Жаңа оқу жылында кімдер қашықтан оқиды?

Уақыты: 2020-08-04 Көрлімі: 1374 Сипаттама

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Аймағамбетов мектеп о...

f7940fd1-668c-46b9-86c9-67f990ff1aa3.jpg

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушылары мен колледж және ЖОО студенттерінің жаңа оқу жылындағы оқу тәртібін айтты. 

Оның сөзінше бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады. 

«Жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады. Қабылданған шешімге сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады.  Бұл жағдайда ол балалар тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқиды. Үзілістер әртүрлі уақытта болады. Сыныптағы бала саны 15-тен аспайтын болады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы, кезекші сыныптарда 530 мың бала, штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде», - деді Аймағамбетов.

 Министр жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жалғасатынын айтты.

«Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі. Бакалавриатта педагогикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық бағыттар бойынша дәріс және семинар сабақтары қашықтан өткізіледі. Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина әрі өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлардың 70 пайызы онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтарды (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, жеке-жеке өткізуге мүмкіндік береміз. Ал болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқу дәстүрлі, штатты формата жүретін болады. Осы берілген бағдардың аясында әрбір ұйым өздері дербес шемім қабылдайды», - деді А. Аймағамбетов.

Министр колледж студенттерінің білім алу тәртібіне қатысты да тоқталып өтті. 

«Колледждерге келетін болсақ, педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, сондай-ақ технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылады. Сәйкесінше, зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиені штатты режимде жүргізуге мүмкіндік береміз. Мұнда өте аз бала қамтылған, олар өздерінің жұмыс орындарында болады деп жоспарлануда. Бұған қоса, алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді», - деді ол.



Пікір жазу
  • Алексей Цой: Қиын кезең артта қалды
    Асқар Мамин «СҚ-Фармация» логистикалық хабына барды

    Ұқсас тақырыптар