Б. Сапарбаев: Америкада тұрасың ба, Қытайда тұрасың ба – жүрегің Қазақстан деп соғу керек

Уақыты: 2019-11-28 Көрлімі: 1217 Сипаттама

Елордада дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген қандастардың қатысуымен «Отандастар....

191128104636963e.jpg

Елордада дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген қандастардың қатысуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

Іс-шара «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен шет елдердегі қазақ диаспорасының тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатын көздейді. Жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қатысуда.




Шара аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, оның ішінде шет елдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту тетіктері талқыланбақ. Осы мақсатты көздеген «Отандастар» қорының негізгі жобаларының бірі «Қазақ үйі» қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтарының әлем бойынша желісін құру жоспары талқыланады. Бірлескен жұмыстың нақты ұсыныстары әзірленеді. Қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат беріледі. «Атамекен» іскерлік үйінің панельдік сессиясында Іскерлік үйінің мақсаты мен міндеті, отандастарды консультациялық қолдау орталығының жұмысы жайлы айтылады. Шет елдерде өткізілген бизнес форумдар қорытындыланады. Түркия, Швеция, Еуропа елдерінен келген қандас кәсіпкерлер сөз сөйлеп, «ҚазАгро», «Бәйтерек» холдингтері мен «ҚазақИнвест» ҰАҚ өз тараптарынан қандас кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндіктерімен бөліседі.

191128105800125e.jpg

Жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Отандастар қоры» КЕАҚ Қамқорлық кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев елімізде «Отандастар» халықаралық форумы өткізілетінін мәлім етті.

«Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллионан астам қандасымыз келіп, Отанымыздың бір-бір уығына айналып, мемлекетіміздің өркен жаюына үлестерін қосуда. Әрине, көш болғасын жүре түзелер кемшіліктер бар болар. Сондықтан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкіметке, Президент Әкімшілігіне тағы бір мұқият қарап, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берді», - деді ол.

Мемлекеттік хатшы бүгін де шетелдегі этникалық қазақтарды қодау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін қазақстандық ЖОО-ларда бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша квота көлемі 4 пайызға көтерілгенін, білім алушылардың 2 747-ге жеткенін атап өтті.

«Бұдан басқа қандастарымыздың баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келген ағайындарға құжатты ресімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады», - деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев сондай-ақ, қазақ диаспорасының бүгінгі жай-күйі да сөз етті.

«Елімізде қазақ жастарының білім және ғылым салаларына ынта-ықыласы, оларды өздері тұрып жатқан елдердің саяси-әлеуметтік жүйесіне толыққанды кірігуіне байланысты зерттеулер де жүргізілуде. Бұл жұмыстардың өзінің оң нәтижесін табары сөзсіз. Замандас ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым» деген жыр жолдары қанатты сөзге айналып кеткені ақиқат. Дүниенің төрт бұрышын мекендеген қандастарымыздың қадау-қадау мәселелерін бүгінгі дөңгелек үстелде шешіп тастамайтынымыз анық. Алайда атамекенді аңсап, тарихи отанға үкілі үмітпен қарап отырған қандастарымызға бүгінгі әңгіме қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек қолын тигізіп жатса – мазмұндық жағынан шараның өзін-өзі ақтай алғаны деп ойлаймын», - деді ол.

Мемлекеттік хатшы сөз соңында келесі жылы елімізде «Отандастар» халықаралық форумы өткізілетінін мәлім етті.

«Ешқандай күмән болмасын – Елбасы да, Мемлекет басшысы да, Үкімет те ұлтымыздың болашағына қызмет етуде. Әсіресе, халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақтың жағдайы – біздің ең үлкен назарымызда. Бұйырса, сіздердің ұсыныс-ескертпелеріңізді ескере отырып, сәуір айында Нұр-Сұлтанда «Отандастар» халықаралық форумын өткізіп, маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде», - деді ол.

191128111236597e.jpg

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев елімізде қандастарды қолдау мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып берді.

««Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында елімізде сырттан келген қандастарымызға арналған елді мекендер пайда болды. Мысалы, ШҚО-да 700 отбасылық «Шығыс», СҚО-да 400- үйлік «Бәйтерек», Ақмолада «Красный яр» ауылдары пайда болды. Ең үлкені – Шымкентте Өзбекстаннан көшіп келген қандастардың «Асар» ауылы. Ол жерге әу баста 5 мың адам көшіп келген еді. Жақында ғана біз барып көрдік –27 мың қандас тұрып жатыр екен», - деді Бердібек Сапарбаев.

Үкімет басшысының орынбасары елге келген қандастарды баспанамен, мектеппен, балабақшамен, медициналық көмекпен толығымен қамтамасыз етіліп жатқанын айтып өтті.

«Шетелдегі қандастарымыздың ішінде мықты қалталы азаматтарымыз, ғалымдар мен өнерпаздар бар. Олар өздерінің Отандарына көмектесу керек. Сіздер баспасөзден жақсы білесіздер: армяндар мен еврейлердің Арменияға, Израильге қалай көмек жатқаны белгілі. Бізде де солай болу керек. Қанша дегенмен Отанымыз бір – Қазақстан. Америкада тұрасың ба, Қытайда тұрасың ба – жүрегің Қазақстан деп соғу керек. Сондықтан біздің өтінішіміз – осы жағына да көңіл бөлсеңіздер», - деді ол.


 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанға көшетін қандастардан талап етілетін құжат саны 43-тен 20-ға дейін қысқартылағанын мәлім етті.

Министр әлемнің 43 елінде 5-6 миллион қазақ тұратынын атап өтті. Бұл – қазақ этносының үштен бір бөлігі.

«Біз шетелдегі қандастарды қолдаудың жаңа тетігін кешенді түрде пысықтап жатырмыз. Ол – халықаралық тәжірибеге негізделген механизм. Екіншіден, министрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз адамдардың «қандас» мәртебесін алуға өтішін беруінен бастап қазақстандық паспорт бергенге дейін барлық процесті талдап, келесі шараларды таңдадық: қандастардан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқартамыз», - деді ол.

Дәурен Абаев құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден – ХҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетінін атап өтті.

«Бұл ретте алғашқы өтінішті Қазақстанға келмей-ақ біздің шетелдегі елшіліктеріміздің консулдығына беруге болады. Қандастарға уақыт және қаражат жағынан тиімді болуы үшін осы мәселені ескердік. Оған қоса құжат рәсімдеу бойынша қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Осы жұмыстың барлығын орындау үшін Жол картасын әзірледік. Соған сай, барлық мемлекеттік орган қажетті құқықтық және ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. Бұл бірыңғай терезе 2020 жылдың үшінші тоқсанының соңында толық күшіне енеді», - деді ол.

Сондай-ақ бұл басқосуда шет елдердегі қазақтілді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін панельдік сессияда шет елдердегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің өзара ынтымақтастық мәселесі талқыланады.

«Абай» мәдени орталығының панельдік сессиясында мәдени орталықтың мақсаты мен міндеті, шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту, білім беру жобаларын іске асыру, елімізде туристік кластерді дамыту және еліміздің туристік тартымдылығын арттыру, барлық елде қазақ әдебиеті орталығының желісін құру мәселелері талқыланады. «Отандастар» Қорының жобасы – «Әлемдегі танымал қазақтар туралы» кітабы мен «Мұзбалақ» анимациалық фильмі таныстырылады. «Жас Қазақ» жастар клубының панельдік сессиясында шет елдердегі қазақ жастарын тарихи Отанын айналасына шоғырландыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету, диаспоралық және жастар саясаты саласындағы өзара әрекеттестік және серіктестік аясын кеңейту, жас белсенділерді таныстыру, достығын нығайту, олардың бойында тарихи Отанына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының барлық жастар ұйымдарының іс-шараларына диаспора өкілдерін қатыстыру, өзара біріккен жұмыс жоспарын құрып, бірлесе жұмыс істеу мәселесі талқыланады. «Қазақ елі» жастар клубы жұмысының жоспары бекітіледі.

Жиынға 20 елдегі қазақ диаспораларынан 150 делегат қатысып отыр.


Jebeu.kz

Пікір жазу
  • 2050 жылға қарай Қазақстан халқы 24 миллионға жетеді - БҰҰ болжамы
    Назарбаев: Түркі әлемінің бесігі - Түркістан қаласы қайта түлей бастады

    Ұқсас тақырыптар