Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ: «Елінің тілін білмеген азамат мемлекетке қауіпті»

Уақыты: 2019-07-29 Көрлімі: 890 Сипаттама

– Мұрат Бақтиярұлы, ұлттық патриотизм бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Мазмұнын Отанғ...

62A230A8-EB52-4DD7-8EF6-DC555A87F3A2.jpeg

– Мұрат Бақтиярұлы, ұлттық патриотизм бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Мазмұнын Отанға, туып-өскен елге деген махаббат айқындайтын осы сезім кез келген елдің дамуына алғышарт екені белгілі. Біздің елдік мүддеге, ұлттық құндылықтарға көзқарасымыз осы ұғымға қаншалықты сай? Шын мәнінде, өз Отанымыздың патриоты бола алып жүрміз бе?
– Өкінішке қарай, бұл сұраққа «иә» немесе «жоқ» деп нақты жауап беру қиын. Себебі, патриотизмнің негізгі атрибуты ұлт, мемлекет болса, оның мүддесіне деген көзқарастар әртүрлі. Сондай көзқарастардың бірі – елімізде, мемлекетімізде қорқынышпен қараушылық. Жалпы, кез келген мемлекет белгілі бір ұлттың атауымен аталады. Біздің еліміздің атауы қазақ мемлекеті. Қазақ ұлты үшін басқа мемлекет болмайды.
Патриотизм кең түрде алғанда отанынаберілгендік дегенді білдіреді ғой. Жетпіс жыл өмір сүрген Кеңес одағы кезінде советтік патриотизм сезімі балаға дүниеге келе салысымен ананың көзқарасы, пайымы, өнегесімен берілетін. Одан соң мектепке қабылданғанда октябрят, пионер, комсомол, одан әрі үлкен өмірге араласқанда комммунистік ұйымдар арқылы нығаятын.
– Сонда патриотизмге қырын көзқарас тәуелсіздіктен басталды демексіз бе?! Ғасырлар бойы аңсаған егемендігімізге қол жеткен сәтте мұндай жағдайдың орын алуына не себеп?
– Иә, тәуелсіздік алған кезіміздегі ең негізгі мәселе Қазақстан мемлекетінің құрылуы болды. Сондықтан, егемендігіміз – бүкіл қазақ ұлтын біріктірген мақтанышқа айналған сол сәттегі басты құндылық. Алайда, кейін экономикаға тірек болып тұрған бұрынғы байланыстардың, әріптестіктердің үзілуі оның қадірін кеміте бастады. Сол тұста дүниеге келген жас ұрпақтың көпшілігі бұл мәселенің байыбына бара бермейді. Ал, Кеңес
одағында өмір сүріп, кеңестік кезең мен тәуелсіздік алған шақты басынан өткізген аға буын бәрін салыстырып, бағамдай алады. Расында, тәуелсіздікке дейінгі шақ пен қазіргі кезеңнің арасында үлкен айырмашылық бар. Әсіресе, халықтың тұрмыс жағдайы Кеңес одағындағы деңгейден төмендеп кетті. Ол кезде жұмыссыздық
мәселесі болған жоқ. Кеңес одағында аса ірі байлар жайлы мүлде естімейтінбіз. Ол тұста мемлекеттің ақшасын ұрлағандар, қылмыс жасағандар қатаң жазаланды. Әділеттілік қағидаты көбірек үстемдік етті. Қазіргіге қарағанда сол тұста бірқалыпты өмір сүру, дәстүр, құндылықтар сақталды. Мұны аға ұрпақ қалай ұмытсын. Ал, қазір белгілі бір құндылықтар жоқ, тәуелсіздіктің өзі мәнін жойып барады. Өйткені, мемлекетімізде көптеген әлеуметтік топтар, адамдар әлеуметтік теңсіздікке ұшырады. Адамдардың арасында жік пайда болды. Олардың бір бөлігі өз маңдай терімен емес, ұрлық, мансап арқылы баюдың жолына түсті. Мемлекетте әділетсіздік бар екені, оның фактілері Кеңес одағындағыдай бірен-саран емес, сонау ауыл әкімдігінен бастап республикалық деңгейге дейін етек алып жатқаны бүгінде ешкімге құпия емес. Сондықтан, адамдардың билікке, ертеңге деген сенімінде, үміттерінде тоқырау пайда болды. Бұл симптомдарды азайтамыз деп тырысқанымызбен, олар күш алып барады. Біз толып жатқан бағдарламалар қабылдадық. Олардың көбі өз дәрежесінде жұмыс жасады деп тағы айта алмаймыз. Халықтың жағдайын жасау, ауылдағы
қауымға таза ауыз су жеткізу, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралардың біразы аяқсыз қалуда. Осының бәрі халықтың әділдікке деген сенімін жоғалтты, ел үшін мақтаныш, оның игілігі үшін қызмет ету секілді сезімдеріне көлеңке түсірді. Тоқетерін айтқанда, патриотизм осындай заңсыздықтардың көлеңкесінде қалды.
– Шындығында, ұлттық патриотизмге жалаң ұранмен үндеуден нәтиже жоқ дейсіз ғой. Расында, кімнің жерін қорғаймыз деп әскерге барғысы келмейтін жастардың базынасы да орынды секілді осы ретте…
– Әрбір шешімде, істе әділеттілік қағидатын басшылыққа алмайынша, мемлекеттің заңдары орындалмайынша, адамдардың лауазымына, қоғамда алатын орнына қарамастан қарым-қатынас бірдей
болмайынша, ұлттық патриотизм болуы мүмкін емес. Мысалы, жерге байланысты дауды айтайын. Қазақты жерге бөлу мүмкін емес. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан аксиома. Кезінде Парламентте жерді сатуға әлі ерте екенін, жердің тауар екенін мойындай отырып, біз қазақ жүрегінде жер бәрінен бұрын елге, Отанға қатысты
қасиетті ұғым екенін айттық. Өкінішке қарай, заң қабылданып кетті. Бірақ, халық қарсы шыққандықтан жерді сатуға мораторий жарияланды. Расында да, қазақтың азаматтары қазір «Отанымызға қауіп төнсе, біз кімнің жерін қорғаймыз, онда менің қандай үлесім бар» деген орынды сауалдар қояды. «Меншікті жерде менің
үлесім жоқ. Жер мемлекеттің, халықтың емес, пәленшенің, түгеншенің меншігі. Өз жерлерін өздері қорғап алсын» дейтін замандастар аз емес. Олар осылай айтуға толық құқылы. Мемлекеттің ең басты байлығы –
адам. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде мемлекетке қызмет етіп, мемлекет те оған жағдай жасайтынын сезіну үшін, алдымен оның жағдайы жасалуы керек. Адам мемлекет жасап жатқан көмекті көріп, түсіне, сезіне білуі тиіс. Мұнсыз патриотизм туралы айту құр даңғаза ұран болып қалады.
– Осының бәрі тәрбиеден кетіп жатқан кемшілік емес пе? Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген екен. Отанға сүйіспеншілік, мемлекеттің басты құндылығы – адамға деген қамқорлықтың аздығы, әділетсіздік орын алатыны елжанды азаматтарды қалыптастыра алмай жатқанымыздың салдары емес пе?
– Бұл ойыңызбен келісемін. Қазір материалдық патриотизм белең алып кетті. Мен көптеген мемлекетте болдым. Маған осы ретте Азияға жақын екі елдің мысалы қатты ұнайды. Соның біреуі – Түркия. Бұл елде өзінің отбасынан гөрі Отанын бірінші орынға қояды. Түркияда әрбір отбасында «сенің отаның – Түркия, сен
түріксің, сен мұсылмансың» деген сөздерді кішкентай кезінен баланың миына құйып, айта береді екен. Соның арқасында бұл бала ешқайда кетпей, елін құрметтеп, мақтаныш тұтып өседі. Өз елі үшін жанын, қанын береді. Әскердің алдында бүкіл түріктер басын иеді. Әскер ұғымы түркияның ең үлкен құндылығы. Мұнсыз Түркия жоқ. Ал, бізде керісінше әскерден қашады. Ол сезім отбасында балаға кішкентай кезінен берілмеген. Мектепте де ол ойдағыдай жүзеге аспайды. Екінші үлгі болатын мемлекет өзіміздің туысқан халқымыз – өзбектер. Мен осы елде жиі боламын. Экономикасы бізден керемет озық тұр деп айта алмаймын. Бірақ, өзбек
өзінің отаны, елі десе жүрегін жұлып беретін мемлекет. Қарапайым, оқымаған,небәрі сегіз жылдық білімі бар өзбектер Қазақстанға келіп табыс табуда. Көбісі кірпіш қалаушы, сылақшы, бояушы секілді құрылыс саласындағы жұмыстармен айналысады. Ресейде, басқа жерлерде де жұмыс жасайды. Бірақ, олар қай жерде
болсын алдымен өз елінің әнін тыңдайды, өз ұлтының тілінде сөйлейді және әнұраны айтылған кезде бас иіп тұра қалады.Олардың ғұрпын, дәстүрін, тілін басқа елдің құндылықтарымен бұза алмайсың. Міне, тұтас ұлттың үлгісі. Сырттан осындай ықпал болған сайын мұндай дініне, діліне, дәстүріне берік ел нығайып, қатая
береді. Бұл ретте отбасының тәрбиесі үлкен рөл ойнап тұр. Осы институт арқылы көптеген келеңсіздіктен арылуға болады. Мысалы, балабақшадан бастайық. Өйткені, балаларымыз Отанға деген мақтаныш сезіміне нұқсан келтіретін әділетсіздікке алдымен осы балабақшада тап болады. Қарап отырсаңыз, оған атааналары бірін джиппен, бірін жигулимен, ал енді бірін жетектеп әкеледі. Бұл баланың ой-өрісіне әсер етіп, санасын өзгертетін көрініс. Кішкентайынан осында теңсіздікті көріп өскен баланың өз еліне қандай құрметі болуы мүмкін?! Меніңше, осыны ұлт болып жөндеуіміз керек. Әрбір қазақ азаматы кішкентай кезден балаға
киім әпергенде де оның өзге балаларға әсерін ескеруі тиіс. Мен балаларыма мектеп бітіргенше ешуақытта қымбат киім, қымбат сағат әперген емеспін. Тіпті, көліктің өзін олар оқу бітіргеннен кейін өз ақшаларына алды. Сондықтан, бұл ретте көптеген ұлт құраушы ұйымдар мектеп, колледж, өзге де адамды, азаматтықты
қалыптастырушы ұйымдар тәрбиенің осы қырына назар салғаны маңызды деп есептеймін.
– Жаңа бір сөзіңізден біз тұтас ұлт деңгейіне жете алмай отырмыз деген ойды аңғардым. Бүгінде елде қазақтың саны 70 пайызға жетіп отыр емес пе. Осындай жағдайда да біз өз біртектілігімізді сақтай алмай отырмыз ба?
– Иә, қазіргі таңда елімізде қазақ ұлтының саны жетпіс пайыздан асты. Бірақ, санымыз қанша көбейсе де тұтас ел, ұлт бола алдық па деген сұрақ мені жиі мазалайды. Өйткені, біз толеранттылық дегенді көп айтамыз. Әртүрлі ұлт және ұлыспен тату-тәтті бір елде тұрып жатырмыз деп мақтанамыз. Негізі Қазақстанда бір-ақ
ұлт бар. Ол – қазақ! Қалған ұлттар диаспоралар. Осыны үнемі айтып жүретінім үшін мені кейбір әріптестерім популиссің деп сөгіп жатады. Бірақ, не десе де, тіпті басымды кесіп алса да мен осы сөзімнен таймаймын. Өйткені, өзге ұлт өкілдерінің өз отандары бар. Біздегі мемлекет құраушы – қазақ ұлты. Сол себепті, Қазақстанда осы ұлттың ғана жағдайын жасау керек. Қазақтың тұрмысы оңалмай, бұл елде тұрақтылық болмайды. Біз осы тұрақтылық дегенді де жиі айтамыз. Алайда, оны қалай сақтауға болатынына бас қатырмаймыз. Шын мәнінде, мемлекетті құраушы қазақтың мәселелерін шешіп, оған дұрыс тәлім-тәрбие бермейінше, бұл құндылықты сақтау қиын. Өзге ұлттар бұдан ешқайда кетпейді. Ұнамаса, әрине, өз отандарына оралады. Ресей, мәселен, көп ұлтты бола тұра неге тек орыс тілінде сөйлейді. Онда да толып жатқан басқа ұлт өкілдері бар. Мәселен, онда бір миллионға жуық қазақ этносы тұрады. Бірақ, осы көршімізде бір қазақ мектебі жоқ. Ал, бізде болса, мектептердің 40 пайызы орыс тілінде оқытады. Негізі, өзін сыйлайтын мемлекет бірінші кезекте өз ұлтының қамын ойлауы қажет. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Бірінші қазақ ұлтының жағдайы дұрыс болмайынша, мемлекетіміздің жағдайы дұрыс болмайды. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде көптеген азаматтар сыртқа кетіп жатыр. Олардың көпшілігі білімді азаматтар. Өйткені, еліміздегі жұмыссыздық, бар жұмысты бөлудегі әділетсіздік және жұмысқа ақы төлеудегі теңгермешілік
әсер етуде. Шетелге сапарымда осындай жағдаймен жүрген талай қазақ жастарын көрдім. Реті келгенде әрқайсысымен жеке сөйлесіп, елге шақырамын. Сонда олардың айтатыны «Аға, біз елімізді жақсы көреміз. Бірақ, біз ондағы орташа жалақы жүз мыңға өмір сүре алмаймыз. Жоғары оқу орнын бітіріп, бірнеше тілді игерсек те өз мемлекетімізден орнымызды таба алмадық. Билік басында қазіргі ағалар тұрғанда бұл мүмкін емес» дейді. Бұл – шындық.
– Ұлттық патриотизмге тәрбиелеудегі тілдің орны да өз деңгейінде болмай отырғаны жайлы пікірге келісетін боларсыз?
– Әрине, ұлттық патриотизмді дамытуда тілдің маңызы бірінші орында тұрады. Ұлттың айырмашылығы түсінде емес, оның тілі мен дінінде, салт-дәстүрінде. Кезінде Кеңес одағы бір ұлт жасаймыз деп жасай алмай қойды ғой. Бұл тілдік, ділдік фактордың қуатының, мүмкіндігінің көрінісі. Өкініштісі, біздегі көптеген билікте тұрған азаматтар да, менің әріптестерім де осы ақиқатты, аксиоманы мойындағысы келмейді. Олардың бұл
ретте жиі айтатыны «Бізде көршіміз орыс тілді мемлекет болғандықтан, орыс тілінен қол үзу мүмкін емес» деген әңгімелер. Иә, рас, көршілеріміз Қытай да, Ресей де үлкен мемлекет. Біз соның ортасындамыз. Бірақ, екі ұлы мемлекеттің ортасында тұтастай ел болу үшін мемлекеттік тіл өз аясында жұмыс жасауы керек қой.
Амал не, жалтақтығымыздан бұған да дәрменсіз болып отырмыз. Мәселен, Парламентте біз бір заңды ғана мемлекеттік тілде жаздық. Ол «Көші-қон туралы» заң. Оның соңының өзі орысшаға кетіп қалды.
Сонда қазақ ұлтының тілі дәрменсіз бе? Оның байлығы заң жазуға жетпей ме?
«Елге барғанда сайлаушылар заңдарды сіздер түсінетін шығарсыздар, біз түсінбейміз» деп жатады. Өйткені, шынында да заң орыс тілінде жазылады. Оны аудармашылар аударады. Өзге тілден аударылғандықтан тілі шұбалаңқы, түсініксіз болып кетеді. Бұл мәселені Парламентте жиі көтеріп келеміз. Құзырлы орындағылар бұған маман жоқ деген уәж айтудан танбайды. Бұл жалған. Қазір мемлекеттік тілді жетік игерген, заңды жақсы білетін маман өте көп. Соларды іріктеп алып, заңды соларға жаздырту керек. Үкіметтің бұл ретте айтатыны жай ғана сылтау…
– Өзі орысша сөйлейтін билік бұған қайдан ынта таныта қойсын?!
– Сөзіңіздің жаны бар. Мұны менің бір әріптесім де айтады. «Мұратжан-ау, мынау орысша ойлайтын, орыс тілінде жұмыс істейтіндер биліктен кетпейінше, заңның қазақша жазылуы мүмкін нәрсе емес» деп еді. Өкінішке қарай, олардың орнына да дәл сондай буын өсіп келе жатыр. Бұл тағы отыз жылға созылады.
Мұны көрген келесі буынның түсетін сүрлеуі қандай болмақ? Бұл да үлкен сұрақ тудырады. Өйткені, біз мемлекеттік тілде сөйлеп, қызмет ететін кадр дайындай алмай отырмыз. Негізі, бар мәселе осында.
Өкінішке қарай, бізде көп тіл білген сайын адам ақылды болады деген ұғым бар. Бұл түбірімен қате түсінік. Дүниежүзінде ең керемет жаңалықтарды ашқандардың көпшілігі бір тілді меңгерген азаматтар. Тілді білген, әрине, жақсы. Бірақ, көп тілді білген адам мәдениетті, көп тілді білген адам ақылды бола алмайды. Ал, өз
елінің тілін білмеген азамат сол мемлекетке қауіпті. Мұндай азаматты мемлекеттің толыққанды азаматы деп айта алмаймын. Өз тілінде сөйлей алмаса, өз тілінде ойламаса, оның менталитеті, оның ойлау дәрежесі, оның ұғымы, пайымы басқа. Өйткені, ол басқа тілде білім алды. Басқа тілде ойлайды. Демек, оның мүдде, мақсаты да өз ұлтының арман-мақсатымен қабыса алмайды. Сондықтан, патриоттық тәрбиені толыққанды беру үшін ұрпақ ұлт тілінің тұнығына сусындап, жауһарын игеруіне ерекше мән берілу керек.
– Ал, діннің отансүйгіштікті қалыптастырудағы рөлін қалай айқындар едіңіз?
– Жалпы, мемлекет зайырлы болу қажет. Біздің Конституция бойынша, дін мемлекеттен бөлінген. Бұл дұрыс. Алайда, дінді бағыттап отыру керек. Біз әртүрлі дінге бөлініп кеткен елміз. Мен мешітке барып тұрамын. Жасыратыны жоқ, онда уахабиттік, софылық, ханафиттік секілді  әртүрлі ағымдардың өкілдері отырады.
Олар діни сенімге қатысты мәселелерді әртүрлі талқылайды. Сондықтан, бізде діннің тұтастығы жоқ.
Ал, діннің рөлі күшті. Дін адамды түбінде бір нәрсеге жауап бересің дегенге сендіреді. Кез келген әрекетің өзіңе қайтады деп қорқытады. Абайлап жүр, ешкімге жамандық жасама, ұрлама, өлтірме деп ақыл айтады. Мұның бәрі жоғарыда біз айтып отырған ұлттық патриотизмге негіз болатын әлеуметтік әділеттіліктің
негізі. Бұл – тәрбиемен, сөз бен істің тұтастығымен келетін дүние. Ұлттық құндылықтарымыз төрт аяғынан тең тұрғанда ғана ел мүддесіне адалдық, Отан үшін мақтаныш сезімі оянбақ. Әттеген-айы, сөзіміз бөлек, ісіміз бір басқа. Дінді тұтастандыру үшін заңымызды қатайтуымыз керек.
 Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті» 


Пікір жазу
  • Сайлау мәдениеті және демократия баспалдағы
    АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА: ТІЛЕНШІ, ЗАРЖАҚ ПРОЗАСЫМАҚТЫ ҰНАТПАЙМЫН

    Ұқсас тақырыптар