Қытайдан келген зиялылар «Қытайдың шпионы» ма?

Уақыты: 2019-02-13 Көрлімі: 3407 Сипаттама

Елдің ығырын шығарған, естінің құлағына түрпідей тиетін «орысқұл», «арапқұл», «шала қа...

e257f09b59569e969ec6690a86847d353a2ed846-116n.jpeg

Елдің ығырын шығарған, естінің құлағына түрпідей тиетін «орысқұл», «арапқұл», «шала қазақ» деген сияқты бір қазақты нешеге бөлген сөздер аз болғандай, енді сөздік қорымызға «қытайшыл» деген сөз енді. Былтырдан бері екінің бірі  «қытайшыл» деген «атаққа» ие болып, «қазақты сатқан» «Қытайдың шпионы» деген қалпақты киіуде.

 Қандайда бір күшті әлсірету мен жеңіудің құралы топ-топқа, жік-жікке бөліп, бірін-біріне айдап салу екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде аз қазақты осылай неше түрлі күштердің құралы ретінде көрсету кімге керек болды? Біз сонда кімді «жау» санап, кімді «сатқын» деп жүрміз? Тіпті қазақ болып қаламыз, тәуелсіз отанымызға бір керпіш болып қаланамыз деп Қытайдан келген 300 мың-ақ қазақтың ішінен «Қытайдың  сойылын» соғатындарды іздеп жүрміз. Бір немесе бірнеше адам болса сөз басқа, тіпті бір топ, бір ұйым ғана емес, бір ру, бір аймақтан келген халыққа жалпылама күйе жаға салу да белең алып жатыр.

Біз кімдерді «қытайшыл» деп жүрміз?

Екі жылдан бері Қытай еліне немесе Қытай Елшілігі мен Консулдығына барған, Қытай басшыларымен суретке түскен қандастардың барлығын бірден «қытайшыл» немесе «Қытайдың шпионы» деп  көрсететін үрдіс пайда болды. Біздің елде шеттен келген қазақтарды Оралман деп атасақ, Қытайда туып шетелге кеткен азаматтарды ұлтына қарамай Хуа Рын және хуа шияу деген терминдермен атайды. Бұл туралы Құрмет Қабылғазыұлының «Қытайдың диаспора саясаты және оның Қытайдан келген оралманмен қатыстылығы» деген мақаласында анық жазылған. Сондықтан олар Қытайда туған кейібір Қазақстан азаматтары мен солар құрған ұйымдар туралы ақпараттарында жоғарыдағы атауларды қолданады. Бұл жағдайды көптеген адамдар түсіне бермеуі, ал кейбіреулер бәрін түсініп тұрып қасақана арандатуы да мүмкін. Қытай ақпарат құралдары белгілі бір азаматтарды осылай атады екен деп, оларды бірден «қытайшыл», «Қытайдың диаспора саясатын Қазақстанда жүзеге асырушы, Қытайдың мүддесін қорғаушы» деуге келмес. Тіпті, кей ұйымдар туралы Қытай сайттарындағы ақпаратты аталмыш ұйымның Қытайдағы тіркелгені деп арандататындар да табылады. Бірақ, көзі ашық оқырман Қытай тарапынан жазылған мәліметтер мен нақты құжатты ажырата біледі. Сондықтан да ондай арандатуға көп адам ере бермейді.

Бұл жөнінде «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы бір сұхбатында: «Қытай мұһажырлары туралы кеңінен тоқталатын тақырып. Қытай өзін тарихтағы мемлекеттердің жалғасы ретінде Жуңхуа (қытай) ұлты дейді. Қытай тарихында патшалық үкіметті аударып, алғашқы республика құрған Сүн Чжүңшань (Сун-Ятсен) деген адам бар. Сол кісі алғашында Ұлы Британияға еліктеп  қытай, манчжур, тибет, моңғол, ұйғыр қатарлы 5 ұлт біріккен федерация немесе республика құрамыз деп саяси бағдарламасына кіргізген. Бірақ  Сүн Чжүңшань билікке келген соң одан бас тартып, тек ғана республика құрады. Мао Цзэдун билікке келгеннен кейін Жуңхуа ұлттарын (қытай ұлттарын) құрамыз деді. Қытайда жалпы 56 ұлт бар, осының бәрі Жуңхуа ұлттары деп жазды. Америка, Франция қатарлы елдерде осындай ұғым бар. Бұларда ұлт пен мемлекет бір ұғым болып есептеледі. Көп ұлт пен этностан құралған Америка құрама штаттары, тілі ағылшын тілі. Франция мен Түркияда солай. Осы бағытта Қытай да талпынып жатыр. Сол себепті шетелдегі Қытайда туғандардың барлығын жуңхуа ұлтының бір бөлегі деп қарайды. Шетелдің азаматтығын алғанын Хуа рын дейді, азаматтық алмағанын хуа шияу дейді. Біз де  осыны кейбір жазған хаттарымызда қолданғанбыз. Өйткені, біз оларға өз заңдарын өздерінің алдына қойып отырмыз ғой. Оларға «Пекиндегі қазақ, Гуаңжудағы қытай шетелге емін-еркін барып келе алады. Оңтүстік Юнандағы миязу деген кішкене ұлт бар, олар да емін еркін барып келе алады. Неге Шынжаңда осыны істетпейсіңдер? Бұлар да  сендердің шетелде жүрген диаспораларың ғой» деп қандастарымыздың құқын өз заңдарына сыйдырып айтамыз. Оларға хат жазғанда ғұндардың, сақтардың ұрпағымын, ұлы Түрік империясының, Алтын орданың жалғасымын деп айтуыма болады. Бірақ, сөзімізді қытайға өткізуіміз керек қой. Сол үшін хаттарда ол атауды қолданамыз. Мәселе атауда емес, нақты істе. Біз қай жерде қазақтың мүддесін ұстап тұра аламыз, қандай кезеңде қазақтың мүддесін қорғап шыға аламыз дегенге ақылмен қадам жасай аламыз»,- деп түсіндірген еді.

Шын мәнінде Қытайдың диаспора саясатына сыни көзқараспен қарауға, алаңдауға болады. Бұл туралы Құрмет Қабылғазұлы аталмыш мақаласында "Қытай диаспораларының Еуропа, Америкадағыларының интеллектуалдық басымдығы айқын болса, Азиядағыларының қаржылық басымдығы үстем. Мысалы, АҚШ жоғары санатты ғалым-инженерлерінің 14%-і осылардың еншісінде. “Қытай диаспоралары экономикалық шеңберінің” жалпы байлығы 3.7триллион АҚШ долларын құраса, осының 87%-і Шығыс-оңтүстік Азиа Қытайларының қолына шоғырланыпты. Мейлі қай құрлықта болсын, олардың арасынан тұрғылықты елдерінің саяси элитасына еніп, билікке келіп жатқандары да көбейіп келеді" деп жазған. Бірақ, ол саясатының қауіпін өз қазақтарымыздан іздеу өз-өзіңді жау санағандай әңгіме. Қытай тарапы тәуелсіздіктен кейінгі келген өз қазақ қандастарымызды ғана емес, 150, 200 жыл бұрын келген дүңген, ұйғыр халықтарының өкілдеріне де сол атауды қолданады. Өз консулдықтары арқылы қарым-қатынаста болғысы келеді.  Олардың Қытай елімен тығыз байланыстағы ұйымдары да бар. Жылдағы Қытай диаспораларының құрылтайына барып келіп тұратын азаматтар да бар. Ал, Қытайдан келген қазақтар өздерін Қытайдың диаспора өкілі санамаса да, олар Қытайда туған ҚР азаматы мен Қазақстанда туған ҚР азаматы екі бөлек санайды. Қытайда туғандардың бәрін сыртынан жоғарыдағыдай атаулармен атайды. Мысалы Қытайға баруға виза алатын болсаңыз да, Қытайда туған қазақ пен осында туған қазаққа екі түрлі ереже қолданады. Қытайдан келген қазақтың «Қытайдың диаспора саясатынан» ешқандай игіліктенетін және сол негізінде қытайдың мүддесіне жұмыс жасайтын пиғылы жоқ. Сол үшін Қытайдың ақпарат құралдары қандастарымыздың «хуа рын – хуа шияу» деп атағаны үшін оларды «Қытайшыл», «Қытайдың шпионы» деп атауымызға негіз жоқ.

Қандастар Қытай Елшілігі мен Консулдығына неге барады?

"Қытайдан келген соң қандастарымыз Қытайға және Қытай елшілігіне мен консулдығына барып неге араласады? Өздерін қытайдың диаспорасы етіп көрсетуіне неге жол береді" деген сұрақтар туатыны анық. Қытай тарапымен халықтық дипломатия орнату мен Қытайдың диаспора саясатын шынайы түсіну үшін де Қытайдың қыр сырын білетін Қытайдан келеген зиялы қауым өкілдерінің белгілі деңгейде Қытай Елшілігі мен Консулдығымен байланысты болуы - біздің мемлекетіміздің жүргізіп отырған коп векторлы саясатына үлес қосу болып табылады. Халықтық дипломатия негізінде мемлекет аралық дипломатиялық жұмыстардың бір жағынан шығу.  Өйткені, Біріншіден, Қытай елшілігі мен консулдығымен байланыста бола отырып, олардың Қазақстандағы жоба-жоспарын білуге болады. Қытай диаспора саясаты негізінде біздің елде кімдерді қамқорлығына алып, кімдеді жарылқамақ болғаны туралы мәліметтерге қол жеткізуге болады.  Екіншіден, Қытайдан келген қазақтар Қытайдың Елшілгі мен консулдығы және Мұғажырлар мекемесімен кездескен болса, ол жерде де тағы қазақ мүддесіне келіп тіреледі. Қытайдың өз заңдарын өздеріне қойып қандастарымыздың Шекарадан еркін өту құқын, Қазақстанға келгеннен кейін де ондағы жасаған еңбегінің өтеуі зейнетақысын талап ету үшін барады, кездеседі. Қытайдан қоныс аударған қандастардың Қытайдың азаматтығы мен тұрақты тіркеуінен шығу мәселелерін ортаға қояды. Азаматтық алып үлгермей, ҚХР паспорттарының уақыты өткен қандастардың паспортын жасатып беруге түрткі болады.  Осы сияқты Қытайдан келген зиялылардың Қытай елшілігі мен Консулдығына баруында қандастардың басындағы сан қилы мәселе жатыр. Екі жылдан бергі Қытайдан келген қазақ зиялыларының Қытайға көптеген сапарға баруы, минсистрлерімен кездесуі, Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Бас консулдығының жиналыстарына барғандағы негізігі мақсат пен айтылған мәселелер Қытайдағы қазақтардың жағдайы болды. Қытайдың дипломаттарына Шынжаңдағы қазақтардың басындағы мәселе ушыға берсе, екі елдің қарым-қатынасына орасан зор зияны тиетінін түсіндіру болды. Қандастардың мүддесі үшін өздері «қытайшыл», «Қытайдың тыңшысы» деген жалаға ұшыраса да, негізгі мәселелерді шешу жолынан жаңылмады.

Қытайда әлі бір жарым миллионнан астам қазақ бар, Қытайдан аз да болса келіп жатқан қазақ көші бар. Сол үщін қазақ зиялыларының Қытай елшілігі мен консулдығымен қарым-қатынасы, байланысы қазір үзіледі деуге келмейді. Белгілі бір ұйымдар мен азаматтар арадағы жұмысын тоқтатын шығар. Бірақ, олардың орына басқа азаматтар мен ұйымдар келуі мүмкін. Өйткені Қытайдағы қалған қазақтың мәселлері мен Қытайдан келген қазақ көшінің құжаттық мәселелері бұл қадамға өзі әкеледі. Қоғамдық ұйымдардың халықтық дипломатиялық негіздегі жұмысы тек екі ел арасындағы мемлекеттік дипломатия тоқтаған күні ғана тоқтауы мүмкін. 



«Қытай консулдығын қорғау еріктілері» дегендер кімдер?

Бұған дейін бір бөлім адамдар «Қазақстандағы Қытай шпиондары кімдер?» деп «дабыл қақты». Онда 2018 жылдың 6 желтоқсанында өткен Қытай консулының консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілерінің симпозиумын, «Қытай консулын қорғайтын еріктілер жиыныны» деп қате аударып, оған қатысқандарды қытайдың шпионы ма деген күдігін айтты.

Осы ақпаратты оқыған көптен қандастарымыз, «шынында қазақ елінде қытайдың тыңшылары, шпиондары бар ма?» деп алаңдап, «Қытай консулын қорғау» деген сөзден секем алып, қандастарға күмәнмен қарады. Сол үшін осы ақпаратқа байланысты түсінік бере кеткенді жөн көрдік. 

Біріншіден, бұл ақпарат қытай тілінен қазақ тіліне сауатсыз аударылған. Мысалы консул дегеннің өзін бір жерде консул десе, енді бірде елші, біресе директор деп аударған. Осы бір атаудың өзін мың құбылтқанда басқа қандай қателіктері болғанын өзіңіз шамалап отырған шығарсыз. Онымен қоймай тақырыпты және көптеген сөйлемдерді аудару барысында қасақана бұрмалап, әдейі, мақсатты түрде арандатқан. Сол себепті қандастар арасында түсініспеушілік орын алды. Сондықтан бұл ақпаратты дұрыс, сауатты аударған нұсқасын осы мақаланың арасына да тіркегеді жөн көрдік.

Екіншіден, аталған ақпарат Қытайдың Алматыдағы Бас консулының ресми сайтында жарияланған ашық ақпарат (http://almaty.chineseconsulate.org/chn/zlgdt/t1619978.htm...). Кез-келген ел өзінің тыңшы, шпиондарымен кездесу өткізген болса, оны өз ақпарат құралдарында таратып, жалпақ әлемге жарияламайды. Сондықтан, ашық ақпараттағы ресми кездесуді тыңшылық бағытта деп дабыл қағу сауаттылыққа жата қоймайды.

Үшіншіден, Ақпаратты аударған «Қытай консулын қорғайтын еріктілер жиыны» деп тақырыптың өзін қате аударған. Дұрысы Қытай консулының консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілері болады. Осы жерде «консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілері» деген кімдер деген сұрақ туатындайды. Жиналысқа әр ұлт өкілдерінен 40-тай ерікті қатынасқаны айтылған. Оның ішінде ҚР азаматтығындағы қазақтар мен дүңген, ұйғыр диаспораларының қоғамдық ұйым өкілдері бар. Ал мұндағы әр ұлт өкілдерінен құралған консулдықтың қызмет аумағындағы еріктілер - Қытайдан келген ҚХР азаматтығындағы өз қандастарына түрлі қызмет және көмек көрсетін азаматтар мен қоғамдық ұйым өкілдері. Кез-келген мемлекеттің елшілігі мен консулдығы сол елде жүрген өз азаматтарын қорғауға алады. Ондай еріктеілердің қызметіне біздің Қытайдағы елшілікте белгілі көлемде жүгінеді. Бұл Қытайдың консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілер де сол сияқты Қытай азаматтығындағы өз қандастары белгілі қиындыққа тап болғанда алғашқы көмектерін жасайды, солардың мәселелерін консулдыққа жеткізеді немесе консулдыққа белгілі бір ҚХР азаматы қиындыққа тап болғаны туралы хабар түссе осы азаматтарға хабарласып, көмектесулерін сұрайды. Осы жағдайды пайдаланған Қытайдан келген қандастарымыз құжат мәселелерін де осы негізінде шешуге тырысады. Қытайдан келіп азаматтық ала алмаған қандастардың Қытай тарапына қатысты мәселелерін шешу үшін консулдықтың қызметіне жүгінеді. Одан сырт Қытайдан туысшылап келген қандастарымыз дөп келген оқыс жағдайларды да осы қызмет аясында шешеді. Мысалы, өткен жылы Қытайда тұратын әйгілі суретші Аман Әбзәлбекұлының немересі Қазақстанға туышылап келіп көлік апатына ұшырайды. Осы жағдайдан хабардар болған Қытайдағы туыстары Қытай консулдығына хабар береді. Ал Қытай консулдығы осы жиналысқа барған азаматтардың көмегіне жүгінеді. Соның нәтижесінде аталған азаматқа көмек көрсетіліп, уағында ауыруханаға апарады. Еміне қажетті шығындарды өтеп, соңында Қытайдағы отбасына аман-есен жеткізіп береді. Осы тұрғыдан айтқанда Қытайдан келген қандастарымыздың аталған жиналысқа ерікті болып, Қытайдан келген оралмандар мен Қытайдан туысшылап келген қандастарымыздың мүддесі үшін барады деуге болады. Қандастардың уақыты өткен паспортын да осы қызмет аясында жасатуға түрткі болады. Осында барған қазақтар бірнеше қазақтың уақыты өткен ҚХР паспортын жасатуға түрткі болғанын да айта кетекен жөн деп санаймыз.


Аталған ақпараттың дұрыс аудармасы:

Қытай консулының консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілерінің симпозиумы өтті
2018 жылдың 6 желтоқсанында ҚХР-ның Алматыдағы бас консулдығы 2018 жылдық консулдық қызмет өтеу аумағындағы Қытай азаматтары мен Қытай мұһажырларына қызмет көрсететін (заңдық-құқық кеңес беріп, тұрмыстық қиыншылықтарына көмек беретін, ауд.) еріктілердің симпозиумын өткізді. 4 облыс, екі қаладан келген консулдық қызмет өтеу аумағының 40-тан астам еріктілері қатысты. Бас консул Чжаң Вэй мен Бас консулдың орынбасары Мияо Хоньбо симпозиумға қатысып, сөз сөйледі. 

Бас консул Чжаң Вэй Бас консулдың атынан консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілердің биылғы қызметтегі жетістіктерімен құттықтап, төккен тер, еткен еңбегіне алғыс айтты. Сонымен бірге, Шетелдегі консулдық қызмет аумағының қазіргі жағдайы мен Бас консулдықтың қызмет өтеу аумағындағы міндеттерін таныстырды, тиісті талаптарын қойды. Көпшілікті міндетін ұмытпай, консулдық қызмет өтеу аумағынының жұмысын жандандыруға жігерлендірді. 
Бас консулдың орынбасары Мияо Бас консулдықтың өңірлік қызмет өтеу еріктілерінің тәртіп-түзімін түсіндіріп, жауакершілік пен көңіл бөлетін істерді ашалап айтты. 

Симпозиумға келген уәкілдер биылғы консулдық қызмет өтеу аумағындағы жұмыс барысын таныстырып, тәжірибе алмасты. Осы реткі симпозиум арқылы консулдық өңірлік қызмет өтеу аумағының қатысты саясаттарын тереңірек түсініп, қызмет өрелерінің жоғарлағанын айтты. 

Симпозиум аяқтаған кезде бас консул Чжаң Бас консулдықтың атынан 7 еріктіні марапаттады. Синфозимға қатысқан еріктілер өзара сенімхатқа қол қойып, 2019 жылғы «Консулдық қызмет өтеу аумағының еріктісі» деген куәлік алды әрі қысқаша оқу курсынан өтті.

Шпион қандай болады?

Өзге елге бір елдің маңызды мәліметтерін беретін немесе сататын адамдарды шпион ретінде көрсетуге болады. Негізі шпиондар қашанда өз ізін жасырып жүруге тырысушы еді. Ал біз шпион мен тыңшыны ашық ақпараттардағы жарияланған мақалалардан, суреттерден іздеп әуреміз. «Елді сатқан», «шпиондық» жасады деуге өзге бір елдің адамдарымен түскен суретер мен мақалалар негіз бола алмайды. Кісіні сатқын, шпион санау үшін де кімді, нені қалай сатқаны туралы бұлтармас дәлелер керек.

 Белгі бір ел қазіргі кезде өз мүддесіне жұмыс жасайтындарды пайланауы, оның ішінде, Қытай да, Ресей де, басқа елдер де болуы мүмкін. Бірақ, олар ел арасында танылаған, екі ел арасында ашық-қарым қатынастар орнатқан адамдар мен ұйымдарды пайдаланады деуге келмес. Керісінше, қазіргі кезде кез-келген дүшпандық бағыттағылар өз ықпалын ашық көрсетуден көрі, түрлі ойындар қойып, құпия қақпандар құрғанды таңдар еді. Ел арасына ірткі салу, үрейлендіретін ақпараттар тарату, белгілі бір ортада лаң салу сияқты тәсілдерді таңдап жатады. Сондықтан, осы сияқты елдің бәрін «Қытайшыл», «Қытайдың шпионы» жасау да дәл сол ойындардың бірі болуы мүмкін деп болжауға болады. Ел айтқандай шпион болса да бір топ немес бір қауым емес бірен саран адмдар бар шығар. Оны іздесең, көзге көрінетіндерден емес, көзге көрінбей, көмескіде от көсейтіндерден іздеген жөн болар.

Қытайдан келген қазақтарды шпион көрсетудегі мақсат не?

Қазақ елі азаттығын ала салып, шеттегі ағайынын шақырған елдің бірі. Деседе, 28 жыл ішінде шетелдегі 5 миллион қазақтың тек бір миллионы ғана оралды. Оның басты себебі қазақтардың басын бірігуі мен көбейуін қаламағандардың кедергілері болса керек. Бізде неше жыл құжаттық мәселелермен қандастардың азаматтық алуы қиын болды. Еліміздегі құжаттық кедергілер алынып тасталған соң, шетелдегі қазақтың үштен бірі Қытайдағы қазақтар қиындыққа ұшырап, ондағы қазақтың көші тоқтады. Қазақ билігі мен халықтық диплоиптияны негізге алған қоғамдық ұйымдардың екі жылдық еңбегінің нәтижесінде ондағы солақай саясаттың беті қайтып, Қытайдағы қазақтардың жағдайы реттеліп, көш қайта жандану алдында тұр. Міне осы кезде Қытайдан келген қазақтарды "Қытайдың тыңшысы, шпионы", "Қытайдан келген қазақтар сатқындар" деп көрсету – Қытайдан келетін қазақ көшін тағы тоқтатуға дайындалған ойыншылардың әрекеті болуы әбден мүмкін.

Жау жоқ деме, жар астында деген. Өзгелердің үрлеген отына түсіп, өз қолымызды өзіміз өртіп, өз арамыздан өзіміз жау іздегенше, ұлы Тұран даласында бар қазақ баласының басы қосылуға әрекет еткен жөн болар. Аз қазақтың бірін ағылшынның, бірін араптың, бірін орыстың, енді бірін қытайдың мүддесіне жұмыс жасатып жіберсек, қазақтың елдігі мен бірлігіне кім жұмыс жасамақ?

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Jebeu.kz


 

 


Пікір жазу
  • Сәуле Әбілдахан: Ақпарат құралдарында оралмандарға қатысты 2 тақырыпта үздіксіз жарнама беру керек
    Ерлан Саиров: Қазақстанның банк жүйесін тәртіпке келтіру өзекті мәселе

    Ұқсас тақырыптар