Абайдың 175 жылдық мерейтойы елордада басталады

Уақыты: 2019-10-31 Көрлімі: 1228 Сипаттама

2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Хакім Абайдың 175...

191030123841685e.jpg

2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтеді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

«Алдымызда келе жатқан 2020 жыл еліміз үшін ерекше рухани оқиғалар кезеңіне айналғалы отыр. Халқымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен дала данышпаны, адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту біздің елдігімізді, егемендігімізді, еңселі мемлекеттігімізді айшықтайтын болады. Ұлыларымызды ұлықтап, даналарымызды төрге оздыру – халқымыздың мерейін үстем ететін игілікті дәст үр. Біз осы ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден өркениеттің, білім мен ғылымның, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге жан-жақты паш ететін боламыз. Сондықтан бұл мерейтойлар бәріміз үшін әрине үлкен сын, тарихи жауапкершілік», - деді Мемлекеттік хатшы Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында.

Комиссия отырысында Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу және дайындау мәселелері талқыланды. 

«Хакім Абайды ұлықтауға бағытталған іс-шаралардың бастауы алдағы жылдың 8 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан» орталық концерт залында салтанатты шарамен ашу ұсынылып отыр. Сондай-ақ, негізгі мерейтойлық шаралар Ұлы Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті Семей өңірінде аталып өтілмек. Осы және өзге де іргелі іс-шаралар жалпы республикалық жоспарының жобасында қарастырылған», - деді Қырымбек Көшербаев.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Абай еңбектерін кемінде 10 тілге аударуымыз керек деді. 

«Келесі жылы біздің алдымызда үлкен тарихи, мәдени маңызы бар шаралар тұр. Біздің міндетіміз - оны өз деңгейінде өткізіп, еліміздің, ұлтымыздың тағы да бір рет абыройын, беделін дүниежүзіне таныту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет барлық мемлекеттік органдармен бірігіп, жалпы республикалық жоспардың жобасын әзірледі. Қазіргі таңда бұл жоспар барлық мемлекеттік органдармен келісілді. Осы жоспарға сәйкес, барлық елді мекендерде, аудан, облыс орталықтарында, елордада, республикалық, халықаралық деңгейде ең кемінде 500-ден астам іс-шара өтуі керек. Ең негізі мақсатымыз - осы іс-шараларға әсіресе жастарды тарту. Оған қосымша мерейтойларды халықаралық деңгейде өткізу үшін біз қазір ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдарымен жұмыс жасап жатырмыз. Қазір барлығымен келісім бар. Әрине, негізгі іс-шаралар ШҚО-ның Семей өңірінде өтеді», - деді Б.Сапарбаев. 

Оның атап өтуінше, комиссия мүшелері Қарауыл, Жидебайда болған. Сол жерде мамандармен болған кездесуде Жидебайдағы музейді, қорықты, мовзолейді қалпына келтіру мәселелері талқыланған. Ақшоқы, Кеңгірбайда, Құнанбай, Абай жерленген жерлерде қандай құрылымдар, қандай іс-шаралар өтуі тиістігі ақылға салынған.

«Абай Құнанбайұлы шығармаларын кітап қылып шығару, деректі фильмдер түсіру сынды жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Біз кем дегенде ұлы ақынның еңбектерін 10 тілге аударуымыз керек. Одан кейінгі ЮНЕСКО төңірегіндегі шара Париж қаласында жоспар бойынша қараша айында өтетін болады. Бізбен қарым-қатынасы жақсы мемлекеттерде Абайтану орталығын ашу жөнінен жұмыс жүргізіліп жатыр, Елшіліктермен келісім бар. Бұл орайдағы негізгі жұмыс Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атыдағы Еуразия ұлттық университеті аясында жүргізілетін болады», - деді вице-премьер. 

Сонымен қатар, ол Абайдың 175 жылдық мерейтойына қанша қаражат жұмсалатындығын да айтты. 

«Республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп отыр. Қалғанын жұмыс кезінде көреміз. Бұған қоса Даниал Кенжетайұлымен (ШҚО әкімі Ахметов- авт.) келістік. Сол өңірден шыққан қалталы азаматтар, сол өңірде жұмыс істеп жатқан үлкен компаниялар бар. Біз сол демеушілердің де қаржылай мүмкіндігін пайдаланып, қосымша қаржы көздерін табамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.




Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Кері қайту
    Әлемнің қай қалаларында Абай ескерткіші бой көтереді