айырылған еді.

Сайрагүл Сауытбайдың мәселесін ең бірінші болып «Abai.kz» ақпараттық порталы оқырман назарына ұсынды. Дәл осы мәселе бойынша «Abai.kz» ақпараттық порталы 20-дан астам мақала жазды. Кейін бұл республикалық масштабта ғана емес, халықаралық ұйымдардың араласуына себепші болды. Нәтижесінде Сайрагүл Сауытбай Қазақстанда қалдырылды. Қоғамда резонанс тудырған бұл мәселе жалпы халықтық қолдауға ие болып, оң шешімін тапты. Бүгін редакциямызға Сайрагүл Сауытбай хабарласып, үшбу хатын жолдады. Өзін қолдаған елі мен Елбасына ақжарма алғысын айтты. Біз Сайрагүлдің осы бір хатын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қадірлі Алаш жұртым, іргелі елім! 

«Алланың бір аты – халық, халықтың бір аты – Құдай» деген. Қазақ еліндегі 18 млн. ел-жұртқа Сайрагүл Сауытбайдан жалынды сәлем!

Құрметті Елбасы, Нұрсұлтан аға! Мына маған, балапандарымды бауырыма басып, отбасыммен қауышуда зор бақыт сыйлаған қолдауыңызға шексіз ризамын. Мен секілді бір Ананың тағдырына араша түсіп, мен аңсаған Қазақ елінде алып қалғаныңыз үшін, Сізге басымды идім.

Көкте – Алла, жерде – Сіздер болып, мен секілді балапандарын аңсап әрең жеткен бір ананың тағдырына араша түсіп, қасіретін бөліскен ақ тілеулі жүректеріңіз маған екінші рет ғұмыр сыйлады. Сіздердің қарапайым табиғаттарыңыздың қалқасына жасырынған, тілмен айтып жеткізуге әлсіздік ететін шексіз ұлылық – ол сіздердің маған деген ақ тілектеріңіз бен риясыз жүректеріңізден шыққан ұлылық. Бұл ұлылық – шексіз дария, бұл ұлылық – шапағатқа толы дұға-тілек, бұл ұлылық – Қазақ елінің ақын ұл-қыздарының қаламының күші. Бұл ұлылық – Қазақ елінің құзыретті органдарындағы жанашырларымның бір ниет, бір тілегі. Әрі 18 млн. халқымның бір ниет, бір мақсат жолындағы ортақ құлшынысы.

Менің аянышты тағдырым – Сыртқы істер министрлігі Көші-қон қызметі сияқты құзыретті органдардың қызмет түйіні. Елім деп еңіреген ізгі ниетті ел ағаларының ершімді ерлігі. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы аналарымыздың ақ тілеулі дұғасына, қазақ елінің журналистерінен бастап, халықаралық журналистердің ерен еңбегі, БАҚ-ның мұңға толы мақаласы мен талқылайтын тақырыбына, ақын-жазушыларымыздың жан тебірентерлік поэзиясына, әншілеріміздің мұңға толы әніне, интернет желісіндегі маған араша сұраған қолдаулар мен мыңдаған адамдардың жан тебірентерлік хаттарына айналып, ақыры үлкен жеңіспен, Қазақ еліндегі ұлан-асыр тойға ұласқанына шексіз ризамын.

Бұл орайда менің басыма қиындық түскен алғашқы күннен бастап осы істі өз мойнына алған адвокат Абзал Құспанға, сот залынан босатуды сұраған прокурор Арзыгүл Имяроваға, әділ үкім шығарған судья ханым Динара Құйқабаеваға алғысым шексіз.

Алғашқы сәттен менің тағдырыма алаңдаушылық білдірген «Abai.kz» сайтына, оның сол кездегі басшысы Дәурен Қуатқа, ұжымына, аталған ұжымға барып, менің жағдайымды айтып жарғақ құлағы жастық көрмеген қайным Нұрболат Асанға, менің өміріме ерекше араша түскен Серікжан Біләшұлы, Қыдырәлі Оразұлы, Шаяхмет Қали сынды ағаларымыз бастаған «Атажұрт» еріктілер ұйымына, әр күн сайын, әр сағат сайын менің хал-ахуалымнан халықты ақпараттандырып отырған Нұргелді Әбдіғани, Сәуле Әбілдаханқызы, Дина Ысқақова, Қанат Бірлікұлы, Ермұрат Бапи, Бақытгүл Мәкімбай... Сандуғаш сынды мені қолдап, дем берген журналистер қауымына, сонау Германиядан менің сотыма арнайы келіп, рухани қолдау білдірген, халықаралық дәрежеде көмектескен Өмірхан Алтын ағаға, халықтың қолдауын ерінбей қағазға хаттап, мыңдап тізім жасап, сотқа тапсырған Сараш Қоңырбаева, Руза Бейсенбайтегі сияқты жанашыр апайларға, Ауыт Мұқибек, Рысбек Сәрсенбайұлы, Әміржан Қосан, Мұхтар Тайжан, Геройхан Қыстаубаев, Расул Жұмалы, Серікжан Мәмбеталин сынды қоғам белсенділеріне, Құл-Керім Елемес аға сынды басқа да ел ағаларына, Қазыбек Иса, Жұматай Оспанұлы, Дариға Мұштанова сияқты талай жыр жолдарын арнаған арқалы ақындарымызға, Меруерт Түсіпбаева тәрізді батыл әнші қызға, уақытша қамау абақтысында маған барынша жағдай жасап, денсаулығыма жіті назар аударған Жамбыл аға, медбике Динарадан бастап, барша күзет қызметкерлеріне, ақ дастарханын жайып, алақайлап қарсы алған «Үйсін» кафесінің иесі Ережеп бауырыма, «Алатау» мейрамханасының иесі Сарқыт аға, «Тимужин» мейрамханасының қожайыны Айбын ағаларыма, Қостанайдан келген Абзал, Оралдан келген Талғат Қатауовқа, Ақтаудан келген Ержан, тағы басқа аты аталмай қалған барша қолдаушыларыма – жолдан арқан керіп, шашу шашып қарсы алған Шелек пен Бәйдібек ауылының тұрғындарына – мені төбесіне көтерген бүкіл халыққа мың алғыс! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Алаш жұртының іргесі сөгілмесін! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!

Сайрагүл Сауытбай      

Дереккөз: Abai.kz

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Ирина Хакамаданың Көшбасшы болуға ықпал ететін 10 ережесі
    Өз ортаңда періштең қорғап жүргендей сезінесің