Өнер мен техниканы тең игерген ұстаз

Уақыты: 2023-03-02 Көрлімі: 144 Сипаттама

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, ақын, Қазақстан Журналистер одағының, «Қазақстан ұстаздары», «Қазақстан авторлары» қоғамдарының мүшесі ӘБЕНОВ Болат Құсайынұлы мерейлі 70 жасқа толып отыр....

Қазақстан жоғары оқу орындарының флагманы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 47 жылдан аса адал еңбектеніп, тер төгіп, сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан ұлағатты ұстаз, тәлімгер-тәрбиеші, кәсіподақ ардагері, Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, ақын, Қазақстан Журналистер одағының, «Қазақстан ұстаздары», «Қазақстан авторлары» қоғамдарының мүшесі ӘБЕНОВ Болат Құсайынұлы мерейлі 70 жасқа толып отыр.

 

a81d62fa-09b8-44d8-a4ff-517f4f17d88d.jpg

 

ӘБЕНОВ Б.Қ. 1953 жылғы 10 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Тасарал селосында дүниеге келген. 1960 жылы Тасарал сегізжылдық мектебін аттап, 1968 жылға дейін сол мектепте оқыған. 1970 жылы Балқаш қаласы маңындағы Рыбтрест (бүгінде Шашубай) елді мекеніндегі №3 орта мектеп-интернатты үздік тәмамдап, 1970 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті атанады. Сол кездегі Кеңес Үкіметінің орталық жоғары оқу орындарында ұлттық кадрларды дайындау саясатына сәйкес 1970-1975 жылдары Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің (Ресей Федерациясы) физика факультетіне жолданып, «Физика» мамандығы мен заманауи «Автоматтандырылған басқару жүйелері және электрондық есептеуіш машиналарын математикалық жабдықтау» мамандандыруы бойынша білім алып шығады.

1975 жылғы қазан айының 2-жұлдызынан бастап қазіргі Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Автоматтандырылған ақпараттық жүйелер зертханасына инженер лауазымына жұмысқа қабылданған. Университеттің Автоматтандырылған басқару жүйесін құрушылардың бастапқы легінен. Осы жұмыс орнында қарапайым инженерден АБЖ ішкі жүйелерін жасау және пайдалану бюросының бастығы қызметіне дейін көтерілген.

Мәртебелі той иесі жастық шағын: «Ес білгелі қоғамға аз ба, көп пе қызмет етіп келемін. Туған ауылымдағы сегізжылдық мектепте 3 сыныпта пионер қатарына қабылданып, 4-сыныпта-ақ Пионерлер дружинасы кеңесінің төрағасы болдым. Бұл бастауыш ұйым басшылығынан жоғарғы сыныптағы ағаларым өздері қашып, тек қыздарды тағайындап жүріпті. Ал сол саптағы апаларым енді қосылған мені өздеріне жетекші етіп сайлап алды...

Осы пәрменділігім Ресейдегі орталық университеттің бірінде оқыған студенттік кезімде де жалғасты. Курстағы апталық саяси ақпарат беруші, жастар ұйымының жетекшісі бола жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі ретінде байқауларға қатысып, сахнадан ән де салдым. Ай сайын аса көлемді қабырға газетін шығарып (сол үшін алғашқы ақшалай сыйлық та алғанмын), студенттерді қоғамдық жұмысқа тарттым.

Диплом алып, ұлттық кадр ретінде елге оралғаннан бері осы қара шаңырақта ғана жұмыс істеп келемін. ҚазҰУдің Автоматтандырылған басқару жүйесін құрушылардың бастапқы легінен екенімді мақтан тұтамын. Инженерлік қызметте жүріп, университет қызметкерлерінің жастар (комсомол) ұйымын құрысып, Алматыда алғаш рет «Достық» Дүниежүзілік университеттер фестивалін ұйымдастырдым» – деп еске алады. 

Біліктілігі мен жинаған өндірістік мол тәжірибесінің, іскерлігінің арқасында 1985 ж. қыркүйек айынан бастап жастайдан армандаған ұстаздық жұмысқа университеттің Басқару теориясы кафедрасына аға оқытушы қызметіне шақырылған. Содан бері өскелең жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Құрылымдық өзгерістерге байланысты Басқару теориясы, ЭЕМ мен кибернетиканы математикалық жабдықтау, Информатика, Дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедраларының аға оқытушысы, университеттің инспекция (оқу бөлімі) бастығы, екі дүркін – механика-математика факультеті деканының орынбасары, көп жылдар Ақпараттық жүйелер кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Бүгінде – осы кафедраның аға оқытушысы.



Болат Құсайынұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін жауапты орындаушы ретінде ғылыми жобаларды жүзеге асыруға белсене ат салысқан, қазір де үзбей халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық және оқу-әдістемелік конференцияларға қатысып тұрады. Басқарудың математикалық теориясы мен информатика және есептеу техникасын қолдану саласы бойынша 100-ге жуық ғылыми жұмыс жариялаған, қазақ тілді орта мектептердің 5-ші, 6-шы, 8-ші және 11-ші сыныптары оқушыларына арналған Информатика оқулығы мен осы пән бойынша жазылған әдістемелік құралдардың авторларының бірі.

Б.Қ.Әбенов «Ақпараттық технологиялар», «Алгоритмдер мен деректер құрылымы», «Жүйелік және қолданбалы программалық жабдықтар», «Операциялық жүйелер», «Операциялық жүйелер қауіпсіздігі», «Деректер қорларын басқару» сияқты жалпы курстар бойынша жоғары ғылыми-педагогикалық деңгейде дәріс оқып, аталған пәндерден тыс «Ақпараттық жүйелер негіздері», «Ақпаратты қорғау және ақпараттық қауіпсіздік», «Программалау тілдері» пәндері бойынша практикалық және зертханалық сабақтар өткізеді.

Сонымен қатар, ол 10 жылдан аса университет жанындағы колледжде информатика циклынан қосымша сабақ берген. Себебі, үздіксіз оқыту ісі қолға алынған кезде механика-математика фаультетінің деканы академик Ш.Смағұловтың тапсыруымен Б.Қ.Әбенов колледжде «Ақпараттық жүйелер» мамандарын дайындаудың мемлекеттік стандарты мен оқу жоспарын құрып, бекітеді.

Әбенов Б.Қ. ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң және аймақтық  қабылдау комиссиясының білікті мүшесі болып, озат студенттер топтарын құрастыруға мол үлес қосқан әдіскер, ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағы комитетінің тұрғын үй-тұрмыстық комиссиясын басқара жүріп, осы оқу орнының 85 оқытушы-профессорлары мен қызметкерлерінің құжаттарын реттеп, «Отырар» жастар тұрғын үй кешені арқылы заманауи кең, жарқын пәтерлер алуына көп тер төгіп, әріптестерінің алғысына бөленген жан.

Ақпараттық жүйелер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметінен кейін кафедраның аға куратор-эдвайзері міндетін атқарды, факультеттің кәсіби-бағыттау жұмыстары үшін жауап берді, факультеттің және университеттің мәдени-көпшілік шараларына әлі де белсене араласады. Көркемөнерпаздар байқауының, куратор-эдвайзерлер сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Әбенов Б.Қ. тәрбие жұмысымен көп айналысады – факультеттегі өзі құрған Қасым Аманжолов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік пен «Атамекен патриоттары» рухани-қоғамдық ұйымының жетекшісі және ұзақ жылдар авторлық «Мехматтағы музыкалық кештер» жобасын жүргізіп келеді. Осы құрылымдар аясында университеттің білім алушылары мен қызметкерлерінің танымал ақын-жазушылармен, көрнекті өнер мен мәдениет, құрметті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен, театр және кино актерлерімен, музыкалық ұжымдар мен жеке орындаушылармен әдеби-танымдық шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, студент жастардың творчестволық толысып, өнерлерінің өсуіне оң ықпал жасап жүр.

 Болат Құсайынұлы бос уақытында домбыраға қосылып және фортепианоның сүйемелдеуімен ән айтқанды жақсы көреді, поэзиямен айналысады, өлеңдері мерзімді баспаларда жарияланып тұрады. 2019 ж. «Үш қиян» баспасынан «Тасаралым – тағдырым» атты көлемі 14.0 баспа табақ жыр жинағы жарық көрді.

ss.JPG

Тәлімгер-ұстаз жастармен тығыз байланыста, студенттер мен магистрантардың «Сұңқар» кәсіби одағымен бірігіп көптеген шаралар ұйымдастырып жүр.

Ұлағатты ұстаз Болат Құсайынұлы Әбеновтің ұзақ жылдар бойғы табанды ғылыми-педагогтық еңбегі еленіп, Қазақстан Ұстаздар қоғамы бекіткен «Қазақстан ғалымы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 80 жылдығы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Жану ҒЗИ 25 жылдығы», «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен магистранттары «Сұңқар» кәсіби одағының 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, қалтқысыз пәрменді қоғамдық қызметі үшін КСРО Жоғары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мақтау қағазымен марапатталған,  бір  өнертапқыштық авторлық куәлік иесі.

«Аталған марапаттардың ішіндегі маған ең ыстығы – студент жастар өздері қалап, ұсынып тәрбиеші-ұстаздар арасынан бірінші болып мені марапаттаған университет студенттері мен магистранттарының «Сұңқар» кәсіби одағының мерейтойлық медалі екенін жасыра алмаймын» – дейді мерейтой иесі.

Биылғы мерекелі жыл да Болат Құсайынұлы үшін табысты жалғасуда. Ардагер ұстаз әкімшіліктің қолдауымен ҚазҰУ-дегі ең жоғары марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленсе, қоғамға еңбегі сіңген кәсіподақ мүшесі ретінде еліміздің салалық «Парасат» кәсіби одағының ең үлкен марапаты «Құрмет» медалін де төсіне тақты.

Мектеп қабырғасында «Балқаш өңірі», «Орталық Қазақстан» газеттеріне заметкалар жазып бастаған Болат Құсайынұлы бүгінде Қазақстан Журналистер одағының, «Қазақстан ұстаздары», «Қазақстан авторлары» қоғамдарының мүшесі. Оның теледидар арқылы және газет-журнал беттерінен айтылатын рухани құнды материалдары да зиялы жұрт көкейіне қонып, көңілінен шығып жүр.

Білікті ұстаз, тәрбиеші-тәлімгер Әбенов Б.Қ. студенттерге талап қоя біледі, өте сезімтал, әріптестер мен студенттер арасында зор абырой-құрметке ие. Болат Құсайынұлы Әбенов – асыл жар, 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген ақылшы әке, немерелерінің алды студенттер қатарындағы бақытты ата. Зайыбы – Бақыт Алдамасқызы – зейнеткер, Ғылым академиясы құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарында, ҚазҰУ-де еңбек еткен. Балаларының бәрі жоғары білімді, үйлі-баранды, екеуі «Болашақ» бағарламасы бойынша шет елде (Англия мен АҚШ-та) білім алған. Ұлы Әлішер  «Қазақмыс», Aкселор Миттал компанияларында жауапты қызметтер атқарса, қызы Әнел – Президент істері әкімшілігі жанындағы Емдеу орталығының бөлім бастығы. Қалған екі перзенті жеке кәсіпкерлер.

Сөз соңында кейіпкерімізге «кемеліңізге келіп, тәжірибеңіз толысқан, қадір-қасиетіңіз қалыптасқан шағыңызда жігіт жігермен қарсы алып отырған асқаралы мерейтойыңыз құтты болсын, шығармашылық шабытыңыз шау таппай, ел игілігі жолындағы еңбекте жаңа жетістіктерге жете беріңіз!» дегіміз келеді. Ұлағатты ұстаз Болат Құсайынұлының отбасына амандық, мол бақыт, өзіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа творчестволық табыстар тілейміз.

Ақпараттық жүйелер кафедрасының

оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері атынан

Құбаев Қ. Е., профессор;

Байшоланова Қ.С., профессор;

Құрметхан Т., аға оқытушы

 


Пікір жазу
  • Тоқаев: Алғыс айту күні халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады
    Жастарға берілген «қармақ»

    Ұқсас тақырыптар