Түгел түркінің басы қосылды

Уақыты: 2022-11-11 Көрлімі: 358 Сипаттама

Кеше Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті қарсаңында Сыртқы істер министрлерінің кең...




Кеше Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті қарсаңында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарды.

СІМ басшысы Қазақстанның түркі ынтымақтастық ұйымдары шеңберіндегі өз міндеттемелеріне берік ұстанымын әңгімелеп берді. Сонымен қатар еліміздің мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, экономикалық және мәдени өзара іс-қимылын нығайтуға, сондай-ақ Ұйымның тиімділігін арт­ты­ру­ға үлес қосуға дайын екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттері басшыларының қатысуымен өтетін IX саммиттің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, осы іс-шара барысында қол қоюға және қабылдауға жоспарланған құжаттар мен шешімдердің жобалары бекітілді.

Айта кетерлігі, бүгін Өзбекстанның Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті басталды. Іргелі жиын барысында мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселесі талқыланбақ.

Ақпарат құралдарында таралған мәліметке сүйенсек, саммитте Түрік­менс­тан ұйымның толыққанды мүшесі атанбақ. Сондай-ақ Түркі мемлекеттер ұйымының бас хатшысы жаңадан тағайындалмақ. Жоспар бойынша іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түр­кия, Қырғызстан және Өзбекстан прези­дент­тері, сондай-ақ Мажарстанның Премьер-министрі қатысады. Саммитте гу­манитарлық ынтымақтастықты, экономикалық серіктестікті күшейту, кеден, көлік байланысы және цифрландыру мәселелері де талқыланбақ.

Жалпы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Оның Хатшылығы Ыстанбұл қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түркия және Өзбекстан кі­реді. Мажарстан мен Түрікменстан бақы­лаушы мәртебеге ие.

Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастығын нығайтуға, ұйымның іргетасын құруға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Түркі интеграциясы бағытында алғашқы қадамдарды жасауда Түркияның бұрынғы Президенті Тұрғыт Өзал да көрнекті рөл атқарды. Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің басшылары 1991 жылдан бастап жиі-жиі кездесіп жүретін. Сол кездегі мемлекет басшыларының сапарларынан кейін өзара алыс-беріс, барыс-келіс айрықша қарқын алды. Кейінірек Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті.

Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу дәстүрге айналды. 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда кез­десулердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақты Хатшылық құрылды. Алайда құбылмалы жаһанда бұл бастаманы бірден жүзеге асырудың сәті түспеді. Әзербайжан астанасында 2005 жылдың мамырында «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырының іске қосылуына байланысты өткен жоғары деңгейдегі кездесу түркітілдес мемлекеттер арасындағы қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті.

Бес жыл үзілістен кейін түркітілдес мемлекеттердің VIII саммиті өтіп, оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия басшылары қатысты. Жиында Түркі кеңесін құру туралы бастама кө­те­рілді. Сондай-ақ кездесудегі бас­ты оқиға – түркітілдес мемлекеттердің Пар­ламенттік Ассамблеясын құруға уағ­да­лас­ты. Кешікпей ол да жүзеге асты. Жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде – Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сәуірінде Астанада өтті.

Түркі ынтымақтастығының дамуын­да Нахчыван саммитінің маңызы жо­ға­ры. Түркітілдес мемлекеттер бас­шы­лары 2009 жылдың қазанында Әзер­байжанның Нахчыван қаласында кез­десті. Түркі кеңесін құру туралы ұсы­нысты осы құрылтайда жүзеге асы­ру­дың сәті түсті. Сөйтіп, Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесі және Түркі академиясы құрылды. Нәти­же­сінде, түркі интеграциясы жаңа белес­ке көтерілді.

Нахчывандағы келісім түркітілдес ха­лықтардың тарихында ерекше ма­ңызға ие кездесуге айналды десек, қате­леспейміз. Мәселен, сол келісімге сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Кейі­нірек, 2010 жылғы 25 мамырда құжатта ай­тылған мәселелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.

Түркі академиясы көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми-зерт­теулерді үйлестіретін бірегей орта­лық­қа айналуды мақсат тұтты.

Тарих шаңына көмілген ортақ мұра­ларымызды аршып, жас ұрпақтың санасына біздің өзара бауыр екенімізді сіңіру бағытында бұл ұйымның атқарып жатқан қызметі зор. Тек қана «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Ортақ түркі географиясы» жобаларын қарастырғанның өзінде, интеграциялық процестерге айрықша үлес қосылғанын байқаймыз. Бұл жобалар жас ұрпақтың санасына бауырлас халықтар туралы мәліметтерді сіңіріп, олардың кейін бір-біріне тілеулес болып өсуін қамтамасыз етеді. Яғни мәдени-гуманитарлық жобалар алдағы жылдардағы түркі интег­ра­ция­сының іргетасын қалап жатыр.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастығын одан әрі нығайтқан тағы бір бастама былтыр Түркияда, VIII саммит барысында қабылданды. Іргелі іс-шарада жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ортақ іс-қимылдың маңызына ерекше екпін берілген-ді. Сондай-ақ ұйымның болашағына қа­тысты бірқатар маңызды мәселе бойынша шешім қабылдады. Түркі кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертілді.

Бұдан бөлек, жиын кезінде үшінші тараптармен және институттармен ын­тымақтастықтың жаңа әдістерін анықтау, Түркі инвестициялық қорын құру туралы айтылды. Сондай-ақ Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді.

Қысқасы, түркітілдес мемлекеттердің өзара байланысы нығайып келе жатыр деп сеніммен айта аламыз. Биылғы саммитте Түрікменстанның ұйым қатарына толыққанды мүше ретінде қосылуы бұл сөзімізді айғақтаса керек. Түгел түркінің төрге озатын, бауырлас халықтардың басы бірігетін күн де алыс емес.

Абай Отар

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Түркі мемлекеттері ұйымының Инвестициялық қоры құрылады
    Кемелді тұлға, сұңғыла саясаткер

    Ұқсас тақырыптар