Биологиялық активті нүктелер –денсаулықтың кепілі

Уақыты: 2019-05-01 Көрлімі: 3003 Сипаттама

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2030» жолдамасында «Қазақстан азама...

     Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2030» жолдамасында «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» тармағында азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғ.М. Мұтановтың университет жайында айтқан үндеуінде: «... Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңестігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін фундаменталды және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталатын кең көлемдегі білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. ...»  деген. Шынында да білім алуға келген жастар теориялық білімдерін практикалық жүзінде қолдана отырып, білімдері мен біліктіліктерін арттыра түседі. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасында жұмыс жасайтын «Биофизика және биомед» деп аталатын клубында жоғары білім алуға келген студенттердің теориялық білімдерін бекітуге және жетілдіре түсуге арналған практикалық және оқу-тәрбиелік іс-шаралары көптеп өткізіледі. Бұл іс-шараларда студенттер білімдерін жетілдіре түсумен қатар өз денсаулықтарын жақсарту мақсатында алғашқы профилактикалық емдік  процедураларын жасауға үйренеді. Атап айтқанда адам денесінің тері беткейінде орналасқан биологиялық активті нүктелердің ғажайып ерекшеліктерінің биофизикалық және электрофизиологиялық қасиеттерімен таныстыру, нүктелік массаж және жалпы массаж жасау арқылы өз денесіне дұрыс әсерлер беруге үйрету мақсатында биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі б.ғ.д., профессор С.Т.Төлеуханов басшылығымен «Биофизика және биомед» клубының ұжымы «Ғажайып бионүктелер» тақырыбында студенттермен бірлесе отырып іс-шара жүргізді. Жүргізілген осындай іс-шараға алдын ала студенттер ине шаншу орталықтарында жұмыс жасайтын дәрігерлермен кездесу сұхбат жасап, теориялық тұрғыда дайындаған презентациялық баяндамаларында  биологиялық активті нүктелердің ерекшеліктерімен,  қасиеттерімен таныстырды. Сұрақ-жауап арқылы дискуссиялық пікір алмасты. Соңынан осы биологиялық активті нүктелерге әсер ету арқылы ағзаның физиологиялық күйін жақсарту мақсатымен тиімді массаж жасаудың тәсілдерімен танысып үйренді. Бұл іс-шарадан қысқаша биологиялық активті нүктелер жайында ақпараттан үзінді беруге болады.

Әртүрлі физиологиялық функцияларды реттеуге қатысатын тері қасиеттері ерте заманнан белгілі. Терідегі әртүрлі рефлекторлық аймақтарды тітіркендіргенде ауыртпалық, сіреспе, қан айналымы күшейіп немесе әлсірейтініне, жүрек қызметінің ырғағын жылдамдатып немесе төмендететініне ешқандай күмән келтірмейді. Гиппократ заманында қолданылған әртүрлі күйдірулер, пластырлар, банка қою, ыстық немесе салқын су құю, сүртіну, ванналар, массаждар қазіргі таңда да табысты қолданылып келеді. Сонымен қатар теріге әртүрлі химиялық-физикалық әсерлер бергенде жалпы ағзада немесе оның жеке бөлігінде белгілі бір реакцияның туындайтынын айта кетуге болады.

Биологиялық активті нүктелер (БАН) дегеніміз – физиологиялық бейімделушілік процесінде негізгі функцияны атқаратын, “дене жабыны – ішкі мүшелер” арасындағы өзара әсерлесу жүйесінің аса белсенді қасиеттерінің тері жабынында кескінделген рефлекторлық аймағы. Қазіргі таңда мұндай нүктелерді дәрігерлер диагностикалық мақсатта қолданылып келеді. Мак-Бурней, Мак-Кензи және Видаль, Боас т.б. ауыртпалық нүктелері, Жарико және Захарьин-Геда аймағы, 12 жұп және 2 тақ меридиандар жақсы белгілі және диагностикада, емдік процедурада кеңінен пайдаланылады.

Зерттеушілердің еңбектерінде Ножье (1974) анықтаған БАН аймағындағы өте борпылдақ дәнекер ұлпалары және нерв талшықтары мен капиллярлардың өте тығыздалған торы жайында, Ф.Г. Портнов, Я.А. Вандан (1987) жүргізген гистологиялық, гистохимиялық және электродты-микроскопиялық зерттеу жұмыстарында анықтаған акупунктура нүктелеріндегі және соған жақын жатқан аймақтарындағы тері асты нервтер, венулалар мен артериолдарды, лимфа түтіктері мен тығыздалған шырынды клеткаларды көрсетеді. Биологиялық активті нүктелер орналасқан жерлерде рецепторлар саны, биологиялық белсенді заттарды (серотонин, гистамин, гепарин) өндіретін борпылдақ клеткалар көптеп кездеседі, ғылыми еңбектерде осы акупунктура аймақтарында көптеген әртүрлі холинэргиялық нерв рецепторлары мен нервтер болатыны көрсетілген.

Осы күндері акупунктураның классикалық теориясы бойынша бір мүшемен байланысып жатқан нүктелердің сызықты жиынтығы – меридиандар кеңінен қолданылып келеді. Олар 12 симметриялы және 2 орталық меридиандарға жіктелген, тиісті мүшелердің атымен сипатталады. 12 симметриялы меридиандарға: өкпе (Р), тоқ ішек (GI), асқазан (Е) , көк бауыр және ұйқы безі (RP), жүрек (C), аш ішек (IG), қуық (V), бүйрек (R), перикард (MC), үш жылытқыш (TR), өт іркілетін қалта (VB), бауыр (F) және 2 тақ меридиандарға (орталық): алдыңғы орталық (CON), артқы орталық (VG) жатады. Аталған меридиандардың бионүктелеріне ине шаншу, лазер сәулесін түсіру, массаж жасау т.б. арқылы әсер ете отырып тиесілі мүшелерге емдік процесін жүргізуге болады. Соның ішінен мысал ретінде және оқырмандарға өз жүректерінің функциясына профилактикалық та, емдік ретінде де әсер етуге болатын ғажайып бір нүктені көрсетуге болады. 1-суретте жүрек меридианының кескінді сызығы және С9 шао-чун бионүктесіне массаж жасау техникасы көрсетілген.

 

Безымянный.jpgБезымянный2.jpg

                                                                                                                    А                                                    Б

Сурет 1 – Жүрек меридианы (А) және С9 бионүктеге массаж жасау үлгісі (Б)

 

Жүрек ауырсынғанда осы бионүктелер орналасқан аймақтарда ұйығандай ауыртпалықтар сезіледі. Жүрек ауырғанын күтпей күнделікті 1 минуттан  массаж жасау жүрекке жақсы ықпалын тигізеді. Суретте көрсетілген С9 шао-чун бионүктесіне массаж жасап жүру ыңғайлы да өте пайдалы. Қорыта келе, денедегі осындай ғажайып бионүктелерді интернет желісінен біліп алып, профилактикалық та, емдік те мақсатпен мүшелердің функциясына жақсы ықпал тигізе отырып, денсаулықтың алдын алуға болатынын ескергіміз келеді.

 

Кулбаева М.С., Қайрат Б.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасының оқытушылары


Пікір жазу
  • Туберкулездің алдын алу
    А. Мамин: Кәсіптік-техникалық даярлау жүйесі кадрлардың жұмысқа орналасу кепілдігін беруі тиіс

    Ұқсас тақырыптар