ДҚҚ: Әрбір қандастың өтініші бойынша мәселесінің шешілуіне ықпал етеміз

Уақыты: 2018-12-10 Көрлімі: 2985 Сипаттама

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 30 қарашадан бастап Алматыда қандастардың арыз-шағым...

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 30 қарашадан бастап Алматыда қандастардың арыз-шағымын қабылдаған. 8 желтоқсан күні бір аптадан артық уақыт жиналған өтініштерді қауымдастық пен «Отандастар» қоры бірігіп құрған жұмысшы тобының жетекшісі Қарлығаш Бекпатшақызы Астанаға алып қайтты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына Қытайда туыстары түрлі қысымға ұшыраған, бөлініп жарылған отбасы мүшелері, оралман куәлігінің уақыты өтіп кетіп азаматтық алалмай жүрген, ықтиярхаттарын уағында ала алмаған, Қытай паспорттарының уақыты өтіп кеткен Қытай, Түркия, Ауғанстан қатарлы елдерден келген 100-ден астам қандас көмек сұрап, өтініштерін жазған.

Қарылғаш Бекпатшақызы келіп түскен арыз шағымдар бойынша қауымдастық қатысты орындарға тікелей шығып, әрбір қандастың  мәселесінің шешілуіне ықпал ететіндігін айтты.

«Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков 27 қарашада Алматыда қандастармен кездесу өткізген соң «Отандастар» қорының басшысы Нұртай Әбіқайұлымен ақылдасып, Айгүл Қонақбаева екеуімізді осында жіберді. Алматыда Дүниежүзі қазақ қауымдастығынан Рақым Айыпұлы мен Серік Ахметов,  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы мен «Отандас ел» бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытхан ағамыз бар жұмысы тобы құрылып қандастардың арыз-шағымын қабылдадық. Алғашқы екі күндегі жиналған өтініштерді «Отандастар» қорындағы Айгүл Қонақбаева ханым Астанаға алып кеткен. Одан кейінгі жиналған 100-ден астам  қандастың арыз-шағымын бүгін Астанаға алып қайтып барамын.  Осы арыздар бойынша басшымыз Зауытбек Қауысбекұлы өзі айналысады. Азаматтық ала алмай жүрген қандастардың шағымы бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне, Коші-қон комитетіне шығады. Қытайдағы қазақтардың мәселесі бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың Қазақстандағы елшілігімен кездесулер өткізіп талқылайды. Қауымдастық қандастар мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Қытайдағы қазақтардың мәселесі де ең алғаш Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында айтылды. Содан бері Қытайдағы қазақтардың мәселесі Елбасының бақылауында, қауымдастық та Қытай тарапымен дипломатиялық байланыстар орнатып, осы мәселені арнайы талқылады. Қытайдың Қазақстандағы елшілігімен де кездесу өткізген. Осы жолы бізбен бірге қандастардың арыз-шағымын қабылдап, ақыл-кеңестерін берген Мұхан Мамытхан, Рақым Айыпұлы, Омарәлі Әділбекұлы, Серік Ахметов қатарлы мырзаларға алғысымды айтамын. Ары қарай арыз-шағымы бар қандастар  осы кісілерге, Қауымдастықтың Алматыдағы филиалына келіп өткізсе, бізге жеткізіп береді. Мен енді қандастарды Астана қаласында қабылдаймын. Барлық қандастарымызға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының есігі ашық. Бар мәселенің шешілуіне атсалысамыз. Қандастардың басындағы  қиыншылықтардың тезірек шешілуін қалаймыз» деген пікірін білдірді Қарылғаш Бекпатшақызы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін қоғамдық ұйымның қандастарға араша болуын көптеген қандастар күтті.  Шеттегі қазақтар бұрыннан қауымдастықты өздерінің сұраушы, іздеуші ұйымы ретінде танитын. Бұл реткі жиналған өтініштер 100 адамнан түскенмен, жоқ дегенде 300 болмаса 500 қазақтың тікелей, ары айтқанда шеттегі 5 миллион қазақтың тағдыры.  Сондықтан қауымдастықтың бұл жолғы арқалаған жауапкершілігі де жеңіл жүк емес, бәрінің сәтімен шешілуіне тілекшіміз.

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Елбасын елемеу ме, қандастарға қағажу ма? ​
    Қытай консулдығы кімдерді Қытайдың тұрақты тіркеуінен шығарып жатыр?