Қапалда «Атамекенге ақ шашу» атты аламан бәйге өтті

Уақыты: 2019-03-28 Көрлімі: 6196 Сипаттама

Наруыз мерекесіне орай, 23 наурыз күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылында «Атамек...

f02afbbb-2756-489c-95af-27a47549ceb1.jpg

Наруыз мерекесіне орай, 23 наурыз күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылында «Атамекенге ақ шашу атты» аламан бәйге өтті.

Бәйгені Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қапалдағы Тәуелсіздіктен кейінгі Атамекенге оралған қандастар ұйымдастырған. 2 ай бұрын 2000 жылдары аталмыш ауылға ең алғаш келген жастардың бастамашылығмен жергілікті қандастар мен ел азаматтарына, жалпы қазақ халқына алғыстарын білдірмек мақсатында дайындық жұмыстары басталған. Жастар көтерген бастама бүкіл ауыл халқы мен ауыл, аудан басшыларының қолдауына ие болып, Жетісу Aлатауының етегінде ұлан-асыр той болды.

aa9fe194-f001-4469-8ef2-abe9d10905f8.jpg

Бәйгеге Алматы облысының жер-жерінен атбегілер жүйріктерін сайлап келіп, аламан бәйгеге 63 ат қатысса, құнан бәйгеде 42 құнан шапқан. Аламан бәйгеде 1- орынға 5 тай, 2- орынға мотоцикл, 3-орынға 1 тай, 4- орынға теледидар, қалған 7- орынға дейін ат әбзелдері берілген. Аламанда бірінші Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Қозыбаев Мараттың аты келсе, екінші болып Алматылық Артығали Мирасовтың Беторы атты аты келген. Жамбыл ауыданының тұрғыны Қозыбев Даниярдың аты үшінші,  алматылық Аян Қанабековтың жүйрігі төртінші болып жеткен. Құнан бәйгенің 1- орынға берлген мотоцикл Ынтымақ ауылының тұрғыны Адилов Алмастың құнанына берілсе, 2- келген құнанның иесі Қасымов Еділ бір тай жетектеп қайтқан. Үшінші келген құнанның иесі Кербұлақ ауданының тұрғыны Шаншаров Серіктің қанжығасына теледидар байланды.

04fe6f25-b1a6-4a5a-aced-30e3f89f50d5.jpg

Бәйгемен бірге қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру сияқты спорттық ойындар өтіп, ауыл тұрғындары теңге ілу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарда ат құлағында ойнады. Ары қарай бәйгенің соңы көкпарға ұласты.

4130b69a-781a-4f98-819a-ff23e78cb221.jpg

Қапалда өткен бәйге туралы ауыл тұрғыны, осы бәйгені ұйымдастру жұмыстарының басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Думан Бақыткелді «Халыққа ұнағаны бұрынғы ұмытып бара жатқан дәстүрлі ойындарды қайта жаңғырту. Жыл сайын спорттық ойындар ғана өткізіліп жатса, биыл қыз қуу, жілік шағу, аударыспақ, теңге ілу сияқты ойындар ерекше әсер етті. Қыз қууда біздің әпке-жеңгелеріміз емін-еркін шаба алатын қазақтың ең соңғы толқыны деп ойлаймын. Осыдан кейінгілер атқа тек сән үшін мінетіні болмаса, олай шаба алмайды. 30 бен 40 жас арасындағы әпке-жеңгелеріміздің қыз қуудағы шабысына барша халық аса ықыласпен қарады. Теңге ілуде тіркелу әлдеқашан бітіп кетсе де біреулердің теңге іле алмай жатқан, енді біреулердің аттан құлап жатқанын көрген атпен келген жастар мен үлкен кісілер қызынып кетіп, сол сәтте тіркеліп, шауып барып теңге іліп жатты. Жан-жақтан келген адамдардың көптігі сонша Бәйгетөбенің өзі құмырысқаның илеуіндей  болып кетті. Келген қонақтар мен атбегілер, ауыл-аудан әкімдері ауыл халқының береке-бірлігі мен қызмет көрсетулеріне дән риза болып қайтты»,- деп айтып берді.

e7ccbe8c-cda5-416d-8db5-de842ea996da.jpg

Келген барша қонақтарға Қапал ауылының тұрғындары ақбөз үйде дастархан жайып, Наурыз көжелерін берген. Осы жұмыстардың барлығын, бәйгеге кеткен шығындарды Қапал ауылындағы қандастар әркім өз еркі бойынша атсалысып, қаржыларын қосқан. Жиналған қаржының бәйгеден асқанын ауылдағы қиыншылығы бар отбасыларға бөліп берген.

51326026-f1e0-4ad9-9ff0-47dba661e186.jpg


Қапал ауылы Жетісу Алатауының етегінде орналасқан. Әйгілі Тамшыбұлақ пен Қапал-арасаны арқылы аты мәлім. Қазір Қапалда мыңға тарта отбасы тұрады. Оның ішінде тең жартысы Тәуелсіздіктен кейінгі Қытай мен Моңғолиядан көшіп келген қандастар. Ауыл халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жыл сайын ауыл халқының жан саны да, экономикалық жағдайы да, ауылдың бет-бейнесі, инфрақұрлымы да жақсарып келеді. Осы бір өте жоғары деңгейде өткен «Атамекенге ақ шашу» атты тойлары ауыл халқының осының бәріне береке-бірлігінің арқасына жетіп отырғанын көрсетуде.

42f37f88-576d-46bd-a462-383cc5950639.jpg

9eccfa48-c5d8-4cef-8caf-c656daf7cc77.jpg

f8d8174c-394a-404e-9c8e-dbd718911423.jpg

c3a81ff0-5bf8-4d19-beae-d3b601e0e01e.jpg

Тұрдыбек Құрметхан

Суреттер Думан Бақыткелдіұлынан алынды

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Наурыз мерекесінде жастар мен көп балалы аналарға сыйлық жасалды
    Нұр-Сұлтанда «Қасиетті қазақ елі» халықаралық фестивалі өтеді