Бізді "сатып алған" Қытай президентімізді де "сатып алса" не істейсіз?

Уақыты: 2019-02-05 Көрлімі: 3243 Сипаттама

2017 жылдың соңында қытай бізді "сатып алған" еді. Біз дегеніміз, 15 пен 20 жас аралығында 2000...

dc99d2ce49472fa2b090f119c5c3eaed-xs.jpg

2017 жылдың соңында қытай бізді "сатып алған" еді. Біз дегеніміз, 15 пен 20 жас аралығында  2000 - 2005 жылдарды елге оралған, еліміздің жоғарғы оқу орындарынан білім алып, алды PhD доктор болса, артымыз жоқ дегенде магистр ғылми дәрежесі бар, Еліміздің жоғарғы оқу орындарында, мектептерінде сабақ беретін ұстаздар, білім беру мен денсалуық сақтау сияқты түрлі салада қызмет атқарған, жас мамандар мен кәсіпкерлер едік. Одан сырт мәдениет пен әдебиет саласында еңбек ететін ҚР Жазушылар одағының, ҚР Суретшілер одағының мүшелерінен құралған аз санды қазіргі 30 бен 35 жастың арасындағы жігіттер едік. Қытайлар бізден бұрын, тіпті Қазақстан тәуелсіздік алмас бұрын біраз адамдарды «тәрбиелеп», "Қазақстанның тәуелсіздік алатынын біліп" «сатып алып қойған» екен. Оларды «Бейжіңнен оқытып, Қазақстан Тәуелсіздік ала салғанда елге жіберіпті». Елге келіп жалғасты білім алып, кәсіп ашып, саясатқа араласып, Көші-қон заңына дейін жазуға қатысқан екен.  Олардың да  біразы ғылым докторы болып ЖОО-да сабақ берсе, кейбірі мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасауда, тіпті кейбірінің атын Елбасының өзі ауызға алып, еңбектерін бағалауда. Біз де солардың жазған көші-қон заңынан игіліктеніп, Қазақстанда білім грантымен оқыған едік.

Қытай бізден кейін де біраз азаматтарды «сатып алды». Бірақ, оның бәрін Серікжан Білашұлы деген адам «біліп қойып», "Қытайдан келген қазақ зиялыары сатқындар, Қытайдың шпионы" деп халықты бөлуді бастады. Біздің аты-жөнімізді, телефон нөмірімізді сақтап, болашақта өзі "сатқындарсыз" мемлекет құрып, заң мен қоса шариғат үкімі бойынша жазалайтынын айтты. Суреттерімізді қойып, видео жасап, ютубқа салды. Оны көрген адамдар, суреттерімізді сақтап алып, көшеде көрсе бастарымызды кесіп кететіндерін айтты. Бұның бәрі әлеуметтік желідегі бізді танымайтын да, білмейтін адамдар еді. Халықтың басым көбі, бізді танитындар "сендерді шпион деп жүрме, сендерді бұрынан білеміз танимыз ғой. Сендерге қарағанда басқан ізі, шыққан жері белгісіз оған қалай сенеміз?" деп, біздің "сатқын" екенімізге сенгілері келмеді. Бірақ, әлеуметтік желідегі шабуылдар үдей берді. Тіпті Қытайдан келген қазақтардың бәрін "сатқын" ретінде көретін көзқарастарғылар пайда бола бастады.

Бізден кейін Қытай біз арқылы Қазақстандағы танымал заңгерлерді, журналистерді «сатып алды».  Оны да сол "Қазақстандағы қытайды шпиондарын" анықтаушылар анықтап шықты. Фейк акауынттар арқылы шабуылдады. «Қытайшылдардың дастарханынан бақа-шаян жеп, қытайға сатылды» деді.

Қытай Шынжаңдағы қазақтарды қысымға ала бастағанда Қыдырәлі Оразұлы бастаған жігіттер Атажұрт ұйымын құрып, қандастардың құқын қорғаған еді. Серікжан Білаш осы ұйымға келіп қосылып, бір жылға таяу жұмыс істеп, қыр-сырын әбден біліп, Атажұрттағы Қыдырәлі бастаған 60-дай жігітті де "Қытайдың сатып алғанын" біліп қойып, оларды аластап, Атажұртты тазартады.

Қытай Атажұрттың Қыдырәлі бастаған жігіттерін сатып алумен тоқтамапты. Қазақстанда тәуелсіздіктің алды артында ұлт мүддесі үшін күрескен Мекентас Мырзахметов, Ғаббас Қабышұлы, Мұхтар Шаханов қатарлы ақсақалдарымыз бен Тәуелсіздіктен кейін азат санамен келген Алтынбектей арыстың артынан ерген Айдос Сарым бастаған, жас саясаткерлер Мұхтар Тайжан, Расұл Жұмалы, Дәрен Бабамұраттарды да "сатып алған" екен.

Бізді ғана емес, осы тұлғаларды "сатып алған" қытай мұнымен шектелмейтін шығар, ұлт зиялыларын сатып алған соң билікті де «сатып алар». Депутаттарымыз бен министрлерді, әкімдерді, одан кейін президентті де «сатып алмасына» кім кепіл?  Бізді соттаймыз деп жүргендер, мемлекет басындағыларды "Қытай сатып алған" кезде қайтеді? Жаппай қарсылық танытып, билікті адуарып, өздері биліктерін құрып, бәрімізді соттайды ма?

ҰҚҚ қайда қалды дейтін шығарсыздар? Оларды да әлде қашан "сатып алған" ғой. "Сатып алмаса", 93-95 жылдары Қытай арнайы жіберген "сатқындарды", 2000-2005-те олардың артынан өткен «қытайшыл жастарды»  осы күнге дейін тайраңдатып қояр ма еді? Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялыларын қалай «сатып алар» еді?

Міне бұл екі жылдан бергі Қытайдан келген қазақты «Қытайдың шпионы» жасаушылардың сөзімен баяндағандағы жағдайымыз. Бұл жөнінде бұған дейін де талай жаздық. Қытайдан келген қазақты «Қытайшыл», «Қытайдың тыңшысы» ретінде көрстеу – Қытайдан келетін қазақ көшін тоқтатып, қазақтың көбейуіне кедергі жасау екенін айттық. Оны тағы қайталап отырмайын. Тек бұл «қалпақты» кигізе салудың соншалық оңайланып, қазақтың бәрін сатқынға балап, жағдайдың тым күделіленіп, ол деңгейден де  асып бара жатқандай көрінеді. Олай дейтінім, Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялылары «Қытайдағы қазақтар мәселесін қоғамдық ұйымдардың айғай-сүренімен емес, үкімет өзі қолға алып, дипломатиялық жолмен шешсін» деген үндеу тастағаннан кейін, ол кісілерді де кейбіреулер ашық түрде, енді біреулер бүркеніш аттармен «Қытайшыл», «Қытайға сатылған», «Жебеу сатып алған» деп жатты. Егер осы ұлт зиялыларының үндеуімен болсын, болмаса кейін болсын үндеудегі аталмыш топтардың әрекеттеріне белгілі шаралар қолданса, бұлар билікті де «Қытай сатып алған», не «Жебеу сатып алған» дейді ме? Қазір халық арасында Қытайға деген үлкен қарсылық бар. Енді осы қарсылықты қолдан жасаған «Қытайға сатылғандар» ұғымы арқылы халықты билікке қарсы қою жоспары орындалып жатқан жоқ па? Өйткені қазіргі кезде, біздің биліктің Қытаймен болған қарым-қатынасына сыни көзқараспен қарайтындар аз емес. Енді сол отты одан ары үрлеп, қазақ билігін «Қытай сатып алған» ретінде көрсетіп, халықтың жаппай наразылық танытуына әкеліп соға ма деп алаңдаймын.

Былтырдан бері Қытайдағы қандастар мәселесін пайдалана ортырып, Қытайдағы жағдайды одан ары ушықтырып Қытайдан келетін қазақ көшін тоқтату, Қытайдан келген қандастардың арасында дау туғызып, берекесін кетіру, жергілікті халық пен оралмандардың арасына ірткі салу мақсатында жұмыс істеп отырған күштер бар деген сөз жиі айтылады. Айтса айтқадай, қазіргі жағдайда соған келіп отырмыз. Қытайдан келетін көш онсызда тоқтаған, былтырдан бергі қоғамдық ұйымдар мен қазақ билігінің дипломатиялық жұмыстарының нәтижесінде Шынжаңдағы қазақтар мәселесі реттеліп, Шынжаң Тибет сияқты жабық районға айналу қауіпнен шығып, азда болса тоқтаған көштің тоңы жібу алдында тұр. Бірақ, қандастар арасына тасталған дау-дамай тым ушығып, тіпті жергілікті қандастардың Қытайдан келген оралмандарға теріс көзқарастар орната бастауы орын алып отыр. Одан да қауіптісі, бұның арты бұдан ары ушыға берсе, ел арасына үлкен сенімсіздік орнап, зор тәртіпсіздікке ұласып, халықтың өз ішінде және халық пен билік арасында үлкен түсінісбеушіліктер орын алу қаупін тудырып отыр. Бұл жағдайлар Мұхтар Шаханов бастаған зиялылардың үндеуіне байланысты қарсылықтар мен Сайрагүл Сауытбай төңірегіндегі әңгімелерден айқын көрніс табады. Бұл екі жағдайды да өз мүдделеріне пайдаланғысы келетіндер, отқа одан ары май құйып әлек.

Қазіргі күннен-күнде даулы мәселеге айналған бұл жағдайларды көптеген адамдар «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Атажұрт» еріктілері айналасында жүріп жатыр деп ойлайды. Мен айтсам, бұл дау-дамай, біздің бәріміздің «Қытайға сатылуымыздың» осы екі ұйымға да қатысы жоқ. Өйткені 10 жыл бұрын 90- жылдары Қытайдан келген қандастар құрған Жебеу ұйымы мен 2 жыл бұрын Қыдырәлі Оразұлы бастаған жастар тарапынан құрылған «Атажұрт» деген ұйымның арасында еш келісбеушілік болған емес. Жебеуліктер ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде Атажұрт туралы бір ауыз теріс пікір айтқан емес. Енді онда дау қайдан басталды дейтін шығарсыздар?

Әңгімені өзімізден  Мұхтар Шахановқа дейін «Қытайға сатылғанымыздан» бастаған едім. Онда «Қытайға сатылғандарды» анықтаушылар, біздерді ғана емес, Атажұрттың өзіндегі Қыдырәлі Оразұлы бастаған 60 жігітті де «Қытайға сатылушы» көрсеткенін айтып өттім. Демек, Атажұрттың негізгі 60 жігіті де «Қытайға сатылып» жүрсе, онда әлде қашан «Қытайға сатылған» Жебеумен арасында ондай үлкен дау тууы да мүмкін емес. Ендеше, бұл айтыс-тартыстың бәрі тек сол қазақтың ішінен «Қытайдың шпионын» іздеуші санаулы адамдардың әрекетінің нәтижесі деуге болады.

Енді біз «Қытайға қарай сатылдық», қалай «қытайшыл» болдық дегенге тоқталсақ, Қытайдағы қазақтар қысымға ұшырғаннан бастап, бұл жақта қандастар арасында түрлі қауесет сөздер де айтылды. Қытайдағы «қазақтардың еркектерінің бәрі ұсталып, әйлдерінің жанында бір-бір қытай еркегі жатыр» деді. «Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың 500 мыңы ұсталып, оның еркетері белсіз, әйелдері бедеу болып шығып жатыр, 20 мен 40 жастың арасындағы қыз-келіншектердің зорланбағаны жоқ»,- деп Қытайдағы қандастарымызды Қытайдан арман қорлағандар болды. Осы сияқты  түрлі алып қашпа сөздеріне қарсы пікір айтып, «қандастар бұл жағдайдан өтіп ертең елге келеді, сол кезде бұл сөздеріңнің зияны тиеді» дегендердің бәрін «Қытайшыл» деп басы-көзіне қарамай айыптады. Сол сияқты «қытайшыл» болып шығуыңыздың жолы өте оңайға айналды. Белгілі бір азаматтарға сыни пікір айтсаң болды, «Қытайшыл», «Қытайға сатылған» болып шыға келесіз. Оның артында руға, жерге бөліп, қазақтың бәрін «сатқын», «құл қотанның ұрпағы» деп берекесін алып жатқандарды берекеге шақырсаңыз да «қытайшыл» болып шыға келсіз. Қазақ қоғамына танымал зиялы қауым өкілдерін туралы өсек – аяң таратып, негізсіз жаралап, шетінен бәрін «Қытайға сатылған» ретінде көрсетті. Міне, осы қолдан «қытайшыл» жасаудың бәрі арнайы ұйымдастырылып, азсанды адамдардың қолымен мақсатты түрде жасалса керек.

Қоғамдық ұйымдардың ішінде Жебеудің «Қытайшыл» болуына тоқтала кетсем, Қытай көршіміз және онда 1 жарым миллионнан астам қазақ тұратындықтан Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы консулдығымен көптеген қоғамдық ұйымдар қарым-қатынас жасап тұрады. Қытай Консулдығымен жұмыс жасайтын Қазақстанда 20-дан астам қоғамдық ұйым болғанымен, Қытайдағы қандастар мәселесінде белсене араласып, Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы консулдығына қандастардың арыз-тараптарын заңды түрде қойып, мүддесін қорғауға бел шеше араласқан Жебеу болды. Қандастардың мүддесін Қытайдың өзіне, тіпті Астанасына дейін барып жеткізгені әлде кімдерге ұнамаса керек, әлеуметтік желіде Жебеуге қарсы шабулыдар үдей түсті. Бірақ, Жебеу оның бәрін сотқа да сүйремеді, оларға қарсы шабыулыға да өтпеді. Көптеген адамдармен сөйлесіп, түсінісіп, көздерін шындыққа жеткізді. Өзгелер сияқты Атажұрттың жігіттеріне де, Серікжан Білашұлына да осы көзқараста болды. «Қандастар мәселесін сендер қатты айтсаңдар, біз дипломатиялық көздер арқылы айтайық»,- деді. Бірақ, өзгенің бәрін түсініп жатса да, Серікжан Білаш бастаған біраз адамдар түсінгісі келмеді. Тіпті өзіне қарсы жазылған мақалаларды Жебеудің адамдарынан көріп, жұртқа солар жазды деген ұғым қалыптастырды. Мамыр айында Жебеудің Қытай консулдығына арыз-шағымы бар адамдарды кездестірген кезінде «ішкен суларыңа у қосып береді, үш айдан кейін өлесіңдер» деп қандастарды бармауға үндеді. Міне осы жағдайдан бастап, бұл адамдардың ойы басқа ма деген ой пайда бола бастады. Мұндай шабуыл Жебеудің Қытайға қандастар мәселесі бойынша сапары кезінде де болды. Қандастар мәселесін Қытай үкіметіне ашық айтып, шешу жолдарын бірге қарастырғанына қуанудың орына, керісінше түрлі өсектер тараттып, Қытайдағы қандастарына араша болғаны үшін кінәлады. Соған қарағанда Жебеуге шабуылды, Қытайдағы қазақтардың қысымнан құтылуын қаламайтындар жасайтын сияқты.

Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шыққан кезде адвокаты Абзал Құспан мен журналист Сәуле Әбілдаханқызы, Нұргелді Әбдіғаниларға шапан жауып, дастархан жәйіп қуанышты бөліскені үшін де жала жауып, оларды «Қытайдың ақшасына сатып алды» деді. Бұдан кейін осы аталған азаматтарға түрлі шабуылдар жасап, тіпті Сайрагүл Сауытбай мен күйеуі Әли Сіламді оларға қарсы айдап салып отыр. Міне осы жағдайлардың бәрін тұтастай бір қоғамдық ұйым емес, айналдырған азсанды адамдар жасап, оларға алданған қолдаушылары қол шоқпардарына айналып, жағдайды одан арман күрделендіруде.

Серікжан Білашұлы қатарлы адамдарға біреу қарсы пікір айтса, «Жебеудің адамы» не «Жебеу сатып алған» болады. Тіпті Жебеудің және басқа Қытайдан келген қандастардың «Қытайдан қап-қап ақша алатындарын» айтады. Бірақ, соның бірін дәлелімен, кімнің шотына қашан, қандай ақша түскені туралы айтпайды, не болмаса құзырлы орындарға шағым жазбайды. Тек ел арасында ірткі салып, қазақтың бәрін «Қытайдың ақшасына сатылған» санайды. Сонда, бір адамға қарсы сөз айту үшін бар адамға бере-беретін не қылған ақша? Елдің бәрін сатып ала беретін, Жебеуде қандай күш бар? Өзге адамдардың да ақшаға сатылуы соншалық оңай ма?

Тағы бір айта кететін нәрсе, Жебеу болсын, басқа бір «қытайшыл» аталып жүрген адам болсын, Қытайдағы қандастардың қысымға ұшырап жатқанын жоққа шығарған емес. Керісінше, Қытайларға бұл қысымды тоқтату туралы талап қойып жүр. Қытай тарапымен кездескен ұйымдар мен азамттардың «қытайшыл» болатындай, қазірге дейін Қытайдың алдында қазақ мүддесін жығып беретін, Қазақстанның мемлекеттік мүддесін сатқан әрекеттерін, Қытайдың үгіт нәсихатын жасағанын да, Қазақстанға мың емес, бір қытай тасығанын да көрген жоқпыз. Сонда біз, кімді қандай негізде «Қытайшыл», «Қытайдың шпионы» деп жүрміз?

Қазір бізді, жеке тұлғаларды «қытайшыл», «қытай сатып алды» деп жала жауып, айтысып-тартысқаннан басқа ештеңе өнген жоқ. Осы күнге дейіе ешкім де ешкімді заң арқылы жауапқа тартып, кімнің кімге жұмыс жасайтынын анықтаған жоқ. Біздің «қытайшыл» болуымыз әлеуметтік желідегі айтыс-тартыс деңгейінде болды. Бір нәтижесі Қытайдан келген қазақтарға белгілі деңгейде сенімсіздік орнай бастады. Бұл бұдан да ушығып, ертең қазақ үкіметі, биліктегі ел ағалары «қытайшыл», «Қытайға сатылған» болып жатса не істейсіз? Оның салдары не болмақ, осы жөнінде ойланған ләзім. 

 

Қытайдағы қазақтар мәселесін халықаралық деңгейде көтеруге ешкімнің де қарсылығы жоқ. Бірақ, Қазақ зиялыларына, журналистеріне емес шетелдік басылымдарға, Қазақ үкіметі мен президентіне емес АҚШ-тың президенті мен өзге халықаралық ұйымдарға, Қазақтың парламентіе емес АҚШ Конгресіне, Қазақтың минитсрлеріне емес, АҚШ және өзге елдің елшілеріне арқа сүйеп, Қазақ мемлекеті мен азаматтарын жоққа шығарудың немесе «сатқын» жасау мен саяси тұрғыда қауқарсыз ретінде көрсетудің қажеті қанша? Бұлан кім ұталы? Қазақ журналистері, зиялы қауым өкілдері Қытайдағы қандастар мәселесіне көңіл аударған жоқ деп ойлайсыздар ма? Телеарналарда, газеттерде, сайттарда қаншама мақалалар жазылды. Елбасына, министрліктерге зиляы қауым өкілдері де хат жазып, мәселені жеткізу мен шешеу жоладрын ұсынудан жалықпады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірнеше рет нота жолдап, тіпті министрдің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің арнайы Үрімжіге қандастар мәселесі бойынша барғанын ұмытуға бола ма? ҚР Сыртқы істер министрінің Бейжіңге дейін барып, Қытайдың Сыртқы істер министрінмен бірнеше рет кездесулер өткізгенін, зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар Қытайға бірнеше рет барып, Қытай басшыларына бұл мәселені төтетсінен қойғанын да қалай жоққа шығарамыз? Елбасының Қытайға сапары кезінде қандастар мәселесін бейресми кездесу барынсында айтқанын, Қытайдағы ҚР Елшілігінің жігіттері растағанын да бірнеше рет жаздық. Осы барыстардан кейін, қазақтардың жаппай саяси үйрену орталықтарынан шығып, алды елге келіп жатқанын да көріп жатырмыз. Қазақты қандасына арқа сүйеуші бола алмады дейтіндер осыны білгені, түсінгені жөн еді. Арқа сүйер өз мемлекеті жоқтардың жағдайының қалай болып жатқанын, шетелдік саясаткерлер мен қоғамдық ұйымдар қазақтың атын емес, солардың атын атап, қысымға ұшырағанын көп айтады. Бірақ, оның нәтижесі шамалы. Сондықтан қанша жерден билікке оппозициялық бағыттағы адам болса да, Қытайдағы қазақ мәселесінде қазақ билігі мен әдемдегі бар қазаққа өкпе жоқ деуге болады. Сол үшін енді қазақтан «жау» іздей бергенді, осы үшін қазақты "Қытайшыл", "Қытайдың шпионы" жасауды тоқтататын кез келді. 

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Зиялылар не дейді? Серікжан сөзге тоқтай ма?
    Нұртай Әбіқаев: Барша отандастарымызды тарихи отан төңірегінде бірлесуге шақырамыз!