Басты мақсат – жаңа Қазақстан дәуірінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін жандандыру

Уақыты: 2022-11-28 Көрлімі: 187 Сипаттама

25 қазанда Алматыдағы Каспий университетінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құры...

WhatsApp-Image-2022-11-27-at-16.07.52.jpeg

25 қазанда Алматыдағы Каспий университетінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ғалымдар, ұстаздар, студенттер, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен  Алматы қалалық фронт кеңсесі және «Қазақстан волонтерлер лигасы» қоғамдық қоры өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ардагері Ботакөз Уатханқызы, Тарих ғылымдарының докторы Жігер Жанәбілұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ- нің профессоры, ғылым докторы, академик Досан Баймолда, Химия ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Райыс Әріпжанұлы ғылыми баяндама жасады.

Жиынның шымылдығын ашқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы бойынша басшысы Омаралі Әділбек алғысөзінде қауымдастықтың құрылу тарихы туралы айтты.

– Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, шекарасын бекітіп, өз алдына жеке мемлекет болып шыққаннан соң, қазақ елі шынайы рухани тәуелсіздікке қол жеткізді. Тарихымызға оралдық, әдебиетіміз бен мәдениетіміз жаңа серпін алды. 1991 жылы 30 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақ радиосынан» дүниежүзі қазақтарына қаратып жолдау жасады. Атамекенге оралғысы келетін барлық қазақты шақырды. Бұл үндеуді бүкіл әлем тыңдады, өзіміз де тыңдағанбыз.

Сол кездері ең алғаш Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған Түркия еліндегі сапарда көптеген шетелдегі қандастармен кездесу болды. Моңғолиядан келген қандасымыз Сайран Қадыр «Қырғыздар Дүниежүзі қырғыздарының құрылтайын өткізгелі отыр. Сіздерде осындай жоспар бар ма?»-деді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Жазушылар одағының бас хатшысы болған Қалдарбек Найманбаевтан «Біз бұған дайынбыз ба?» деп сұрағанда, ол кісі «дайынбыз» деп жауап береді. Түрік еліндегі жиыннан келе сала, құрамына беделді жазушылар, ғалымдар, шенеуніктер кірген қызмет тобы құрылады. Осылайша ресми құрылтай өткізуге шешім қабылданады

1992 жылы қыркүйекте Алматыда 40-тан астам елдің азаматтары қатысқан Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп,  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған болатын. 1996 жылы Көші-қон заңы шықты. Сол кезде бастап қазақ көші басталды. Қауымдастық осы уақытқа дейін бес рет құрылтай өткізді. Елімізге бір миллионнан астам әр түрлі салада істейтін қандастар көшіп келді,-деді Омаралі Әділбек.

Сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы қандастардың өз еліне оралуы елдің бітұтастануына алып келетін маңызды құбылыс екенін атап өтті.

– Қазақ ұлты Қазақстаннан басқа әлемнің 40-тан астам елінде өмір сүреді. Соның ішінде елімізбен шекаралас Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда көп бөлігі шоғырланған. Әр мемлекетте шашырай орналасқан этникалық қазақтар тәуелсіздіктен кейін өздерінің тарихи отанына орала бастады. Бұл жай ғана оралу емес, бұл – бүкіл Қазақстан қоғамындағы үлкен құбылыс еді. Қазақстан өзінің кешегі тарихына жауапкершілікпен қарап, қазақ диаспорасына деген саясатын қалыптастырған болатын. Ұлт бірегейленбей, мемлекет нығаймайды. Бүгін Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік – тәуелсіздіктің кепілі» деген тақырыпта бас қосып, пікір алмасуға келіп отырмыз. Бұл өте маңызды. Осының ішінде 30 жылдан бері Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының атқарған қызметін қорытындылау да кіреді. Әлемдегі этникалық қазақтармен байланысты осы ұйым жалғастырды. Қауымдастық шетелдегі қазақ мәдениетінің отандық мәдениетке қосылуына, ұлттың біртұтастануына орасан зор еңбек сіңірді.

Әлемдегі этникалық қазақтар өз отанына оралғанда ғана өз болмысын сақтай алады. Шектеусіз ұрпағын көбейтіп, тоқтаусыз тіршілік жасайды. Ең маңыздысы – өз елі үшін еңбек ету бақытына кенеледі. Сонымен қатар шетелдегі қандастардың отанға оралуы елімізге құйылып жатқан баға жетпес – ресурс, береке. Олар Қазақстанның экономикасын дамытуға, қауіпсіздігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан жаңа Қазақстан дәуірінде қауымдастықтың қызметін жандандыру өте маңызды,-деді ғалым.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ардагері Ботакөз Уатханқызы қауымдастықтың атқарған қызметіне, қандастарды елге көшірудегі қиындықтарға, мемлекет тарапынан атқарылмай отырған шаруалар мен мәселелерге тоқталды.

– Қауымдастықтың негізгі мақсаттары мен міндеттері қазақ диаспорасы өкілдерінің өмір сүріп жатқан жерінде еркін, жан-жақты дамуына жәрдемдесу, олармен күнделікті рухани-мәдени байланыс жасау болатын. Сондай-ақ көшіп келген ағайындарға көмектесу болатын. Қауымдастық құрылғаннан бері сырттағы 5 миллионнан астам қазақпен байланыс жасалды. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары шетелдерде Қазақстанның дипломатиялық елшіліктері ашылмай тұрғанда, қауымдастық жеке адамдарды ұйымдастыру арқылы қазақ диаспорасы өкілдеріне жеке-жеке шақырту жіберіп, олардың елге оралуына ұйытқы болды. Қытай, Ауғанстан Сауд-Арабиясы елдерінен елге оралған алғашқы қарлығаштарға себепші болды. Қауымдастық Қазақстанның жоғары оқу орындары жанынан дайындық курстарын ашу идеясын көтеріп, оны іске асырды. Ол бүгінге дейін жалғасын табуда. Шетелден келетін жас жеткіншектердің оқитын алғашқы дайындық курсы Алматыдағы Қыздар педагогикалық университеті жанынан ашылып, одан кейін Кентауда, Түркістанда жалғасын тапты. Қазір көптеген университеттерде бар. Жыл сайын 1400 қазақ жастары келіп, білім алумен қатар, олардың көбісі елде қалып қоюда. Осы жастарды қолдайтын бағдарлама керек. Оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етсе, азаматтықты еш кедергісіз берсе тамаша болатыны сөзсіз. Бұндай жағдайда елге оралушылар саны артары анық.

Қазіргі күні алыс-жақыннан келетін ағайындардың Қазақстанға келуі төмендеп, керісінше кетушілер қатары көп болуы салдарынан елімізде көптеген елді-мекендер бос қалып жатыр. Өзім соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай өңіріне барып қайттым. Сонда байқағаным, шекаралас аумақтардағы тұрғындар айтарлықтай азайған. Бұның бәрі еліміздің дамуына кері әсерін тигізері анық. Бұл жағдай Қазақстан үкіметінің этностық көші-қонға дұрыс көңіл бөлмеуінен болып отыр. Қазіргі күні бұрынғы Көші-қон комитеті таратылған, қазір  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы шағын ғана басқармаға айналды. Көші-қон туралы заңда сырт жерлерде қандастар көшін ұйымдастыру Сыртқы істер министрлігіне жүктелгенімен бүгінге дейін нақты іс-шара атқарылмады. 2000 жылдың басында«Нұрлы жол» бағдарламасымен  Солтүстік Қазақстан облысына «Бәйтерек»,  Ақмола облысына «Қызылжар» ауылдары салынып, соған арнайы квотамен қандастар көшіп барды. Бірақ өкінішке орай, салынған үйлер сапасыз, қыста суық, жазда төбесінен су ағады, үйдің қабырғалары көгеріп отыруға ыңғайсыз болып шықты. Көші-қон басшылары айтқан уәделерін орындамай, халықты алдады. Осы олқылықтар үшін қандастардың өздерін кінәлады. Осыған ренжіген ағайындар өкпелеп, көшіп кетті. Бұл жемқорлықтың нәтижесі еді. Қазір де осы үрдіс жалғасын табуда. Жаңалықтардан хабардар болып отырған шеттегі қандастар елге келуден ат басын тартып қалуда. Көші-қонның жанданбау себебі – осы. Сапалы үй, мамандықтар бойынша жұмыс беруге кепілдік берілсе, әлі де кеш емес.

Шетелдегі ағайындардың көпшілігі өз ана-тілдерінде оқып, білім алу мүмкіндіктерінен айырылып, ана тілін ұмытып, сол елге сіңіп, ассимляцияға ұшырап, ұлт ретінде жойылу қаупі төнуде. Қазақстан тарапынан осы бір мәселеге ерекше көңіл бөлініп,  қазақ диаспорасының ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үзбей қолдау жасап отыруы керек,-деді Ботакөз Уатханқызы.

 

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • Биыл 15,6 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
    «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді

    Ұқсас тақырыптар