Ашаршылық, қуғын-сүргін және шетелдегі қазақтар

Уақыты: 2021-05-15 Көрлімі: 3571 Сипаттама

31 мамыр ашаршылқ және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 20 ғасырдың басындағы зұлм...

1527826390_0ec758103f05ece05162d64ec68c8522.jpg

31 мамыр ашаршылқ және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 20 ғасырдың басындағы зұлматты бүгінгі де, ертеңгі де қазақ қоғамы ұмытпас. Ресми деректерге қарағанда 1930-1933 жылары аралығында  Қазақ КСР-ның халық саны 3,3 миллион кеміп кеткен. Оның үштен бірі шетелдерге қоныс аударса, қалған 2 миллионнан астамы опат болған. 1921-1922 жыл аралығындағы аштықта қазақ халқы 30 пайызға кеміген. Жалпы  1916 - 1937 жылдар аралығында Совет үкіметі қолынан 4 миллионға жуық қазақ қырылғанын тарихшылар айтуда. Ал 1941 – 1945 жыл аралығындағы екінші дүниежүзілік соғыста 400 мыңдай қазақстандық құрбан болды. Біздің санамыздағы өткен ғасырдың ең үлкен зұлматы болып саналып жүрген соғыстан  еліміздегі ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары 10 есе көп. Осыған қарап-ақ бұл алапат апаттың қандай ауыр екенін білуге болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әр отбасыға салған ойранын кешегі және бүгінгі ұрпақ естіп өсті. Ата-әжелерінен соғыс пен тыл еңбектері кезіндегі басынан өткен ауыртпалығын өз құлақтарымен тыңдады. Әр шаңырақ атпал азаматтарынан айырылып, кей үйдің шаңырағы ортасына түскен. Ал ашаршылық пен қуғын-сүргін кезінде болса бір шаңырақтың ғана емес, бір әулет, бір ауыл, тіпті бір рудың аты өшті, шежіресі тоқтады. Сондықтан ашаршылық пен қуғын-сүргін естеліктері екінің біріне жете бермейді.

«Егемен Қазақстан» газетінегі сұхбатында  тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков ашаршылықтың салдарынан қазақ­тың жартысына жуығы, яғни 49 пайызы жойылып кекенін, бұл қанқұйлы қасырет ор­намағанда, қазақтың саны қазір 40 мил­лион болар еді деген пікірін білдіріпті. Сондай-ақ тарихшы бұл қасыреттің рухани салдарының да ауыр болғанын айтады.  

«Біз тек қана «қазақ жартысынан айы­рылып қалды», «ашаршылық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген са­рындағы пікірлермен шектеліп қал­май, осынау қасіретті жылдар ұлттық та­мы­рымыздан ажыратып, ділімізден жаңыл­дыра жаздағанын түйсінсек игі. Міне, ашаршылыққа осылай баға беруіміз керек. Қаймақтарымызды қалқып алды, барымызды тартып алды. Алашорданың қайраткерлерін айтпағанда, қаншама иманды тұлғаларымыз, рухани көсемдеріміз болған зердесі терең зиялыларымыз жа­зық­сыздан жан кешті. Өзінің туған баласын суға лақтырып, адам етін жеуге дейін бар­ған кездер болды. Қазаққа төнген ашар­шылық – ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек. Оның рухани салдарлары бертінге дейін аға ұрпақтың санасындағы  үрейлене еске алатын ең сұрықсыз көрініске  айналды. Қазақты дәстүрлі жолдан тайдырудың ең үлкен көрінісі осы ашаршылық», дейді Т. Омарбеков.

Тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі «Ғасыр Зұлматы» атты мақаласында қазақ халқының жұрт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі туған бұл зобалаң жылдар жоңғар шапқыншылығынан кейінгі ең бір қасіретті кезең болғанын жазды.

«Қазақ даласын шарпыған аштық туралы сөз қозғағанда, біз көп жағдайда 1921 жылғы ашаршылықты назардан тыс қалдырып жатамыз. Осы жылдары Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан қатты зардап шегіп, соның салдарынан еліміздің батысы мен солтүстік өңірлерінде миллиондаған адам қайтыс болды. Сөйтіп халықтың 30 пайызы қырылды. Жығылғанға жұдырық, ел ішін аштықпен қатар сүзек, тырысқақ, оба аурулары жайлап, аяғы ауыр жұтқа айналды. Сеңдей соғылып сенделген халық қайыршылық күйге түсіп, қынадай қырылды. Мысалы, бір ғана Қостанай губерниясында аштық пен ауру салдарынан халықтың 75%-ға жуығы көз жұмды. Дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі де күрт азайды. Осылайша қазақ халқы ашаршылықтың екінші кезеңін бастан кешті. Күштеп ұжымдастыру кезеңінде республикадағы мал саны 40,5 млн болса, 1933 жылы 4,5 млн мал басы ғана қалды.  Сұрапыл аштық пен аурудан халық бас сауғалап көршілес өзбек, қырғыз, қытай жеріне үдере ауды. Өкінішке қарай, барған жеріне сіңіп кеткен қазақтың есебі әлі толық жасалған жоқ. Тіпті алапат аштықта опат болғандардың саны да әртүрлі деректерде әрқилы айтылып келеді», деді Д. Қыдырәлі.

Бұл қолдан жасалған апат кезінде қазақ баласына қол созым жердегі өз несібесі де бұйырмады. Халықтың табан ет маңдай терін, жиған малын, салған егінін Ресейге жіберіп отырды. Жеткізе алмағанын сатып-сасытып шірітсе де өз иелерін жандарына жолатпады. Бірнеше жылдың алдында Ашаршылық және Қуғын сүргін құрбандарына арналған Алматы қаласындағы ескерткішке гүл шоғын қою барысына бір азаматтың әңгімесін құлағым шалып қалып еді. Ол кісінің бір туысқан апасы ашаршылықтан аман қалған ауылдағы екі баланың бірі екен. Аман қалған кісі мал соятын жердегі аталарының көмегімен тірі қалған екен. Аталары түнде сойылған малдың қанын ұрлап алып шығып ауылдың шетіне апарып қайнатып беріп жүріп өмірін сақтап қалған екен дейді. Қоймадағы еттің бәрі Ресейге кетуі керек, бірақ уақытында кетпей көктемде сасып кетті дейді. Сонда да сасыған етке аш қазақ жақындаса атады екен. Осы сияқты зұлматтың түрлі естеліктерін ел арасынан естуге болады.

Ал Кеңес үкіметі болса, өздері қолдан жасаған апаттың өзін қазаққа қарсы иделогиялық қару ретінде пайдаланды. «Қазақстанның бар мал-мүлкін қазақтар шетелге алып қашып кетті, соның салдарынан аштық болды» дегенді аштықтан кейінгі ұрпақтың санасына сіңірмек болды. Сол арқылы қазақ баласына өз ішінен жау іздетпек болды. Ел Егемендігін алып, азаттыққа жеткен соң әлемге тарыдай шашылған қазақ баласының басы қосылып жатқан сәтте, «құлаған отанның» адал құлдары осы қаруды қолданып, азат қазақтың арасына от салмақ болды. Бірақ азат ойлы, еркін қазақ баласы оған иланбады. Бір-бірін жақын тартып, бауырына басты.  Ел арасына бүлдіріп, ірткі салмақшыларға тойтарыс жасалды.

Осы қилы замандаға қоныс аударудан тыс онсызда қазақтың түңғыш астанасы Орынбор мен Төле би жатқан Ташкентті, Ұйсін мен Ғүннан бастап ұлы жүз бен орта жүзге ұлы қоныс болған Іле, Алтай, Тарбағатайды ешкімде қазақтың жері емес деп айта алмас. Тек, Россия мен Қытай арасындағы теңсіз келісімдердің құрбаны болып осы күнде өзгеге өгей бала болып жүргені болмаса.  Іле мен Алтай арасын Қазақ хандығы кезінде Найман, Керей, Уақ, Албан рулары ен жайлап жатқан еді. 18- ғасырдың басында Жоңғарлар сол қоныстарымызды тартып алып Қазақты бастысқа ығыстырған еді. 18- ғасырдың 50- жылдарынан кейін қазақ өз жерін Жоңғарлардан азат етіп бұрынғы ата қоныстарына қарай ат басын тарта бастады. Жоңғарды жер бетін жойып жібердім деп Цын патшалығы да қазақ жеріне қарай сұқтанып ол жерлерді өз меншігіне айналдыруға күш салды. Қазақ билері не болса да қазақ жерін сақтап қалу мақсатында өз ата қоныстарына барып ірге тебуге бекіді. 18- ғасырдың аяғы мен 19- ғасырдың басында қазақ Орыс патшалығының отарына айналып болды. Ендігі жерде қазақтың қонысын қазақ емес екі империя белгілеп өзара келісімдер мен қазақпен еш санаспай бөлісіп шекара бекітті. Осы жер иесінің қатысуынсыз өткен келісімдердің соңғы нүктесін 1881- «Петербург шарты» деген келісім қойды. Міне содан бастап сол жерде, сонда тұратын қазақта қазақтардың еш қалауынсыз Қытайдың құрамында кетті. Содан бастап ағайынды екі қазақ екі мемлекеттің адамы болған тағдыр басталды. Тек бұның бір ғана қайыры ғана болды. Орыс патшалығы кезінде де патшалықтың қудалауына ұшыраған қазақ пана тұтып шекара бұзып бауырына барып паналап отырды. КСРО құрылғаннан бастап қазақтың асыл тектілеріне қанжар қадалып, қуғын-сүргін басталған кезде асылдан ұрпақ қалу үшін шамасы келгені отбасы мен шамасы келмегені ұрпағын аман алып қалу үшін бала-шағасын жіберіп отырды. Оның бір мысалы ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлын айтуға болады, өзі ажалға бас тігіп ұрпағын аман сақтап қалды. Сол кездегі қазақ байлары мен ел ағалары дерліктей осылай істеді. Егерде сол кезде шекараның сыртында қазақтар болмаса сол асыл текті қазақтардан ұрпақ та қалмай қалған болар еді. Ол кезде дерліктей байлар мен ұрпақтары ұсталғаны ұсталып, аман қалғаны шекара аттап болған. Сол заманда Сталин қорасында бір ат, екі сиыры, 10 қойы болсада қудалауға ұшыратқан еді, ал олардың қашқандары болса байлықтарын арқалап емес, жандарын шүпірекке түйіп шетел аттаған болатын. Сол шекара аттап аман қалған миллионға жуық қазақ шекара бекігендегі бөлінген бауырна арқа сүйеп аттанды деуімізге болады.  Қытайға қоныс аударған ашаршылық пен қуғын-сүргін кезіндегі қазақтардың басым бөлігі 60- жылдары келіп алған болатын. Қытайдағы қалған қазақтар орыстың апанынан талай қазақтың аман қалуына себепші болған еді. Бірақ олардың Қытай үкіметінен көрген қуғын-сүргіні аз болмады. Алтай қазақтары Гималай асып, Европа мен Түркияға барып табан тіреді. 60- жалдардағы ашаршылқ пен 1966- жылдан 1976 жылға дейінгі қуғын сүргінде аз болмады. Соңғысы 2017-2019 жылдар арасындағы қандастардың көрген қысымы.

Өткен ғасыр қазақ баласы үшін үлкен қасыретпен басталып, ақ сарбаспен мәреге жетті. Түнектен кейін таң атты. Өткен тарихымыздың куәгері болмасақ та, мұрагеріміз. Бұған дейін қазақ баласы бір-бірінен ажырап қалса, бұл ғасырда басы қосылды. Десе де әлі өзгенің қанды шеңгеліне ілініп кету  қауіпі бар қандастарымыз аз емес, ілініп те жатыр.  Сол үшін әлі де Сұлтанмахмұт Торайыровтың «Енді Алашты ешкімнің қорлауына бермейміз» дегенін ұран етіп, азаттықтың саясына бар қазақты жинау жұмысын қарқынды  жүргізген ләзім. Сондай-ақ әр азамат елге еңсесін бермейтін, бәсегеге қабылетті бола отырып, өзін және елін ендігі қауіп-қатерден қорғай алады. Қорта айтқанда өткеннің қасыретін еске алағанда алдағы әр қадамымыздың салмақты екенін байқаймыз.

Тұрдыбек Құрметқан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 Ақпараттық жүйлер кафедрасының оқытушысы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Қабанбай шоқысы
    Қытай-Қазақ шекарасы және Қазақ ашаршылығы