Даңқы дәуірге жүк болған Дарабоз

Уақыты: 2022-12-27 Көрлімі: 987 Сипаттама

Есімі мен ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болған Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына биыл 330 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыда «Ел мен жер тұтастығы – бабалар аманаты» атауымен халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтіп, ұлт тарихында алтын әріппе...



 Есімі мен ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болған Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына биыл 330 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыда «Ел мен жер тұтастығы – бабалар аманаты» атауымен халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтіп, ұлт тарихында алтын әріппен әдіптелген қаһарман тұлғаның өмір өнегесі тағылымды іс-шараның өзегіне айналды, деп "Егемен Қазақсатанға" сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Тасын түртсең тарих сөй­лейтін шежіре далада даңқы дәуірге жүк болған Қабанбай ба­тырдың есімі ерекше аталады. Ел басына екіталай күн туғанда жауына жебедей атылған жаужүрек батырдың жүріп өткен жолы – кейінгілер үшін өлмес өнеге. Жиында сөз алған тарихшылар Қабанбай батыр өмірінде 103 шайқас өткізіп, бірде-бір рет жеңілмегенін тілге тиек етті. Ғалымдардың айтуынша, бұл – негізсіз айтыла салған сөз емес, нақты тарихи құжаттарға сүйене отырып жасалған байлам. Дарабоз атанған Қабанбай батыр кең-байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат етіп, көрегендігімен көзге түсті, даналығымен дастанға айналды дейді зерттеушілер.

«Еліміздің әр аймағында Қа­бан­байға арнап он бес ескерт­кіш орнатылған. Шымкент, Түркіс­таннан бастап Шығыс Қазақ­станға дейін батыр тұл­ғасы асқақ­тап тұр. Тіпті бір кездері Түркия, Қы­тайда да ескерт­кішін орнату туралы мә­селе көтерілгенін біле­міз. Қа­лай десек те Қабанбай есімі ұмы­тылған жоқ. Әр басқан ізі аңыздай айтылып, қазақтың қайсар қолбасшысы ретінде елінің жүрегінен орын алды. Тарихи деректерді тізбелесек, қазақтың бас батырларының бірі болғанын әйгілейтін дәйек көп», деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.

Халықаралық «Қабанбай қорының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға еліміздегі іргелі оқу орындары мен ғылыми институттар басшылары, ғалымдар мен мәдениет жанашырлары қаты­сып, алыс-жақын шетелдік ұйымдар мен ведомстволардан келген құттықтау хаттар оқылды. Баба салған сара жол кейінгілер үшін рухани азық, айнымас қазық болуы қажет деген «Қабанбай» қоры­ның басшысы Құсман Шалабаев ғылыми іс-шараны өткізудегі бас­ты мақсат  тұғырлы тұлға Қа­банбай батырдың көзсіз ерлігін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау екенін атап өтті.

– Қабанбай батырдың қаһар­ман­дық тарихын зерттеу мен зерделеу һәм оны насихаттау арқылы жастарды отансүйгіштікке бау­лудың маңызы зор. Бүгінгі іс-шараға дейін бұл бағытта қаншама жоба қолға алынды. Соның бірі Қабанбай батырдың 330 жылдығы қарсаңында танымдық экспедиция ұйымдастырылып, құрамында зерттеуші ғалымдар бар үркердей топ баһадүр басқан әр ізбен жүріп өтіп, батырлардың жорық жолдарын зерделеді. Экспедицияға қатысушылар мыңдаған шақырым жол жүрді. Әлі де жүйелі зерттелмеген шайқас орындарын барлап, боздақтардың рухына Құран бағышталды. Өлке тарихын бес саусағындай білетін көнекөз қариялардың аузынан жазылып алынған дүниелер таптырмас тарихи деректерге айналып отыр. Бұл, ең алдымен, бабалар аманаты, одан кейін ұрпақ алдындағы бо­рышымыз. Қаракерей Қабан­бай, Қанжығалы Бөгенбай, Ша­пырашты Наурызбай, Саурық, Ра­йымбек сынды ел үшін туған ерлердің, күллі қазаққа ортақ қаһармандардың есімдері, ерлігі үнемі айтылып жүрсе, ұрпағымыз ұсақталмайды, – деді Құсман Кәрімұлы.

Мазмұнды басқосуда Мұрат Жұрынов, Хангелді Әбжанов, Зия­бек Қабылдинов, Кенжехан Матыжанов, Мамай Ахетов бас­­­таған ғалымдар баяндама жасап, өз ұсыныстарын біл­дір­ді. Руханият жанашырларынан бөлек Қанат Ислам, Тимур Спатаев қа­тарлы спорт саңлақ­тары да та­рихи тұлғаның есімі ел есінде мәңгі қалуы үшін мазмұнды іс-шара­лар­дың атқарылуы керектігін жет­кізді.

Тарихшы Берекет Кәрібаев: «Кө­не­ден жеткен аңыздарға арқа сүйесек, Ерасылдың есімі 15-16 жасында-ақ жұртқа тегіс жа­йылған. Қарапайым батырдан қуатты әскердің қолбасшысына дейін қайсарлықпен жеткен батырдың бізге белгілі бес есімі бар: Ізбасар, Нарбала, Қабанбай, Дарабоз, Ерасыл. 1735 жылы 20 желтоқсанда Көшек пен бауы­ры Барақ сұлтанның орта жүзге орыс елшілігін жіберу туралы жазған хатында екі сұлтан мен 32 би-батырдың мөрі қойылған. Олардың ішінде Қабанбайдың да есімі бар. 1737 жылы Орынбор әкім­ші­лігінің жансыздары ел ішін­де жүрді. Солардың жазба­ларының бірінде «Қазыбек би өз ұлын басшы қылып, бірнеше адамды Қабанбай батырдың еліне аттандырды» деген жолдар бар. Бұл деректер Қабанбай батырдың өз елінде үлкен беделге ие болғанын көрсетеді. Бұл тұста батыр небәрі қырықтың үстінде болған. Қабанбай жаумен бетпе-бет келген тұста батыр, ал бейбіт кезеңде өз руына белді басшы болғанын қытай деректері де дәлелдейді», деп атап өтті.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов қазақ әдебиетінде Қабанбай батыр тура­лы қаншама көркем шығарма жазылғанын, десе де батыр есімін жаңғыртуда тарихшылар үшін әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер аз емес екенін айтты. Ғалымның сөзіне қарағанда, Қабанбай батыр туралы 10 қолжазба бар десек, оның бәрінде батырдың мифтік бейнесі ашылған. Ал енді тарихи шындық қандай деген тұрғыда тарихшылар сол кездегі хандар институты, батырлар институты деген дүниелерді індете зерделеуге тиіс. Дей тұрғанмен, конференция­да оқылған «Қазақ қоғамындағы батырлар институты», «Қабанбай батыр және XVIII ғасырдағы қазақ қоғамы», «Қаракерей Қабан­бай Қытай және Ресей дерек­терінде», «Қазақтың бас баты­рының Азиядағы іздері» атты тарихи деректерге негізделген баяндамалар іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.

«Әрбір болашақ ұрпақтың жүрегінде от, халқына деген сүйіс­пеншілік болуы керек. Соған үлгі, өнеге болатын, алға жетелейтін тұлғалар керек. Со­ның қақ төрінде тұратын қа­һармандардың бірі – Қабанбай бабамыз. Ендеше, батырды дәріптеуден қазақ халқы тек ұтады. Ел қорғандарын еске алып, олардың отты рухын жас­тардың жүрегіне сіңіру – әрбір саналы жанға парыз. Осы тұр­ғыдан келгенде Халықаралық «Қабанбай қоры» үлкен рухани іс-шара өткізіп, басқаларға да үлгі болды деп айта аламыз», деді Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов.

Ұлт бірлігін ұлықтаған іс-ша­рада зиялы қауым айрықша тоқталған бір жайт, бұған дейін зерттелген шайқас орындарынан батыр бабалардың бірлігі мен ынтымағы анық байқалған. Айталық, Отан қорғау жолында қаза болған батырлардың қорымдарында үш жүздің ру таңбалары қатар бедерленіпті. Іс-шара соңынан батыр бабалар рухына арнап ас беріліп, бірқатар азамат  «Хан батыр Қабанбай. Дарабоз» медалімен марапатталды.


Арман ОКТЯБРЬ


АЛМАТЫ

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Қарашаңырақ және көш
    Алаш күресін жалғастырған

    Ұқсас тақырыптар