Үкіметтің кезекті отырысында не талқыланды?

Уақыты: 2019-11-19 Көрлімі: 84 Сипаттама

Биылғы 18 қарашада кезекті Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекетті...

oblozhka-pravitelstvo-rk-qaz-3_1.jpg

Биылғы 18 қарашада кезекті Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы, Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу барысы мәселелері қаралды. Үкімет кулуарларында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті, шараға ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибаргимова қатысты, деп ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз. 

«Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасы: тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысын енгізу және тұрғындардың табыстылығын нақтылау 

Бірінші мәселені қарау кезінде ҚР Премьер-Министріне «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асқан 2017 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы саласына 3,3 трлн теңгеден астам инвестиция салынғаны, оның 85% — жеке инвесторлардың қаражаты екені баяндалды. 300 мыңға жуық отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген 33,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 

Асқар Мамин осы жылдың жоспарлы көрсеткіші — 13 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар ҚР Үкіметінің басшысына 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту және 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламаларынан жылу және сумен жабдықтау, су тарту, коммуналдық секторды жаңғырту, үйлерді жөндеу мәселелерін біріктіретіні баяндалды.

Жаңа бағдарлама аясында тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысы енгізіледі. Тұрғындардың табысы айқындаушы фактор болады. 

Премьер-Министр жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы әрбір қазақстандыққа тұрғын үй мәселесін өзінің табыс деңгейіне қарай шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жобада тұрғын үй проблемасын шешумен қатар, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй қорын жөндеу де көзделген.

А. Мамин Мемлекеттік бағдарламаны осы жылдың соңына дейін қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды. 

 

2020 жылы МӘМС енгізу: медкөмектің қолжетімділігін 7 есе арттыру және дәрігерлердің жалақысын 30%-ға көтеру

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу бойынша пилоттық жобаның іске асырылу қорытындылары қарау барысында Премьер-Министрге осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында іске асырылып жатқан пилоттық жобаның МӘМС жүйесін апробациялауға және оны Қазақстанда толық көлемде енгізуге дайындалуға мүмкіндік бергені баяндалды. Өңірде екі айда тұрғындарды медициналық сақтандыру (192%-ға) есебінен оңалту көмегі (42,2%-ға) және қымбат зерттеулермен (КТ және МРТ) қамту көлемі артты.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделі және МӘМС пакеті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш деңгейлі медициналық қамсыздандыру жүйесін енгізуді қарастыратынын атап өткен жөн.

Мемлекет халықты алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде базалық медициналық қызметтердің қажетті пакетімен (профилактикалық егулер мен медициналық тексерулер, патронаж, жүктілік кезінде қарау және т.б.) және жедел және шұғыл көмекке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді жалғастыруда. 

МӘМС енгізуді ескере отырып, жалпы алғанда 2020 жылы денсаулық сақтау саласына арналған бюджет еліміз бойынша шамамен 1,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде МӘМС есебінен 500 млрд теңгеден астам қаражат.

Келесі жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы дәрігерлерге 30%-ға және орта медицина қызметкеріне 20%-ға, ал 2025 жылға қарай олар қазіргі жалақымен салыстырғанда 2 есе өседі. МӘМС жүйесін енгізу кейбір медициналық қызметтердің қолжетімділігін 7 есеге арттырады. Тарифтердің өсуі 10%-дан 20%-ға дейін құрайды. Бұл медицина қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Медициналық техникамен жарақтандырылу деңгейі 70%-дан 73%-ға дейін артады. МӘМС енгізу қазіргі кездегі «қалта» шығындарын 2020 жылы 30%-ға, ал 2025 жылға қарай шамамен 2 есеге төмендетуге мүмкіндік береді. 

Премьер-Министр МӘМС енгізу бойынша пилоттық жобаның нәтижесін оң бағалап, Қарағанды облысының бұл тәжірибесін басқа өңірлер де ескеруі қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін медициналық ұйымдардың МӘМС іске қосуға толық дайындығын қамтамасыз етуді, тұрғындар туралы деректердің толық жаңартылуын аяқтауды және балалар, студенттер мен үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған, жұмыссыз азаматтар бойынша ақпараттық жүйелердегі деректердің дәлдігін қамтамасыз етуді тапсырды. 

 

Азық-түлік бағасының өсуі: әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар кешенін әзірлеу қажет

Отырыс соңында Асқар Мамин азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірлерде 15%-дан астам өскен. Қарақұмық жармасы, күріш, ұн бәрінен қымбаттағаны байқалады.Өңірлер тұрғысынан бағаның ең көп өсуі Шымкент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда байқалады. 

Үкімет басшысына бағаның өсуінің негізгі себептері азық-түлік нарығында әртүрлі сауда үстеме бағалары бар көптеген дистрибьюторлардың және басқа да тиімсіз делдалдардың санының көп болуы, жеткізу шарттарының орындалмауы, сақтау арналарының жоқтығы екені баяндалды. Сонымен қатар, экспорт көлемінің өсуі де себеп бола алады. Оның арқасында импортталаған тауарларға бағаның өсімі байқалады. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін кезең-кезеңмен жою мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, бағаны тежеудің әртүрлі тетіктері әзірленді. Бүгінгі күні бағаны тұрақтандырудың негізгі тетігі тұрақтандыру қорларының қызметі болып табылады.

Премьер-Министр бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімге арналған нақты шаралар пакетін әзірлейтін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларына баға өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлері және Шымкент және Алматы қалаларының, Қызылорда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

Үкімет кулуарларында сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов журналистерге кейбір азық-түлік өнімдеріне бағаның көтерілу себептерін түсіндіріп, бағаның күрт өсуін болдырмау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Біз бүгінде өндірушіден тұтынушыға дейін тиімді тауар өндіру жүйесін құрумен айналысып жатырмыз», — деді Б. Сұлтанов, маржасы соншалықты ашық емес тиімсіз делдалдардың санының тым көп болуы бағаның түзілуіне ықпал ететінін атап өтіп. 

Сауда және интеграция министрі атап өткен басқа проблема, әкімдіктер тарапынан өндіріс, тұтыну теңгерілімі бойынша толық талдау жүргізілмеуі, экспорт, импорт бойынша және өңірлер арасында тиісті тауарлар ағымының болмауы, мұның салдары біртіндеп көрініс береді. 

Отырыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасының жобасы туралы айтып берді.

Оның айтуынша, тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысы енгізіледі, тұрғындар табысы айқындаушы фактор болады. Кезек ең төменгі күнкөріс деңгейін ескерумен адамдардың табысына байланысты жасалатын болады. 

«Біз табыстары бойынша шектеуді ұйғардық, бірінші сатыға табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі (2019 ж. – 29 700 теңге) отбасылар жатады — олар үшін біз сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуымыз керек. Табысы екі ең төменгі көрсеткіш деңгейіне дейін (2019 ж. – 59 400 теңге) болатын екінші санаттағы отбасылар үшін біз жылдығы 2% болатын жеңілдікті несие қарастыруымыз керек. Үшінші санатта – табысы үш ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі (2019 ж. — 92 000 теңге) азаматтар – олар үшін біз жылдығы 5% тетікті ұсынамыз. Ал табысы бұдан жоғары азаматтар 7-20-25 бағдарламасына қатыса алады немесе екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй алуға үміткер бола алады», — деп түсіндірді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, мысалы «Бақытты отбасы» жеңілдікті бағдарламасында енді шектеу болмайды, барлық санаттағы азаматтар қатыса алады, олар табыстары бойынша бөлінеді.

«Бағдарламаның бірінші кезеңіне тек тұрғындардың үш санаты ғана қатыса алатын. Олар – көп балалы аналар, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Қазір жаңа бағдарламада ешқандай шектеу жоқ, кезекте тұрғындардың бәрі қатыса алады, тек ішінде біз табыстары бойынша бөлетін боламыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі. 

Сонымен қатар Қ. Өскенбаев тұрғындардың өмірлік жағдайларына байланысты сатып алатын тұрғын үйінің санатын қайта өзгерту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. 

«Жалға берілген тұрғын үйді мысалы, егер адам жалға алса және бір уақытта ТҮҚЖБ-де қаражат жинақтаған болса, несиеге берілетін тұрғын үй санатына ауыстыруға болады. Сондай-ақ, керісінше жағдай да туындауы мүмкін, мысалы, отбасы мүшелерінің бірі жұмыссыз қалса және несие төлеуге мүмкіндігі болмаса, онда бұл тетік есепшотта жиналған қаражатын сақтауды, бірақ тұрғын үйді отбасының жағдайы жақсарғанша жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыруды қарастырады. Басқаша айтқанда, біз өмірде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін адамдар үшін барынша жағдай жасаймыз», — деп қосты Қ. Өскенбаев.

Ақпараттық агенттік тілшісінің «5-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу және оның шарттары туралы сұрағына «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова «5-20-25» бағдарламасының 25 жылға 20% бастапқы жарнасымен жылдық 5%-бен ипотекалық займ ұсынуды қарастыратынын айтты. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері үміткер бола алады.

«Шын мәнісінде, “5-20-25” формуласы 2016 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істейді. Біз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ретінде бұл формула бойынша 20% көлемінде бастапқы жарна болған жағдайда жылдық 5% мөлшерлемесімен несие береміз. Бағдарлама іске асырылғаннан бері біз жалпы сомасы 150 млрд теңгеге 19 800 займ бердік. Бұл ретте бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. 57 млрд — қайтарымды ресурстар немесе тұрғын үй бағасынан 50% жинаған адамдардың ресурстары болды», — деді ол.

Бағдарламаға қатысу критерийлері:

  • әкімдіктің кезегінде тұруы тиіс;

  • соңғы 5 жылда меншігінде баспанасы болмауы тиіс.

Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйдің бір шарты метрі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 180 мың теңгені құрайды, қалған өңірлерде — 140 мың теңге. Бұл ретте ол бағдарлама іске асырылған кезден бастап 5 жыл бойы тұрғын үйдің шаршы метрінің құны өзгермегенін атап өтті.

Баспасөз конференциясының модераторы спикерлерге PrimeMinister.kz редакциясына тұрғын үй құрылысының сапасын бақылауға қатысты келген сұрақты қойды.

Қ. Өскенбаев құрылыс процестерінің ашықтығын арттыру және тұрғын үй құрылысы сапасын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Е-Qurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын айтты, онда әрбір адам құрылыстың белгілі бір кезеңін бақылай алады. Нысандар құрылысы бойынша барлық мәліметтер Blockchain технологиясын қолданумен, ашық платформаға енгізіледі, онда барлық деректер, оның ішінде құрылыс материалдары мен жұмыс қарқыны көрінеді. Келесі жылдан бастап «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасы аясында «Е-Qurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделуде.

Қ. Өскенбаев атап өткендей, тұрғындарға арналған жеңілдікті тұрғын үй құрылысы барлық қауіпсіздік талаптарына сай келетін болады.

«Жаңа бағдарламада бізге тұрғын үй арзан әрі қолжетімді болуы үшін екі нәрсені үйлестіру керек. Өз бағдарламамызда біз III және IV класты тұрғын үйлерге басымдық береміз, онда бірінші кезекте берілетін тұрғын үйдің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады», — деп қосты индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.

Бұдан өзге, Л. Ибрагимова зейнетақы жинақтарындағы ақшамен баспана алу мүмкіндігі туралы мәселеге түсініктеме беріп өтті. Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік белгілі бір жинақ ақшасы бар азаматтарға берілуі мүмкін.

«Біз статистиканы зерттеп жатырмыз, өкінішке орай, республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік зейнетақы мөлшері жыл сайын аса өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Зейнеткерлікке шыққан кезде қазақстандықтың жалақысының 70% мөлшерінде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін жинақтау сомасы болуы керек. Мұндай зейнетақы жинақтарының көлемі салымшылардың өте аз пайызында ғана бар. Сондықтан, қазір талқыланып жатқан тетік қазір жинақтарының жеткілікті көлемі барсалымшылардың аз бөлігіне ғана қатысты болуы мүмкін», — деді Л. Ибрагимова. 

Оның айтуынша, қазір Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының базасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ұлттық Банкпен тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселелерімен жұмыс жүргізуде.

«Әрине, қазір біз жинақтарды пайдалану туралы шешім қабылдай аламыз, бірақ 15-20 жылдан кейін біз қайтадан бюджетке жаңа ақша мен ресурстарды іздеп келеміз. Менің ойымша, жыл соңына дейін тепе-тең ұстаным болады. Сонымен қатар, еосы мәселе нақты пысықталуы үшін есептер жасалады», — деді ТҮҚЖБ басшысы..

Өз кезегінде ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасының алдыңғысынан негізгі айырмашылықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа бағдарламаның міндеттерінің бірі халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі болмақ.

Қалалық елді мекендерде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4188 шақырым сумен жабдықтау (2420 км) және су бұру (1768 км) желілерін салу жоспарланған. Желілерді реконструкциялау үшін бюджеттен тыс қаржыландыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетіктері және халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары пайдаланылатын болады. Халық саны 200 адамға жетпейтін ауылдарда сумен жабдықтау мәселесі суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату арқылы, ал халық саны 200 адамнан асатын ауылдарда – орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері арқылы шешілетін болады.

Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту және дамыту аясында ескі желілерді жаңарту ұсынылады. Осы мақсаттарға бюджеттік кредиттеу тетігі шеңберінде 240 млрд теңге жұмсау көзделген.

ҚР ИИДМ деректері бойынша, Қазақстан бойынша жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 11511 шақырымды құрайды, олардың орташа тозуы 60%-ды құрайды. 3 381 шақырым желі әбден тозған, яғни, оларды реконструкциялау қажет.

Бұдан өзге, жаңа бағдарлама тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және қайта жаңарту шараларын көздейді. Бүгінгі таңда республиканың тұрғын үй қорында 78 мыңнан астам көп пәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

2020-2021 жылдары өңірлерге 30 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр, бұл шамамен 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді және 126 үй айналымдағы қаражат есебінен жөнделеді.

Дереккөз: primeminister.kz

Пікір жазу
  • Мұғалімдерді қолдау үшін 5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінбек
    А. Аймағамбетов: Мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр