2019 жылы Қытайда тұратын 34 970 қазақ ҚР визасын алды

Уақыты: 2019-12-03 Көрлімі: 3310 Сипаттама

2019 жылғы 1 қаңтар - 30 қазан аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық мекемелерінен 34 970...

7057963f23231cc385245483b3fde018.jpg


       2019 жылғы 1 қаңтар - 30 қазан аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық мекемелерінен 34 970 этникалық қазақ ҚР визасын алып, Қазақстанда тұратын туыстарымен қауышты, деп ҚР Сыртқы істер Министрінің Бірінші орынбасары Ш.Нұрышев  Елордада өткен  «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық форумда айтты.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары  Зауытбек Тұрысбеков, ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен әлемнің әр жерінен келген қандастар қатысқан, «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен шет елдердегі қазақ диаспорасының тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында өткізген жиында Қытайдағы қандастар мәселесі де қозғалды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің қандастарды қолдау мақсатында атқарған шаруалары тураы баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер мининстрінің бірінші орынбары, Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы Елшісі Шахрат Нұрышев дипломатиялық арналар арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазақтардың Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі өз шешімін тапқанын айтты.

Сондай-ақ министрдің орынбасары Қазіргі таңда этникалық қазақтарға қатысты мәселе екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардағы «өте сезімтал» сұрақтың бірі болып тұрғанын айтып өтті. 

«Қытай тарапы ҚХР азаматтары болып табылатын қазақтардың мәселесін Қытайдың ішкі ісі деп санайды. Бұған қарамастан, Министрлік қандастарымызды Қытайдан Қазақстанға шығару мәселесі бойынша түрлі деңгейдегі нақты жұмыстарды одан әрі жалғастыруда»,- деді Ш. Нұрышев.

Министрліктің өкілі Қытай тарапына әрбір қандастың арызы бойынша нота жолданғанын да айтты.

«Отбасын біріктіру мақсатындағы шақыруға» және зейнетақыларды төлеуге қатысты өзекті мәселелерді де Министрлік қытайлық тараппен болған кездесулерде тұрақты түрде көтеріп, әр азаматтың арызы бойынша тиісті қолғабыс көрсетуді талап етіп, қытай тарапына жеке ресми ноталар жолдауда,- деді ол.

 

2017 жылыдан бастап Қытайдағы қандастардың белгілі қиындықтарға ұшырағаны туралы ақпараттар әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында жариялана бастады. Осы кезде түрлі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар бұл мәселені көтеріп, қандастарға жәрдемдесудің түрлі жолын іздеді. Қандастар қиындыққа душар болған сәттен бастап «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі бұл мәселені басты назарға ұстады. Отандық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Қытайдағы қандастар мәселесі тек екі елдің дипломатиялық арналары арқылы шешілетінін айтып отырды. Мәселен, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек. 2017 жылы «Жас Алаш» гезетіне берген сұхбатында   «Қазір Тибетке рұқсатсыз ешкім кіре алмайды, азуын айға білеген Америка, жан саны Қытайдан қалыспайтын Үндістан, Нобель сыйлығының иегері Далай Лама да ештеңе істей алмай отыр. Мен мәселенің осы жағына көбірек көңіл бөлгім келеді. Қытай басшысы осы бес жыл ішінде елімізге үш рет келді. «Бір жағалау – бір жол» стратегиясы алғаш рет Назарбаев университетінде ортаға қойылды. Біз неге осы үлкен атмосфераны пайдаланып, іргемізді бекемдеп, кемдігімізді толықтап алмаймыз?! Қытайдың тарихында көп нәрсе үстел басында бітеді. Сол үшін біздің дипломаттар шеберлік көрсетіп, сөйлесуі керек»,- деп мәселені дипломатиялық жолмен шешуді ұсынды. Сондай-ақ Жебеу жекелеген қандастардың шағымы және осы мәселе бойынша жалпылама хаттар мен сараптамалар жазу арқылы ҚР Президент апаратына, ҚР Үкіметіне, Парламентке, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы консулдығына мәселенің шешу жоларын ұсынып отырды. 2018 жылдың 13-19 тамыз аралығында "Жебеу" Респубикалық қоғамдық бірлестігінің басшылары мен мүшелері бар 18 адамнан құралған делегация Қытайдың Бейжің, Ухан, Үрімші, Құлжа қалаларында болып, қандастарымыз ұшырап отырған қысысмға байланысты қатысты орындардың басшылармен пікір алмасып, бар жағдайды ашық және бүкпесіз, нақты дәелдермен жеткізді. Қысымға ұшыраған азаматтардың хаттары мен тізімдіктерін тиісті орындарға өткізді. Қандастар мәселесі бойынша Бейжіңде ҚХР-ның үш министрінің орынбасары мен Үрімжі қаласында Шыңжаңның өлкелік партия комитетінің саяси бюро мүшесі әрі күнделікті қызметке жауапты орынбасар төрағасы және 14 мемлекеттік департамент басшыларыларының қатысуымен кездесу өткізді.

Елбасы Нұрслтан Назарбаевтың 2018 жылғы Қытайға сапары, бұрынғы ҚР Сыртқы істер миистрі Қайрат Әбдірахменов, қазіргі ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және сол кездегі Қытайдағы Елші Шахрат Нұрышевтың қытай тарапымен жиі кездесулер өткізіп, Қытайдағы қандастар мәселесін жан-жақты талқылауының нәтижесінде минисрдің орынбасары айтқандай, қазір көптеген мәселе шешімін тапты. Баяндамасында  Нұрышев әлі шешімін таппаған мәселелерді министрлік өз бақылауында ұстап, қытай тарапымен жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайынан кейінгі қандастарды қолдау тақырыпында өткен ең үлкен форумға Мемлекеттік хатшы мен Үкімет басшысының орынбасары және басқа министрлердің қатысуы қандастар мәселесіне бұрынғыдан да көп көңіл бөліне бастағанын білдірсе керек. Бұны Ш. Нұрышевтың баяндамасындағы «Министрлік жүйесінде қазақ диаспорасымен қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне жауапты Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші тағайындалды. Сондай-ақ Консулдық қызмет департаментінің құрамында Қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізу басқармасы құрылып, шет елдердегі дипломатиялық мекемелердегі жоғары лауазымдағы қызметкерлерге диаспорамен жұмыс жүргізу міндеті қосымша жүктелгенін атап өтеміз»,- деген сөзі дәлелдей түскендей. Осы ретте вице министрдің қандастарды қолдауға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің атқарар шаруалары туралы баяндамасының толық нұсқасықасын назарларыңызға ұсынамыз:

 1574919035323291.jpg

 

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

Құрметті Нұртай Әбіқайұлы!

Құрметті Отандастар!

 

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері өз құзыреті шеңберінде әлем бойынша қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсету шараларын атқаруды тұрақты түрде жалғастыруда. Атқарылған жұмыстардың нәтижелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.М.Сапарбаев төрағалық ететін Үкімет жанындағы шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі мекемеаралық комиссиясының отырыстарында ұдайы баяндалып отырылады.

Министрлік жүйесінде қазақ диаспорасымен қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне жауапты Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші тағайындалды. Сондай-ақ Консулдық қызмет департаментінің құрамында Қазақ диаспорасымен жұмыс жүргізу басқармасы құрылып, шет елдердегі дипломатиялық мекемелердегі жоғары лауазымдағы қызметкерлерге диаспорамен жұмыс жүргізу міндеті қосымша жүктелгенін атап өтеміз.

ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрылтайшыларының бірі болып табылатындықтан, «Отандастар қоры» жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес пен қоғамдық комиссияның жұмыстарына да белсене атсалысуда. Мәселен, ҚР Сыртқы істер министрлігі және оның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері «Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу бойынша халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеді. Осы Заңның жобасы қоғамда қызу талқылауға түсетінін ескере отырып, 17 елдің диаспораға қатысты заңдарының бейресми аударылған мәтіндері мен 44 елдің диаспоралық саясаттары туралы ақпараттық-талдау материалдарымен мүдделі министрліктер мен мекемелерді, осы саладағы қоғамдық белсенділерді таныстырды.

 

         Құрметті Кеңеске қатысушылар!

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Қытайдағы этникалық қазақтардың төңірегінде әртүрлі әңгімелер таралуда. Осы ретте Министрлік қандастарымыздың мәселелерін шешу мақсатында Қытай тарапымен тығыз диалог орнатып, түрлі келіссөздер мен консультациялар өткізуде.

Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдан бастап Қытай Халық Республикасының Шынжаң Ұйғыр Автономиялық ауданындағы миграциялық режимнің және терроризмге қарсы күрестің күшеюіне байланысты Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға шығуы қиындады. Дей тұрғанмен, дипломатиялық арналар арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазақтардың Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі өз шешімін табуда. Қытайлық тараптың мәліметі бойынша, қандастардың Қытайдан Қазақстанға шығу шектеуі алынып тасталынды. Тек, ҚХР заңдарын бұзғандарға ғана шектеу қойылатындығы ескертілді. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылғы 1 қаңтар - 30 қазан аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық мекемелерінен 34 970 этникалық қазақ ҚР визасын алып, Қазақстанда тұратын туыстарымен қауышты. Қос азаматтығы үшін Қытайдан шыға алмай жүрген 35 азаматтың 29 босатылып, елімізге қайтарылды.

Қазіргі таңда этникалық қазақтарға қатысты мәселе екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардағы «өте сезімтал» сұрақтың бірі болып тұр.  Қытай тарапы ҚХР азаматтары болып табылатын қазақтардың мәселесін Қытайдың ішкі ісі деп санайды. Бұған қарамастан, Министрлік қандастарымызды Қытайдан Қазақстанға шығару мәселесі бойынша түрлі деңгейдегі нақты жұмыстарды одан әрі жалғастыруда.

ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ҚР азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдаған этникалық қазақтар ҚР-дағы Қытай дипломатиялық өкілдіктері арқылы ҚХР азаматтығынан шығу процесін ресімдеуде. Қытай Елшілігінің мәліметі бойынша, соңғы 1,5 жыл ішінде 6 мыңнан астам этникалық қазақты ҚХР азаматтығынан шығарды. Алайда, ШҰАР-дағы көші-қон саласындағы енгізілген жаңа тәртіпке байланысты бірқатар қазақтардың ҚХР азаматтығынан шығу мәселесі әлі шешімін таппауда. Дегенмен, Министрлік бұл мәселені өз бақылауында ұстап, қытай тарапымен жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Осы ретте Қытайдағы қандастарымызға Қазақстан мен Қытайдың заңнамаларына сәйкес қос азаматтыққа жол берілмейтіндігін естеріне саламыз.

«Отбасын біріктіру мақсатындағы шақыруға» және зейнетақыларды төлеуге қатысты өзекті мәселелерді де Министрлік қытайлық тараппен болған кездесулерде тұрақты түрде көтеріп, әр азаматтың арызы бойынша тиісті қолғабыс көрсетуді талап етіп, қытай тарапына жеке ресми ноталар жолдауда.

 

 

         Құрметті қандастар!

 

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетіндігімізді айтқан болатын.

Осыған орай «Абай жылы» аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 70-ке жуық шетелдерде 250-ден астам әртүрлі шаралар өткізеді. Шет елдерде мекен ететін отандастарымызды осы шараларға белсене қатысуға шақырамыз.

Мәселен, шет елдерде білім алып жатқан жастарымыз, қазақ диаспорасының өкілдері Наурыз мейрамы қарсаңында Елшілікте «Ұлы Абай – халықтың жүрегінде» атты Абайдың шығармашылығы негізінде диктант жазып, #МенАбайдыоқимын халықаралық челленджі сайысына қатысады. Сондай-ақ «Абайдың мұрасы – адамзат қазынасы» әлеуметтік роликтер шет елдердің мәдени телебағдарламаларында көрсетілетін болады. «Құнанбай» көркем фильмін шет елдердің кинотеатрлары мен телеарналарында көрсету үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және «Қазақфильммен» бірлесіп жұмыс атқарудамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде бүкілхалықтық «Домбыра күнін» атап өту бастамасын көтерген болатын. Осыған орай 2020 жылдың 5 шілдесінде 50-ден астам шет елдерде халықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы өтеді. Домбырашы қандастарымыз да өз өнерлерін сол күні көрсетеді деген үміттеміз.

Қазіргі уақытта Елшіліктер Грузия, Аустрия, Литва, Иордания, Моңғолияда көшелерге Абай атын беру сұрағы бойынша жергілікті билік өкілдерімен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ Абай жылы Германия, Аустрия, Италия, Болгария, Ресей, Грузия, Үндістан, Латвия, Моңғолияның басқалаларында Абай ескерткіштерін орнату мәселесі пысықталуда.

Абай есімін АҚШ, БАӘ, Польша, Латвияда ұлықтау аясында сол елдердің пошта маркалары шығарылатын болады. ҚР-ның АҚШ, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Мажарстан, Грекия, Пәкістандағы Елшіліктері мен Иранның Горган қаласындағы Бас консулдығы ғимараттарында «Абай орталықтары» ашылады. Ал Армения, Италия, Болгария, Латвия, Индонезия, Мысыр, Иорданиядағы қазақстандық ұлттық университеттерінің серіктес-жоғары оқу орындарында, кітапханалар мен басқа ғылыми-ағартушылық мекемелерінде «Абайды зерттеу орталықтары» да салтанатты түрде ашылады.

Абай Құнанбайұлының шығармалары 30 шет тіліне аударылады. Ресей Федерациясында мекен етіп жатқан, қолданыс аясы кең 10 тілде Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдерін іждаһатты жолмен, атақты жазушылар мен аудармашылардың қатысуымен кітапты басып шығару да жоспарымызда бар. Елшіліктер М.Әуезовтың «Абай жолы» романын араб, түрік, грек, армян, моңғол, вьетнам тілдеріне аударуға атсалысуға дайын. Кембридж университетінің баспасында Британдық Кеңеспен бірлесіп Абайдың өлеңдері мен қара сөздері кіретін жинақты ағылшын және қазақ тілдерінде басып шығарамыз.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындық шараларды да қарқынды жүргізуде. «Әл-Фараби ізімен» атты халықаралық экспедиция 2020 жылдың наурызында Отырардан басталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы «әл-Фараби ғылыми-зерттеу Орталығымен» ақылдаса отырып, қазақстандық фарабитанушы ғалымдардың қатысуымен қасиетті Түркістанда ғылыми-практикалық конференция өткізбекшіміз. Одан кейін экспедиция «Әл-Фараби ізімен» Өзбекстанда - Ташкент (Шаш), Самарқан, Бұхара шаһарларында болып, Түрікменстанда ежелгі Мервтің археологиялық және сәулет ескерткіштері кешенін аралап, Иранда - Нишапур, Рей сияқты көне қалаларға зиярат жасайды. Ташкент, Ашғабад және Тегеранда сол елдердің фарабитанушы ғалымдары және қандастарымызбен бірге дөңгелек үстелдер өткіземіз.

Ыстамбұл мен Дели қалаларындағы «әл-Фараби үйлерінің» қызметтерін жандандыруға да көп көңіл бөлудеміз. 40-қа жуық шет елдерде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған фотокөрмелер ұйымдастырылады. «ҚазПоштаның» атсалысуымен АҚШ, Швейцария, Германия, Нидерланд, Түркия, Латвияда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған сол елдердің мерекелік пошта маркалары шығарылады.

Сөзімнің соңында, Сыртқы істер министрлігі:

- ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел», «Ұлы Даланың жеті қыры» және тағы басқа игі бастамаларын шет елдердегі қазақ диаспорасымен бірге іс жүзіне асыруға;

- ҚР-дың шет елдерде орналасқан дипломатиялық және консулдық мекемелерімен бірге қазақ диаспорасына мәдени, білім беру, әлеуметтік, сауда-инвестициялық, құқықтық және т.б. мәселелер бойынша кешенді мемлекеттік қолдау көрсетуге атсалысуға;

- шетелдерде тұратын қазақтар үшін Қазақстан аумағында бизнесті дамыту үшін жағдай жасау тетіктерін қарастыруға;

- ҚР-дың шет елдердегі дипломатиялық мекемелері ұйымдастырып отыратын ресми және қоғамдық мәдени, спорттық іс-шараларға сол елдерде тұратын қандастарымыздың тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз етуге;

- қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани құндылықтарын қазақ диаспорасына таныстыру мақсатында қазақ тілін тиімді меңгеруге арналған өнімдерді тегін таратуға;

- шетелдегі этникалық қазақтар ықшам орналасқан өңірлерде олардың латын әліпбиі негізінде ана тілінде білім алуына, жас ұрпақтың қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениеті үлгісінде тәрбие алуына мүмкіндіктер жасауға мүдделі екенін атап өтемін.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

2019 жылғы 28 қараша, сағат 10:00, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының ғимараты, Р2 қабатындағы мәжіліс залы

 Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Назарбаев: Түркі әлемінің бесігі - Түркістан қаласы қайта түлей бастады
    Біржан Нұрымбетов: Биыл 13 мың қандасымыз тарихи Отанына оралды