Өз ортаңда періштең қорғап жүргендей сезінесің

Уақыты: 2018-08-15 Көрлімі: 826 Сипаттама

Тағдыр-ай десеңші, мен ұлтым да, ұраным да қазақ бола тұра сонау Моңғолия жерінде, оның...

c2b46a6244a61e9cfe43ae55852cdfa4.jpg

 

Тағдыр-ай десеңші, мен ұлтым да, ұраным да қазақ бола тұра сонау Моңғолия жерінде, оның өзінде қазақ ортасынан жырақта, нағыз моңғол ортасында туып өстім. Көзімді ашьп «тал мініп, шыбық қамшылап» жүрген ойын балаларының ішінде жүргенде-ақ жат екенімді сезіне бастадым. Балалар мені «хасак» деп, басқаларын өз аттарымен шақырады. Менің де өз атым бар емес пе десем, «сенің атың біз үшін шақыруға қиын, айта алмаймыз»-дейді. Ал үйдегілер болса «Біз қазақпыз, атың Зардыхан, «ұл туса» деп армандап, зарығып жүргенде туғансың, сосын атыңды осылай қойғамыз» - дейді. Өскен ортадағы жаттығымды осылайша сезіне бастаған едім.

9 жасқа толғанымда әкем мені иек астында тұрған Буянтының моңғол мектебіне емес, күншілік жердегі Қобда сұмынының қазақ мектебіне апарып тапсырды. Қолыма «Кел, балалар, оқылық...» деп басталатын, Алматыда басылған Әліппе түсті. Тағы да аң-таң болдым. Мұғалімнен:

– Алматы біздің қала ма? - деп сұрадым. Сонда мұғалім «Жо-ға, ол ұлы Союз халқының құрамындағы Қазақ Республикасының бас каласы», - деді.

Казақтың бас қаласы болса, ол неге біздің қала емес? деп сұраймыз.

«Совет деген Ленин бабамыздың елі», ал біз «Жалпы Берекешіл Моңғол Халық мемлекетінің азаматымыз» дейді мұғалім.

Сонда біз «шіркін-ай, Ленин баршамыздың бабамыз бола тұра бізді қалай ғана бөліп тастады екен» деп, ол кісіге балалық ақ көңілмен шынымен-ақ ренжитінбіз.

Бастауыш мектепті бітіргесін болмыс, мүмкіндігімізге орай моңғол ортасына қайтып оралдым, өмірім сонда өтті.

Түйенің қомы, аттың жалында тынбай көшіп жүретін халықтың баласы біздер «бөлініп-жарылу» дегеннен қатты қорқатынбыз. Өйткені ата-аналарымыз «қозы-лақтарың қайда? Бөлініп кетпесін, ит-қүс жеп қояды» деп үнемі сақтандырып отыратын. Бүл «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мәтелдің қарапайым тіршіліктегі нұсқасы екен.

Хат тани бере-ақ қазақтың жыр-дастандары, аңыз-ертегілерімен таныс бола келе, сол жыр-дастандардағы қаһарман қазақтың образын іздей бастадық. Ол кездерде (1930-40 жылдар) онан-мүнан азып-тозып көшіп келіп, енді-енді есін жия бастаған, жүдеу тартқан үркердей топтың ішінен ондай батыр, жайсаңдық, өрлік көре алмай сандалатынбыз. Өз басым орта мектептің қабырғасында жүргенде біз әйтеуір өз үйірімізден бөлініп-жарылып қалған Қазақ деген ұлттың үзігі екенімізді түсінген едім. Бірақ қалай бөлініп қалғанымыздың жөнін біле алмадым. Осы ізденіс түрткі болды ма, қайдам, әйтеуір орта мектепті бітіріп Моңғолияның мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түстім. III курс оқып жүріп студенттердің алдында «Моңғолиядағы саны аз ұлт өкілдерінің жай-күйі» атты баяндама жасадым. Бұл тақырып тегімді іздеген ізденісімнің алғашқы қадамы болды. Кейін ұлт өмірі, ұлттық тәрбие руханияты төңірегіндегі тақырыптарда кандидатгық жене докторлық диссертация қорғадым.

Ел аралық достық қатынастың арқасында казағымыздың төбесі біртіндеп көріне бастаған еді.

Моңғолияда казақ мектептерінде қазақ әдебиеті пәні пәрменді жүргізілетін. Бізді ұлттық рухани ашаршылықтан құтқарып, ұлттық рух берген – әдебиет пен өнер. Көптеген қазақ жазушыларымен олардың еңбектері арқылы таныс болдық. Сырттай Абай мектебінен өттік. Бірақ онда қазақ тарихы оқытылмайтындықтан төл тарихымызга сусап өстік.

Саясат сахнасында Мәскудің үні болмаса, Алматының өз үні естілмейтін. Сондықтан болар ұлыс, ел ретінде қазақтың аты шыға бермейтін. Бір қазақтың төбесін көріп, үнін естігенде марқайып қалатынбыз. 1962 жылы университетте оқып жүргенімізде Бұғыбаев, Байтасов, Әбілсейіт Айханов бастаған палуандар келді. Басқаны кайдам, әйтеуір өзімнің алғаш көрген қазағым осылар. Улаанбатырдағы қазақ жастары палуандарды қоршап алды. Күрес басталғанда залдың үштен бірін алып отырған қазақ жастарының «Қазағым! Намыс! Жарайсың!» деген көп болып шыққан үнін алғаш естідім.

Айхановтармен шұрқырасып жүрген кезде бізде «қазақпыз» дегеннен өзге ой-сана болған жоқ. Тіптен қай елдің азаматы екенімізді ұмытып кеткен сияқты едік. Қазақстан командасы жеңіске жетті. Кейбір моңғол жастары өз отандастары (қазақтар) қазақ командасын көтермелеп қолдағанына ренжіп «бүл қайткендері» - депті. Сонда әйгілі хирург, академик Шагдарсүрэн: «Ренжіп қайтесіңдер, мәселенің тегі қанында жатыр ғой» - деп, өз қандастарын тиыштандырыпты.

Университетті бітіріп Қобда аймағына қызметке бардым. 1966 жылы көктемде аймақтың (облыс) партия комитетінің 1 хатшысы шақырады дегесін барсам, бір байсалды адам отыр. Қазақ екенін көзінен таныдым. «Мына кісі сенің туысың» деді хатшы. «Ассалау-мағалейкум» деп амандасып едім, әлгі кісі «Тар жерде тайсалмай айтқан ассалаумағалейкумыңнан айналайын» деп құшақтап бауырына басты. Жас кезім еді, қатты толқыдым. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, арқар-миранос қойының авторларының бірі Әндижан Есенжолов деген ақ жарқын қазақы адам екен. Тілмаш болып үш күн бірге жүрдім. Қазақстан жайлы көп-көп мағлұмат алдым. Ол кісі де Моңғолиядағы қазақтардың жайын көп сұрады. Қазақ ауылына барып «Ұлтты сақтап тұр екенсіңдер, рахмет!» деп разы-қош болып аттанды.

1980 жылы Прагада Дүниежүзі кәсіподақтарының конгресінде Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері Саламат Муқашевпен танысып, бір апта бойы бірге болдық. Біз бір күн бұрын қайтатын болып қоштасуға кіріп шықтым. «Бір ұлттың өкілдерін екі жаққа аттандырып қойған тағдыр-ай, ә!» деп ол кісі ойға шомып кетті. Осы ой менің жадымда көп сақталды.

Ес жиып қалған кезім, 1981 жылы тамызда жолым түсіп Алматыға алғаш келдім. Біздің Москвадан үйреніп айтып, жазып жүрген «Интернационализміміздің» түбі шикі екендігін мен сол жолы сезіндім. Менің естіген-білген қазақы рухани өмір, жан дүниемізде өзгерістер пайда болыпты. Тіліміз шұбарланып барады екен. Қаракөзді қандастарымыз Алматының көшесінен анда-санда біреу-екеулеп қана көрінеді. Көз көріскен өзіміздің бірер ағайындарымыздың бауырмалдық ақ көңіл, адал ниетін айтпағанда «славяндық» бір қалаға келгендей әсер алып, ұлт тағдырына елеңдеп, толғанып қайттым.

Әлемді шулатқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы пікірімді жоғарыда айтып өттім. Жат елде туып-өскен азаматтар үшін «Қосар атпен жолға шыққан жолаушы» сияқты тегіңді де ұмытпай, «суын ішіп, отын оттаған» жұртыңды да ренжітпей өмір сүріп үйренген бір «көп қырлылық» қалыптасады.

Моңғолияда ел үшін еңбек еткен қазақтар аз болған жоқ. Ал өз басым 1990 жылдары Моңғолияда басталған демократиялық жаңа бетбұрыстың ой тастары, Моңғолияның жаңа негізгі заңы (Конституция) авторларының бірі болғанымды ондағы жұрт әлі де айтып жүретін көрінеді. Менің Моңғолиядағы демократиялық өзгеріске соншалықты атсалысуымның бір терең сыры өмірге демократия келсе ел мен ел араласып, ұлт пен ұлттар біте қайнасуына мүмкіндік туа ма деген ізгі үмітімде жатқан еді. Шынымен солай болып шықты. Демократиялық өзгерістер мен Моңғолиядағы қазақтардың атажұртқа көшу процесі қатар басталды. Мен көшу тұжырымдамасының қалыптасуына ұйытқы болған шығармын, бірақ көшті бастаған мен емес. Бүл туралы «Жылаған жылдар шежіресі» (Алматы, 1995) және «Моңғолиядағы қазақар» (Алматы, 2001) атты еңбектерімде жан-жақты баяндалған.

Ел тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылғы 16 желтоқсанды өмірімнің ең шуақты күні деп санаймын. Барлық жақсылық осы күннен басталды. Тәуелсіздік ұлт өміріне көптеген жаңалықтар әкелді. Біз келген көш те осы тәуелсіздіктің төл туындыларының бірі. Уақыттың бізге берген мүмкіндігі. Мұндай оқиғаға тұлға болмай-ақ куә болғанымыздың өзі бір бақыт. Қайсыбіреулер көшіп келгендердің қадамын ерлікке балап жатады. Меніңше мұндай ерлікке көшіп келгендерден гөрі көшті қабылдағандар ие деп санаймын. Жүктің ауырын солар көтерді, жоқтан бар жасап көмектесті. Соның арқасында бүгіндері келгендердің көпшілігі ошақтың отын өшірмей, өз шаңырағын түзеп, тіршілік жайын реттеп, аяғынан тік тұрып кетті. Мұндай аса жауапты іске әуелі президент Н.Назарбаев өзі мұрындық болды. Көштің көлікті болуына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, Жергілікті әкімшіліктер талай байбаламды  бастан кешіре жүріп, қыруар іс тындырды.

Атажұртқа оралып аңсаған ағайындармен қауыштық. Көңіліміз жай тауып, алқынған жүрек тынышталды. Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болдық. Енді «Оралман» атанып, бөгде бір рулы ел сияқты оқшауланып саяқ тарта берудің қажеті қанша? Қазағымызға, елімізге оралғандықтан жемісін теріп, ұпайын түгендейтін уақыт жеткендей.

Амал нешік, атажұртқа өмір жасымның көлеңкесі ұзарған шақта жеттім. Тарих ғылымы саласында шамам келгенше еңбек етіп жүрмін. Мұнда келгесін әрине, өз ортаңда сені періштең қорғап жүргендей сезінесің. Мұндағы көп жайлар көңіліңді жай таптырады.

Еліміз көз алдымызда қаз-қаз басып өсіп келеді. Облыстарды аймақтандыру (біріктіру) арқылы олардың ішкі этноқұрамдық арасалмағын тұрақтандыру бетбұрысы жасалды.

Ел орданы Астанаға көшіріп, геосаясаттық және этноаумақтық жағдайды ретке келтіре бастадық. Бүгінгідей қиын-қыстау заманда жаңа астана құру аса қажырлы іс болды. Бұл ел тарихында ойып орын алатын оқиға. Қалаларда қазақтың саны өсіп келеді. Мысалы, қазір Алматыда ұлттық демографиялық процесс қарқынды жүргізілуде. Ұлт жүзінде қазақтың еңсесі көтеріліп келеді. Жат жұртта жүргенде біздің де іздегеніміз осы еді. Бірақ менің ойымша «жеттік, жетілдік» деуге әлі ертерек. Кейде жергілікті ағайындар үшін «үйреншікті» көрінетін кейбір жайлардың шетелде өсіп-өнген біздерді ойландырып тастайтын тұстары болады. Ешкім қол қақпай болып жатпаса да, айтуға аузың, жазуға қолың бара бермейді. Әйтеуір қазағыңдікі, өзіңдікі болғасын кейбір жағымсыздау жайлардың өзіне кешіре қарап жүре бересің.

Кейде тіптен үндемеуге ұлттық ғана емес, азаматтық арың жібермейтін аса тағдырлы мәселелер болады. Иә, біз елдігімізді әйгіледік, әлемдік қауымдастықтан орын алдық, ол рас. Бірақ еліміз кеше ғана әрең құтылған одақпен қайта жақындаса бастағандаймыз. Әрине, кандай да бір халықпен достықта болуға не жетсін. Бірақ барлығы да уақытымен болмақ. Олай дейтінім - бізде Одақ идеологиясы жаңаша бет-бейнемен қайта тірілу мүмкіндігі аса зор. «Әйт-шу!» десең дүр ете түскелі тұр. «Одақизм» идеологиясының әсіре жандануы түптің түбінде ұлтымызды тағы да бір «әттегенай-ға» ұрындырып кетуі мүмкін. Мысалы, ел ретінде «Бесіктен белі шықпаған» біз үшін капиталистік өркениеттің 350-400 жылдық тарихы бар Еуроодаққа еліктеу, қазақтың енді-енді ғана көзі үйір бола бастаған төл теңгеміз тұрғанда «рубль аймағы» туралы сөз қозғау қисынсыз. Қазіргі кезеңде біз бір жағынан Америка бастаған әлемдік ғаламдастыру, екіншіден Ресей бастаған аймақтық ғаламдастыру сияқты екі оттың ортасында тұрмыз, «Ұлы Қытай» деген үшінші жақ және бар. Мұндайда біздің таңдауымыз «Жан-тәнімізбен Ресейге ұмтылу емес, Ресей және басқалармен бірлесе отырып әлемге бет бұру» болғаны жөн. Бұл турасында А.Лукашенконың В.Путиннен алған алғашқы сабағы бізді де ойландыруы тиіс.

Мен өз ұлтының тілін білмейтін ұлт серкелері болады дегенді естіп-білген емеспін. Ал мұнда әдеттегі құбылыс екен. Қазақтың бір-екі ауыз қазақша сөйлегені үшін қуану деген не сұмдық?! Ал бұл біздің күнделікті өміріміздегі әдеттегі жағдайға айналған. Атажұртыма келгелі бері басынан аяғына дейін қазақша оқылған ресми бірде-бір баяндама көрмедім. Әрбір әңгіменің «бисмилласын» бір-екі ауыз қазақша бастап, әрі қарай қысылмай, қымтырылмай орысша сөйлеп беру дәстүрге айналып барады. Қазағы да, орысы да сол. Ондайда «әттеген-ай» дейтін ешкім жоқ, масайрап тыңдап отырамыз. Осыларды ойлағанда ағылшын тілінің басымдығынан «қос тілді» халық болып қалған үнділіктердің тағдыры көз алдыма елестейді. Біліктілер, мәнсаптылар ана тіліне құлықсыздау сияқты. Ғалымдардың көпшілігі үн-түнсіз. Осындай мәселелер біздің жанымызды қинайды-ақ.

«Қазағым, тілім» деп жатпай-тұрмай айтып-жазып жүрген ағайындардың іс-әрекеттерінен де бір осалдық байқалады. Сындарлы салмағы, қисын логикасы жеңілдеу, даурыкпа сөз, құр мақтау, мадақтау басым. Басқа ұлт өкілдері, биліктің алдында олардың сөздері өтімсіз, көптеген материалдарынан қазағы үшін, елі үшін дегеннен гөрі әркім «Өз тобына, өзіне қызмет ететін» ескілеу сарын байқалады. Мұндай болмыспен «өркениетті жаулап алам» деу - атты әскермен аспанға шабуыл жасағанмен тең.

Біздің келешегіміз жастарымызда. Солардың қадір-қабілеті мен білім парасатына сүйеніп, әр салада әлемдік деңгейге көтерілуіміз қажет. Өз басым жастарға сенемін. Өйткені олардың жаны пәк, рухы таза, ныспысы бөтен оймен былғанбаған.

 Зардыхан Қинаятұлы

«Ел мен елбасы». Алматы, 2003 ж, 130-139-бб.

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Сайрагүл Сауытбайдың ел мен Елбасыға алғысы
    Луиза Хей: «Тәніміздегі «ауруды» қолдан жасаймыз»

    Ұқсас тақырыптар