Жерді латифундистерден қайтаруға кімдер кедергі болды?

Уақыты: 2019-11-14 Көрлімі: 1393 Сипаттама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте пайд...

75456938_2418018518321566_359113867864834048_n.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте пайдаланылмай жатқан жерді латифундистерден қайтарып алу тапсырмасының баяу жүзеге асып жатқанын сынға алды. 

«Жолдауда мен пайдаланылмай жатқан жерлерді латифундистерден қайтарып алу тапсырмасын жүктеген болатынмын. Бұл қыздырманың қызыл сөзі емес – салмақты тапсырма. Ісіне адал, еңбектен қашпайтын шаруалар еш жерде жұмыс істей алмайтын, малын жая алмайтын күнге де жеттік. Тапсырма әлі өте баяу орындалуда. Бұл жағдайда мүдделі адамдардың қысымына беріліп, бұл істі тоқтатып қойған секілді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Мемлекет басшысы сонымен қатар, Ақмола облысындағы жайылым жерлерінің көлемі шамамен 4,5 млн га екенін, соның 88 пайызы пайдаланылып отырғанын атап өтті.

«Ауылдық елді мекендерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналуда. Үкімет берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алу үшін қажетті нормативті ұстануы керек», - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда аграрлық секторды дамытуға - тұқым өсіру шаруашылығына, сұрыптарды жаңартуға, минералды тыңайтқыштарға жыл сайын қыруар қаражат бөлініп жатқанын еске салды. Президенттің айтуынша, осыған қарамастан, бидайдың орташа өнімділігі гектарына 12 центнерден аспай тұрғанын айтып, ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлы өңірлердің әкімдіктерімен бірге АӨК саласындағы еңбек өнімділігін арттыру бойынша нақты шараларды қабылдауы керек. Елде ауыл шаруашылығы техникасына қажеттілік зор. Сол себепті, Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазАгро жүйесі арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қажетті техниканы өндіріп, сату бойынша қаржыландыру механизмін жолға қоюы керек», - деді Мемлекет басшысы.

PS. Бұл тек Ақмола облысына ғана қатысты мәселе емес. Барлық облыстарда жердің көбі латифундистердің қолында. Президент латифундистерден қайтарып алу туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындауға кімдер кедергі болыып, кімдер орындамай отыр? Президенттің тапсырмасын орындатқызбайтын мүдделі адамдардың кім екенін білу үшін ауыл шаруашылығы  мақсатында пайдаланатын жер туралы деректер қоры құрылып, президент пен халыққа әр жердің пайдаланушысы туралы ақпарат толық жетуі керек деп ойлаймыз.  Президент бұған дейін де "жерді тек кім тиімді пайдалана алады, соған беру керек" деген ұстанымын айтқан болатын. Еліміздің даму болашағында ауыл шарашылығының алар орны бөлек. Сол үшін жер латифундистердің қолынан жерді пайдалана білетін әр қазақтың қолына өтуі керек.

Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Алматының даму стратегиясының ұзақ мерзімді жобасы әзірленуде
    Түркістанда ұлттық валюта күніне орай теңгелер көрмесі ұйымдастырылды