Демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне қадам бастық

Уақыты: 2022-04-06 Көрлімі: 354 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың The National Interest басылымында жарияланған «...


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың The National Interest басылымында жарияланған «Еуразиядағы құбылмалы жағдай Қазақстанның дамуын бәсеңдетпейді» атты мақаласына шолу.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде Американың беделді The National Interest журналында жарияланған мақаласында «Біз Қа­зақ­станда демократиялық өзге­рістердің жаңа дәуіріне қадам бастық», деп атап өтті.

Аталған мақалада еліміздің алдында тұрған сын-қатерлерге назар аударылып, биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауда айтылған ауқымды реформалардың мән-маңызы айқындалады.

Мемлекет басшысының пікірінше, «посткеңестік кеңістікте болып жатқан оқиғалар айтарлықтай сын-қатер төн­діруде, бірақ еліміздің алға қадам басуын тежей алмайды».

Автор биылғы қаңтар айының ба­сын­дағы оқиғаны еске ала отырып, бейбіт шерулердің жаппай зорлық-зом­былыққа ұласқанына және ел тәуел­сіздігінің 30 жылы ішінде мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанына тоқталады. Осыған байланысты Президент: «Біз әлі күнге дейін қаңтар оқиғасының зардабынан толық айыққан жоқпыз. Бірақ бұл оқиғадан сабақ алып, түйткілді мәсе­ле­лерді батыл шешуге және алға ілгері­леуге толық дайынбыз», деп атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы геосаяси ахуалға түсіндірме жасай отырып, «Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырып жатыр. Сондықтан екі ел өзара ынтымақ­тас­тыққа негізделген ерекше қарым-қатынас орнатқан», деп жазады.

Сонымен қатар Мем­лекет басшысы Украинамен де дәс­түрлі достық қатынастарымыздың тамыры тереңде екеніне назар аударып, «қақтығыс БҰҰ Жарғысына сәйкес тезірек және әділ реттеледі», деп үміттенетінін айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар дүр­бе­леңі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға болғанын атап өтті. Бұл жағдайдан елі­мізге сабақ болғаны – азаматтардың заң­ды талаптары зорлық-зомбылық пен қу­далаудан қорықпай айтылуға тиіс еке­нін мойындау. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасын­дағы диалогтың шын мәнінде нығаюына жол ашады.

Мемлекет басшысы өз мақа­ласында Қазақ­станды реформалау және жаңғырту жөніндегі негізгі бастамалары, ең алды­мен, халық көтерген экономикалық жә­не әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыт­талғанына баса назар ауда­рады. Осы ретте Президент «олар­дың бізден не кү­те­тінін анық әрі айқын естідік», деп атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз мемлекеттік билікті бұрын-соңды болмаған орталықсыздандыруға, үйлесімді және тепе-теңдік жүйесін нығай­­туға кірісті. Сонымен бірге сы­байлас жемқорлық пен ағайын­гер­шілік әре­кеттерге төзбеушілік пікір қалыптасады. Бұл «саяси билік пен байлықтың санаулы адамның қолына шоғырлануына» жол бермейді.

Реформалар негізгі мемле­кеттік органдарда – Президент Әкім­шілігінде, Пар­ламентте, жергі­лікті әкімдіктерде, сот және құқық қорғау жүйелерінде жүргі­­зіледі. Мемлекет басшысы азап­тау­ларға мүлдем төзбеушілік қамта­масыз етіле­тініне ерекше мән береді.

Жаңа Қазақстанда билік­тің тармақтары мен мемлекет­тік органдар арасында өкілет­тік­тердің тепе-теңдігін басқаша қа­лып­тастыру жос­пар­ланып отыр. Мемлекет басшысы айт­­қан­­дай, шын мәнінде, Қазақ­стан бас­­қа­рудың «суперпре­зидент­тік» мо­де­лінен «норма­тивтік-президенттік» басқа­ру түріне көшеді.

Елімізде саяси әр алуандықты ны­ғай­туға арналған аралас про­порционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізуге ерекше мән беріледі. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде өзіне тиесілі пре­зи­денттік өкілеттіктердің бір бөлі­гінен өз еркімен бас тартатынын еске салды. Мем­лекет басшысы тағайындайтын сена­торлар саны 15-тен 10-ға дейін қысқа­рады, оның жартысын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады.

Президент өз мақаласында «Конс­ти­туциялық өзгерістердің аудан, қала және ауылдық округ әкімдеріне көбірек өкілеттік беруі аса маңызды саналуы мүмкін. Бұдан былай олар, ең алдымен, халық алдында жауапты және толықтай есеп береді», деп жазады. Сонымен қатар барлық реформа азаматтық қоғамның беделді өкілдерімен тығыз диалог жүргізе отырып әзірленгеніне арнайы тоқталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан экономикасын монополиядан арылту мәселесі туралы айта келіп, «жүйе тек таңдаулы адамдар үшін ғана емес, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек» дейді. Өкінішке қарай, бұрын мұндай жағдайға жиі жол берілгенін еске салды. Осыған байланыс­ты Президент «инклюзивсіз өсім орнықты болмайды» деп атап өтті. Сондай-ақ мақалада «олигархтар мен олардың монополияларына тиесілі орасан мол байлық еліміздің жұмысшы және орта таптарының игілігіне қайта жұмсалады», деп жазылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев елді одан әрі дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық теңсіздік мәселесін шешудің маңызы зор екеніне мән берді. Ол «экономика өскен са­йын азаматтардың да әлеуеті артуы керек» деп есептейді. Осыған байланысты «Үкіметке жалақыны арттыру және кедейшілік деңгейін төмендету бағдарламасын әзірлеу тапсырылды». Бұл жағдайда халық үшін алғашқы нақты қадам­дар ең төменгі жалақыны 40 па­йызға арттыру және бюджет­тік сала қызметкерлерінің жала­қысын көтеру болмақ. Мемлекет басшысы «шағын бизнестің салық жүктемесі төмендейді. Ал Қа­зақстанның өндіруші компаниялары экономикалық ауыртпалықтың салмағы мен үлесін көбірек және әділ көтереді», деп еске салады.

Жалпы, Президенттің айтуынша, бұл реформалар халқымыз үшін бетбұрыс кезеңіне жол ашады. Еліміз бүгінде тоқырау жолын емес, үдемелі даму бағытын таңдайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласын «Әлі ұзақ жол жүруіміз керек. Се­рік­тестік ел ішінде де, халықаралық деңгейде де – бейбітшілік пен өркендеудің ортақ болашағын құрудың бірден-бір жолы», деп қорытындылайды.

Анықтама:

АҚШ-тың 37-ші президенті Ричард Никсонның бастамасымен 1985 жылы негізі қаланған The National Interest журналын Ұлттық мүдделер жөніндегі ғылыми-талдау орталығы шығарады. Ол негізінен саясат пен халықаралық байланыстарға арналған. Басылымның тұрақты авторларының арасында белгілі америкалық саясаткерлер мен сарапшылар бар. Сондай-ақ журналда Ресей президенті Владимир Путин мен атақты америкалық саясаттанушы Фрэнсис Фукуяманың мақалалары, атап айтқанда, оның әйгілі «Тарихтың соңы» шығармасының мәтіні жарияланған.

 

2022 жылғы 4 сәуір

Дереккөз:  Егемен Қазақстан

Пікір жазу
  • 2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысы 550 мың теңгеден асады – министр
    АШМ: Қазақстанда ешқандай астық тапшылығы жоқ

    Ұқсас тақырыптар