«Көгілдір фишка» немесе қаржыны қайда салған тиімді?

Уақыты: 2022-08-27 Көрлімі: 191 Сипаттама

Инвестиция – қызығы мен тәуекелі қатар жүретін ерекше әлем. Мұнда кездейсоқ кіріс әрке...


Инвестиция – қызығы мен тәуекелі қатар жүретін ерекше әлем. Мұнда кездейсоқ кіріс әркез салтанат құрмайды. Ұзақ уақыт жинақталған білім мен тәжірибе акциялар бағасын тез аңғарып, тап басуда үлкен рөл ойнайды. Әдетте ең құнды акцияларды «көгілдір фишка» деп атайды. Көгілдір фишкалар деген не және ісін жаңадан бастаған инвесторға қаржысын қайда салуға болады деген сауалға азды-кем жауап іздеп көрейік.

Әдетте, казинодағы көгілдір түсті фишка ең қымбат жетон саналады. Ең құнды акцияларды да ерекше бағалап, оларға «көгілдір фишка» деген атау берілген. Бұл термин биржа айналымына 1920 жылдардан бастап кірген көрінеді. Fingramota-ның жазуынша, blue chips, яғни көгілдір фишкалар – елдің, өңірдің немесе бүкіл әлемнің ірі, тұрақты, сондай-ақ сенімді компанияларының әдеттегі акциялары. Оған мынадай компаниялар жатады:

  • Нарықта бұрыннан келе жатқан және беделі жоғары;

  • Капиталы көп, кірісі тұрақты;

  • Өз саласында әркез алдыңғы қатарда болатын;

  • Акцияларының өтімділігі жо­ға­ры және бағасы қатты өзгер­мей­ді, яғни құбылмалылық деңгейі төмен.

«Өтімділік инвестордың осы ком­панияның бағалы қағазын сатып алу бағасы мен сату баға­сы­ның арасындағы болмашы айыр­машылықпен тез сату мүм­кін­дігін білдіреді. Әдетте, көгілдір фишкаларға сұраныс жоғары болады, демек олардың бағасы жоғары болғандықтан тез сатуға болады. Кө­гіл­­дір фишкалармен инвесторлар әдет­­те көп мәміле жасасады. Капи­тал­­дану деген компанияның бар­лық ак­циясының құны екенін айтып өтелік. Алайда бағалы қа­ғаз­дар құны­ның жоғары болуы ком­панияның сенімділігінің көр­сет­кіші емес, себебі акцияның бағасы болашақтағы табыс­ты еске­ріп өсуі мүмкін. «Көгілдір фиш­­калардың» жоғары капиталдануы бұл компаниялардың кірісінің айтарлықтай жоғары екендігін біл­діреді, ол миллиардтаған доллармен есептеліп, оларда меншікті үлкен ак­тивтері болады. Осының барлығы ин­вес­торларға бұл компаниялардың акциялары құнсызданбайды және олардың баға белгілеулері күрт құлдырамайды деген нық сенім береді», дейді қаржы сарапшылары.

Бір жағынан көгілдір фишкалар – қор нарығының индикаторы, олар бүкіл нарыққа әсер ете алады. Дәстүр бо­йынша, ұлттық және әлемдік биржалар көбіне өздерінің арнайы индекстеріне көгілдір фишкаларды қосады, оған тек инвесторлардың жоғары сеніміне ие таңдаулы компаниялар кіреді. Танымал индекстердің ішінде, мысалы, Доу Джонстың өнеркәсіптік индексін атауға болады. Бүгінде оған АҚШ-тың ең көп капиталы бар 30-ға жуық компаниясы, оның ішінде Coca-Cola, Apple, Boeing, Microsoft, Nike, Visa, Walt Disney және басқалары кіреді.

Еуропадағы ең танымал индекс – EURO STOXX 50 компаниясы. Оған еуроаймақтан 50 компания жи­налған. Арасында әлемге әйгілі Total, Volkswagen, Telefonica, Siemens компаниялары бар. Жапонияда инвесторлар Honda, Sony, Panasonic, Toyota, Nissan және басқалары сияқты компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын Nikkei 225 индексіне се­нім біл­ді­реді. Қазақстандағы ең өтім­­ді акциялардың көшін «Банк Центр­Кредит», «Халық Банк», KCell, KEGOC, Kaspi.kz, «Қаз­атом­өнер­кәсіп» ҰАК, «Қазақ­те­леком», «ҚазТрансОйл» компаниялары бастап тұр.

Ал инвестиция әлеміне енді аралас­қан жас инвестор ә дегенде көгіл­дір фишкаларға қол жеткізе ала ма? Алдымен қандай қадамдарды аттағаны жөн? Кәсіби сарапшылардың ай­туынша, мін­дет­ті түрде басып өтуге тиіс үш белес бар. Оның біріншісі – өз порт­феліңізді әртараптандыру, яғни ақшаңызды әртүрлі активтерге салу. Егер бұл бағалы қағаздар болатын болса, онда экономиканың түрлі секторындағы компанияларды таңдаған дұрыс және тек акция­лармен ғана шектеліп қал­май, сондай-ақ мысалы облигациялар сатып алу керек. Және, әрине, шаралар қолданып, өз инвес­ти­цияларыңызды қорғау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды үнемі қадағалап отыру қажет. Дұрыс әрекет жасайтын болсаңыз, көгілдір фишкаларды қоса алғанда, бағалы қағаздардан тұратын жақсы портфель жинап алуға болады дейді олар. Екінші міндет – сіздің инвестициялық портфеліңіздің 60 пайызы акциялардан және 40 пайызы облигациялардан тұруға  тиіс. Дәстүр бойынша қаражат салудың сенімді әрі барынша тұрақты құра­лы – мемлекеттік облигациялар. Нарықта бір-бірінен купон бойынша, сондай-ақ айналым мерзімі бойынша ерекшеленетін түрлі облигациялармен танысуға болады.

Инвестордың үшінші алтын қағи­да­сы – өзіңіз білетін құралға ғана ақша салу.

«Белгілі бір инвестициялық құрал­дың мәнінің неде екенін түсін­бе­сеңіз, ақшаны босқа жұмсау­дың қажеті жоқ. Өзіңіздің соңғы қаражатыңызды, сон­дай-ақ қарызға алған ақшаңызды инвестиция ретінде салмаңыз – қаржы нарығы сіздің мұндай қатеңізді кешір­мейді. Сіз пайда таппағаныңыздан бөлек, бар ақшаңыздан айырылып қалуы­ңыз әбден мүмкін», дейді білікті ма­мандар.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді
    Қытай Жазушылар одағына 5 қазақ қаламгері мүше болды

    Ұқсас тақырыптар