Тоқаев: Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағым­ды өзгерістер күтіп отыр

Уақыты: 2021-02-15 Көрлімі: 848 Сипаттама

Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев сот жү­йесін жаңғырту мә­се­­ле­лері жөнінде ке...


Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев сот жү­йесін жаңғырту мә­се­­ле­лері жөнінде кеңес өткізді, деп Пре­зи­дент­тің баспасөз қыз­метіне сілтеме жасап хабарлаймыз.


Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған са­лаға жаңадан білікті мамандарды жұ­мыл­дыруға, әділ сот төрелігін ор­нықтыруға тиіс екенін атап өтті.

Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сені­мін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі за­ман талабына сай болуы және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауы тиіс. Президент мем­ле­кеттің індетке қарамастан сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.

– Жоғарғы сот төрағасы судья­лардың біркелкі жағ­дайда әртүрлі шешім қабыл­дай­тыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келең­сіз­діктерге жол беруге болмайды. Соның сал­-дарынан қоғамда наразылық туын­дап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қау­лылары мен сот тәжірибесіне жа­салған шолуларды бас­шылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүм­кіндігін пайдаланған жөн. Сот­тар қылмыстық процесті жүр­гізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиын­­ға қатысушыларға барлық ре­фор­маның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сон­дық­тан сот рәсімдері бәріне түсі­нікті болуы тиіс. Адам игі­лігіне ба­ғытталған бұл әдіс биылғы 1 шіл­деден бастап енгізі­летін әкім­шілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Нәтижесінде, мем­ле­кеттік аппараттың азамат­тармен жұ­мыс істеу жүйесі түбегейлі өзге­реді. Бұл ретте маңызды рефор­маның табысты болуы соттар­дың кәсібилігіне тікелей байланысты.

– Былтырғы Жолдауымда соттарды жаңадан іріктеу үдерісін ашық етуге тапсырма бердім. Азаматтарымыз кімнің және сіңірген қандай еңбегі үшін сот болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғары сот кеңесінің ма­ңыз­ды міндеті. Сонымен қа­тар Жоғарғы сот кадрлардың тұ­рақ­тамау себебіне жан-жақты тал­дау жүргізуі қажет. Судья ма­мандығына мықты заңгерлер тар­тылуы тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішін­де сыбайлас жемқорлық фак­тісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төр­ағасы мен облыстық соттың су­дья­сына қатысты жемқорлық де­рек­тері қоғамда үлкен шу туғызды.

– Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төр­ағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жал­пы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қыз­меткері заңдылықтың, сатыл­май­тындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

лш

Президент мемлекеттік қыз­метшілер мен кәсіпкерлердің өзара ықпалдастығына қатысты мәсе­лені де қозғады.

– Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек деп санаймын. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғы­дан рәсімдеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл­дің жиында сөйлеген сөзіне түсін­дірме берді.

– Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгері­летуге қатысты «кедергілер ар­қы­­лы жүгіру» дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзін­де де, заңнамалық бастамалар тұр­ғы­сынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін, шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент соттың құзы­рет­тілігін аумақпен шектемеу қағи­датын енгізуге қатысты Жоғарғы соттың ұсынысы туралы ойымен бөлісті. Бұл жердегі ойдың мәні мынада, егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық ор­наласуына қарамастан, оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал сот­тың басқа аумақта болуына мүм­кіндік бар. Бірақ бұл үшін та­раптардың келісімі болуы керек.

– Бұл ұсыныс сыбайлас жем­қорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі сот­тар­дың жүктемесін біркелкі бөлу­ге ықпал ететіні анық. Идея аяқ ас­тынан пайда болған жоқ. Панде­мия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеу деген сөз. Жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс – өте өзекті мәселе. Бірақ оны жан-жақты зерттеу қажет. Барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәсе­лесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соттар заманауи тех­но­логиялардың барлық жетістік­терін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ. Сонымен бірге заман талабына сай технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізе отырып, уақыт ағымынан қалмау қажет.

– Ұсынылып отырған IT-қызметтер біріктірілген білім базасын құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл арқылы сот өз әріптестерінің осыған ұқсас істер бойынша шығарған шешімдерін көре алады. Бұл соттың қате акті­лерді қабылдауына жол бермейді. Процеске қатысушылар ІТ-технологиялардың артық­шы­лығын сезінуі қажет. Оларға өз ісінің ықтимал нәтижесі туралы білу маңызды. Ол үшін барлық мүдделі тараптарға сот жүйесінің ІТ-қызметтері қолжетімді болуы керек. Дегенмен ақпараттың құ­пиялылығына қойылатын талаптар сақталуы тиіс. Бұл, шын мәнінде, күрделі міндет. Мұны терең зерделеп барып, ақылмен шешу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект элементтерінен тұра­тын сот жүйесінің жаңа ақпа­рат­тық қызметін егжей-тегжейлі зерттеп барып әзірлеуді тапсырды. Оған енгізілетін көптеген сот актілері негізінде ол істің ықтимал нәтижесін болжай алады. Бірақ дұрыс қабыл­данбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар.

– Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстем­дігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азамат­тарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатыс­ты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағым­ды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар кеңесте Жоғар­ғы сот төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан кәсіпкер­лері­нің құқығын қорғау жөніндегі уә­кіл Рүстем Жүрсінов сөз сөйледі.

Жиын алдында Президентке Жоғарғы соттың өз жұмысында пайдалана бастаған ақпараттық жүйелері мен көрсететін жаңа қызметтері таныстырылды.



Пікір жазу
  • «Ең бірінші бақытым...»
    Оппозицияның тамыры терең бе?

    Ұқсас тақырыптар