Ауылдарда қазақ мектебінің үлесі аз

Уақыты: 2023-03-28 Көрлімі: 357 Сипаттама

Ресеймен шекаралас өңірлерде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы оңбай тұр. Со­ның бір дә...


Ресеймен шекаралас өңірлерде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы оңбай тұр. Со­ның бір дәлелі – қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылар үлесінің өте аздығы.

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Мәселен, таза қазақ мектептері Железин ауданында – 20, Тереңкөлде – 15 пайыз болса, Успен және Шарбақты аудандарында 10 пайыздан аспайды. Теріскей аудандардағы орыс сыныптарын тәмамдайтын түлектердің 90-95 пайызы Ресейдің Том, Омбы, Новосібір қалаларындағы жоғары оқу орындарын таңдайтыны да шындық.

Мысалы, Шарбақты ауданындағы 24 мектептің тек бесеуі ғана – қазақша. Он екі орыс және жеті аралас мектепте жал­пы саны 1 900-ге жуық бала орыс тілін­де тәрбиеленіп жатыр (қазақ сынып­тарында небәрі 926 оқушы ғана). Ал аудан ор­талығында 4 мектеп бар болса, со­ның тек біреуі – қазақ мектебі. Абай Құнанбайұлының атын иеленген білім орда­сы 300 оқушыға ғана лайық­талған. 2015 жылы жаңа ғимарат салы­нып берілгенде әлде қасақана, әлде білмес­тіктен 300-ден артық оқушы оқи алмай­тындай шағын етіп салынған. Ал мектеп­те бүгінде 340 бала оқып жүр. Ең қы­зығы, өзге үш мектептің барлығы орта біл­імді таза орыс тілінде оқытады.

Аудан орталығында тұратын кейбір отбасылар Абай мектебі алыс болған соң амалсыздан балаларын іргеде тұрған орыс мектептеріне беруге мәжбүр екенін айтады. Әлгі оқу ұйымдары қазақы тәрбие мен білімнен жұрдай. Мұндағы ұл-қыздардың 99 пайызы қазақ тілінде амандасудан әрі аса алмайды. Себебі мектеп қабырғаларында мемлекеттік тілді үйретуге қатысты нақты талап, тілдік орта жоқ. Ата-аналардан сұрап білгеніміздей, Тәуелсіздік күні, Республика күні мерекелеріне бұл үш мектепте аса көңіл бөлінбейді. «Аудан жұртшылығы жаппай Наурыз мейрамын тойлай бастағанда білім беру бөлімінен әдейілеп барып түртпектемесе, әлгі білім ошақтары тасада қалғанды жөн көреді. Қысқасы, мұндағы орыс мектептерінің сипаты Байқоңыр қаласындағы жағдайға тән», деді аты-жөнін атамауды өтінген шарбақтылық тұрғын.

Ұлттық идеология сіңірілмегеннің салдары болар, оларды жыл сайын тәмам­дап шығатын түлектердің 90 пайызы бірден Ресейдің оқу орындарын таң­­дайды екен. Павлодар қаласындағы С.Торайғыров университеті, Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университет, Инновациялық Еуразия университетінің ғалымдары мен оқытушылары ауданға талай мәрте ат ізін салып, түлектерді үгіттеп көрмек болған. Алайда одан шыққан нәтиже шамалы.

Абай атындағы орта мектепті 8 жыл­­дан бері басқарып отырған директор Нұрмира Жақыпованың айтуынша, соңғы уақытта аудан орталығында Қы­тайдан көшіп келген қандастарымыз бен еліміздің оңтүстігінен қоныс аударған ағайындарымыз көбейіп келеді. Әлбетте, олар ұл-қыздарын қазақ мектебіне бере­тіні анық. Атына заты сай қазақ мек­тебі Павлодар облысындағы үздік орта білім беру ұйымдарының қатарына ене­тінін көпшілік біле бермеуі мүмкін. 2021 жылы облыстық байқаудан ауыл мектептері арасында дара шығып, облыс әкімі тағайындаған 50 млн теңге жүлдені ұтып алған.

Биыл мектеп жанындағы даярлықта 36 бала оқып жатыр. Алдағы оқу жылында олардың саны өсе түсуі де ғажап емес. Себебі Ертіс-Баян өңіріне көші-қон бойынша квота көп бөліне бастады. Ендеше, қандастарымыз көптеп ке­­леді деп үміттенеміз. Осы жерде орын тапшылығы мәселесі бой көрсе­туі мүмкін. Себебі сырттан келе­тін қазақ отбасындағы балалардың бас­қа мектепті таңдау мүмкіндігі жоқ. Қазір­­дің өзінде оқушылардың біразы Қос­құ­­дық пен Малиновка ауылдарынан, теміржолдың арғы жағындағы үйлер­ден келіп оқитын көрінеді. Жергі­лікті тұрғындардың пікірінше, аудан орталығында мемлекеттік тілде оқытатын тағы бір мектеп ашу керек. Орыс мектептерінің кейбірінде бос кабинеттер көп. Мәселен, гимназия сыныптары бар №1 мектеп 1 мың балаға лайықталып салынған. Білуімізше, қазір онда 500-ден астам оқушы ғана білім алып жүр. №2 негізгі мектепте де бала саны толық қуаттылықты жаппайды. Сондықтан соңғы білім беру ұйымындағы оқушыларды №1 және №3 орта мектептерге бөліп, оның ғимаратында қазақ мектебін ашса болар еді деп санайды мәселені жақсы білетін жергілікті жұрт. Бұл ұсынысты өңір басшылығы ескереді деп үміттенеміз.

Шарбақты ауданындағы тағы бір сүреңсіз жағдай, осыдан бірер жыл бұрын оңтайландыру сылтауымен орта­лықтағы қазақ балабақшасын орыс тілінде тәрбиелейтін балабақша меке­месіне қосып жіберген. Соның салда­рынан қазақ балаларының тілі шұбар­ланып, аралас балабақшада ұлттық тәрбиенің иісі де қалмай бара жатыр дейді білетіндер.

Негізі Шарбақтыны қойып, жалпы Павлодар облысында қазақ мектептерінің үлесі аз. Ресми статистиканы сөйлетсек, жергілікті халықтың басым бөлігін өзіміздің қаракөздеріміз құрайтынына қарамастан, 360 мектептің тек 137-сі ғана, яғни 38 пайызы таза мемлекеттік тілде білім береді. Өңірде 114 025 оқушы бар болса, соның 42,6 пайызы қазақ тілінде оқытылады (бұл жерде аралас мектептерді қосып отырмыз). Мектептерді аралас білім беруге көшіру біртіндеп жүзеге асып жатқанымен, нәтиже мардымсыз. Ондай мектептердің саны облыста – 171. Көбі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында, Тереңкөл, Железин, Павлодар, Ақтоғай аудандарында орналасқан. Алайда Успен мен Шарбақтыда қазақ мектептерінің үлесі небәрі 10 пайыз болғанына қарамастан, мұнда аралас мектептердің саны да аз, әрқайсысында 7 мекемеден тіркелген. Соған қарағанда аталған аумақтардағы мектептерді қазақ тіліне көшіру үрдісі әлі де тежеле беретіндей.

Бір ерекшелігі, ауылдарымыз қазақ тілінің қаймағын бұзбай сақтап отыр деп лепіріп жүргенде, қалалық жерлер мектептерді қазақшаландыру үрдісінде аудандардан көш ілгері озып кеткен. Мысалы, Павлодар қаласында қазіргі күні 15 қазақ мектебі, 38 аралас мектеп және 3 орыс тілді (үшеуі де жекеменшік) мектеп бар. Екібастұз бен Ақсудағы көрсеткіштер де үмітімізді еселей түседі. Алғашқысында таза орысша оқытатын – 4, соңғысында 3 мектеп қана қалған.

Өңірлік білім беру басқармасы бас­­шысының орынбасары Гүлмира Ба­ши­рова облыс орталығындағы оқу­шы­лардың 33,5 пайызы (17 731 оқу­шы) ана тілімізде оқитынын, жалпы алғанда, жыл санап қазақ мектебін таң­дайтындардың саны біртіндеп өсіп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, облыс орталығында 2020 жылы – 1 446, 2021 жылы – 1 745, былтыр 1 880 жеткіншек қазақ сыныптарының табал­дырығын аттаған. Ал орыс сыныптарына құжат тапсырғандар бұрнағы жылмен салыс­тырғанда 463-ке кеміген.

– Бұдан шығатын қорытынды – оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектеп­тердің табалдырығын аттағандар саны біртіндеп азаюда, ал мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарда білім алушылар саны артып отыр. Павлодар қаласы бойынша 10 995 оқушы соңғы үш жыл ішінде орыс мектептерінің 1-сыныптарында білім алды. Осы жылдар аралығында 228 оқушыға азайған. Алайда Ақсу қаласында (23 пайыз), Железин ауданында (20), Тереңкөлде (15), Успен және Шарбақты аудандарында (10 пайыз) қазақ мектептерінің үлесі өте төмен. Өңірде таза орыс тілінде оқытатын 52 мектеп сақталып отыр. Басым бөлігі – аудандарда. Жыл са­йын қала, аудан мектептері оқушыларды жос­парлы түрде қабылдайды. Өзге ұлт өкілдері мол шоғырланған Ертіс, Успен, Шарбақты, Тереңкөл, Павлодар, Железин аудандарындағы қазақ және аралас мектептердің құрамын, оларда білім алатын оқушылар контингентін бақылап отырамыз. Соңғы 5 жылда орыс тілді 24 мектепте қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптар ашылды. Бес аралас мектеп (Павлодар қаласындағы Малайсары мектебі, №7 орта мектеп, Павлодар ауданындағы Заңғар орта мектебі, Григорьевка орта мектебі, Ақсу қаласындағы М.Қабылбеков атындағы орта мектеп) мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге ауыстырылды. Ағымдағы оқу жылында облыс орталығында Ә.Бөкейхан атындағы қазақ лицей-мектебі ашылды. Бүгінгі таңда бұл мектепте 884 бала оқиды, – деп баяндады Гүлмира Баширова.

Павлодардағы кейбір қазақ мектептері үшін бірінші сыныптарға бала жинау қиынға түсетін үрдіс. Ерте көктемнен бастап білім ордалары өз аумақтарындағы ата-ана­лар арасында үгіт-насихат шарала­рын жүргізіп, мұғалімдер күзге дейін салпаңдайды. Малайсары батыр атындағы қазақ орта мектебінің директоры Азамат Сыздықов былтыр үш сыныпқа 69 бала қабылданғанын, оның алдындағы жылдары екі сынып қана жасақталып келгенін айтты. Негізі мектеп 960 орынға лайықталған, былтыр «Заманауи мектеп» өңірлік жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Әйтсе де бүгінде мұн­да 510 оқушы ғана білім алып жүр. Мек­тепті толтыруға қатысты түйткіл алда­ғы жылдарда да сақтала беретіндей. Себебі балаларын қазақша оқытуға бейілді ата-аналардың үлесі әлі де болсын төмен.

Соған қарамастан өңірде оқушы орындарының тапшылығы 6 932 бірлікті құрайды екен. Яғни бұл негізінен аралас мектептерге қатысты жағдай. Павлодар шаһарында үш ауысымда жұмыс істей­тін 8 мектеп бар (№5, 9, 18, 21, 24, 29, 34, 43). Оның үстіне былтыр ашылған Ә.Бөкейхан атындағы орта мектепте балалар саны тым көп. Орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу үшін оқу орындарының жанынан жапсарлас ғимарат тұрғызу көзделген және жаңадан мектептер салу қарастырылып отыр. Мысалы, бүгінгі таңда академик Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебінде қосымша 324 орындық жапсаржайдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал «Достық» шағын ауданында тұрғызылып жатқан 1 200 орындық жаңа білім ордасы келер жылы ашылады деп жоспарланған.

Білім беру басқармасының мәліме­тінде Ақтоғай, Баянауыл, Май және Аққулы аудандарында барлық мектепке дейінгі ұйымдар 100 пайыз мем­лекеттік тілде тәрбие береді деп көрсе­тілген. Иә, бұл өңірлерде қаракөз­дері­міз молынан шоғырланған. Алайда аталған аумақтардағы балабақша мен мектептердің арасалмағында парадокс байқалады. Балабақшалар барлық баланы қазақ тілінде тәрбиелеп шығар­ғанымен, мектеп табалдырығын атта­ғанда балдырғандардың белгілі бір бөлігі орыс тілінде оқиды. Бұл жерде тағы да статистиканы сөйлетсек, Баянауыл ауданында – 2, Ақтоғайда – 12, Май ауданында – 2, Аққулыда 8 аралас мектеп сақталып отыр. Ендеше, қазақ балабақшасында тәрбиеленіп шыққан жеткіншектер қалайша орыс сыныптарын таңдайды? Осы бір кілтипан ата-аналарды ғана емес, білім беру мекемелерін, жергілікті билік өкілдерін ойландыруы тиіс емес пе? Әлде бұл өңірлердегі балабақшалардың аты – қазақша, заты орысша ма?

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсен­бекұлы осыдан біраз жыл бұрын аудан орталығындағы №2 орта мектеп толықтай қазақша оқытуға ауыстырылғанын, алайда ол көп ұзамай қайтадан аралас болып кеткенін айтты. Бұл жерде ата-аналардың сұранысынан бөлек, орыс сыныптарына сабақ беріп келген мұғалімдердің талабы бар болғаны рас. Десе де қазақы қаймағы бұзылмаған дәл Баянауылдай елді мекенде аралас мектепті сақтап тұра беруге ешбір себеп жоқ екенін жеткізді. Сондықтан жергілікті білім саласына жауаптылар бұл мәселені тағы бір мәрте безбендеп, таразыға тартып көреді деген сенім мол.

Өкінішке қарай, жоғарыдағы сүрең­сіз жайттар жергілікті атқарушы органдарды онша-мұнша ойландыра қой­майтындай. Шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді баянды ете түскен уақыт­та жергілікті білім саласына жауап­тылардың немқұрайдылығы ана тіліміздің жас ұрпақ арасында дамуына балта шауып отырғандай. Ата-аналар арасындағы насихат жұмы­сының жеткіліксіздігі, орыс және аралас мектептеріне мемлекеттік тілге қатыс­ты талаптардың дұрыс қойылмауы, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған атқарушы органдардың мәселеге мән бермеуі осындай сұрықсыз жағдайға жеткізген. Ең қызығы, бұл статистиканы жақсы жағына қарай өзгертуге білім беру бөлімдерінің жоспарлары да жоқ секілді. Мақаланы әзірлеу барысында Шарбақты аудандық білім беру бөлімінің басшысына бірнеше мәрте хабарласып көргенімізбен, сөйлесу мүмкін болмады. Ал жергілікті мүдделі мемлекеттік органдардың мамандары бұл мәселені ашық айтудан жүрексінеді.

Керекудегі қазақ мектептерінің санын ұлғайту өте өзекті мәселе болып қала беретіні ақиқат. Бұл бағытта білім беру органдары стратегиялық құжат әзірлесе де артық болмас. Ресми тіл соңғы жылдары өзінің өктемдігін жоғалтып, ана тіліміздің ықпалы күшейе түскенін мектептер өз пайдасына асыруы тиіс деп есептейміз. Қазір теріскейдегі аудандарда қазақтың саны өскен. Осыны назарға алатын уақыт жетті.

 

Мұрат ҚАПАНҰЛЫ

Павлодар облысы

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Төлеген Асанбаев, белгілі жылқытанушы: Қазақ жылқының тұяғына қарыздар
    Ғылымға көзқарас – мемлекет өркендеуіне көзқарас

    Ұқсас тақырыптар