Қыр баласын мақала жазғаны үшін айыптайтын кезең қалай басталды?

admin2 2018-05-12 91 ℃ Қысқаша

М.Дулатұлының өз сөзімен айтсақ: құдай қарғаған «бауырларының» нақақ арыз-шағымдары Қы...

331672.jpg

М.Дулатұлының өз сөзімен айтсақ: құдай қарғаған «бауырларының» нақақ арыз-шағымдары Қыр баласы – елағасының қыр соңынан совет тұсында да бір қалмады. Бұл жолы Ә.Бөкейхан «шала белсенді» қазақ коммунистерінің алдында «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазғаны үшін «айыпты» болды. А.Байтұрсынұлы 1925 жылдың 1 маусымында Әлиханға жазған хатында «біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, «нағыз 96 пробалы» – деп жазса, оған 23 маусымда жазған жауабында Елағасы Ленинге еліктеген С.Меңдешұлы, С.Сейфуллин сынды қазақ коммунистерін Юпитер болуды аңсаған бұқаға теңейді. Міне сол «бұқалардың» жазған арыз-шағымдарының нәтижесінде «Еңбекші қазақ» газеті беттерінен 1925 жылдан кейін Қыр баласы, Ғ.Б. немесе тіпті V деп қол қойылған бірлі-жарым мақала-материалды ұшырату өте қиын. С.Меңдешұлының шағымы Кремльге 1925 жылдың мамырында түскен болса, Қыр баласының «Еңбекші қазақ» газетінен әзірше табылған соңғы мақаласы – 1925 жылғы 14 мамыр санында шықса, V деп қол қойылған «Әдебиет дүниесінде» атты мақала – 1926 жылдың 7 қазанында басылды.

Ол аздай, 1925 жылдың 29 мамырда И.Сталиннің РК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне жолдаған «Қазақ баспасөзі туралы» хатында Ташкентте шығып келген «Ақ жол» газеті мен «ақгвардияшыл эмигрант» М.Шоқай арасында идеялық бірліктің байқалатындығын нұсқап, партияда жоқ зиялыларды коммунистік басылымға жолатпауды (!) талап етуінен соң, Ә.Бөкейханның негізінен Қыр баласы, Ғ.Б. деген бүркеніш есімдерімен белсенді жарияланып келген бұл басылымның күні де құрдымға тақады.

РК(б)П Орталық комитетіне С.Меңдешұлының әлгі арызы түскен 1925 жылдан бастап Ә.Бөкейханның Қыр баласы және V деп қол қойған мақала, жаңа шыққан кітаптарға жазған сыни пікірлері, көркем-әдеби және т.б. аудармалары негізінен «Жаңа мектеп» журналында,  1926 жылдан «Әйел теңдігі» журналында қарама-қатар көптеп жариялана береді. Қыр баласының мақалаларын сирек болса да Қазақстанның «Қосшы», «Теңдік», «Кедей теңдігі» сынды өлкелік-облыстық газеттерінен де ұшыратуға болады.

Алаш кеөсемінің 1925-1928 жылдар аралығындағы еңбектерінен Л.Толстойдың, ежелгі грек әдебиетінің өкілі Эзоп пен үнді мысалдарын қазақшалап басып шығарған «Жетпіс жеті мысал» жинағын, тағы да Л.Толстойдың «Кавказ тұтқыны», «Жеті қарақшы» және «Жұмыртқадай бидай», Д.Мамин-Сибиряктың «Баймақан», В.Короленконың «Жұмбақ қыз», «Түндегі от» және «Өзі» әңгімелерінің жеке-жеке жинақтарын, ауыз әдебиетінің А.Байтұрсынұлы жазып алған үлгілерін өңдеп, алғысөзін жазып шығарған «Жиырма үш жоқтау» кітабын, орта мектептерге арналған «Дүниенің құрылысы» және «Жердің қысқаша тарихы» оқулықтарын атап өтуге болады. Орыс тіліндегі «Казаки Адаевского уезда» және «Сельское хозяйство Кара-Калпакской области» сынды төл ғылыми зерттеулерінің орны бөлек және олардың өзгеше тарихы бар.

Совет өкіметі Ә.Бөкейханды қазақ ұлтының шынайы көсемі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, Азамат соғысы жылдарында қызыл әскерге қарсы қарулы күресті басқарған «буржуазияшыл ұлтшыл», бітіспес саяси жауы көрумен қатар, ғалым әрі Қазақстанды бес саусағындай білетін теңдессіз сарапшы ретінде мойындамасқа амалы қалмаса керек.

Оған 1920 жылы Қазақстан төңкеріс комитетінің төрағасы (Киргизский революционный комитет немесе Кирревком), 1920-1923 жылдары Қазақ АССР халық комиссарлары кеңесінің (ХКК) төрағасы болған В.Радус-Зенковичтің 1921 жылы 13 маусымда Кремльде айтқан «Бөкейханов – өлкенің үздік білгірі. Оны дұрыс пайдалана білу қажет» («Букейханов – лучший знаток края. Его необходимо умеючи использовать») деген сөзі дәлел болады. Көп ұзамай 1925-жылдың соңы мен 1926 жылдың басында СССР Ғылым Акамедиясында одақтас және автономиялық республикаларды зерттейтін академик А.Е.Ферсман басқарған арнаулы комитет құрылды (Особый комитет АН СССР по исследованию союзных и автономных республик). Сәлімгерей Қаратілеуұлы 1929 жылдың 2 шілдесінде Алматыда НКВД тергеушілеріне берген жауабында «Академия (СССР Ғылым Академиясы) Қазақстаннан зерттеу жұмыстарына тапсырыс алған соң, ол Швецов арқылы оның жақсы танысы – Бөкейхановты Қазақстанның теңдессіз білгірі ретінде дереу жұмысқа шақырғанын», 6 шілде күнгі тергеуде «ҒА-сымен келісім жасағанда (Қазақстан халық комиссарлар кеңесі мен СССР Ғылым Академиясының арасындағы келісім) экспедицияның жетекшісі экспедицияны өзі таңдаған адамдарымен жасақтауға тиіс деген пункты болғанын» атап көрсетеді. Шынында да 1926 жылдың шілдесінде Ә.Бөкейхан А.Ферсманның шақыруымен Қазақстан бойынша сарапшы болып арнаулы комитеттің құрамына қабылданады [№ 22-сурет].

Келесі жылы Қазақстан ХКК-нің өтінішімен Қазақ АССР-ін 5 жылға жоспарланған кешенді зерттеу басталып, сол жылдың жазында Ә.Бөкейхан СССР Ғылым Академиясы антропологиялық экспедициясының экономикалық зерттеу партиясын бастап Қазақстанның ол кездегі Адай оязы – қазіргі Маңғыстау мен Атырау облыстарына аттанады. Зерттеу жұмыстарының барысында Ә.Бөкейхан қасына НКВД-ның тергеу материалдарының мәліметі бойынша С.П.Швецовты, Алаш қайраткерлерінің естеліктеріне сәйкес С.И.Руденконы серік етіп досы әрі бұрынғы үзеңгілесі А.Байтұрсынұлына Қызылордаға қонақтап барады. НКВД-ның 1929-1930 жылғы тергеу материалдарына қарағанда, Алаш көсемі Ахаңа қоса тағы бірқатар бұрынғы үзеңгілесі – М.Дулатұлы, С.Қадырбайұлы, А.Кенжин, қазақ совет қайраткері С.Қожанұлы  үйлерінде қонақта болып, Н.Нұрмақұлымен, күйеу баласы С.Садуақасұлымен және тағы басқа советтік Қазақстан басшыларымен жүздесіп сыр шертеді. Алайда, қазақ көсемінің әрбір қадамын бағып-қадағалаған НКВД жансыздары оның экспедициядан тыс бейресми сапармен Қызылордаға барғанын И.Сталинге хабарлап, Ә.Бөкейхан Ақтөбеге оралған бойы дереу тұтқындалып, оны екінші рет кісендеп, жанына күзет қосып Мәскеуге жеткізеді, Бутыркаға жабады. Оның абақтыдан бостандыққа қалай шыққан ұзын хикаясын баяндап жатпай, шыққан сәтінде Кремльде И.Сталинмен екінші рет жүздескеніне тоқталған әлдеқайда маңызды. И.Сталин «елге оралмаңыз, қырға қарай аяқ баспаңыз!» деген талабын Алаш көсемінің есіне тағы салды. Бірақ, егер 1922 жылдың желтоқсанында ол талап өтініш ретінде естіртілген болса, бұл жолы мүлтіксіз орындалуға тиіс бұйрық түрінде кесіп айтылды. Қыр баласы – елағасы бұл бұйрықты мойынсынды ма, жоқ па – оны әңгіменің жалғасынан байқаймыз. Ал одан бұрын Ә.Бөкейхан Адай оязын аралап зерттеген жұмысын аяқасыз қалдырмай, тиянақты еңбек жазып бітіріп, оның «Казаки Адаевского уезда» атты ғылыми очеркі 1927 жылы СССР ҒА-сының «Қазақтар. Антропологиялық очерктер» жинағымен жарық көрді.

    Сұлтанхан Аққұлұлы

    «Әлихан Бөйкехан» көп томдығының 9-томы

    Дереккөз: "Алауинформ"


Николай Никулин: «Сталиннің арқасында ғана жеңіске жеттік!» деген аңыз алпысыншы жылдары пайда болды
Кері қайту