Аляска келіссөзі: кімнің есебі түгел?

Уақыты: 2021-03-24 Көрлімі: 1125 Сипаттама

Наурыздың 18-күні АҚШ пен Қытайдың бірінші кезекті жоғары деңгейдегі кездесуі Аляскада басталды....

Омарәлі Әділбекұлы

OnOTCAeP.jpg

     Наурыздың 18-күні АҚШ пен Қытайдың бірінші кезекті жоғары деңгейдегі кездесуі Аляскада басталды. Ақ үйге кіріп орныққанына тура 58 күн болған Д. Байден үшін бұл кездесудің стратегиялық, тактикалық маңызы зор болмақ. Бұл кездесуге екі жақта барынша тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұр. Трамп кезінде басталған сауда соғысы бәсеюдің орнына өршіп, екі ел өзара дипломатиялық өкілдіктерін жабуға дейін барды. Кейбір сарапшылар «жаңа қырғиқабақ» соғыс басталу алында тұр деп айтып та жатыр.

     Д.Байден үкіметі бұл жолы дара шаппай, оқшауланбай одақтастарымен келісіп, кеңесіп олардың мүддесі ақ үйдің де мүддесі екенін ашық айтып, адамзатқа тән ортақ құндылықтарды ұмытпайтынын керек кезде орта жолда қалтырмайтынын сөзімен де ісімен де анық аңғартты. Наурыздың 16-17 күндері АҚШ-тың мемлекет хатшысы Э.Блинкен мен қорғаныс министірі Л.Остин Жапония мен Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Л.Остиннің одан кейінгі сапары Жаңа Делиде жалғасты. Осы сапар барысында АҚШ қорғаныс министірі «одақтастарымызбен күш біріктірудегі мақсатымыз Қытайға сес көрсету әрі әлсіріп кеткен ықпалымызды арттыру» деп ашық айтты.

     Қытайда қарап жатқан жоқ келіссөз басталады дегеннен бастап әрекеттене бастады. Ресейдің сыртқы істер министірі С.Лавров наурыздың 22-23 күндері Қытайға сапарлап келетін болды. Сонымен бірге Ресей анексиялап алған Қырымға Қытай көп мөлшерде инвестиция салады деген сөз айтыла бастады. Бұдан сырт Солтүстік Кореямен қарым-қатынастың жаңа белеске көтерілетіні сөз болып жатыр.

     Бұл реткі келіссөзге қатынасушылардың саны аз болса да, екі жақтан да ауыр салмақтағы саясаткерлер қатынасты. ҚХР орталық саяси кеңесінің мүшесі, ҚХР орталық сыртқы істер комитетінің бастығы Ян Цзечи мен үкімет мүшесі әрі ҚХР-ның сыртқы істер министірі Ван И бастап келді. Ян кезінде АҚШ-та бас елші болған, екі кезек АҚШ президентімен достық қарым-қатынас қалыптастырған тұлға. Ху Цзиньтао заманынан бері Қытай сыртқы саясатының майын ішіп, жілігін шаққан тәжірибиелі саясаткер. Д.Трамп кезінде Қытай премьер министірінің орынбасары Лю Хы бастаған сауда делегациясының құрамында болмаған. Ал Қытайдың сыртқы істер министірі Ван Қытай сыртқы саясатындағы «қырғилардың» бірі. Қытай реформасының атасы Дэнь Сяопинь ортаға қойған қырық жыл қытай сыртқы саясатының қыбыланамасы болған «бетегенден биік, жусаннан аласа болу» концепциясы ескерусіз қалып әлемге қытайдың күші мен құдыретін әйгілеу күн тәрбіне шыққанда, Қытайдың ежелгі жауы Жапонияда елші болып келген Ван сыртқы саясатының тізгінін ұстағанда Қытай айналасындағы елдермен территория дауы өршіп, қатаң позициясымен танылды сол үшін де шетел журналистері жағынан «соғыс бөрісі дипломатиясының» дәріптеушісі әрі атқарушысы атанды. АҚШ жақтан мемлекеттік хатшы Э.Блинкен мен президенттің қауіпсіздік кеңес жөніндегі көмекшісі Д.Салливан мен Қытай мәселесі бойынша арнайы мамандар қатынасты. Келіссөзде сөз алған Э.Блинкен «Қытайдағы саны аз ұлттар мен Гонконг, Тайвань мәселелерін, одақтас елдермен Қытай арасындағы саудадағы теңсіздік, кибер шабуылдар, климаттың өзгеруі» туралы әңгіме айтты. Осыдан кейін BBC және неміс толқыны ақпараттарының жазуынша АҚШ жақ журналисттердің залдан шығып кетуін өтінген. Осы кезде сөз алған Қытай уәкілі Ян журналисттердің өз сөзі аяқталмай жатып залдан кетуіне қарсылық білдірді әрі «Синьцзянь, Тибет, Гонконг, Тайвань Қытайдың ішкі ісі, оған баға беруге ешкімнің қақысы жоқ, Қытайдың территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге болмайды. Бұл тақырып талқыланбайды» дегенді емексітпей шегелеп айтты. Саяси кеңес мүшесінің бұл сөзі батыс сарапшылары мен журналистері өз елінің оқырманына көрсеткен «қойылым» деп бағалады.

     Келіссөз 3 сағаттан 3 мәрте өтеді деп келісілген. Басында оқ дәрінің иісі аңқып, кез келген уақытта екі жақ үстелді қойып қалып тұрып кететіндей болып көрінгенімен біртіндеп сабасына түсті. Тоқтамай 17 минут сөйлеген Ян «тілмәш үшін бұл үлкен сынақ болды» деп тоқтағанда Э.Блинкен «тілмәш енді барын салу керек» деп қостай кетті. Осы кезде қатуланып отырған екі жақтың да езуіне болымсыз күлкі үйіріліп, сұлу тілмәш ақ қар көк мұз құрсаңған Алясканың ауа-райын жылтып жібергендей болды.

     Ары-бері ырғасқан екі тарап климаттың өзгеруін талқылағанда үндестік тапқандай болды. Екі жақ біріккен қызмет группасын құруға уәделесті алда АҚШ-та өтетін форумға бас секретарь Сидің келіп қатынасуын қарсы жақ қалады. Бірақ Қытай үнсіздік танытты. Әрине, нақты жауапты ең жоғарғы билік айтатын болар. Ал ядролық қаруларды кеңейтпеу мәселесі талқыланып Солтүстік Корея, Иран мәселесі сөз болғанда екі жақта бұған мүдделілік танытты. Тіпті Қытай жағы уақыттың тым кешеуілдеп бара жатқанын сөз етті.

     Қытайдың АҚШ-тағы бас елшісі Суй Тянькай келіссөз басталар кезде журналистерге былай деген еді «осы аралықта біз көп дайындалдық әрине бір реткі диалогпен Қытай АҚШ арасындағы бар мәселе шешіледі деп үміттенбейміз сондықтан бұл реткі диалогқа артық үміт артып, қиялға берілмейміз. Бұл тек бастамасы ғана осыдан кейін екі жақ шынайы, сүбелі, ақылға қонымды диалог пен түсінісу басқышына өтеді. Осылай болғанда ғана бұл реткі келіссөз табысты болды деп білеміз. Қысқаша айтқанда екі жақ шың көңілмен келіп, түсінусі арқылы тарағанын үміт етемін». Кездесу кезінде АҚШ президенті Д.Байден мемлекеттік хатшының келіссөз кезіндегі ұстанымына жоғары баға беріп ол үшін мақтанатынын айтты. Ал ақ үйдің тағы бір мәнсәптісі «АҚШ Қытай керек болса бәсекелеседі, мүмкін болса келісімге келеді, жауласада алады» деп бұл реткі кездесуге өз бағасын берді. Келіссөзден кейін Қытай блогері Лю Ипей «екі жақ үш рет кездескеннен кейін бұған дейінгі Трамп сыртқы саясатының жаназасын шығарды» деп бағалады. Кездесу өтіп жатқан кезде батыс баспасөзі АҚШ-тан Қытай 28 дана әуе кемесін сатып алу келісіміне келгенін хабарлап үлгерді сонымен Трамп әкімшілігі қойған шектеулердің шеті сөгіле бастаған сияқты. Кездесу кезінде мемлекеттік хатшы Э.Бленкин «бізде де қателіктер болды, бірақ біз оны мойындап түзетуге тырысамыз. АҚШ-тың дамуының бар сыры осында» деп сезімге бой ұрмай біраз нәрсені сыпайлап, қамшылап кетті. Сонымен жоғары деңгейдегі келіссөз мәресіне жетті. Екі жақтың да алғашқы шарпысуын сарапшылар екі тараптың да журналистерге көрсеткен қыры деп пайымдады. Ал жабық есік жағдайында нелерді талқылады, қандай келісімдерге келді, екі алпауыт елдің алдағы сөздерінен, жүрістерінен аңғарамыз.

     Бұл реткі келіссөзде қонақ иелері жағынан ешқандай түскі, кешкі қонақасыға дайындалмағаны мәлім болды. Министр Ванның «түскі асқа не жедіңіз» деген сұрағына Ян мырза «түскі асқа тез дайындалатын лапша жедім» деп жауап бергенде, әуенінде аздап реніш байқалып тұрды. Өркениеттер қақтығысы деген осы шығар. Қонағын төредей көріп, дастарханды бәрінен жоғары қоятын шығыс халықтарының менталитеті үшін бұдан өткен қорлық жоқ шығар әрине Ян мырза елші кезінде осы елдің атқа мінерлерін жайылып жастық, жиылып төсек болып талай күткен шығар бірақ мигранттардан құралып, жиһангерлердің әдет-ғұрпы сіңген мемлекеттің шенеуніктері ондайға пысқары бермесе керек. Экс мемлекет хатшысы Г.Киссенджер: «Қытайлар көшпелі сақ-ғұн, түріктермен ұзақ жылғы қарым-қатынаста соғыста кеткен есесін келіссөз кезінде жібек, алтын, күмісін беріп, көл кесір дастархан кезінде қайтарып алады» деген сөзі еске түседі. Бұл пайым болашақта біздің дипломаттардың санасына сәуле түсірсе құба-құп болар еді. Әрине екі супер державаның бастары әрқашан бір қазанға сыймас, бірақ ортақ мүддеге келгенде тіл табысуы ғажап емес. Қысастық азайсада, бәсекелестік күшейері сөзсіз. Қазірдің өзінде осының ұшқындары байқала бастады. Әлемді жайпап кеткен короновирустың вакцинасы табылғаннан бастап қазба байлықтың, акцияның құны өрлей бастады. Екі державаның нарыққа таласы осы салаға ауды. Қытай, Түркия, Иран, Куба, Қырғызстан, Мексика және шығыс Азия сияқты әлемнің 43 еліне вакцинасын өткізе бастап еді, жақында АҚШ Индия, Жапония, Австралия елдерінің басшылары ортақ мәлімдеме жариялады. 2004 жылы құрылған «Төрттік одақ» бірлесіп 1 миллиард вакцинаны Индияда өндіруге келісімге келді. АҚШ пен Жапония жоғары технология мен қаржы шығарса, Индия арзан еңбеккүш пен өндірісті қолға алмақшы, ал Австралия транспорттағы өз артықшылығы мен басымдығын көрсетпекші. Үнді-тынық мұхит аумағын қамтып жатқан бұл жобаны Қытай екінші НАТО-ның көшірмесі деп бағалады.

     Трамп командасы Қытаймен күресте дара шауып одақтастарын ереусіз қалдырып өкпелетсе Д.Байден үкіметі сол қателіктердің орнын толтырып АҚШ-тың әлемдегі рөлі мен ықпалын қайтадан тіктеуге күш салатын сияқты. Жақында үшінші дүние елдерінің бірінде соғыс өрті тұтанып жатса, таңдаңбаныз. Американың шын мәніндегі қожасы ататқты жиырма әулет қару-жарақ, вакцина сатудан, нарко бизнестен өз үлестерін алуы керек қой.

     Егескен екеудің, «жыланды үш кессе де кесеткілік қалым бар» деп жүрген аю көршімізді қосқанда үшеудің қабағына қараған біздің қалымыз не болады? Қазірге дейін тегеурінді ұлт көшбасшысының көп векторлы саясатының арқасында көп-көрім табысқа жеттік. Бірақ осы табысымызды көре алмайтын мерездер ішімізде де, сыртымызда да жетіп артылады. Сырттағылар қазба байлықтың қалқасына жасырылған демократия, кісісіл құқық, еркіндікпен шырғаласа, іштегі иіс алмастар билікті қолына ала салып, үш ғасыр бойы бодандықтан рухы жасып, тілі, діні, ділі тоналып талан-таражға түскен. Халқымыздың басына ұжымақ орната салмақшы. Олардың ниеті іске асса сұмдық сонда болады. Ауғанстан, Сирия, Иранмен жылап көрісеміз. Грузия мен Украина айналайынға айналады. Тибет, ұйғыр, күрт киген қамыт біздің басымызға да киілуі мүмкін. Ойланайық ағайын!

  

            

 

 


Пікір жазу
  • Мәмбет Қойгелдиев: Өткенді еңсеру – бүгінгі тарихтанудың міндеті
    Ақылбек Күрішбаев: Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек

    Ұқсас тақырыптар