Қазақстанда қолжетімді шарттармен қалай баспаналы болуға болады?

Уақыты: 2019-01-21 Көрлімі: 678 Сипаттама

Тұрғын үй бағдарламасына қатысам деушілер қандай талаптарға сай келіп, ипотекалық нес...

Тұрғын үй бағдарламасына қатысам деушілер қандай талаптарға сай келіп, ипотекалық несие алу үшін не істеу керектігі туралы Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтып берді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы елдегі ең қолайлы шарттарды ұсынады. Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе оралман мәртебесіне ие болу керек, екіншіден, соңғы 5 жылда салымшы атында тұрғын үй болмауы керек. Бағдарлама шарты бойынша жалға берілетін тұрғын үйдің 1 м² құны бір деңгейде тіркелген, яғни Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында — 180 000 теңге. Ал, басқа өңірлерде баға 140 000 теңгеден аспайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бір-бірін толықтырады дейді. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй сатып алуға қажетті қаражат бөлуге мүмкіндік берсе, «Нұрлы жер» бағдарламасы халықты қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Қазір барлық бағдарламалар сәйкестендірліп, бір-бірін толықтырып тұр. Бағдарламаға өзгертулер енгіздік. Егер бұрындары “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша тек ҚТҚЖБ салымшылары қатыса алса, енді биылдан бастап тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына бір мезгілде жүзеге асырылады», — деді вице-министр.

Қ. Өскенбаев бұл бағдарламаны іске асыруға салынған ақша қайтарымды негізде елдің тұрғын үй құрылысына тұрақты түрде инвестицияланатынын айтты.

«Қаражат бір рет салынды енді бұл ақша қайтарымды негізде еліміздің тұрғын үй құрылысына инвестицияланатын болады. “7-20-25” бағдарламасының қабылдануына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтауды қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін артты», — деді ол.

Өз кезегінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова қазақстандықтар қолжетімді ипотекалық несие алуы үшін басқа да несиелік жүктемесі болмауы керектігін айтты.

«Банкке ипотекалық несие алу үшін өтініш жасамас бұрын, барлық тұтынушылық несиелерді, оның ішінде басқа банктердегі несие карталарын өтеуге тура келеді. Халықтың аз қамтылған топтары арасында тұтынушылық несиелердің болуы қиындық туғызып жатады. Бірінші несие бюросының статистикасы бойынша,  шамамен 6 млн адамның кепілсіз тұтынушылық несиелері бар екен. Бұл – айфон, тұрмыстық техника және т. б. үшін алынған несие. Тиісінше, бұл адамдарға әртүрлі ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін алдымен бұл қарыздарын өтеуі керек», — деді банк төрағасы.

Л. Ибрагимованың айтуынша, банк әр салымшының мүмкіндігін есептеп, қарызды өтеуге қажетті құралдарды ұсынады.

«Сіздің отбасыңыздың орташа табысы алынады, отбасы мүшелерінің әрқайсысына бөлініп, бір отбасы мүшесінің кірісі есептеліп шығады. Біз сіздің бұл ипотеканы өтей алу мүмкіндігіңізге қараймыз. Барлық банктердің талаптарына сәйкес, ипотеканы төлегеннен кейін сіздің табысыңыздың 50%-ы өмір сүруіңізге, яғни балаларды мектепке апаруға, киіндіріп, тамақтануға қалуы тиіс. Біз бұл көрсеткішті жүргізген кезде, біздің банкте төлем қабілеті ең жұмсақ бағаланатынын көрдік. Біздің санатымыз бірінші тұрғын үй екенін білеміз. Сондықтан, біз шығыстарды шегеріп, басқа коммерциялық банктерге қарағанда ең аз соманы аламыз», — деп түсіндірді ол.

Л. Ибрагимованың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда туу деңгейінің жоғары болуына байланысты ипотекалық несиелерге деген сұраныс өте жоғары.

«Қазақстанда 420 мың бала туылады, дүниеге келген әрбір балаға сәйкесінше жаңа бөлме керек. Алдағы жылдары құрылыс саласы үшін көптеген мүмкіндіктер ашылып, мемлекет ұсынып отырған ҚТҚЖБ арқылы “Нұрлы жер” және “7-20-25” бағдарламалары бұл мүмкіндіктерді алуға жол ашады», — деді ол.

Сонымен қатар, салымшыларға қолдау көрсету үшін банк жыл сайын мемлекеттік сыйақы төлейді әрі ол жыл санап артып келеді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік сыйақы 200 АЕК көлемінде жинақталады.

«Биыл 300 мыңнан астам адам мемлекеттік сыйақыны күтіп отыр, оның көлемі 96 мың болады. 2019 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет мемлекеттік сыйақы 100 мың теңгеден асады. 101 мың теңге болады», — Л. Ибрагимова.

Оның айтуынша, қазір банктің қаржылық жағдайы жақсы. Банктің активтері биылғы жылдың 15 қаңтарында Қазақстан тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан. Бұл — барлық депозиттік портфель мен банктің меншікті капиталы.

2019 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 59,7 млрд теңгеге несиелендіруді жоспарлап отыр. Банк салымшылары үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылатын болады. Облыстық әкімдіктердің мәліметінше, биыл тағы 14 220 пәтер пайдалануға беріледі.

Бұған қоса, қазақстандықтар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан барлық нысандар туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан таба алады. Порталда қолжетімді үйге үміткер баспана сатып алғысы келетін қаланы таңдап, қандай нысандар салынып жатқанын, өтініштер қабылданып жатқанын біліп, өзі қалайтын пәтерді таңдап, үй сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады.

Айта кету керек, соңғы үш жылда банк барлық бизнес-үдерістерді автоматтандыруға баса назар аударуда. Енді банк кеңесшісін үйге шақырып, банк депозитін еш комиссиясыз кез-келген банк арқылы толтыруға мүмкіндік бар.

Бүгінгі күні салымшының орташа жасы — 36 жас. 0-18 жас аралығындағы балалардың 150 мың депозиті бар. Л. Ибрагимованың сөзіне қарағанда, банктің қызметін бір алған адам оның артықшылығын түсініп, бала туылғаннан бастап ақша жинай бастайды. Әрбір үшінші салымшы — 18 бен 29 жас аралығындағы адамдар.

Дереккөз: primeminister.kz

Пікір жазу
  • Мықты ана тәрбиелеген адамдардың 14 ерекшелігі
    Елбасы: Қазақстанның ең орасан жетістігі - қазақстандықтардың жаңа буыны