ОМАРӘЛІ ӘДІЛБЕКҰЛЫ: КӨШІ-ҚОНҒА ҚАТЫСТЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖАСАУ — БІРЕУЛЕРДІҢ БИЗНЕС КӨЗІ

Уақыты: 2022-10-06 Көрлімі: 625 Сипаттама

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы филиалының төрағасы Омарәлі Әділбекұлының "Заң газетіне" берген сұхатын аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз....

 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы филиалының төрағасы Омарәлі Әділбекұлының "Заң газетіне" берген сұхатын аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.  

– Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайының өткеніне биыл 30 жыл толды. Бұл мерейтойды қауымдастық қалай атап өткелі отыр?

– Бұл шараға орай жеке өзім биыл Алматы филиалының атынан Шалқар радиосында 2 рет сұхбат бердім. Жақында Жамбыл атындағы филармонияда есімі Қытайда да, Қазақстанда да танымал Күлмән Шүленбайқызы деген апамыздың кеші болады. Пандемияға байланысты соңғы жылдары кейінге ысырыла берген бұл кеш құрылтайдың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Одан кейін танымал адамдар мен кәсіпкерлердің көмегімен Алматыда үлкен бір мерекелік концерт өткізбекпіз. Ол Республика сарайында не Алатау дәстүрлі өнер театрында болады. Мерейтойдың Алматыдағы басты шарасы болатын бұл концерт қараша айына жоспарланып отыр.

– Осыдан 11 жыл бұрын қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңдағы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның шетелдегі өзге де мекемелерінің құзыреті туралы 10-баптың орындалуына қатысты шетелдегі қандастар тарапынан сын-ескертпелер барын естідік. Сынның төркініне үңіліп көрдіңіз бе?

– Кейбір журналистер ресми ақпаратқа көп мән бере бермейді. Қазір халықтың көбі ютубта, инстаграмда отырады. Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар және тағы басқа да телеарналардағы ақпаратты көп көре бермейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшылығының өтінішімен Қостанайда, Қарағандыда, Петропавлда және басқа қалаларда қандастар қоныстанатын арнаулы жерлер бөлінді. Онда қандастардың шағын қалашықтары тұрғызылмақшы.

– Мен бұл жерде Қазақстанның көші-қон саясатымен шетелдегі қазақтарды таныстырып, олардың талап-тілектерін орындаудағы Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі өзге де ресми мекемелердің өз құзыретін жүзеге асыруына қатысты диаспора өкілдерінің арыз-шағымы туралы білгім келеді…

– 2017 жылдан бастап Отандастар қорының жанында 1404 деген сенім телефоны жұмыс істейді. Ол телефонға кез келген жерден ақы төлемей хабарласа аласыз. Мен өзім күніне 10-15 телефон қоңырауын қабылдап, онда айтылған өтініштер мен ұсыныстарды құзырлы орындарға жолдап отырамыз.

– Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы қаншалықты орындалып отыр?

– 2017 жылы V құрылтайдан кейін еліміздің көші-қон бағыты өзгерді. Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына солтүстіктегі бес, батыстағы екі облыс кіреді. Ол осында көшіп келетіндерге бөлінеді. Осы жерде өз ойымды айта кетейін. Қазір көші-қон науқанға айналып кетті. Көшіп барып, квота алған соң барған жерінен қайтадан қайтып кететіндер бар. Квотамен келген қандастар мен қоныс аударушылардың отбасындағы әрбір адам басына 200 мың теңгеден қаржы беріледі. Өкінішке қарай, олардың кейбірі онда 2 жыл тұрған соң алдымен бала-шағасын осында жіберіп, артынан өздері де келіп алады.

– Қазір әлеуметтік желіде қандастар 5 жыл тұрмаса, Қазақстанның азаматтығын бермейді деген әңгіме қозғалып жүр. Бұл өзі қайдан шығып отыр?

– 2021 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Көшіқон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеген еді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей осы тұжырымдама әлі күнге дейін жұртшылық арасында дау болып келе жатыр. Тұжырымдаманы жасағандар квотамен келген қандастарды өңірлерге қоныстандыру үшін 5 жылдай уақыт керек деп мөлшерлеп, азаматтықты 5 жылдан кейін береміз деген кезде, бұл солтүстік облыстарға қаратылған деп түсіндіру керек еді. Өйткені, әлі күнге дейін басқа жерге өз бетімен көшіп келген қандастар азаматтықты да, ықтияр хатты да еш кедергісіз алып жатыр. Бізде үлкен саясатта кедергілер жоқ. Бірақ атқарылу барысында, түсіндіру барысында, одан кейін кей адамдардың «отқа май құюы» барысында түсінбеушілік туып отыр. Мәселен, елімізде қай қазақты шекарадан шығарып жіберіпті? Ондайды өзіңіз көрдіңіз бе? Тек шекара бұзып өткен 3-4 азамат бар. Оның жағдайын білесіз. Түрлі әңгімелер тарап жатыр. Оларды да «Қазақстанға сен заңсыз келдің» деп Қытайға қайтарып берген жоқ. Абайдың керемет өлеңі бар ғой «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ. Аңдыстырған екеуін құдайым-ай» деген. Бізде қазір осы жағдай боп тұр. Біздің билік те шала сауатты әрекеттерді көп істейді. Мысалы, бір министр ауысса, оның командасы да өзгереді. Өкініштісі, ешкім ештеңеге жауап бермейді. Қызметке жаңадан келгендер еш ойланбастан ойына келген құжаттарды шығарып, тарата бастайды. Биліктің біздегі ең осал жері осы. Жасыратыны жоқ, бізде қай сала болмасын кәсібилік жетіспейтініне жиі куә боламыз. Идея жақсы болғанымен, оның жобасын, тұжырымдамасын барлық уақытта бірдей кәсіби адамдар жасамайды. Өз ісін жетік білмейтіндер құзырлы органдарда әлі жеткілікті. 2009 жылғы жалпы санақта қазақтың жан саны 70 пайызға жуықтады деген ақпарат тараған соң, жалпы қазақ көшіне қарсы ақпараттық соғыс жарияланып, қасақана кедергілер көбейді. Аяғы «көші-қон парағынан шығу, соттылығы жоғын дәлелдеу анықтамасы» деген құжаттар айналысқа түсіп, Қытайдан, Ираннан келген қандастарымыз азаматтық ала алмай сарсаңға түскені ұмыт болған жоқ. Сондықтан қандастарымыздың алаңдауын түсінуге болады. Оны біздегі кейбір популистер өз мақсатына пайдаланып жүр. Өйткені, көші-қонмен айналысып, оның соңында жүріп байыған жігіттер бар. Олар квота, шақырту, виза сияқты құжаттарды жасап жүріп, осы істі табыстың бір көзіне айналдырып алды. Сондықтан көші-қон деген олар үшін жақсы тақырып болды. Өз танымалдығын одан ары арттыру үшін «5 жылға дейін азаматтық бермейді екен» дегенді де солар елге жанашыр боп көрініп, қалталарын толтыру мақсатында айтып жүр.

– Қытай қазақтарына қатысты қордаланған мәселе қаншалықты өз шешімін тапты?

– Жақында жазған бір мақаламда көші-қон деген ұзаққа созылатын, нәзік әрі күрделі процесс. Оны жүзеге асыру ең алдымен көршілерімізге байланысты деп жазған едім. Өйткені, Қытай Шыңжаң өлкесіндегі барлық қазақтың паспортын жинап алды. Оған біз не айта аламыз? БҰҰ жарғысында ешбір елдің ішкі саясатына араласпауға қол қойғанбыз. Бірақ бөлініп-жарылған отбасылардың қалаған елге барып тұруға құқысы бар деген Вена, Хельсинг келісімдері бар. Оған Қазақстан да, Қытай да қол қойған. Заңмен қорғалған бұл жұмыстарды кім істейді? Қауымдастық пен «Отандастар» қоры сияқты қоғамдық ұйымдар. Олар қордаланған мәселелерді құзырлы ұйымдарға хат жазып жеткізеді. Ал Сыртқы істер министрлігі сияқты ресми органдар ресми консулдық кездесулерде осы мәселелерді ортаға қоя алғанымен, ашық қарсы шыға алмайды. Қазір Қытаймен маусым сайын консулдық кездесу болады. Бұрын біз өзіміздің барлық арыз-шағымдарымызды Президент Әкімшілігіне жазатынбыз. Қазір Сыртқы істер министрлігіне жазамыз. Олар біздің жіберген хаттарымызды қытайлық әріптестерімен бір үстел басында талқылап, ол әр тараптан хаттамаға алынады.

– Көші-қонға қатысты Қытаймен арада қазіргі таңда шешілмеген қандай нақты мәселелер бар?

– Қазір екі ел арасында шешілмей отырған ең негізгі мәселе – диплом мен неке куәлігін растауға қатысты орын алып отыр. Өйткені, жалған диплом, жалған неке куәлігі шыға бастады. Мысалы, дипломды растау білім министрліктері тарапынан жасалады. Министрліктегі департамент оның нотариустан өткен көшірмесін қабылдап алып, өз мөрін қойып растайды. Одан кейін барып Қытай СІМ-нің консулдық департаменті немесе Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы растау мөрін қояды. Ал неке куәлігі осындай жүйеге түспей отыр. Оны нотариустан өткізген соң растау керек. Алматыдағы Сыртқы істер министрлігінің консулдық департаменті мен Қытайдың Алматыдағы консулы өз мөрлерін басқан соң ғана құжат расталып, базаға кіреді. Осыған байланысты енді сенімхат, туу туралы куәлігі сияқты құжаттарды да растау қажет деген қауесет шықты. Қытайдағы жерін сатам дегендерге оны растау керек дейтіндер табылып жатыр. Екі елдің әділет министрліктерінің өзара келісімі бойынша жылжитын және жылжымайтын мүліктерді сату туралы келісімшарттар, өсиеттерге, кәмелетке толмаған балаларға байланысты сенім хаттарды нотариустан өткен соң растаудың қажеті жоқ делінген, соған қарамастан кей орындар осы құжаттарды талап етіп отыр.

– Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының жұмысы туралы да аз-кем мағлұмат бере кетсеңіз?

– Отандастар қорының сайтында «Қалай ықтиярхат аласыз? Қалай тіркелесіз? Қазақстанға қалай келесіз? Қалай виза аласыз?» деген сияқты көші-қонға қатысты барлық сауал бойынша ақпарат топтастырылған. Мысалы, 2019 жылдан кейін қандастарға 3 жылға виза берілетін болды. Бұл үшін Қытай, Ресей, Түркия, Иран сияқты қазақтар көп келетін елдердегі дипломатиялық органдарда арнаулы бір қызметкер қандастар ісімен айналысады. Олар диаспора өкілдерінің хатын, өтінішін қабылдап алып, қандас куәлігін береді. Ол қолына тиген соң қандастарымыздың Қазақстанда үй сатып алуына, қызметке тұруына жол ашылады. Кеше маған Ираннан келген бір қыз хабарласты. 3 жылға виза алып, былтыр Қазақстанға келген. Биыл Алматыдағы қазақтың Спорт және туризм академиясына оқуға түсіпті. Алайда жоғары оқу орнының сыртқы байланыстар бөлімінің бастығы «Визаңның категориясы келмейді. Сенікі оқушы емес, қандас визасы екен. Бұл бізге жарамайды, өзгерт» депті. Мен ол кісіге жағдайды түсіндірмек болып едім, түсінгісі келмеді. Сосын бұл қандасымызбен кеше құзырлы органға бірге барып, ондағылармен ақылдаспақ болғанбыз. Алайда бізден бұрын онда академияның кадр басшысы барған екен. Олар визаны ұзартуға болмайды, осымен жүре берсін депті. Сосын ғана бұл мәселе шешілгендей болып отыр. Сол қандасымыз Ираннан алған дипломын растату үшін Халық банкке төлеген ақшасын қабылдамай қойғанын айтты. Өйткені, Иран санкцияға ілінген дейді-мыс. Міне осылай орта буын қызметкерлер өз жұмысын дұрыс білмейді, сондықтан қолдан жасалған кедергілер көбейеді.

– Украинаға әскері басып кірген соң әлемдік қауымдастық тарапынан салынған саяси және экономикалық санкцияның астында қалған Ресейдегі жағдай қазір күрделі. Мұндай ахуалдан соң ондағы қазақтардың Қазақстанға оралуы жеделдейтін шығар деп күткен едік. Алайда әзірге ондай үрдіс байқалмайды. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Енді Ресей басшысының жартылай мобилизация туралы жарлығынан кейін бұл елден қашқандар көбейе бастайды. Осыған қарамастан ондағы қазақтардың Қазақстанға оралатын ойы жоқ екенін байқап отырмыз. Өйткені, Ресейде Қытайдағыдай қысым жоқ. Ондағы қазақтардың да менталитеті басқашалау. Бұл елде тұратын қазақтардың зиялылары арасында Қазақстанға бастап келетін көшбасшы жоқ. Онда сонымен қатар бізге қарағанда еңбекақы мен зейнетақы көлемі біршама жоғары. Бұл да көштің қозғалмауына өз әсерін тигізуі мүмкін.

– Қазақстанда тек Қытай қазақтары ғана емес, өзге де елдерден келіп азаматтық ала алмай жүрген қандастар аз емес. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– Көші-қонға қатысты құжаттарды жасау кейбіреулер үшін бизнестің көзі болып кетті. Мысалы, Алматы, Жетісу облыстарында полициямен біріккен делдалдар тобы бар. Олар осы жұмысты монополиялап алған. Олардың нотариуста, полицияда, халықты жұмыспен қамту орталығында өз адамдары бар. Бұлар тіпті, жалған құжаттар да жасаған. Былтыр Алматы облысының Қарасай ауданында қоғамдық ұйымның бір жауаптысы ұсталды. Қытайдан келген бұл азамат қандастарымызға көп балалы ана куәлігін, туу куәлігін жасаумен айналысқан. Сол сияқты 2021 жылдың қаңтарында маған бір адам хабарласып көмек сұрады. Қазақ-қытай колледжіне мұғалімдікке жұмысқа тұрған бір қыздың азаматтыққа құжат тапсырғанына 11 ай бопты. Сосын бұл іс бойынша Алматы облысындағы құзырлы органның басшысына хабарластым. Ол «бұл қыздың Қазақстан паспорты шығып дайын тұр. Неге барып алмайды?» деді. Ана қыз қайта барса, онда өзі сияқты 80-дей адамның паспорты дайын екен. Оған дейін олар қанша рет барса да, әлі келген жоқ деп ондағылар қайтарып жіберіп отырған. Сыртқа шықса өріп жүрген делдалдар. «Не мәселемен жүрсің, ақшасын берсең біз тездетіп дайындап береміз» деп лыпылдап тұрады. Негізінде азаматтық 3 айда беріледі ғой. Ал қоғамдық ұйымдардағы кейбір пысықтар 30 мың теңге берсең 2 аптада шығарып берем дейтінін естіп жатырмыз. Бұл құқықбұзушылыққа заңды түрде тыйым керек. Қазір департамент басшылары ауысқан соң, осы заңсыз іспен табыс тауып жүрген біраз адам аяғын тыйды. Алдағы уақытта мұндай топтардың қызметіне мүлде сұраныс болмайтын шығар деп үміттенемін.

– Соңғы жылдары шетелдегі қазақтың санына қатысты Үкімет пен Парламент төрінде түрлі сандар айтылып жүр. Олардың нақты саны анықталды ма?

– Біреу 7-8 млн дейді. Біреу 5 млн дейді. Бірақ әлі де нақты санын айту қиын. Мысалы, Қытайда ресми есепте 1,7 млн қазақ бар. Оны кейбіреулер одан әлдеқайда өсіріп айтып жүр. Мұндай жағдай Ресей мен Моңғолиядағы қазақтарға да қатысты. Өз басым сырттағы қазақтың саны 5 млн шамасында шығар деп ойлаймын.

– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы филиалының төрағасы болып тағайындалғаныңызға да біршама уақыт өтіпті. Осы аралықта жеке өзіңіз атқарған шаруаларды атап бере аласыз ба?

– 8 адамның паспортын алуға көмектестім. Айт мерекесі кезінде бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істеген және бірқатар жанашыр зиялы азаматтардың басын қосып, өз есебімнен ауызашар бердім. Алматы қалалық ішкі саясат департаментінің, әл-ауқат, екі ел арасындағы мәдени, экономикалық байланыстар жөнінде, әсіресе, Қытайдан келген қандастардың жағдайы туралы ашық әңгіме өткіздік. Мұндағы басты мақсатымыз қандастар мәселесінің үйлесім табуы, қиыншылықтарының шешілуі болып табылады.

– Осы салада көптен бері қызмет атқарып жүрген қоғам белсендісі ретінде еліміздегі көші-қонды реттеуге қатысты өз ұсынысыңызды айтсаңыз?

– Көші-қон қызметін тиімді бір жүйеге түсіріп, реттеудің алғашқы белгісі басталды. Барлық жұмысқа ашықтық, әділдік, кәсібилік керек. Сонда ғана жемқорлықтың алдын ала аламыз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көп жұмыс жүріп жатыр. 2-3 жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтарында базаның өшіп қалуы жиі кездесетін. Сол кезде оны күтіп отырғандарға жылтыңдап біреулер келіп «маған ақша берсеңіз, мәселеңізді тез шешіп берем» дейтін жағдайлар болып тұратын. Енді базаның жұмысын қамтамасыз ету үшін тендерді ұтып алған компанияға ол өшіп қалған жағдайда айыппұл салынатын болды. Соның нәтижесінде бұрынғы кемшіліктердің бәрі біртіндеп жойылды. Жасыратыны жоқ, бізде әлі де көп адам өз құқын білмейді. Сондықтан жер-жерде қандастарды бейімдеу орталықтарын ашу керек. Бұл өз құқын білмегендіктен алаяқтардың арбауына түсетін қандастарымыздың санын толық болмаса да, айтарлықтай көлемде азайтуға түрткі болары анық.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ

Дереккөз: «Заң газеті»


Пікір жазу
  • Омарәлі Әділбекұлы: Тұрақтылық басты құндылық
    Қ. Тоқаев: ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды

    Ұқсас тақырыптар