Си Цзиньпиннің астанаға сапары қалай өтті?

Уақыты: 2022-09-14 Көрлімі: 259 Сипаттама

Бүгін елорда әуежайына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мінген ұшақ к...

220914184333870e.jpg

Бүгін елорда әуежайына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мінген ұшақ келіп қонды. Мәртебелі мейманды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды, деп  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Ұшақ басында екі елдің Мемлекет басшылары аз-кем сұхбаттасқаннан кейін Си Цзиньпин кортежі мотоциклшілер эскортының еріп жүруімен жағалай екі елдің тулары тігілген жолға түсіп, Ақордаға – Президент сарайына бет алды.


Осы орайда айта кетерлігі, шет ел басшысының мемлекеттік сапары уақытында мотоциклшілердің құрметті эскортының еріп жүруі ауа райы қолайлы болғанда ғана жүзеге асырылады. Ал бүгін астана аспаны шайдай ашық, күні жылы, желсіз болып тұрғаны белгілі.

Әуежайдан шыққан кортеж бірден Ақордаға ат басын тіреп, мәртебелі мейман мінген көлік Президент сарайының орталық басқышына келіп тоқтады. Дәл осы жерде Қазақстан Президенті шетелдік әріптесін қарсы алып, Ақорданың Салтанатты рәсімдер залына беттеді. Залға кірген Мемлекет басшылары арнайы подиумға өткеннен кейін сап түзеп тұрған Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Келесі кезекте Президенттік оркестр алдымен елімізге келген мәртебелі мейманның, одан соң Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындады. Әнұрандарды тыңдап болған Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүріп өтті. Қытай басшысы құрметті қарауыл бастығына да иіліп ризашылық білдіріп қоштасқаннан кейін Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.


Шағын құрамдағы кездесу барысында Қазақстан Президенті Қытай Төрағасына шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдірді.

«Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыздың тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын», – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті.

«Сіздің сапарыңыз осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Қысқа мерзім ішінде біз тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Сіз Қазақстан экономикасын дамытуға және біздің халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі бірлескен мәлімдеме қарым-қатынастардың жаңа «алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды.

ҚХР Төрағасы араға жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, қазақ халқының қонақжайлығы мен мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке ризашылығын білдірді.

Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының дамуын жоғары бағалап, бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды.

«Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы беріктік сынынан лайықты өткен қарым-қатынастар үнемі жаңа мазмұнмен толығып, дамумен, жемісін беріп келеді. Біздің елдеріміз бірқатар салалардағы ынтымақтастықтың авангардына айналды. Шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шештік. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық үлгісін көрсетіп, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамыттық. Біз екіжақты қарым-қатынастарды серпінді дамуға қол жеткізіп, Қытай дипломатиясында теңдесі жоқ мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығардық. Бүгінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи бастау алды», – деді Си Цзиньпин.

Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайы талқылады.

Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Ресми келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары екі елдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихи, мәдени байланыстарына арналған Қазақстан – Қытай: мыңжылдық диалог» атты көрмені тамашалады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, Тұңғыш Президент музейі және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қорларынан 40-қа жуық археологиялық жәдігер, сондай-ақ сәндік қолданбалы және бейнелеу өнерінің заттары қойылған.

Қазақстан мен Қытай басшыларына қазақ-қытай халықтарының материалдық және рухани мәдениетінің даму сабақтастығын көрсететін бес бөлімнен тұратын көрменің құрылымы таныстырылды.


Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен наградтады.



Фото: akorda.kz



Пікір жазу
  • Тоқаев Әзербайжан-Армян қақтығысында күш қолданбай, шұғыл келіссөз жүргізуге шақырды
    Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесті

    Ұқсас тақырыптар